Басты жаңалықтарМереке

«Н.Назарбаев: Дәуір, тұлға, қоғам»

Қазақ халқы қашан да Ел басшысын елдің тірегі санап, оған зор құрметпен қараған. Ақтөбеліктердің облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатқан «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрмеге деген ықыласы да — осының бір дәлелі. Екі апта уақыт ішінде көрмені 24 мың адам тамашалады.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесі Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен 14 қарашада ашылған еді. Қазақстан, Тәуелсіздік және Елбасы — бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын ұғымдар.Көрме жәдігерлері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Елбасы рөлі, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолдары мен жетістіктері жөнінде сыр шертеді.

Көрме төрт бөлімнен тұрады: «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы» және «Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі» бөлімдері.

Елбасы жолы

Көрменің «Елбасы жолы» бөлімінде Нұрсұлтан Назарбаевтың — ол туған әулеттің шежіресі мен балалық шағынан бастап, саясаткер ретінде әлемге танылғанға дейінгі аралықтағы өмір жолы көрсетіледі.

Ұлы даланың ежелгі, автохтонды халқы болып табылатын қазақтың дәстүрінде белгілі адамдардың өмір жолы, арғы ата-бабалары және туып-өскен жерінің тарихымен байланыстыра баяндалады. Бұл бөлімдегі бастапқы жәдігерлер сол тәртіппен алдыңыздан шығады: әулет шежіресі, Елбасы туған өңірге қатысты кейбір тарихи деректер, осы өңірден шыққан атақты батыр, Аңырақай шайқасындағы ерлігімен ұрпаққа ұран болған Бөлек Қараұлының дулығасы, ата-дан балаға мирас боп келе жатқан көне бұйымдар, фотосуреттер…

Зерттеушілердің айтуынша, Бөлек Қараұлы — Райымбек батырдың үзеңгілес серіктерінің бірі. Алматы облысында Бөлек батыр есімін иемденген мектеп пен ауыл бар. Оның ұрпақтары сақтап келген дулығасы 2005 жылы ҚР Тұңғыш Президенті музейіне тапсырылған. Көрмеге қойылған жәдігер — дулығаның қайта қалпына келтірілген түрі.

Жәдігерлер арасынан Елбасының туған жерге деген перзенттік сезімін паш ететін жыр жолдары ерекше көзге түседі:

«Шынымды айтсам, туған жерді сағынам,

Құзыретіне, құдіретіне табынам.

Шамалғанның ұшқан кезде үстінен,

Ән-жыр болып, ақ өлең боп ағылам.

Туған жерім, биіктерге ұшырған,

Көзіме ыстық көрінесің қашаннан.

Тулайды кеп жұдырықтай жүрегім,

Шамалғанның өткен кезде тұсынан.

Мен балаңмын, сүйек-еттен жаралған,

Мен өзіңнен қуат алғам, нәр алғам.

Ешқандай да артықшылық жоқ менде,

Еңбек етіп жүрген сенде адамнан.

Айырмасы — қолдайтұғын халқым бар,

Сүйенішім — үлгі-дәстүр, салтым бар.

Ойланарым, елге берген антым бар,

Сол үшін де шыбын жаным шарқ ұрар».

Ал Социалистік Еңбек Ері, Ресейдің Кабардин-Балкар Республикасы Нальчик қаласының тұрғыны Шарафутдин Муллаевтың хатында қазақтың сонау қиын жылдары өз жеріне айдалып келген әртүрлі ұлт өкілдерін жатсынбай, бауырға басқан, мейірім тұнған табиғаты бір ғана ауылдың мысалы арқылы баяндалыпты. Орыс тілінде жазылған хатта былай делінген:«…Счастье наше, что мы, несколько наших семей из родов Хаджиевых, Гулиевых, Геккиевых, Бакаевых, Зелимхановых и др. были поселены в с. Чемолган Каскеленского района Алма-Атинской области. То милосердие и человечность, что проявили жители этого села к нам, мы не забудем никогда! Если бы не такие люди, как Абиш Назарбаев, многих из нас скосила бы голодная смерть. Все те 13 лет, что прожили в селе Чемолган, Абиш Назарбаев работал в колхозе бригадиром, заведующим фермой. Помогал нам, чем только мог, относился как к близким людям… Трудясь под его руководством, мы всегда добросовестно выполняли трудовые задания, стараясь всячески отплатить за добро». Хат 1990 жылдың тамыз айында жолданған.

Осы бөлімде Елбасының жастық шағында, еңбек орнында түскен суреттері, отбасылық суреттері, 1958-1990 жылдар аралығындағы еңбек жолына қатысты көптеген ресми құжаттар, сондай-ақ мақалалар менбейнематериалдар бар.

Елбасы феномені

 Осылай аталған бөлімге ұйымдастырушыларЕлбасының ел тағдырының ең өткір мәселелер шешілер жауапты кезеңдердегі маңызды шешімдерін — 1991 жылғы Семей полигонын жабу туралы Жарлығынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру, т.б. тарихи қадамдар бастауындағы құжаттар мен сөйлеген сөздерін жинақтапты.

