Басты жаңалықтар

Цифрлық сауаттылығыңыз қандай?

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТ

«Бүгінгі таңда электрондық үкіметке 8,5 миллионнан астам азамат тіркелген. 2018 жылдың өзінде осы egov.kzпорталы арқылы 30 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Мемлекеттік қызметтердің 100 пайызын автоматтандыру мүмкін емес. Өйткені белгілі бір маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын да қызмет түрлері бар. Мысал ретінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық, кеңестік көмек көрсету қызметін алуға болады. Осындай бағыттағы қызметтердің мерзімін қысқарту үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр».

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың

Үкімет отырысында сөйлеген сөзінен. 

Жыл өткен сайын Қазақстанның электрондық үкіметіне (www.egov.kz порталы) сұраныс артып келеді. Бұған жауапты орган — ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де электрондық қызметке баса мән беріп, мемлекеттік қызмет түрлерінің 61 пайызын, яғни 454-ін аталған форматта қолжетімді етіп қойды. Өйткені бұл ең әуелі бәрінен де бағалы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы орайда Елбасының өзі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2020 жылға дейін мемлекеттік қызметтердің кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру керектігін атап өткені белгілі.

Ақтөбелік мамандардың электрондық қызметті жетілдіру бойынша аяқ алысы қалай? Былтыр халыққа қызмет көрсету орталығы — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе облысы бойынша филиалы қызметкерлерінің осыған қатысты атқарған жұмысы мен биылғы жоспарларын білген едік.

Портал арқылы 2221 қызмет көрсетілді

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаровтың айтуынша, қанша жаһандану заманы десек те, мекемеге өз аяғымен келетін ақтөбеліктердің саны көбеймесе, азайған жоқ. Сөйте тұра, электрондық үкіметтің де қызметіне жүгінетіндердің қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Бұған себеп — өткен жылдың соңында портал арқылы жаңа, ең бастысы, көпшілікке қажетті қызметтердің қолданысқа енгізілгені болса керек.

— 2018 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары бойынша филиалда 76 938 қызмет көрсетілді. Әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша жалпы 13 мемлекеттік қызмет түрі бар. Соның 70 мыңы мемлекеттік корпорация арқылы іске асса, 2221-іэлектрондық үкіметтің көмегімен жасалды. Сондай-ақ, 3183 қызмет медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдері, 960 қызмет жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы көрсетілді. Яғни қай-қайсысына да сұраныстың бар екенін байқауға болады.

Осы тұста мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және әлеуметтік қамтамасыз етуді сапалы атқару бойынша жұмыстардың ұдайы атқарылатынын, бұл мақсатта мамандарға 323 оқыту сабақтарының жүргізілгенін айта кету керек, — дейді ол.

Биылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу мерзімі 59 жасқа ұзартылғаны белгілі. Оның сөзінше, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, 2027 жылға дейінгі 10 жыл аралығында қыз-келіншектер үшін құрметті демалысқа шығу жасы жыл сайын 6 айға арттырылатын болады. Соған сәйкес, 2027 жылы бұл меже 63 жасты құрамақ.

Тағы бір жаңалық — нарко және психдиспансерлерден анықтаманы енді онлайн-режимде алуға болады.Тарқатып айтсақ, Қазақстанның электрондық үкіметінің арқасында «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру», «Психоневрологиялық ұйымнан анықтама беру» және «Туберкулезге қарсы ұйымнан анықтама беру»қызметтері толығымен автоматтандырылды. Ол үшін www.egov.kz порталындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, қажетті қызметті таңдап, оған электрондық цифрлық қолтаңбанемесе бір реттік SMS-құпия сөз арқылы қол қоюыңыз керек. Дайын анықтаманы «жеке кабинеттен» көріп, көшіріп алуға болады.

Цифрлық қолтаңбаңызды жасатыңыз!

Электрондық үкімет порталында көлікті тіркеу қызметіне де күн санап сұраныс артып келеді. Мәселен, өткен жылы бұл бойынша сайт арқылы 250 қызмет көрсетіліпті.

