Басты жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы және цифрландыру

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек.

Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл

шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.

Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды

ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

2017 жылы елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітілген болатын. Оның мақсаты — ел экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, түбегейлі жаңа даму сатысына көшу. «Әлем қазір түбегейлі өзгерістер заманында. Цифрландыру ұлттық экономиканың қозғаушы күші», — деді Елбасы Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған еліміздің үшінші жаңғыруының да өзегі — цифрландыру.

Осы мақсатта қоғамның түрлі салаларында сандық жүйеге көшу жұмыстары жүргізіле бастады. Маңызды салалардың бірі — ауыл шаруашылығы саласы.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына, басқа да ірі халықаралық ұйымдарға енуі түрлі салалардың, соның ішінде ауыл шарушылығы саласының сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыруын талап етеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айтылғандай, АҚШ, Канада, Австралия секілді дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, цифрлық технологиялар дәстүрлі саланы түбегейлі өзгертеді: заманауи геоақпараттық жүйелердің қолданылуы нәтижесінде топырақтың азып-тозуы дерегі азайып, ресурстар ұтымды пайдаланылатын болады, бұл өнімнің сапасы мен санын арттырады. Сондай-ақ, автоматтандырылған фермалар құру, дамыған логистикалық жүйе мен электрондық сауданың дамуы аталған саладағы өнімнің өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін жеткізілуіндегі өзіндік құнын төмендетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл азық-түлік қауіпсіздігі, елдің экспорттық әлеуетін арттыру тұрғысынан да тиімді. 

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы кешенінде цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды. Егін, мал шаруашылығында заманауи технологиялар, роботтандыру, автоматтандыру бағыттарында жаңа әдістер енгізіліп жатыр.

Өсімдік шаруашылығы: егістіктер смартфондар арқылы бақыланады

Облыстағы бірқатар шаруа қожалықтарында егін егу, астық жинау, алқапты арамшөптерден тазарту сынды жұмыстарды автоматтандыру бағытында нақты технологиялар енгізіліп келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, қазіргі уақытта Хромтау, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Әйтеке би аудандарындағы «Ақжар Агро», «Дилэнд», «Интер Агро», «Жосалы-Агро», «Қобда Жер», «Родники», «Рад Агро», «Дина», «Құмқұдық» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарында егін комплекстерінде техниканы қатар бойынша 2,5 см дейінгі қатараралық дәлдікпен автоматты жүргізуге арналған гидравликалық автоұшқыштар орнатылған.

— Бұл шаруашылықтарда астық жинау комбайндарының жүрген шақырымына және гектарына байланысты пайдаланылатын жанар-жағармай шығынын, нақты алаңның шығымдылығын, гектарына өнім өндіру жұмыстарының барлық сипаттамасын компьютер арқылы көрсететін аспаптар орнатылған. Жаңа технологияны қолдану арқылы жанар-жағармай 17 пайызға дейін үнемделеді, тұқым себу барысында шығындар 4 пайызға дейін қысқарып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 5 пайызға артады. Сонымен бірге Мәртөк ауданының «Айс», «Милкер» серіктестіктері мен «Құмсай» шаруа қожалығында ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жаңбырлатқыш машиналарға орнатылған антеннаны радиобасқару арқылы жүргізіледі, — дейді ол.

Өткен жылы «АкТеп» ЖШС Қарғалы ауданында Батыс Қазақстандағы ең үлкен жаңбырлатқыш жүйені іске қосты. 440,5 гектар жерді суару үшін радиусы 750, 395, 385, 375 метрлік жеті жаңбырлатқыш құрылғы тыңайтқыш қосу кешенімен жабдықтанған, қашықтан басқару жүйесі онлайн тәртібінде жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Яғни суару процесі интернеттің арнайы қосымшасы арқылы смартфонмен басқарылады, бұл ретте суару еселігі, жаңбырлатқыш машиналардың қозғалыс бағыты, ылғалдылық, топыраққа су өткізу тереңдігі, суару автоматты қосылу үшін ауа температурасы секілді параметрлері енгізіледі. Жаңа технология нәтижесінде «АкТеп» серіктестігінің шаруалары гектарына 350 центнерден картоп алып отыр.

— Биыл жаздан бастап егіншілік саласындағы барлық мемлекеттік қолдаулар автоматтандыру түрінде көрсетілуі үшін жұмыс атқарылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы qoldau.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырылады. Қолдауға ие болу үшін шаруашылықтар егіс алқаптарының электронды карталарын порталға енгізіп жатыр. Электронды карталар егістіктер, шабындықтар, жайылымдар, тыңайған жерлер, сүрлер, сүдігер, егістер, кем және артық себілген жерлердің шынайы алқабын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде қолда бар жыртуға жарамды егістік алқаптар толығымен цифрландырылды. Бұған қоса қыркүйек айының ортасынан бастап жайылымдық және шабындық жерлердің электрондық карталарын порталға енгізу жұмыстары басталды. Бүгінге дейін облыс бойынша алқабы 1 722 721,39 гектар болатын жайылымдық жер цифрландырылды. Жыл аяғына дейін бұл жұмыс толығымен аяқталады, — дейді басқарма басшысы.

