Рухани жаңғыру

Ұлы даланың жаңа бір серпілісі

Райымбек ЖҰБАНЫШ,

Шұбарқұдық гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі

Қазақ елінің тәуелсіздік алғалы бері экономикалық-әлеуметтік жағдайын бір ізге түсіріп, жаңа бір кезеңге нық сеніммен аяқ басқаны барша жұрттың көңілінде болашаққа деген зор сенім ұялатуда.Тәуелсіз еліміздің ұстанған саясаты мен ізгілер салған сара жолдың біте қайнасып жатқанына көз жеткіземіз. Бабаларымыз кешегісін үлгі ету арқылы ұрпағын тәрбиелеп жатқан елдің рухы мығым болатынын, оны ешқандай әскермен алудың мүмкін емесін, бабасының мәңгіге тыныс тапқан жерін білген, дәстүр-салттан хабардар ұрпақтың бір қадам да артқа шегінбейтінін аңыз, әпсаналарында сан мәрте айтып кеткен.

Елбасымыздың өткеннің сара жолынан ауытқымай, болашаққа жарқын жол ашатын қадамдары ел тарапынан үлкен қолдау табуда. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Рухани жаңғыру» мақаласын ұсынса, биыл соның жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи сананы жаңғыртуға арналған кезекті мақаласы баспасөз бетінде жарық көрді. Бүгінде Елбасымыздың аталған мақаласы Ұлы дала тұрғындары арасында қызу талқылануда. Мақаланың өн бойында қазақтың сайын далада ертеден қоныстанған сақ, ғұн, үйсіндердің бірден-бір заңды мұрагері екендігін тағы бір мәрте еске түсіруде. ХІХ-ХХ ғасырларда батыс елдерінің «көшпенділерде мәдениет жоқ, қала салу білмеген» — деген секілді сыңаржақ көзқарастарына ғалымдар арасында талай мәрте қарсы пікірлер айтылып келе жатса да дәл осы жолы Ұлт көшбасшысы өз тарапынан үлкен қозғау салуда. Әлемдік өркениетте жылқы малын тұңғыш қолға үйреткендердің ізі солтүстік Қазақстандағы «Ботай» қонысынан табылса, орта ғасырларда тұлпарды тақымдаған түрік  сарбаздары қала мен даланы шаңдатты. Осы мақалада бұл да ескеріліп, болашақта атқа міну дәстүрі де қайта жаңғыруды талап етіп тұрғандығы еріксіз еске оралады.

Жер шарын мекендеген халықтар өздерінің артында келешек ұрпақ таңданып қарайтындай бір дүние қалдыруға тырысқан. Біздің де бабаларымыз бүгінде әлем назарын өзіне аударып отырған алтыннан жасандырылған «алтын адам» қалдырып отыр. Тіпті «қызғалдақтар елі» ретінде өзге ел атанып жүрсе де, оның біздің өлкеде ежелден бар екендігі, алманың да отаны қазақ топырағы екендігі жас ұрпаққа үлкен қозғау салары сөзсіз. «Тарихты жасайтындар — ұлы адамдар» десек, қасиетті топырақта туып, әлемді дүр сілкіндірген тарихи тұлғаларды дәріптеу де назардан тыс қалмауда.

Тауында жатқан тасын түртсең, тарихы сөйлейтін даламыздан  «Алтын адам» табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен  алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы  заңдылық деп білемін. Осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы айтпаса да белгілі. Сондықтан елдік пен ерлікті ту еткен қайсар халықтың бүгінгі аяқ алысы  біз секілді жастарға үлкен үміт сыйлауда.

Қорыта келе айтарым, биылғы 2018 жыл  еліміздің тарихына айтулы жылдардың бірі болып енері сөзсіз. Елбасымыздың кезекті Жолдауы, одан қалса, тақырыпқа арқау болып отырған мақаланың өзі елдің өркендеуі жолында зор бастама болып отыр.

Темір ауданы.

ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨЗЕГІ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінің түпкі негізі — әл-ауқаты артқан халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін бұзбай, болашақ ұрпаққа аманаттау.

