Мереке

Астана — арман қала

1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі және Министрлер Кабинеті ел ас­та­насын Ал­ма­тыдан Ақмо­лаға көшіру ту­ралы қаулы­лар қабыл­да­ды. Жаңа астананы таңдағанда Ақмо­ла қаласының ге­осаяси тұрғыдан тиімді орын — рес­публи­каның кіндігінде және ірі та­сымал то­рабы­нда ор­на­ласуы, қала­ның еле­улі өнеркәсіптік әлеу­еті, құры­лыс ин­дуст­ри­ясын одан әрі да­мытуға қажетті ба­заның бо­луы, қала­ны одан әрі ұлғайтуға қажетті бос жер­лердің жеткіліктігі секілді фак­торлар есепке алынды. 1996 жылдың күзінде Елбасы Жар­лығымен ар­найы Ақмо­ла экономикалық ай­мағы (ААЭА) құрыл­ды. 1997 жылғы 20 қазан­да ҚР Пре­зиденті Нұрсұлтан На­зар­ба­ев «Ақмо­ла қала­сын Қазақстан Рес­публи­касы­ның ас­та­насы деп жа­ри­ялау ту­ралы» Жар­лыққа қол қой­ды. 1998 жыл­дың 6 ма­мырын­да Ақмола атауы Ас­та­на қала­сы бо­лып өзгертілді, сол жылдың 20 ма­мыр­ында «Қазақстан Рес­публи­касы ас­та­насы­ның мәрте­бесі ту­ралы» Заң қабыл­данды. Ал 10 ма­усым­да тәуелсіз Қазақстан­ның жаңа ас­та­насы­ның сал­та­нат­ты ашы­лу рәсімі бо­лып өтті. Бұл оқиғаға биыл он екі жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қала келбеті танымастай өзгеріп, Астана бүкіл қазақтың мақтанышына, әлемдегі ең көрікті қалалардың біріне айналып отыр. Астананың көрнекті орындары мен мәдениет ошақтарының бірқатарын өздеріңізбен бірге «аралап» көрсек…

Әрине, Астананың көрнекті орындары дегенде, ең алдымен тек елордамыз ғана емес, бүкіл Қазақстанның, тәуелсіз қазақ елінің символына арналған «Астана — Бәйтерек» монументін ауызға аламыз. «Бәйтерек» өзінің асқақтығымен, теңдесіз әсемдігімен миллиондаған жандарды тамсандырып келеді, ал қазақ үшін оның сыртқы көркінен де бұрын ішкі мазмұны, идеясы ерекше қымбат. Идеяның авторы — Нұрсұлтан Назарбаев. Мұндағы ой халық ертегілерінен алынған: … алып ағашқа ұя салған Самұрық құсы жыл сайын алтын жұмыртқа табады. Бірақ ол жұмыртқалары әрдайым айдаһарға жем болады. Тек соңғы жұмыртқа ғана аман қалыпты. Аман қалған жұмыртқа — аман қалған Үміт — қазақтың ақталған Үміті — Тәуелсіздік! «Соңғы жұмыртқа» — шынының Күн сәулесімен құбылып, құлпырып тұратын ерекше түрінен істелген, ди­аметрі 22 метр, сал­мағы 300 тон­на­ болатын алып шар — «Бәйтеректің» ұшар басына — 97 метр биіктікке орналастырылған. Бұл-дағы үлкен ойға жетелейді — тәуелсіздігімізді, елдігімізді биіктетсек, биіктете түссек деген арманға…

Халық ұғымында бәйтерек — жай ағаш емес, өмір ағашы, мәңгілік символы. Оның тамырлары тереңде, бұтақтары биікте болады. Аңызда бәйтерек ағашы дүниенің үш деңгейі — жер астындағы, жер үстіндегі және аспан әлеміндегі тіршілікке ортақ саналады.

«Бәйтерек» монументінің жалпы биіктігі — 105 метр. Мо­нументтің жер ас­тындағы бөлігі 4,5 метрлік те­реңдікте, мұнда дәмха­на, ак­ва­ри­ум­дар және шағын га­лере­я ор­на­ласқан. «Бәй­те­рек» ағашы­ның «діңімен» (ор­та деңгей) шо­лу лифтілері арқылы көтеріле оты­рып «көктегі деңгей» —  алып шарға келесіз. Мұнда елор­да­ның кел­бетін алақанға салған­дай етіп көрсе­тетін па­нора­ма за­лы ор­на­ласқан. Панорамалық зал ортасында «Аялы алақан», «Бата» композициялары тұр.  Күміс тұмар — «Аялы алақанда» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақаны бедерленген. «Аялы алақанға» қолыңды қойып тұрып, Алладан ақ тілек тілесең, ол тілегің орындалады деседі және мұнда келген жұрттың бәрі де солай етеді. Ал «Бата» — 17 жапырақтан тұратын, 17 танымал дін қайраткері Қазақстанның гүлденуіне тілектестігін білдіріп, қол қойған ағаш глобус. Бұл — 2003 жылы Астанада өткен әлемдік діндердің бірінші съезінен қалған естелік.

