Басты жаңалықтар

Сенім мен серпін

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VIII Азаматтық форум өтті. Форумға еліміздің әр аймағынан 850-ден аса делегат қатысса, біздің облыстан отызға жуық өкіл барды. Екі күнге созылған жиында азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдар жұмысын жандандыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді жобалар мен ең негізгі мәселе — азаматтық қоғамды тұрақты және тиімді дамытудың 2019-2025  жылға арналған тұжырымдамасы  талқыланды.

Шаханның ерлігі

Форумда Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов және өзге де белсенді ұйымдардың өкілдері азаматтық қоғам құруда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және алда қандай міндеттер тұрғанын Елбасына баяндады.

Аймақтардан барған өкілдердің ішінде Ақтөбедегі «Пандус.ОК» ЖШС- ның директоры Шахан Жолдасбаев сөз сөйледі. Шахан осыдан он бір жыл бұрын Астана қаласында жұмыс істеп жүргенінде, көлік апатына ұшырады. Бірақ екі аяғы сал болып, мүгедектер арбасына таңылған жігіт жігерін жоғалтқан жоқ.

— Сол уақытта мен барлығынан айырылған шығармын деп ойладым. Ауыр жарақатпен туған қалам Ақтөбеге қайта оралдым. Осындай қиын кезде  маған үкіметтік емес ұйым көмектесті. Ақтөбедегі «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау» қоры менің өмір сүруге деген құлшынысымды қайта оятты, күш-жігер берді, — деген Шахан бұндай ұйымдардың, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға тигізер көмегінің көп екенін айтты. Кейін ол серіктестік ашып, құрылыс саласында жұмыс істеді.2014 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензия алған Шахан сол уақыттан бері Ақтөбе қаласында және көрші облыстарда  пандустар салу бойынша елуден астам жобаны жүзеге асырды.«Не стройте для нас без нас!» ұранын ұстанған жігіт бұл шаруаны дөңгелентіп әкетті. Қазір Шаханның жұмысына көрші Ресейдің Орынбор облысы да қызығушылық танытып отыр. Ол кәсіпкерлікпен  айналысып қоймай, спортпен шұғылданды, чемпион атанды. «Атамекен-Стартап» бизнес жобалар байқауына қатысып, «Алтын қыран» халықаралық корпоративтік қайырымдылық қоры ұсынған 2 миллион теңге грантқа ие болды.

— Осы грантты  ұтып алған уақытта құрылыс консалтингі бойынша бір жобаны бастамақ болдым. Бірақ бір айдан кейін менің ойым өзгерді. Оған себеп, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің 2014  жылдың 20 қаңтарында жариялаған Жолдауыңыз болатын. Онда сіз мүгедек  жандардың ешқандай кедергісіз жұмысқа орналасуына, кәсіппен айналысуына жағдай жасау қажеттігін айтқан едіңіз. Жолдауды тыңдап отырып, мен өзіме «Шахан, Елбасының өзі айтып отыр, ештеңеден қорықпа, өз-өзіңді қолға алып, кәсіп баста» дедім. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сол уақытта сіз маған ерекше күш-жігер бердіңіз, мені қайраттандырдыңыз. Жолдаудан кейін мен кәсіпкер болуға шындап кірістім. Қиындықтарға қарамастан лицензия алып, жұмысты бастадым. Ал қазір мен өз бизнесімді жүргізіп отырмын, — деген Шахан қай уақытта да мүгедек жандарды назардан тыс қалдырмайтын Елбасына алғысын айтты. Шаханның тағдыры жиналғандарды ерекше толқытты. Мемлекет басшысы жігерлі жігітке риза болды. Бұндай азаматтар қоғамның ілгері басуына ықпал етіп, көпке үлгі болатынын айтты.

Ерікті болуға не кедергі?

