Ауыл

Өрт сөндіру бекеті салынды, стадион жөнделіп жатыр

Туған жерге тағзым

Әйтеке би ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 198,7 млн теңгеге 43 жоба жоспарланған. Қазіргі таңда аталған жобаның 21-і орындалып,  оған 48,6 млн теңге қаржы жұмсалған. 

Атап айтсақ, Қарабұтақ ауылдық округінде ауыл азаматы Қайрат Қойлыбаев 20,0 млн теңгеге «Әкелер» саябағын салды. Саябақта сахна, отыратын орындар, шағын футбол алаңы, теннис алаңы, балаларға арналған алаңдар бар.

Құмқұдық ауылдық округінде «Құмқұдық» ЖШС директоры А.Чемоданов 2,3 млн теңгеге Құмқұдық ауылындағы балабақшаның сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балалар алаңын салып берді. Сондай-ақ 3,1 млн теңгеге Қарашатау орта мектебінің төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. 1998 жылғы мектеп бітірген түлектер 0,6 млн теңгеге ауылдың кіреберісіне ауылдың атауы жазылған арка орнатты.

Комсомол ауылдық округінде мектеп түлектері 2,5 млн теңгеге воркаут алаңын жасақтап, пайдалануға берілді. Жергілікті кәсіпкерлер А.Дабылов пен В.Степочкин ауыл жастарына хоккей кордын салып берсе, «Комсомол» ЖШС директоры В.Волынец 1,5 млн теңгеге аудан құрамасына хоккей формасын алып берді.

Жабасақ ауылдық округінің Аққұм елді мекенінде ауыл азаматтарының демеушілігімен 2,0 млн теңгеге ауыл сыртындағы қорым қоршалып, 500 мың теңгеге Ғ.Байниязов атындағы саябақ тұрғызылды. Сондай-ақ, Байжанкөл елді мекенінде 2,5 млн теңгеге Байжанкөл бастауыш мектебінің сыртын жөндеу және мектепті қоршау жұмыстары жасалды.

Әйке ауылдық округінде 2008 жылғы түлектер ауылдағы кіреберіске арка орнатып берді.  Ауыл тұрғындарының демеушілігімен 0,8 млн теңгеге зиратты қоршау, зират басына үй салу жұмыстары, сондай-ақ 3,9 млн теңгеге ауылға өрт сөндіру бекетін салу жұмыстары жүргізілді.

Басқұдық ауылдық округінің Сарыбұлақ елді мекенінде ауыл азаматтары 3,2 млн теңгеге Мамыт негізгі мектебінің жанынан асхана салды.

Қызылжұлдыз ауылдық округінде жеке кәсіпкер М.Байназаровтың демеушілігімен 0,7 млн теңгеге ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл азаматтарының қолдауымен алтыбақан орнатылды.

Жамбыл ауылдық округінде «Жамбыл-С» ЖШС директоры С.Жалғасбаев 1,0 млн теңгеге хоккей кордын салып берді.

Сұлукөл ауылдық округінде «Қаражыра» ЖШС мен ауылдың шаруа қожалықтарының басшылары 1,5 млн теңгеге негізгі автокөлік жүретін жолдан ауылға дейінгі 6 шақырым жолға, ауыл көшесінің жолдарына жөндеу жүргізді. Ақкөл ауылында ауыл тұрғындары 0,5 млн теңгеге саябақты абаттандыру мен сахна қою жұмыстарын жүргізді. Үшқатты ауылында мектеп түлектері мектеп оқушыларына 200 мың теңгеге музыкалық аппаратура мен спорттық жабдықтар алып берді.

Аудандағы ірі жобалардың бірі —  Комсомол ауылындағы стадионды жөндеу жұмыстары. Бұл жобаны «Жомарт-Әйтеке би» қоғамдық қоры жүргізуде. Қазіргі таңда бұл мақсатта бірталай жұмыстар атқарылды.

Д.Тауанова

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button