Астана қонақтары міндетті түрде бас сұғатын орындардың бірі — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі. Бұл музей — Қазақстанның жаңарған тарихының музейі. Ол Президенттің 2004 жылғы 28 тамыздағы Жарлығымен құрылды. Алғашқы қонақтарды Музей Мемлекет басшысының бұрынғы резиденциясы ғимаратында 2005 жылдың наурыз айында қабылдады.
Қазіргі күні музей қорын, кітапхана және мұрағат қорын қосқанда, музейдегі жәдігерлер, кітаптар мен құжаттар саны 114 140-ге жеткен. Ал музей экспозицияларында айтылатын негізгі идея республиканың мемлекеттік егемендікке қол жеткізуі және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекет құрудағы рөлі болып табылады. Музейде келіушілерге арналған шолу және тақырыптық экскурсиялар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.
Музейде барлық деңгейдегі білім беретін оқу орындарымен, қоғамдық бірлестіктермен, шет елдер елшіліктерімен бірлесіп, әрдайым өткізілетін дәріс-экскурсиялар, дәрістер, көрмелер, дәстүрлі емес кездесулер, пікірталас клубтары отырыстары, тұсаукесерлер,  басқа да  шаралар оны Астанадағы мәдени өмірдің орталығына айналдырып отыр.

Астана төріндегі тағы бір киелі орын — алтын күмбездері Күн сәулесімен жарқ-жұрқ етіп тұрған «Нұр Астана» мешіті. Есілдің сол жағалауындағы Қабанбай батыр даңғылы бойында орналасқан мешіт 2005 жылы пайдалануға берілген. Мешіт ғимараты Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі — 43 метр, одан өзге 25 кіші күмбезі және биіктігі 63 метр болатын төрт мұнарасы бар. Ал қабырғалары табиғи мәрмәрмен көмкерілген. Мешіт іші Құран аяттары, басқа да қасиетті жазбаларға толы. Мешітте бір мезгілде 10 000 адам намаз оқи алады.

Айта кеткіміз келеді, жақында Астанада тағы бір мешіт құрылысы қолға алынады. Атап айтқанда, 29 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болашақ жаңа мешіт құрылысы орнына ескерткіш капсуласын орналастыру рәсіміне қатысып, мешіттің макеттерімен танысты. Бұл мешітте бір мезгілде 5000 адам мінәжат ете алатын болады. Жаңа мешіт мұнараларының ұзындығы 91 метр болмақ.

Рәсімге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елбасы мешіт құрылысын Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ Елі» монументінің жанынан салу жөніндегі шешімнің кездейсоқ еместігін атап өтті. Өйткені мешіт —мінәжат ететін орын ғана емес, халықты рухани бірлікке үндейтін киелі мекен. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша жаңа мешітті «Хазрет Сұлтан» деп атау ұйғарылыпты.

2006 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған пирамида үлгісіндегі Бейбітшілік және келісім Сарайы — Астананың ең үлкен мақтаныштары қатарындағы ғимарат.
Бұл Сарайда, яғни жалпы ауданы 25 500 шаршы метр болатын ғимаратта Қазақстан мәдениетінің ұлттық музейі, өркениет Университеті, 1500 орындық опера залы, көрме және концерт залдары, кітапхана, сонымен қатар әлем діндерін зерттеу орталығы орналасқан. Ал дәстүрлі дін және конфессия басшыларының басқосуларын өткізу үшін пирамиданың  жоғарғы жағында Қазақстан байрағының ұлттық түсімен әшекейленген 200 орындықты зал орналасқан. 2006 жылы қыркүйек айында дәл осы жерде әлем діндерінің екінші съезі өтті.

Бейбітшілік пен келісім сарайы биіктігі 25 қабатты ғимаратқа тең пирамида түрінде салынған. Пирамиданың бір қабырғасының ұзындығы 65 метрге тең. Пирамидаға кіретін есік жер астында орналасқан. «Пирамида бөктерде тұрғандықтан, оған тек жер асты арқылы ғана кіруге болады» — деді Бейбітшілік пен келісім сарайының сәулетшісі Норман Фостер. Айта кетелік, Британ музейі, Гонконгтың «Чех Лап Кок» әуежайы, «Гонконг және Шанхай банкі» — осы Норман Фостер туындысы болып табылады.