Форумның ашылуындағы «Мен сенемін 2.0» TEDx түріндегі әлеуметтік жоба­лар конференциясында  қоғамдағы ең өзекті мәселелерді көтеріп жүрген белсенділер ортаға шығып, ашық әңгіме өткізді. Барлығы өз тәжірибелерімен бөлісті.  Азаматтық қоғамды қалыптастыруда  келеңсіздіктерге бей жай қарай алмайтындықтарын көрсетті. Спикерлердің дені әлеуметтік желіде белсенді және сол арқылы қоғамдық пікір туғыза алатын азаматтар болды. Мәселен, әнші Ақмаржан Кө­шер­баева  «Қыз тағдыры» атты бейнебая­нын көрсетіп, жастардың денсаулығына, қыз балалардың тағдырына алаңдаушылығын білдірді. «Мама PRO» коворкингтік және жаттықтыру орталығының негізін қалаушы Айжан Әлжанова ерекше балаларға қамқорлық жасауға қатысты проблеманы көтерді. Ал Ақтөбедегі «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлішер Садық топты қалай құрғанын әңгімелеп,  осы бағыттағы жұмысты жандандыруға қатысты өз ұсынысын айтты. Алғашында топта он жеті ерікті болса, қазір оның саны жүзден асыпты. Осы күнге дейін 130-дан астам қайырымдылық жәрмеңкелері, айтыс, концерт, турнир секілді іс-шаралар ұйымдастырып, 7 миллион теңге қаржы көлемінде көмек көрсетіпті.

— Ерікті болып жүргеніме төрт жыл болды. Көп сұранысқа ие, бірақ талқыланбайтын тақырып — ерікті болу жайлы біраз ізденіп қарадым. Жалпы бізге не істеу керек? Кенжелеп, енді еңсесін көтеріп келе жатқан саланы біз қалай дамыта аламыз?Жұмыс тәжірибеме үңіліп, осы салада жүрген белсенді жастармен кеңестім. Керек тұстарын түртіп, сіздердің алдарыңызға шығарғым келіп отыр.

Кез келген жағдайда көмек қолын созуға мүмкіндік бере алатын олардың ортақ төлқұжаты болса деймін. Тағы бір айта кететін жағдай, біздің елде еріктілер аз. Осы істі мектептен бастап жандандырса тиімді болар еді. Әрбір оқушы білім алып қана қоймай, «қоғамға көмек» ұғымын да біліп өссе екен. Шетелде әрбір мектеп пен колледжде еріктілер тобы жұмыс жасайды. Өздерінің жиналатын штаб пәтерлері және жоспарлары болады. Еріктілік қызметі бойынша оқу орындары жарысады. Біздің балалар алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайда шешім қабылдау, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау сынды дүниелерді игерсе артық болмас еді.  Мектеп жасынан бастап қайырымдылықпен айналысқан бала елдегі үлкен әлеуметтік мәселелерді көріп, оның шешу жолдарын іздейді. Бойында көшбасшылық қабілеті оянып, ортаға бейімділігі артады. Жан-жақты болып өседі. Белсенді тұлға — ел болашағы екенін ұмытпаған жөн, — деді Әлішер Садық.

Әлем елдері еріктілердің жұмысына ерекше мән береді. Мәселен,  Францияда халықтың 19 пайы­зы  өмі­рінде бір рет болсын ерікті болып көрген. Германия халқының 1/3-і немесе 34 пайызы айына 15 сағаттарын ерікті болуға арнайды. Ирландия азамат­тарының — 33 пайызы, АҚШ тұр­ғын­да­рының — 27 пайызы, Ресей халқы­ның 8 пайы­зы еріктілікпен айналы­сатын көрін­еді. Нәтижесінде мемлекетке қыруар пайда әкелмесе де үлкен көмегін тигізіп отыр.

