Рухани жаңғыру

Жақсы жобаның жалғасы

Ел рухын көтерген мақала

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өзінің мазмұны мен мәні жағынан, орындалуы тиіс жобалардың бағыты бойынша бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті.

Әлемнің озық елдерінің мақтан тұтатын тарихи мұрасын мысалға келтірген Елбасы біздің де тарихымыз тереңде жатқандығын атап өтті. Бірнеше бөлімнен тұратын мақалада Нұрсұлтан Назарбаев өткен тарихты зерттемей, болашаққа қадам басуға болмайтынын нақтылы мысалдармен келтіреді. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген бірінші тарауда, әсіресе, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, «Алтын адам», Ұлы Жібек жолының жай-жапсары кеңінен айтылады. Бұл — өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

Сондай-ақ, Елбасы төл тарихымызды жаңаша көзқараспен ой елегінен өткізе отырып, терең зерделеуді ұсынып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Әлемдік мұрағаттардан елімізге қатысты материалдар жинау, Ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің бесігі, Ұлы дала өнері, музыкасын зерттеу, оны заманауи бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танымал ету мен жарнамалау да ел имиджін арттыруға септігін тигізетіні анық.
Заманауи әлемде еліміздің озық елдер қатарына еніп, бәсекеге қабілетті болуы тек дамыған технологиялар мен білімге ғана негізделмей, сонымен бірге өткенін танып, мақтан тұтатын және болашаққа сеніммен қарайтын халқымен де танымал болады.

Өткенге көз жіберсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да мақсаты осы еді. Ендеше, бір-бірімен сабақтас қос жоба еліміздің тарихымен руханиятының жаңа кезеңге көтерілуіне зор серпін беретініне күмән жоқ.

 Гүлжан ТҰРМҰХАМБЕТОВА,

Талдысай орта мектебінің мұғалімі.

Мұғалжар ауданы.

ТАМЫРЫМЫЗДЫ ІЗДЕУДІҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында маңызды айшықты жоба ұсынылды. Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты саралай келе Елбасы бабадан қалған Ұлы даламыз өркениеттің өзгелерді таңғалдырар ошағы болғандығын тегіннен-тегін айтқан жоқ.

Ұлы даламыздың даңқын асырған жеті қыр. Осы жеті қырымызды жіліктеп, бүгінгі қазақтың рухын жанып, өзегін болаттай мығым ету мақсатында жазылған мақаладағы міндеттерді орындау арқылы Мәңгілік Еліміздің шаңырақ платформасының керегесін кеңейтуге рухани серпіліс туғызатынымыз сөзсіз.

Мақалада айтылған «Архив — 2025» жетіжылдық бағдарламасы – ұлтымыздың тарихын жинақтап, жаңаша тұрғыдан әлемге таныстыруға берілген мол мүмкіндік . Мен ел азаматы, ұстаз ретінде тәуелсіздік алғалы еліміздің тарихын зерделеуге арналған біраз бастамалар іске асырылды деп ойлаймын. Енді осы мақала арқылы Қазақстан тарихын тереңдетіп, қайта зерттеуге болады.

«Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымыздың халқына ел тарихын жеткізу тарапында жасалатын ең маңызды қадам болмақ деп ойлаймын.

Осы орайда көп жылдар бойы тарих тасасында қалып келген, кезінде халықты білімге, ағартушылыққа үндеген, елдің ауызбірлігі мен ынтымағын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан діни қайраткер, ғұламалар, молда, ишандар туралы да насихаттау керек деген пікірдемін.

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» бастамасында ел есінде сақталған біртуар тұлғалардың өнегелі өмір жолын өсіп келе жатқан жастар санасына жеткізуді мұрат етіп отыр. Сондықтан дүйім қазаққа ортақ танымал тұлғалардың есімдерін зерделеу бізге жауапкершілік артып отыр.

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» жалпыұлттық бағдарлама­лық мақаласының жалғасы ретінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты Президент мақаласы қыр үстінде көк сүңгісін көлденең ұстап, атамекенді қанаттының қағуынан, тұмсықтының шоқуынан қорғап өткен ата­-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының жаңғы­руына мүмкіндік береді деп есептеуге толық негіз бар. Жеті санының қазақ халқы үшін үлкен символикалық мәні бар екені белгілі. Жердің өл­шеуіші, аспанның тіреуі, тастың тамыры, тасбақаның талағы, жаратушының туысы, аққудың сүті мен жылқының өті жоқтығын жаттап өскен бізге жеті саны өз филосо­фиялық негізін кейін келе жеті жұт, жеті ата, жеті қат көк, жеті шәріп, жеті амал, жеті қазына, жеті күнімен толықтыра түсті. Мұның барлығы да – өскелең қазақ ұрпағының бо­йынан табылуға тиіс ұлы құндылық­тардың бір парасы. Бұл тізімді әл­бетте мұнан әрмен толықтыруға болады. Өткенге құрмет, тамы­рыңды тану, түптеп келгенде рухани азық ешқашан да аз болмақ емес.

Төл тарихын білетін және оны мақтанышпен жеткізе алатын халықтың болашағы да зор, өйткені ел еңсесін көтеретін оның тарихы. Осы мақсатты ұстанған Қазақ Елінің азаматы ғана Мәңгілік Елдің  азаматы!

Хадиша Нұртаева,

ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

БОЛАШАҚТЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген құндылықтар мен мәдени мұралар — ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам.

Мақалада айтылған деректер қоғам санасының тарихы жаңаруы үшін толықтай жауап беретіні анық. Оның ішінде ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын «Архив-2025» бағдарламасын жасау еліміздің тарихын түгендеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Елбасы мақаласында: «Біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерт­кіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энцик­ло­педиялық саябағын ашуымыз керек» делінген. Осы орайда мектептерде де қазақ халқының ұлы тұлғалары мен олардың туындыларын насихат­тай­тын жобалар жүзеге асырылуы керек. Бұл жобалар арқылы мектеп оқушылары мен мұғалімдері өткен тарихымызға тағы бір мәрте үңіліп, өскелең ұрпақтың арасында кеңінен дәріптелуіне нақты септігін тигізері анық.

Жаһандану кезеңінде ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білуге бағытталған бұл мақаланы жастарға оқу құралы ретінде пайдалануға болады деп санаймын.

Қазіргі қазақ ұрпағы тарихи деректерді жақсы білуі тиіс. Біліп қана қоймай, оны қастерлеп, бағалауы керек. Оқушылармен тікелей жұмыс істей отыра, біз, ұстаздар қауымы, өз кезегімізде ұлтжанды, отансүйгіш ұрпақ қалыптастыру жолында аянып қалмаймыз.

Қаным МЫРЗАҒҰЛОВА,

Т.Жүргенов атындағы

орта мектептің мұғалімі.
Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button