Кез-келген ұлт мәдениетінің өзегі, ұлт рухының негізі халықтың салт-дәстүрі екендігі белгілі. Ал салт-дәстүрді бойына сіңіріп, кейінгіге жеткізуші буын — ұрпақ. Бірақ уақыт пен ұрпақ байланысы үзілсе, ұлт мәдениеті мен адамның ұлттық ерекшелігі де қара құрдымға жұтылып, жоқ болады.

Бізге керегі, ең әуелі, ұлттық тәрбие, оның игі қасиеттерін бойға сіңіре білсек, адамзат көшінің соңында қалмасымыз анық. Кемелденген қуатты қоғам орнатамыз десек, ең алдымен, сол қоғамның басты байлығы, ұлттың мәйегі жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге ерекше ден қою керек. Бұл істің негізгі ұйытқысы — қазақ мектептері. Өткен 70 жылдық кезеңдегі тоталитарлық қоғамның білім жүйесі тек бір бағытта — коммунистік идеяны насихаттауға ғана негізделді. Сол себепті біз — табанымыздың бүрі тозған, ұлттық тамырымызды таяз білетін ұрпақ болып қалыптастық. Американың тарихын білеміз, Францияның тарихын білеміз, Ресейдің тарихын орыстың өзінен артық білеміз, сорақысы сол, туған ел, туған жер тарихын, өткенімізді білмейміз.

«Тарихтан асқан кемеңгер жоқ. Қиналғанда адамзат баласы қашанда тарихының сабақтарына жүгінеді», — деген Елбасының даналық сөзі бар.

Қазір ұлтымызға ең керегі — ынтымақ пен бірлік. Ұлттар мен ұлыстарды бір-бірінен ерекшелеп, айқындап тұратын тағы бір қасиет бар. Ол — салт-дәстүріміз. Қазақ халқы — өзінің салт-дәстүрі жөнінен басқа түркі жұртынан көш ілгері тұрған халық. Бұл тәңірі текті Көктүріктің бүгінгі таңдағы шынайы мұрагері біз екенін айқындайтын көрсеткіш болса керек. Біздің ұлы ерекшелігіміз де осы.

Қорыта айтқанда, Елбасы мақаласында айтылған біздің тарихымызды танытатын ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізуіміз керек. Ол үшін бүгінгі күні сол мақсатта жұмылып, жұмыс жасауымыз керек.

          Лиза ТЫНЫШБАЕВА,

ҚР білім беру ісінің үздігі,

№3 Қарауылкелді орта мектебінің мұғалімі.

Байғанин ауданы.

ӨРКЕНИЕТ ӨЗЕГІ

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихымызға  жаңа көзқарас әкелді. Бұл ғасырлар бойы сақталған ата-баба мұрасын жаңғыртуға  мүмкіндік беретін «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы. Біз рухани құндылығымызды сақтай отырып, цифрлық өркениетке ұмтылуымыз керек. Біз өз тарихымызды, бабаларымыздың ерлігін, өнегесін мақтан тұтуға тиіспіз. Президент бұл мақаласында тек қазақ халқының тарихын ғана емес, түркінің, яғни арғы тегіміз — сақтар мен ғұндардың бай тарихын терең түсінуге үндейді. Ұлы Түркі қағандарына қатысты тарихты біліп, құрмет көрсетуіміз керек. Ғұн тайпасының көсемі, Еділ патша мен сақ ханшайымы Томирис туралы жастар кеңінен білуі тиіс. Осы жерде біздің дәуірімізге дейінгі мыңыншы жылдықта түркі әлемі пайда болып, ұлы даланың жаңа дәуірі басталғаны мәлім. Бұл орта ғасырдағы қалалардың гүлденуіне, өнер, ғылым мен сауданың дамуына жеткізді. Мемлекет басшысы ұлы даладан басталған осындай өркениетті ұғынуға, тарихи құндылықтарымызды дәріптеуге  шақырып отыр.

Мақаладағы «Архив — 2025» бағдарламасының жасалуы —  өте құптарлық іс. Отандық, шетелдік архивтердегі сонау антика дәуірінен бүгінге дейінгі құнды деректер зерттеуді қажет етеді.

Мәди РАЙМОВ,

«Жастар таңдауы — Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button