Мұнда қазаққа орны толмас қасірет әкелген Семей полигонының тарихына, оның зардаптарын әшкерелеу мен ядролық сынақтарды тоқтатуға бағытталған істерге қатысты деректерге көбірек көңіл бөлінген. Семей полигоны 1947 жылдың 21 тамызында құрылған. Полигонға халқымыз қасиетті санайтын Семей өңірінен

18, 5 мың шаршы шақырым жер бөлінді. Алғашқы сынақ 1949 жылы жасалды. 1949-1962 жылдары сынақтар жер үстінде өткізілді. Жалпы, 1991 жылдың тамызына дейінгі аралықта мұнда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған. Осы жарылыстар 1,5 миллион адамның өмірін жалмаған…

Семей ядролық полигоны 1991 жылдың 29 тамызында біржола жабылды. Бұл туралы кейіннен Елбасы: «Дүние жүзіндегі ең ірі Семей ядролық полигонын жауып, ядролық арсенал бойынша әлемдегі төртінші елден қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көшбасшысына айналдық», — деп жазды. Адамзат жыл сайын 29 тамызды — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні ретінде атап өтеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде ұлтаралық келісім орнату жолындағы саясатына қазақстандық, сонымен бірге әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен сарапшылар да өте жоғары баға беріп келеді. Айталық, белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы: «Президенттің атқарған қыруар істері арасында мен ұлтаралық келісімді ең жоғары қояр едім. Өйткені Тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрынғы КСРО-да 200-ге жуық ұлтаралық қақтығыс, жанжалдар тууы мүмкін деп болжамдар айтылғаны есімде, соның біразы Қазақстанда болады деп болжанды. Сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрақтылығына аса зор мән берді, бүгін де осы мәселеге көп алаңдайды. Келісім — адами да, экономикалық та, саяси да капитал, олмұнай мен газданқымбатбайлық. Уақытөтебізмұнай мен газғабүгінгідейтәуелдіболмаспыз, ал келісім мен сенімқайкезде де ел үшінқымбатболыпқалабереді. Постсоциалистік кеңістікте ұлт саясатын бірізді, сабақтастықпен ұстанып отырған бірден-бір президент бар, ол — Нұрсұлтан Назарбаев», — деген болатын.

Көрмедегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы, басқа да бірқатар құжаттар мен архивтік материалдар оның елімізде, сондай-ақ, елімізбен шекаралас аймақтарда ұлтаралық және дінаралық қақтығыстардың алдын алу жолында талмай тер төгіп келе жатқанын көрсетеді.

Елбасы сапарынан естеліктер

Осы бөлімге жалғас тұрған Елбасының Ақтөбеге сапарларынан әзірленген экспозицияның көрнекті тұсына Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ақтөбе қаласының тұрғындарын миллионға жеткізсек деген арман бар», — деген сөзі жазылып қойылыпты. Бұл жөнінде, расында, Елбасы жиі айтады. «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында да: «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар — Астана мен Алматы, одан соң — Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді», — деген болатын.

Экспозицияға Ақтөбе облысының тәуелсіздік жылдарындағы жарқын табыстарының көрінісі ретінде ірі кәсіпорындар өнімдерінің үлгілері, Елбасының қатысуымен ашылған нысандар туралы мәліметтер, біздің өңірге сапарлары кезінде тарту етілген естелік-сыйлықтар, өңір тарихынан сыр шертетін кітаптар, басқа да көптеген жәдігерлер қойылған. Мұнда Сағыныш Ізбағамбетова, Нәйла Өтебаева, т.б. бірнеше оқушы балалардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хаттары тұр. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы қорында 1996 жылы Ақтөбе қаласының сол кездегі әкімі А. ӘбеновтіңНаурыз мерекесіне орай жолдаған құттықтау хаты да сақталыпты. Бұл хат та осы көрмеде көпшілік назарына ұсынылған.

 Елбасы мерейі — ел мерейі

«Әлем таныған Елбасы» бөліміндегі жәдігерлер Елбасының әлемдік деңгейдегі зор беделге ие саясаткер ретіндегі тұлғасын айқындайды, сонымен қатар Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің сыртқы саясатындағы жетістіктерді паш етеді. Мұнда Елбасының әлем елдері көшбасшыларымен кездесулері және әлемдік мәселелер талқыланған жиындар кезінде түсірілген суреттер, белгілі саясаткерлердің жолдаған хаттары, ресми сапарлар кезінде зор құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде табысталған кәдесыйлар қойылған. Мысалы, көрмеден Ұлыбританияның 1979-1990 жылдардағы Премьер-Министрі, өз тұсындағы әлемнің ең беделді саясаткерлерінің бірі Маргарет Тэтчердің 2001 жылдың 10 мамыр күні Елбасына жазған хатын оқи аласыз. Маргарет Тэтчер  Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тіліне аударылған «Қазақстан жолы» кітабының алғы сөзіне: «Президент Назарбаев Қазақ­станды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Пре­зидент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрсе­лер­ге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақ­стан үшін халықаралық ұйым­дарда айтарлықтай беделге қол жеткізді», — деп жазған болатын.