Ақтөбеліктер белсенділік танытты

Форум аясында семинарлар, шеберлік сағаттары, пікірталас алаңдары, яғни барлығы 35 тақырыптық сессия өтті. «Адамдар», «Планета», «Өркендеу», «Әлем», «Серіктестік» атауымен бес панельдік сессия ұйымдастырылды. Бұнда кедейлікті жою, гендерлік теңдік, салауатты өмірді қамтамасыз ету, құрлық пен су ресурстарының экожүйелерін ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруі, инклюзивті дамыту, қауіпсіз және бейбіт қоғам, мықты институттар мен сот төрелігі, азаматтық қоғамды қалыптастырудағы оқу орындарының маңызы секілді ауқымды тақырыптар көтерілді. Парламент депутаттары, министрлер, қоғам белсенділері және жүзден аса кәсіби сарапшы осы бағыттарда баяндама жасады.

Бір айта кетерлігі, форумда ақтөбелік делегаттар белсенділік танытты. Олар білім, денсаулық, спорт, мәдениет, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша спикерлерге сұрақтар қойып, бірнеше проблемаларды көтерді.

Ақтөбе облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігінің басшысы Гүлнұр Едігеева  құқық қорғау бағыты бойынша спикер болды. Ол «ҮЕҰ және жабық мекемелерге мониторинг: неліктен жабық мекемелерге құқық қорғаушылардан өзге өкілдер баруы керек» деген тақырыптағы шеберлік класында баяндама жасады. Гүлнұр Едігееваның айтуынша, ұлттық алдын алу тетігі туралы көпшілік біле бермейді.  Бұл дегеніміз —  бас бостандығынан айыру немесе шектеу орындарында, жабық медициналық мекемелерде, балалар үйі және өзге де жабық ұйымдарда азаптауларды болдырмау үшін қоғамдық бақылауды күшейту. Ал оның мамандары азаптаулар мен адам құқығының бұзылуы бойынша мекемелерді бақылап, жоспарлы тексерулер жүргізеді. Облыста ұлттық алдын алу тетігінің алты маманы жұмыс жасайды. Бүгінгі күні олардың араласуымен көптеген проблемалар шешілген.

Сондай-ақ сессияларда облыстан барған делегаттар өз саласы бойынша проблемаларды көтерді. Мәселен, «Қадам+» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәмила Барбосынова мүгедек балалардың балабақшаға орналасуы қиын екенін айтса, «Қуаныш — дыбыста» бірлестігінің жетекшісі Мәрзия Мәмбетиярова есту қабілеті бұзылған балалардың мәселесін көтерді. Ал «Чернобыль құрбандары» бірлестігінің жетекшісі Бақытжан Сатов апаттан зардап шеккендердің балаларына көмек көрсетілмейтінін айтты.

Делегаттар пікірі

Екі күнге созылған форумда еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жан-жақты талқыланып, олардың әрі қарайғы бағыты нақтыланды. Елбасы жиында көтерілген әрбір мәселеге мұқият назар аударды. Жалпы Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап үкіметтік емес ұйымдар жұмысына үнемі қолдау көрсетіп жатқаны мәлім. Нәтижесінде азаматтық қоғам қалыптастырудың қазақстандық жаңа үлгісі пайда болды. Қазіргі күні  қызмет көрсету саласындағы негізгі шаруаны осы  ұйымдар атқарып отыр.

Облыстық делегаттарды бастап барған  «Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айгүл Дүйсенова екі күндік шарада біраз мәселенің көтерілгенін айтты.

—  Ашық диалог алаңында көкейде жүрген проблемалардың барлығы ортаға салынды. Үкіметтік емес ұйымдардың проблемасынан өзге зорлық-зомбылық,  суицид, қыз балалардың ерте жүктілігі, еріктілер ісі секілді барлық мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды. Азаматтық қоғам қалыптастыру дегеніміздің өзі — осы, яғни мәселені бірігіп шешу. Алдағы уақытта Азаматтық альянс «Атамекен» ұлттық палатасы секілді жұмыс жасайтын болады. Палата бизнес өкілдерінің құқығын қорғаса, альянс барлық азаматтардың құқығын қорғайды. Жалпы бұл форум біздің алдағы жұмысымызға бағыт-бағдар берді. Негізгі міндетті айқын көрсетті. Жиынға Елбасының қатысуы бізді жігерлендіріп, жауапкершілік жүктеді. Мемлекет басшысы  сенім артты, тапсырмалар берді. Бұл ұйым мүшелерінің белсенді жұмыс істеуіне ықпал етпек, — дейді Айгүл Дүйсенова.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Елбасының форумға қатысуы жиынның беделін көтергенін, Үкіметке берілген тапсырмаларды бірлесе орындауға дайын екенін айтады.

