Ақтөбе — 150

Әкімге 100 сұрақ

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов  дарынды оқушылармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. «Әкімге 100 сұрақ» атты шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өтті.

Шара барысында мектеп оқушылары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында, Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына әзірлігі, сондай-ақ шаһар басшысының отбасына қатысты, т.б.  қызықты сауалдар қойды.

Қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Жания Есенжолованың айтуынша, кездесуге қала мектептерінен 150 дарынды оқушы шақырылған. Мәселен, солардың бірі — қаладағы №51 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Жанел Есеналиева. Ол бірнеше рет қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қалалық және облыстық олимпиадалардың жүлдегері атанған. Еліміздегі жас патриоттар академиясының мүшесі. Сондай-ақ ол бос уақытында спорттың волейбол, баскетбол және жеңіл атлетика сынды түрлерімен шұғылданады.

— Қала әкімі бізге уақыт бөліп, кездесуге қатысқаны үшін қуаныштымыз. Бұл бізге білім алумен қатар, қоғамдық өмірге белсене араласуға жаңа серпін береді. Алдағы уақытта мұндай шаралар жиі өткізіледі деген сенімдеміз, — дейді Жанел Есеналиева.Қала әкімі бос уақытында немен айналысады, қандай кітаптар оқиды? Бала кезінде кім болуды армандады? Шара барысында оқушылар тарапынан өзге де қаланың әлеуметтік мәселелеріне қатысты сауалдар қойылды. Ілияс Испанов бала күнінде ғарышкер болуды армандағанын айтты. Мектеп қабырғасында жекпе-жек спортымен шұғылданған ол бүгінде қолы қалт етсе, салауатты өмір салтын ұстанғанды, тарихи кітаптар оқығанды ұнатады екен. Сонымен қатар оқушылар қаланы абаттандыру мәселесіне, қала көшелеріндегі велосипед жолдарының құрылысына, жастар арасындағы қайырымдылық іс-шараларына қатысты сауалдар қойды. Ең қызықты үш сұрақ қойған оқушыға қала әкімі Ілияс Испанов кітап тарту етті. Сондай-ақ барлық қатысушыларға Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына әзірленген, қаланың логотипі бейнеленген естелік сыйлықтар табысталды.  Кездесудің соңында оқушылар университетті аралап, қалаған мамандықтары бойынша ақпарат алды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button