Ауыл

Қос ауылдың қуанышы

Шалқар ауданының Байқадам ауылында қараусыз қалған ескі Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, Мөңке би ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Ауыл тұрғыны Сейіл Үмбеталиннің айтуынша, ескі Мәдениет үйі 1981 жылы бой көтерген. Кейін бұл ғимарат көп жылдар бойы бос тұрды. Биыл аудан әкімшілігінің қолдауымен жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілді.

Мәдениет үйінің салтанатты ашылуында ғимаратты жөндеуге демеушілік жасаған ауыл түлегі, облыстық мәслихаттың депутаты Бердібек Төлеуге тұрғындар алғысын айтып, сый-құрмет көрсетілді. Ауыл ақсақалы Сайлаубай Иманғалиев жиналғандарға бата берді.

Айта кету керек, Мәдениет үйінің жалпы аумағы — 900,0 шаршы метр.

Ал Мөңке би ауылдық округінің орталығы Мөңке би ауылында «Балдәурен» балабақшасына жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

Аталған балабақша меңгерушісі Құрмангүл Әліқұлованың айтуынша, «Балдәурен» балабақшасы 2008 жылдың қаңтар айында ашылған. Бала санының артуына байланысты тағы бір топ ашылды. Кең де жарық «Ақбота», «Балбөбек» топтарында қазір 40 бала білім алуда.

Осыдан екі жыл бұрын біздің ауылымыз облыстық деңгейде ұйымдастырылған байқауда «Үздік абаттандырылған ауыл» номинациясына ие болып, 5 миллион теңге ақшалай жүлдеге ие болған. Аудан әкімінің тікелей қолдауымен осы қаржы ауыл әкімдігі ғимаратының бір жақ қанатының балабақша болып ашылуына жұмсалды. Қуанышымызда шек жоқ, — дейді балабақша меңгерушісі.

Д.ТАУАНОВА,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button