Жастар

Қатысушылар лебізі

Форум

МЕНІҢ ДЕ БЕСІГІМ — АУЫЛ

Ислам АЙСАҰЛЫ,

Темір ауданы Алтықарасу ауылдық округінің ветфельдшері:

— Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Жастар жылының ресми ашылуында Тәуелсіздік ұрпақтары өздерінің жетістіктерімен және ұсыныстарымен бөлісті. Оның ішінде 23 жасында 21 мейрамхана ашқан кәсіпкер Расул Абдуллаев болашақта маркетингті дамытуды ұсынды. Ешкі сүті өндірісімен айналысып отырған Тамила Розметова «Ауыл —  ел бесігі» бағдарламасының шалғайдағы жастарға жасалған жарқын жоба екенін атап өтті.

Мен 2017 жылы Ойыл аграрлық колледжін аяқтап, Темір ауданы Алтықарасу ауылдық округіне «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Туған жерді түлетсем деген мақсатпен еңбек етіп, мемлекеттік қолдаудың аясында жүзеге асырылып отырған бағдарлама арқылы көтерме ақыға қол жеткіздім. Алдағы уақытта баспана алуға да құжаттар тапсырдым.

Бүгінде ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар жеткілікті. Ал, мал дәрігері мамандары тапшы. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығына қажетті ветеринар, басқа да техникалық сұранысқа ие мамандықтарға гранттар саны көп бөлінуде. Сондықтан жастар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан тиімді мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануы керек деп ойлаймын.

Биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануы біз үшін үлкен мәртебе. Осыған сәйкес, жастардың түрлі жобаларды жүзеге асыруына, жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған жұмыстар жүргізіледі деген ойдамын.

Бүгінде біздің алдымызға қойылып отырған ортақ міндет — дамыған 30 елдің қатарына ену болса, осы жолда жастардың қосар үлесі зор.

ЖІГЕР СЫЙЛАЙТЫН МҮМКІНДІКТЕР

Ерназар БОРАНБАЙ,

Шалқар ауданы Есет Көтібарұлы ауылдық округінің ветфельдшері:

— Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу рәсіміне қатыстым. Салтанатты жиында еліміздің ең белсенді, білімді, ұшқыр ойлы жастарының тарапынан айтылған ұсыныстары тың серпіліс, ерекше жігер сыйлады.

Мен Шалқар ауданы Есет Көтібарұлы ауылдық округінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қызмет атқарудамын. Бұл тиімді бағдарлама арқылы өзім секілді қаншама ауыл жастары жұмысқа орналасып, баспаналы болды. Мұның барлығы жастарға берілген зор мүмкіндік деп ойлаймын.

Шарада Мемлекет басшысы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен көшіп барған жастарға берілетін жәрдемақыны көтеру керек екендігін айтты. Сондай-ақ «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің әлеуетін күшейте түсуге баса назар аударды.

Еліміздің даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі белгілі.

Сондықтан Елбасы тапсырмалары мен тың бастамалары жүзеге асырылуы үшін өз үлесімді қосамын деген ойдамын.

ТҰҢҒЫШ РЕТ АҚТӨБЕДЕ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖОБА

Нұрлан КҮНТУОВ,

облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

— Жастар жылының ресми ашылуына байланысты Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі тарапынан хат келіп түсті. Сол хаттың негізінде Ақтөбе облысында 29 жасқа дейін ауылдық жерлерде қызмет ететін жастардың тізімін құрдық. Бізбен бірге делегация құрамында облыстың Шалқар, Темір, Әйтеке би аудандарында түрлі салада жұмыс жасайтын жастар, сондай-ақ республикалық «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалы бойынша басшысы болды. Бір күн бұрын Астана қаласында шараның дайындық жұмыстарымен танысып, түрлі семинарларға қатыстық.

Салтанатты жиынның ашылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды толғандырып жүрген көптеген мәселелерді қамтыды. Оның ішінде жастарды тұрғын үймен, жұмыспен қамту мәселелеріне, ғылыми жобалар дайындау, кәсіпкерлікпен айналысу тәрізді салаларға айрықша көңіл бөлді.

Мәселен, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен қосымша мамандықтар қамтылатын болды. Сонымен қатар берілетін көтерме ақының көлемі де өсіп отыр.

Шара барысында өңіріміздің әр аймағынан келген, түрлі салада жоғары жетістіктерге қол жеткізген жастар өздерінің пікірлерімен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мол мүмкіндіктерге алғыстарын білдірді.

Биыл біздің өңірде Жастар жылына орай түрлі бағдарламалар ұсынылып жатыр.

Осы орайда, мысалы, жұмыс жасайтын жастарға тұрғын үй ұсыну мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезеңде Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай бюджеттік салада қызмет жасайтын жастарды 150 пәтермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ай сайынғы төлейтін ақысы да қолжетімді деуге болады. Бұл жоба республика деңгейінде тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр.

Жастар жылы — ерекше ықылас пен жаңа мүмкіндіктер жылы. Себебі, жастарға бұл жолы көп үміт артылып, барынша қолдау көрсетіледі.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button