Басты жаңалықтар

McDonald’s мейрамханасы ашылды

Онда 60 ақтөбелік жұмыс жасайды

Ақтөбе қаласында алғаш рет бой көтерген McDonald’s мейрамханасының ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов және бір топ зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.  

Ақтөбе — Астана, Алматы және Қостанайдан кейін McDonald’s мейрамханасы ашылған еліміздегі төртінші қала. Қазіргі таңда республика бойынша осындай атаумен 13 мейрамхана жұмыс жасайды.

— Әрбір қала, оның ішінде облыс орталықтары өзінің деңгейі, мәдениетімен, халыққа қызметімен көріне білуі керек. Қандай брендтердің бар екенін, әсіресе, жастар жақсы біледі. Осыдан екі жыл бұрын біз Ақтөбеде екі BURGER KING, былтыр KFC орталығын аштық. Енді, міне, әлемге белгілі америкалық фирманың келушіге тез дайындалатын тағам түрлерін ұсынатын мейрамханасы ашылып жатыр.   Бұл — біздің Ақтөбе үшін қуаныш. Өйткені Ақтөбе осындай мейрамханасы бар Қазақстандағы төртінші қала болып есептеледі. Мұның барлығы жастарымыздың қазіргі заманның талабынан, деңгейінен қалмауы үшін   жасалып жатқан шара. Бұл жер жастардың бір-бірімен кездесіп, көңіл көтеріп, демалатын орны болмақ, — деп ақтөбеліктерді жаңа демалыс орнының ашылу салтанатымен құттықтаған Бердібек Машбекұлы Қазақстандағы McDonald’s франчайзингінің иегері Қайрат Боранбаевқа алғысын білдірді.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе агломерациясын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, Қазақстанның төртінші қаласы деген атқа сай болуы үшін Ақтөбе бұдан да көп инвестиция тартатын заманауи сан қырлы даму орталығына айналуы керек. Әрине, үлкен қаланың дамуы мен құрылуы шағын және орта бизнестің өсуімен, жаңа бизнес жобалардың жүзеге асырылуымен ілгері жылжиды. Бүгінде шағын және орта бизнес  саласында 135 мыңнан аса ақтөбелік еңбек етеді, олар 370 млрд теңгеден астам сомаға өнім шығарған. Жаңа мейрамхананың ақтөбеліктер үшін тынығып,  демалатын орынға айналатынына сенім білдірген Б.Сапарбаев: «Осыдан бір жыл бұрын Қайрат Боранбаевқа Ақтөбеде де осындай мейрамхана ашу жайында өтініш білдірген едік. Бір жылға жетпейтін уақытта құрылыс салынды. Бұған 1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Мейрамхана аумағында балалар ойын алаңы, жарымжан кісілерге ыңғайлы етіліп көлік қоятын орын да белгіленген. Ең негізгісі — мұнда 60-қа жуық жерлесіміз жұмыс жасайды. Әрине, бұл орталық бюджетке қосымша табыс көзі де болады», — деді облыс әкімі.

Мейрамханада барлығы 96 орын, ал жазғы террассада 64 орын бар. Мейрамхананың жалпы ауданы — 470 шаршы метр. Басқа McDonald’s орталықтары сияқты, Ақтөбедегі алғашқы мейрамхана да  заманауи сервистік жүйелермен, соның ішінде өзін-өзі қызмет көрсету дүңгіршектерімен қамтамасыз етілген. Көлік жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін алаң McDrive жүйесімен жабдықталған, яғни оның көмегімен автокөліктен шықпай-ақ тапсырыс жасауға болады. «Side-by-Side» ұғымы бір уақытта бірнеше көлікке қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, оның орташа өткізу қабілеті — сағатына 100 көлік.

Мейрамхананың ішкі дизайны да ерекше безендірілген. Табиғи ағаштан және тастан жасалған «Wood&Stone» дизайн тұжырымдамасы пайдаланылыпты.

Бүгін Қазақстандағы он үшінші және Ақтөбеде бірінші McDonald’s-ті ашып отырмыз. Мейрамхана қала тұрғындары мен қонақтарын тартатын орталыққа айналады деп үміттенеміз. McDonald’s әлеуметтік жағынан жауапты компания ретінде Қазақстанда  салауатты өмір салтын енгізуді, білім беру, мәдениет пен спорттық бағдарламаларды белсенді түрде қолдайды. Біз 25,5 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсеттік. Қазақстандағы McDonald’s сауда белгісі —  Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетінің демеушісі саналады, — деді McDonald’s франшизасының Қазақстандағы қожайыны Қайрат Боранбаев.

Салтанатты шарада лента қию рәсімі жасалғаннан кейін облыс әкімі бастаған топқа мейрамхананың іші таныстырылды. Бердібек Сапарбаевқа мамандар қызмет көрсету түрлерін ұсынып, тапсырыс беру жолдарын түсіндірді. Мұнда «Happy Mil» ойыншығымен танымал түскі астардан басқа, арнайы ойын бөлмесі лабиринт, интерактивті қабат, ксилофон, үстел ойындары және отбасылық ойын-сауық үшін көптеген басқа да қызықты іс-шаралармен жабдықталған.

Мәзірде көпшілік сүйсініп жейтін Macs, French Fries, Chicken McNaggets және басқа да дәстүрлі фирмалық тағамдар бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button