Астананың көрнекті жерлері қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған Тәуелсіздік сарайы да ерекше аталады.

Тәуелсіздік сарайы Бей­бітшілік және келісім сарайы­ның қарама-қарсы бетінде, “Қазақ елі” монументінің артқы жағында орналасқан. Оның құрылысы 2008 жылы аяқталды.

Тәуелсіздік сарайы негізінен үш қабаттан тұрады. Оның бірінші қа­батында көп қызметті үлкен зал не­ме­се жиналыс залы (3100 орындық), баспасөз ор­талығы мен мейрамхана,  ал екінші қабатта мәжіліс зал­да­ры, салтанатты кештер өткізуге арналған залдар мен көрме зал­да­ры, өнер және Қазақстан тарихы музейлері орналасса, үшінші қабатында кинотеатр, офистер, техно­ло­гия музейі мен Астананың үлкен макет-залы бар. Елбасы өз тапсырмасымен салынған  Тәуелсіздік сарайы құрылысы­мен танысу барысында ондағы зал­дар мен басқа да мәдени орын­дардың салыну, жабдықталу деңгейіне жоғары баға беріп, мұндай ке­шенмен тек мақтану керектігін және оның қызметі қарапайым халыққа арналуы қажеттігін айтқан болатын.

Ал өткен жылғы қазан айының 20-сында ашылған «Қазақ елі» монументі — барша қазақстандықтарды, жас ұрпақты отансүйгіштікке бастайтын киелі ескерткіш.

Тарихи-мемориалдық «Қазақ елі» кешенінің жалпы аумағы — 5,2 гектар, монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Монументтің түсі – ақ. Бұл ақ түсті мәрмәр тас эллинизм дәуірінде ашылған «Эфесус» кен орнынан арнайы жеткізіліпті. Ақ түс қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмалдық ниетін паш етеді. Монументтің ұшар басында көкпен тіресіп, алтын түстес бояумен әрленген алып құс — Самұрық Қазақстанның тыныштығын күзетіп тұр. Ал монументтегі қола барельефтерде елдің тарихы, бүгіні мен болашағының тұжырымдамасы бейнеленіп отыр. Әр барельефке жеке атау берілген: «Тұңғыш Президент және халық», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ».

Елдің айбарын, мемлекеттің даңқын асырып тұратын мұндай айтулы ескерткіштер әлемнің бірқатар елдерінде бар. Мысалы, Американың атақты Азаттық монументі, Санкт-Петербургте тұрғызылған Александр бағана-ескерткіші, т.б.

Ал өткен айда Астана ескерткіштері тағы да қазақ үшін ерекше қымбат екі дүниемен толықты. Біріншісі — жаздың алғашқы күнінде ашылған Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Керей мен Жәнібек хандардың монументальды мүсіндік-көркем композициясының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Елордада тұрғызылған Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткіші — мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі» — деп атап өтті.

Елбасы ХV ғасырдың екінші жартысында біздің ата-бабаларымыз Керей мен Жәнібектің туы астына топтасып, дербес мемлекет – Қазақ хандығын құрғандығын баяндай келіп, «Нақ сол кезде тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз «егемен, еншісін алған еркін ел» деген мағына береді. Біз өз тарихымызда Керей мен Жәнібектің қазақ мемлекеттігінің негізін қалауға қосқан үлестерін ерекше бағалаймыз. Сондықтан бүгін зор ризашылығымыз бен құрметіміздің белгісі ретінде біз осы ескерткішті ашып отырмыз. Бұл үшін символдық ерекше мәні бар орын таңдалды. Осы жерде 1997 жылы желтоқсанда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа астанасы орнықты», — деді.

Атап өтелік, Астанадағы Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен орнатылды.
Ескерткіштің жалпы биіктігі — 12 метр. Ескерткіш ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі алдындағы саябақта орнатылды.

Маусым айы ішінде ашылған Абай ескерткіші Астананың мәдени және рухани қазынасын еселей түсті.

Негізі, елордада Абай ескерткіші бұрыннан да бар болғаныменен, ол көзге қораш әрі ыңғайсыз жерде тұрғандықтан, жұртшылықтың наразылығын туғызған еді.