Ал «Елбасы мерейі — ел мерейі» бөлімінде Нұрсұлтан Назарбаевқа шетелдерде табысталған жоғары мемлекеттік марапаттар көпшілік назарына ұсынылады. Шетелдер басшыларына жоғары марапаттар әдетте екіжақты достық қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқаны үшін беріледі. Көрмеге 1997-2015 жылдар аралығындағы марапаттар арасынан 40-қа жуық орден қойылған: Италияның «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордені (1997 жыл), Өзбекстан Республикасының «Буюк Хизматлары ушин» ордені (1998 жыл), Катар елінің «Тәуелсіздік» ордені ( 2007 жыл), Египет елінің «Ұлы Ніл» ордені (208 жыл), Біріккен Араб Әмірлігінің «Заид» ордені (2009 жыл), т.б. Мысалы, «Заид» ордені тек қана шет мемлекеттер басшыларына табысталса, Жапонияның ең жоғары марапаты саналатын «Үлкен лентадағы Бақытгүлі ордені император әулетінің мүшелері мен шет мемлекеттер басшыларынаарналған.

 «Алтын қыран» ордені

Көрменің ең төрінде «Елбасы» тақырыптық кешені тұр. Мұнда ерекше дүниелер — ҚР Президентін ұлықтау рәсіміндегі кілем ілініп, сондай-ақ осы рәсімдегі Елбасы Антының мәтіні мен ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының қолы қойылған куәлік көшірмесі және бүкілхалықтық сайлауда жеңіске жеткен ел Президенті марапатталатын «Алтын қыран» ордені қойылған.

2015 жылдың 26 сәуірінде елімізде Президент сайлауы болды. Сайлау учаскелеріне келген сайлаушылардың 97,75 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты таңдап дауыс берді. Ал 29 сәуірде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президентін ұлықтау рәсімі өтті. Осы рәсімде қолданылған ақ киіз түріндегі кілем халқымыздың көне дәстүрін еске салады. Ақ киіз — тамырымыз бен тарихымыздың өте тереңде екенін көрсететін айрықша қастерлі бұйым.

«Алтын қыран» ордені — Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы. Ол 1995 жылы белгіленген. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің лауазымы бойынша ерекше үлгідегі «Алтын қыран» орденінің иегері болып табылады.

«Алтын қыран» орденімен Ресей Федерациясының бұрынғы президенті Борис Ельцин, Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ислам Каримов, Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета, т.б. марапатталған.

Кітаптағы қолтаңбалар

Ұйымдастырушылар атап өткендей, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы қорында әр жылдары Нұрсұлтан Назарбаевқа автордың қолтаңбасымен сыйға тартылған қазақ жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің, шетелдік саясаткерлердің кітаптары ерекше орын алады. Сол кітаптардың бірқатары бүгінде облыстық музейде өтіп жатқан көрмеге де әкелініпті.

90 жасаған абыз ақын Әбділда Тәжібаев 1989 жылы өзінің «Күзгі жапырақтар» атты кітабын Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Еліміздің әрі басшысы, әрі қосшысы Нұрсұлтан Әбішұлына бауырлық мейіріммен» — деген қолтаңбамен ұсыныпты.

Ал белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 1984 жылы 31 шілдеде орыс тіліндегі «Книга памяти» кітабын Нұрсұлтан Назарбаевқа:

«Ұлтының болар өлшемі,

Ақжарқын, жомарт, еңселі,

Қырандай алғыр жігіт деп

Есіткем, аға, мен сені.

Шыңдалған ыстық, салқынға,

Ғаламның мойнын бұрғызған.

Көбейсін қазақ халқында

Өзіңдей биік жұлдыздар!» — деген тілекпен ұсынған екен.

Халық жазушысы Сафуан Шәймерденов 1989 жылдың 15 қаңтарында «Ағалардың алақаны» атты кітабына: «Ел бағына халқымыздың мақтанышына айналып бара жатқан қарымды мемлекет қайраткері — Нұрсұлтан Әбішұлына! Жұлдызыңыз бұдан да асып жарқырап, мәртебеңіз бұдан да асып биіктей берсе екен деген тілеуқор көңілден», — деп жазып, сыйға тартыпты.

Әбіш Кекілбаев, Серік Қирабаев, Әзілхан Нұршайықов, т.б. жазушылар қолтаңбалары шынайы көңілден шыққан ізгі тілектерге толы.Әрқайсысын оқи жүріп, кітаптағы қолтаңбалар да тарихтың бір-бір бөлшегі екеніне көз жеткіздік.

Көрмеде шолу экскурсияларынан басқа, «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиялары да жүргізіледі. Көрме жұмысы 2019 жылғы қаңтар айының соңына дейін жалғасады.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button