Мәдениет

Астананың шашуы

Кеше Өнер орталығында «Айбын» Президенттік полкі Құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің сүйемелдеуімен ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрініңмерекелік концерті өтті. «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің бастау алуына арналған думанды кеш барысында көрерменге халық әндері, әлемдік классикалық музыка, джаз және өзге де кең жанрлық шығармалар ұсынылды. Концертке Президент Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ақтөбеліктер мен қала қонақтары қатысты.

ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрі ҚР хаттамалық, дипломатиялық, мемлекеттік және басқа да мерекелік іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы құрылған. Сол тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жемісті еңбек етіп келе жатқан оркетр құрамында бүгінде ансамбль, үрлемелі оркестр, эстрада және әндер ансамблі, би ансамблі бар. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің бастығы, полковник Талғат Бердіғұловтың айтуынша, Президент Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің бастамасымен аталған оркестр Ақтөбені қосқанда төртінші қалада өнер көрсетіп отыр.

— «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты жылжымалы көрме жобасының аясында бұған дейін Алматы, Шымкент, Атырау қалаларында болдық. Ақтөбеде өткен концертімізде бағдарламаға осы өңірде туып-өскен биші Әсел Әлібекова, әншілер Әсел Мәдекешова, Жанна Сандыбаева секілді біздің солистеріміз үшін арнайы жеке номерлер енгізілді, — дейді ол.

Кеште көрермен оркестрдің жетекші солистері — республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Досымжан Таңатаров, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Олжас Сүлейменов, Гүлнұр Әділбекова, Асылхан Шалқаров, Гүлсім Мырзабекова, Әсел Мәдекешова, Жанна Сандыбаева, Әсел Әлібекова сынды әнші-бишілердің, «Аламан» тобының өнерлерін тамашалады. Қазақстан, Елбасы, туған жер, туған ел тақырыптарындағы шығармалармен қатар бүгінде Астанада тұратын ақтөбелік сазгер Құрманбай            Қосжановтың ақын Гүлсамал Аймаханованың сөзіне жазылған «Арайлы Ақтөбем» әні де орындалды. Кеште Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық хор ұжымы да өнер көрсетті.

Кеш соңында керемет өнер кешін сыйлаған ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің ұжымына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Бұл концерт жоғары кәсіби шеберліктің, залға лық толған көрерменнің көңіліне патриоттық һәм Отан үшін мақтаныш сезімін сыйлаған әдемі өнердің кеші болды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button