Басты жаңалықтар

Қараша: қарымды істер кезеңі

Әдетте жыл соңындағы бір-екі ай атқарылған істерді қорытындылауға, шаруа адамы тілімен айтқанда етек-жеңді жинап, алдағы қысқа қамданып кірісуге арналады. Осы ретпен қарағанда бұл айда да облыс аумағында біраз істер атқарылды.

Он ай қорытындысы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте журналистерге жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарды баяндап берді.

Ең бастысы, облыс экономикасының  өсімі 5 пайызға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмалары нәтижелі жүзеге асырылып келеді.

Өнеркәсіп өсімі 5,7%-ға жетіп,  1,5 триллион  теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңір экономикасына  376 миллиард теңге  инвестиция тартылды.

Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлері 193 миллиард теңгенің өнімін өндірді.

Шағын және орта бизнес саласында 54 мың субъект жұмыс істеуде.

Өңірде құны 55,8 миллиард теңге болатын 15 жоғары технологиялық инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1300 жаңа жұмыс орны құрылды.

Цифрландыру бағдарламасы аясында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы қаржысы есебінен құны 2 миллиард теңге тұратын ІТ-орталық салынуда, екінші ірі жоба — Ақтөбе қаласының геопорталы.

55 кәсіпорында технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа инновациялық технологияларды енгізу үшін 85 миллиард теңге қаражат бөлінді.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шаралары жүзеге асырылуда. 24 мың ақтөбелік баспана мәселесін «7-20-25» бағдарламасы бойынша тиімді шарттармен шеше алады.

Облыс басшысы осы және басқа да әлеуметтік мәселелердің шешілуі барысын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында жіліктеп айтып берді.

Ауыл шаруашылығындағы цифрландыру

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айтылғандай, АҚШ, Канада, Австралия секілді дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, цифрлық технологиялар дәстүрлі саланы түбегейлі өзгертеді: яғни заманауи геоақпараттық жүйелердің қолданылуы нәтижесінде топырақтың азып-тозуы  азайып, ресурстар ұтымды пайдаланылатын болады, бұл өнімнің сапасы мен санын арттырады. Сондай-ақ, автоматтандырылған фермалар құру, дамыған логистикалық жүйе мен электрондық сауданың дамуы аталған саладағы өнімнің өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін жеткізілуіндегі өзіндік құнын төмендетеді. Бұл айналып келгенде азық-түлік қауіпсіздігін, елдің экспорттық әлеуетін арттыру тұрғысынан да тиімді.

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы кешенінде цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды. Егін, мал шаруашылығында заманауи технологиялар, роботтандыру, автоматтандыру бағыттарында жаңа әдістер енгізіліп жатыр. Өсімдік шаруашылығында егістіктер смартфондар арқылы бақыланады

Қазіргі уақытта Хромтау, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Әйтеке би аудандарындағы «Ақжар Агро», «Дилэнд», «Интер Агро», «Жосалы-Агро», «Қобда Жер», «Родники», «Рад Агро», «Дина», «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарында егін комплекстерінде техниканы қатар бойынша 2,5 см дейінгі қатараралық дәлдікпен автоматты жүргізуге арналған гидравликалық автоұшқыштар орнатылған.

Бүгінге дейін облыс бойынша 1 722 721,39 гектар болатын жайылымдық жер цифрландырылды.

Жалақы мәселесі — бақылауда

Облыста Мемлекет басшысының  Жолдауында айтылған ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру туралы айтқан тапсырмасын жүзеге асыру жолында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта арнайы құрылған аймақтық жұмыс комиссиясы осы бастамаға кіретін 77 мың адамды анықтады. Олардың жалақысы 42 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұған қоса табысы төмен жұмысшылардың жалақысын өсіру мәселесі қарастырылуда.

Жұмыс берушінің қызметін жариялау ережелеріне сәйкес, 28 кәсіпорын сенім сертификатын алды. Алайда еңбек заңнамасын өрескел бұзғаны үшін екі куәлік кейін қайтарылған.

Жалпы сомасы 67,5 миллион теңге қарызы бар кәсіпорындар — «Қызылжар-2030», «Аска Экспо Центр», «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС және «Су шаруашылығы» мекемесі анықталып отыр. Осыған байланысты үшжақты комиссия отырысында аталған кәсіпорынның өкілдері еңбекақы қарыздарын таяу уақытта төлейтіндіктерін айтты.

Жұмыс берушілердің мәліметінше, соның ішінде мұнай-газ саласында, аймақта жұмысшыларды жұмыстан босату мен жұмыс орындарын қысқартуға жол берілмейді.

Мұстафа Шоқай тағылымы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және республикалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының облыстық филиалы ұйымдастырған «Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттар сабақтастығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы көрнекті қайраткер Шоқай тағылымын танытудың кезекті қадамы болды.

Осы шара аясында Мұстафа Шоқайдың қамқорлығын көріп, шетелде жүрсе де қазақтың музыкасына ерекше үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әлім Алматқа арналған оқу кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Осында әйгілі скрипкашы туралы жазылған «Әлім Алмат: өмірі мен өнері» атты еңбектің тұсаукесері өтті. Аталған еңбек ширек ғасыр бойы Стамбул симфониялық оркестрінің скрипкашысы болған Әлім Алматтың өмір тарихын қамтиды.

«Әлем таныған тұлға» ғылыми монографиясы мен «Мұстафа Шоқайдың 12 томдық мұралары» жинақтарының таныстырылымы жиын мәнін көтере түсті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button