Рухани жаңғыру

Ұлттық дәстүрлер ұлықталды

Ақтөбе қаласындағы Достық үйінде қазақтың ұлттық дәстүрі тұсаукесер рәсімі өтіп, тұрғындар ерекше үлгідегі салт-дәстүрлермен танысты. Шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі және «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы «Мейірімділік керуені» акциясы аясында ұйымдастырды.

Салтанатты рәсімнің басты кейіпкері Досжан Орынбасар болды. Бүлдіршіннің тұсауын Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртісі Шалқия Бақытжанова кесіп, жарқын болашақ тіледі. Бұдан соң сәби дәстүр бойынша ақ жолмен жүріп өтіп, қазақтың ұлттық аспабы домбыраны таңдады. Бұл сәтте қатысушылар кішкентайдың өскенде өнер адамы болатынына сенім білдірді.

Бала шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап есейгенге дейін орындалатын салт-дәстүрлердің  бірі — тұсаукесер. Бұл рәсім табаны жерге тиіп, қаз-қаз басқан сәбидің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы, тойдың басы. Тұсаукесерде жұртшылық балаға бақытты ғұмыр тілеп, ақ батасын береді, — дейді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытгүл Снабаева.

Сондай-ақ шара барысында Ақтөбе диаспорасының өкілдері қазақтың «Сарқыт салу» дәстүрімен таныстырды.

— Жылдың әрбір айында «Мейірімділік керуені» акциясы аясында қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бейнелейтін, бірлік пен өзара түсіністікке, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспарланды. Мысалы, қаңтар айы  — «Сарқыт», яғни көршіңізді барыңызбен бөлісу және қуанту уақыты. Ақпан — «Сыбаға». Қамқорлықсыз қалған жетім балаларға көмек көрсету. Наурыз — «Шашу».  Бұл рәсім үлкен қуанышты тойларда орындалып, халқымыз сәттілік әкелетін жақсы белгіге теңеген. Сәуір — «Асар». Бұл — әлемдегі мұқтаж жандарға көмек көрсететін уақыт, бірліктің белгісі, —  дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов.

Алина СҮЛЕЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button