— 2018 жылдың 11 айында электрондық үкімет порталымен көлік құралдарын тіркеу бойынша 250 қызмет жүзеге асырылған. Ал жүргізуші куәлігін алуға 956 сұраныс түскен.

Жалпы, электрондық үкімет арқылыөткен жылдың 11 айында 869 мың қызмет көрсетіліп, 886 мың кеңес берілді. Сонымен қатар өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ұсынылған қызметтерді қолданушылардың саны 48 пайызға өскенін аңғарып отырмыз. Бұл цифрлық сауаттылыққа қатысты кездесулердің, электрондық үкімет порталын көпшілікке насихаттау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың септігі деп ойлаймыз, — деп атап өтті жоғарыда аталған корпорацияға қарасты облыстық филиал директорының орынбасары Ерлан Қарастеков.

Ресми деректерге сүйенсек, былтыр облыста 328842 адамға электрондық цифрлық қолтаңба беріліпті. Өз кезегінде аталған қолтаңбаның қызметін жеке куәлік алған кез келген Қазақстан азаматы қолдана алады.

Айта кетейік, электрондық цифрлық қолтаңба — электрондық цифрлық белгілерден құралған жинақ. Ол электрондық құжатты растайды, оның мазмұнының өзгеріссіз екендігін айқындайды. «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚР Заңына сәйкес, ЭЦҚ адамның өз қолтаңбасымен күші бірдей қолтаңба болып табылады. Қазақстан азаматтары ЭЦҚ көмегімен электрондық үкіметтің порталы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік электрондық қызметтер мен сервистерді пайдалана алады. Сонымен қатар, ЭЦҚ-ны Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығымен біріккен ақпараттық жүйелерде пайдалануға болады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 15 қаңтарда өткен Үкімет отырысында мәлімдегендей, электрондық үкімет порталында тұрғындар ең көп қолданылатын қызметтер негізінен денсаулық сақтау саласына қатысты екен. 

— Egov.kz порталында медициналық ұйымға тіркелу мен дәрігерге жазылу сияқты қызметтер ерекше танымалдылыққа ие. Айталық, 4 айдың ішінде бұл қызметті 70 мың адам пайдаланыпты, — деді министр.

Әрі таныстырады, әрі түсіндіреді

Электрондық үкіметті халыққа кеңінен таныстыру, сол арқылы азаматтардың бірқатар құжатты үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы алуына жағдай жасау үшін әртүрлі мекемелерде оқыту семинарлары өткен жылдан бері ұйымдастырылып келе жатыр. Былтыр мұндай басқосудың 672-сі өткізілген.

— Ол басқосуларға 27266 адам қатысты. Атап айтқанда, облыс, қала және аудан әкімдіктерінің қызметшілері қамтылды. Сондай-ақ, облыс әкімдігінде 100,

қала бойынша 80 жұмысшыға электрондық үкіметтің жай-жапсары түсіндірілді.

Мобильді топтың араласуымен Ақтөбе қаласы мекемелеріндегі 10 мыңнан астам маманға электрондық цифрлық қолтаңба берілді.

Электрондық үкіметті дәріптеу мақсатында Ақтөбенің ірі сауда үйлерінде, ұйымдарда түрлі акциялар мен көшпелі іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады.Оның нәтижесі де көңіл қуантарлық, — дейді жоғарыда аталған корпорацияның өңірдегі өкілі Әсел Сағынғалиқызы.

2018 жылы осыны көздеген мобильді топ облыс аумағында 500-ден аса кездесу өткізіп, халыққа 29 мың қызмет көрсетіпті.

Былтыр Үкіметтік деңгейде қолдау тапқан «Цифрлық Қазақстан»  бағдарламасын іске асыру үшін құзырлы органдарға электрондық үкіметті дамыту, халықты базалық цифрлық дағдыларға оқыту курстарын өткізу, кадрларды қайта даярлау сияқты тапсырмалар берілгенін естеріңізге сала кетейік. Әу баста электрондық үкімет жобасы мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын, т.б. алуды жеңілдету һәм жылдамдату үшін қолға алынғанын ескерсек, «Цифрлық Қазақстанның» бұнымен үндес екенін байқауға болады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button