Бүгінде ғылыми институттармен бірге бірнеше зерттеу жасалды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары Әйтеке би, Қарғалы және Мәртөк аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерін сандық жүйеге енгізу үшін зерттеу жүргізді. Ғалымдар топырақтың агрохимиялық сипаттамасын, егістікті арамшөп басуын, минералды тыңайтқыштар қолдану, тағы да басқа көрсеткіштерге байланысты аталған аудандардағы Сарат, Достық, Қосестек ауылдық округтері аумағындағы жайылымдық жерлердің өнімділігін анықтады.

— Мысалы, Сарат ауылдық округіндегі жайылымдық жерлердің өнімділігі гектарына 4-6 центнер болса, Достықта 6-7 центнер, ал Қосестекте өнімділік төмен екені белгілі болды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әлі жалғасады. Бұған қоса Назарбаев университетінің жас ғалымдарымен де бір жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба бойынша егісті нақты өңдеу технологиясын қолдану барысында гербицидтердің 60 пайызын үнемдеуге болады. Яғни жаңа технология бойынша гербицид тұтас алқапқа емес, тек арамшөптерге ғана шашылады. Барлығы да автоматты түрде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Назарбаев университеті Инженирия мектебі арасында келісім жасалып, жобаны қаржыландыру мәселесі шешілді, — дейді Қ.Сәрсембай.

Мал шаруашылығы: навигация арқылы малды бақылап, роботтың көмегімен сүтінің құрамы анықталады

Аталған салада да цифрландыруды енгізу уақыт талабы болып отыр. Бүгінде мал шаруашылығы бойынша субсидиялар беру жүйесі автоматтандырылған. Ол барлық ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуге арналған және тұқымдық түрлендіруді, асылтұқымды малдарды тіркеуге арналған ақпараттық талдау жүйесі секілді бірыңғай бағдарламалар есебінен жүзеге асырылады.

— Малдың тәуліктік орташа салмақ өсімін, жалпы жағдайын компьютер арқылы бақылау үшін «АкТеп» серіктестігі ірі қара малдарына датчиктер, яғни сырға орнатты. Сонымен бірге смартфон арқылы ауа райын қадағалауға мүмкіндік беретін метеобекет сатып алынды. «Айс» серіктестігінің сүт фермасы малдың жалпы жағдайын, сүт сауымын бақылайтын заманауи құрылғылармен жабдықталды. Ал Израильдің «Афимилк» компаниясымен ынтымақтастық негізінде малдың көбеюі және генетикасын, денсаулығын бақылауға мүмкіндік беретін ең озық интеллектуалды жүйе енгізілді. Бұған қоса әр сауын сиырдың сүтіндегі майдың, ақуыздың және соматикалық жасушалардың құрамын анықтайды.«Афимилк» компаниясы Израильден қашықтан онлайн қолдау мен қызмет көрсетеді, — дейді Қ.Сәрсембай.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған зауытты толықтай модернизациялау неміс және италиялық заманауитехнологиялармен жабдықтау арқылы жүзеге асырылды. Бұл жердегі барлық өндірістік процесс автоматтандырылған, олар Siemens бағдарламасы арқылы басқарылады. Данияның «Christian Nansen» компаниясы технологиялық қолдау жүргізеді. Шошқа шаруашылығымен айналысатын «Парижская коммуна ХХІ» серіктестігі мен «ADM Investment»құс фабрикасы да толығымен автоматтандырылған.

— Бұл жүйелер смартфондағы мобильді қосымшалар арқылы фермаларға микроклимат қалыптастыру, сұрау, азық беру, тезектер мен қиларды тазарту секілдібарлық технологиялық процестерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қандай да бір құрылғы істен шыға қалса, жүйе кез келген уақытта операторға ақпарат бере алады, — дейді басқарма басшысы.

Шаруашылықтарда малдың тұрған жерін қадағалау үшін жерсеріктік навигация да пайдаланылып отыр. Мысалы, «Нұрдәулет», «Нан», «Болашақ», «Шәкір», «Дина» шаруа қожалықтарында жылқыларға GPS датчиктер орнатылған. Осы құрылғы арқылы табынның тұрған жерін онлайн режимде қадағалауға болады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру кәсіпорындарында да роботтандыру, автоматтандыру барынша енгізіліп келеді. Мәселен, «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» серіктестігінде ұнды салу, бөліп өлшеу жүйесі толығымен автоматтандырылған. Диірмен комбинаттары ішінде тек осы серіктестікте ғана роботтандырылған жүйе жұмыс істейді.

— «Гринхаус Қазақстан» серіктестігінің жылыжай кешені голландтық «PRIVA» құрылғыларымен жабдықталған, бүгінде бұл жылыжай — дүниежүзінде алдыңғы қатардағы Ultra-Clima инновациялық жүйесі енгізілген санаулы кешендердің бірі. Автоматтандырылған бағдарлама арқылы өнім беру көрсеткішінің өсуі, өнім қауіпсіздігі, су және қуатты үнемді пайдалану және СО2 мөлшерін азайтуға қол жеткізуге болады, — дейді Қ.Сәрсембай.

P.S.Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда аграрлық секторды цифрландыру ел экономикасының дамуына айтарлықтай серпін берері сөзсіз. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын, өнім көрсеткішін арттырады, экспорт деңгейі көбейеді, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілік деңгейі жоғарылайды. Бұл, Елбасы Жолдауында айтылғандай, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттырады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button