Салтанатта сөз алған Сенат спикері: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Абай туралы «халқына қамқор, ұлтына жанашыр боламын деп жүріп күллі адамзаттық мейірбан гуманистік өресіне көтерілді» деген еді. Бүгінгі зор қуанышты бөлісуге жиналған қауымның әрқайсысы ұлы ақынның өлең шумақтарын жатқа оқитыны сөзсіз» — дей келіп, өзі де қазақтың бас ақынынан жатқа жыр оқыды:

«Көп шуылдақ не табар,

билемесе бір кемел?

Берекелі болса ел —

жағасы жайлы ол бір көл.

Берекеңді қашырма,

ел тыныш болса жақсы сол»…

Ұлы ақын ескерткіші үш бөліктен: стилобат, тұғыр және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі  15 метрге жуық, ал Абайдың толық тұрқы — 7,5 метр. Таза қоладан құйылған мүсіннің салмағы — 10 тонна.

Жалпы, биыл Астананың 12 жылдық мүшелтойына орай қуаныш көп.

Астанадағы мәдениет, білім ошақтары қатары жыл санап толығып келеді. Өткен айдың соңғы онкүндігінде ғана «Шабыт» шығармашылық сарайы, «Самұрық» ұлттар театры және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық университеттің ашылғанын айтсақ та жеткілікті.

«Шабыт» сарайында Қазақ ұлттық музыка академиясының базасында құрылған Қазақ ұлттық өнер университеті орналасқан. Маусымның 23-і күні бұл ұжымды жаңа қоныстарымен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. Бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясы қайта құрылымдаудың нәтижесінде көп салалы оқу орнына айналды. Мұнда сценография, өнертанушы, хореография, бейнелеу өнері, сәулет өнері, операторлық өнер және өзге де шығармашылық мамандықтар оқытылады. Президент жаңа аудиторияларды, кинотелестудияны, көркем және хореографиялық залды, балет класын аралап көрді. Одан кейін осында Қазақ ұлттық өнер университетінде оқитындардың ұйымдастыруымен шағын концерт қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне шығармашылық табыстар тіледі. «Бұл ғимаратты шығармашылық шабыт тербеп тұрсын», — деді Елбасы.

Нақ сол күні Астанада Қазақстанның «Самұрық» ұлттар театрының тұсаукесері өтті.

Жаңа театр еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің басын қоспақ. Яғни, жаңа шаңырақта ұлтаралық мәдени орта қалыптасады деген сөз. Айта кеткен жөн, «Самұрық» мемлекеттен қаржыландырылмайды, ол — қоғамдық театр. Мұндағы актерлер еліміз театрларынан шақырылатын әр ұлттың өкілдері болмақ. Алғашқы спектакль Дулат Исабековтың «Бақыт құсы» пьесасы бойынша қойылды.

Ал 28 маусымда Елбасы Астанадағы жаңа жоғары оқу орны — «Назарбаев университетінің» Халықаралық консультативтік кеңесі мен Директорлар кеңесінің шетелдік жоғары оқу орындарының әріптес өкілдерімен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде оларға осы маңызды жобаны — халықаралық деңгейдегі «Назарбаев университетін» ашуды қолдағандары үшін ризашылығын білдірді.

Президент Қазақстан сонау қиын жылдарда да жастарды ең үздік шетелдік жоғары оқу орындарына білім алуға жібергенін атап өтті.

«Қазіргі әлемде білім мен интеллектуалдық әлеует ұлттық байлықтың негізіне айналып отыр. Біз мұны түсінеміз. Бүгінде онсыз елдің ұзақ мерзімді орнықты дамуы мүмкін емес. Біз сондықтан балалардың білім алып шығуы үшін барлық қолайлы жағдайды жасап отырмыз», — деді Президент.

Сонымен қатар ол 2009 жылмен салыстырғанда, биылғы жылы білім беру саласына бөлінген қаражат 30 пайызға артқанын айтты.

Ал жаңа университеттің орны ерекше. Биыл бұл университетке 500 мемлекеттік білім беру гранты бөлініп отыр. Ол студент­тер­дің оқуын, тамағы мен тұрғын жайын өтейді, ал оларға сабақ беретін профессор-оқытушылар әлемнің ең таңдаулы оқу орындарынан шақырылады. Қазірдің өзінде әлемнің әйгілі 30 универси­теті­мен 11 келісім жасалған.

Университеттің заманға сай архитектуралық шешімі батыс стандарттарына жауап береді. Бар­лық оқу корпустары бір-бірімен атриум арқылы байланысқан. Бұл — кешеннің тұтастығы мен архитек­туралық жиынтығының бірлігі. Біз Астанадағы жаңа білім ордасы уақыт өте келе төрт­күл дүниедегі үздік оқу орын­дарының қатарынан орын алады деп сенеміз.

Республикалық БАҚ материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button