Мемлекет басшысы барлық проблеманы назарынан тыс қалдырған жоқ. Жастар, ана мен бала, мүгедек жандардың проблемасы, экология, адам құқығы яғни барлығы айтылды. Үкіметтік емес ұйымдардың алдына үлкен міндеттер қойылды. Мәселен, биыл облыста 448  миллион теңге көлеміндегі қаржы сегіз басқарма арқылы үкіметтік емес ұйымдарға беріліп отыр. Алдағы уақытта Елбасы тапсырмасына байланысты, осы жұмыстарды одан әрі өрістетеміз. Мемлекет басшысы «Ана үйі», патронаттық тәрбие  туралы мәселе қозғады. Бұл бойынша да біздің өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде Алға балалар  үйі жабылды. Ал «Ана үйін» кәсіпкер Исламбек Салжанов қаржыландырып отыр. Бұл жерде аналар балаларына қарап қана қоймайды,  білім алады, еңбекке араласады, —  дейді Бұлбұл Ораққызы.

Ал Ауған соғысы ардагерлерінің «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаевты Елбасының жетім балалар туралы айтқаны ерекше толқытыпты.

Кәсіпкер азаматтар әлеуметтік мұқтаж жандарға көмек көрсетуден қашқан емес. Оның ішінде ата- анасыз балаларға қамқорлық танытып жүргендер көп. Өзім құрған спорт клубы да осындай игі істерді атқарады. Жастарды патриоттыққа тәрбиелейді. Форумда осындай азаматтардың пікірін тыңдаған Елбасы  бірлесіп жұмыс істеуге шақырды, тапсырмалар берді. Елбасы сенімі бізді қанаттандырады, — дейді Марат Қойлыбаев.

Ал Байғанин ауданындағы «Аңсар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айтуған Тәжімұратов бұндай форумға бірінші рет қатысыпты.

Форумнан ерекше әсер алдым.Әсіресе Елбасының қатысуы мен үшін үлкен қуаныш болды. Президенттің әрбір айтқан сөзі біз секілді жастарға күш берді. Жалпы форум аясында барлық мәселелер көтерілді. Өзім ауданда еңбек ететін болғандықтан ауыл шаруашылығы сессиясына қатыстым. Министрліктен келген сарапшылар ауылды өркендетудің екі жолын ұсынды. Бірі — ауылдағы еңбек адамының мәртебесін көтеру, екіншісі — инфрақұрылымды дамыту. Осы бағытта не істеу керектігі талқыланды, — деген Айтуған алдағы Жастар жылы біраз шаруаны тындыруға күш салатынын айтты.
Форум соңында еліміздегі азаматтық қоғамның құрылуына және дамуына үлес қосқан қазақстандық ҮЕҰ, қоғамдық кеңестер мен қоғам қайрат­кер­лерінің жетістіктерін қоғамдық тануды білдіретін «Таным-2018» сыйлығының 17 аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталды.

«Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау» номинациясы бойынша біздің облыстан «Қазақстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша ұйымы марапатталды. Ұйым жетекшісі Татьяна Острецова еңбектің еленгеніне қуанды.

Ассоциация ұзақ жылдардан бері жұмыс істейді. Көптеген мәселелерді көтеріп жүрміз. Соңғы кезде  емделмейтін ауруға шалдыққан науқастарға көмек беру және олардың отбасы мүшелерінің өмірін жеңілдету бойынша жұмыстар атқарылды,— дейді Татьяна Острецова.

P.S. Елбасының қатысуымен өткен форумда азаматтық қоғамды құруға тағы бір қадам жасалды. Қатысушылар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланыс одан әрі артып, нығая түсеріне сенімді болып қайтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button