Басты бет » Әдебиет » Ақын және ұлттық идея

Ақын және ұлттық идея

Кез келген ұлттың өмір сүру дәстүрін айқындап, ұрпақты соған бағыттап отыратын өз идеясы бар. Бұны ұлттық идея дейміз.

Ұлттық идеяның кездейсоқ қалыптаспайтыны белгілі. Ұлттық идеяның негізінде халықтың тарихы мен тағдыры, тұлғалардың өнегесі жатыр. Ұлттық идея дегеніміз — ғасырлар бойы ұлттың тәжірибесі, тұлғалардың білімі арқылы жинақталып отырған құндылықтар жүйесі.

Көне грек тілінде идея ұғымы түр, кескін деген мағынаны білдіреді. Көне грек ойшылы Демокрит бұл ұғымды алғаш рет ғылыми айналымға енгізген. Демокрит зерттеген атомдардың ерекшеліктері оның формасымен көрінген. Демек, идея ұғымының өзі заттың түр-бейнесін ғана емес, өмір сүру ерекшеліктерін айқындайтын қасиет, яғни ішкі мән дегенді білдіреді. Сол сияқты ұлттық идея да ұлттың қасиеті мен өмір сүру жолын (тәжірибесін), ішкі мәнін айқындайтын дүние. Ұлттық идеяның иесі — ұлттың өзі болғанымен оның дамуына, ұрпақ танымына жетіп, қоғамда насихатталуына ықпал етіп отыратын — тұлғалар. Қазақ зиялылары қашанда осы бағытта  болған. Бұны айтып отырған себебіміз, ұлттық идеяны жетілдіруде ұлт пен оның тұлғаларының тәжірибесі алдыңғы орынға шығады. Ұлттық идеология (тәжірибе, білім) қоғам өмірінде ұрпақтың ұлттық мүдде бағытындағы ізденісі арқылы нығая түспек. Ақынның өзі айтқандай, «Ақынға тақырыпты тек өмір ғана ұсынады десек, оның аясын тарылтқан болар едік. Шайқалған шаңырақтай қазақ өмірінің терең философиялық тебіреністерін, ұлы Әуезов айтқандай, «есте жоқ ескі заман» ақындары алыс ғасырлар түкпірінен термелете толғай бізге жеткізіп еді. Қазақы пәлсапа күй арқылы тілсіз ой-толғау туғызса, марғау даланың мүлгіген суретімен үнсіз философия жасады. Міне, тағы да сол бағзы заман туралы, өлім мен өмірдің, тағдыр мен тірліктің алысуы туралы «Афина мектебі» дүниеге келді».

Адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ, одан адамзат мәдениетінің іргетасын қалауға атсалысқан халықтың бірі — гректердің философиясын көреміз.

Көне дәуірдегі грек халқының философиясы мен мәдениетінің қалыптасуында терең идея жатыр. Антикалық дәуірдегі философиялық идеялар қай елдің болмасын тұлғаларының қалыптасу дәстүріне жақын келеді. Афинадағы ойшылдар қалыптастырған философиялық идеялардың әрбір елдің қоғамындағы тұлғалар дәстүріне жақын келу себебі — мемлекетті, қоғам мен адамның танымын жетілдіріп отыратын білім түрлерін негіздей алуында, көне грек ойшылдарының зерделеген дүниелері адамзат мәдениетінің өрісінен өзіне лайықты орынды иелене алуында.

Қазақ ойшылдарының руханияты мен грек философтарының даналығының арасында жақындық, үндестік болған. Сонау көне грек қоғамында жеті данышпанның бірі атанған Анарыстан бастау алып, адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабимен, қазақ ойшылдарының ілімдерімен айқындалатын бұл дәстүр, шынымен де, ұлт тұлғаларының дәстүріне тән шындықты тереңнен ұғындырады.

Адамзат тарихында мемлекет, қоғам, халықтың болашағы үшін ізденген, философия, ғылым түрлерін дамыту арқылы ел мәдениетін көтеруді көздеген нағыз зиялылардың биік шоғыры көне грек қоғамынан көрінеді. Сол кездегі қоғамдағы қараңғылық, ауқатты адамдардың халықтан алшақ кетуі, ең соңында олардың дүниетанымының халықтың игіліктеріне қайшы келуі ой-өрісі биік, нағыз ұлтжанды, көңілі ашық адамдарды қоғам алдына шығарған. Сол кездегі грек ойшылдарының қоғамдағы дағдарысты жеңу үшін өзге елдерді аралап, білімін жетілдіруінен, өз заманында философия мен ғылым түрлерін, өнер ілімдерін дамытуды көздегендігін білеміз. Бұны айтып отырған себебіміз, шынымен де грек ойшылдары өз мәдениетінің, одан қалды, адамзат мәдениетінің өрісінде интеллектуалдар қызметінің биік шоғырын қалдыра білді. Шынайы отансүйгіштікті, ерлікті, ақылдылық пен кемел мінезді көрсете білді. Олар қайткен күнде де халықтың алдында абыройлы болып  өтуді ойлады. Түбінде өздерінің кісілігіне халықтың қайтып оралатындығын түсінді. Осыған байланысты Абай өзінің «Қара сөздерінің» бірінде: «Сократқа у ішкізген кім?» — дейді. Ол — надандық. Нағыз зиялылар халықты рухани дағдарыстан арашалауға ұмтылады. Надандықпен күреседі. Ақыр соңында өздері сол күрестің құрбанына айналып жатады. Алаш зиялылары айтқандай, дүниедегі негізгі әділ сыншы — халық пен тарих. Тарих келер ұрпаққа аға буынның қателігін көрсетіп отыратындығы заңдылық тәрізді. Көне дәуірдегі грек ғұламалары да, кешегі уақытта ел мен жердің азаттығы үшін күрескен қазақ тұлғалары да — уақыттың төрелігіне жүгінген адамдар. Бұл — зиялылықтың нағыз тарихи құбылыстарының бірі.

Сонымен, Өтежан Нұрғалиев  шығармашылығының ерекшеліктеріне қайта оралсақ, ақынның өзі айтқандай, «Игіліктің ерте-кеші жоқ, құдай сәтін қаласа, енді жарық көргелі тұрған бұл кітапқа адамзаттың дана ойының бесігі болған бағзы заман даналары өзек етілді. Мен Грекияда болған да емеспін,  оның тілін де оқыған емеспін, өнеріне де етене қанық емеспін. Мүмкін, сондықтан ба екен, мұсылман пәлсапасының өзегіндей Зұлқарнайынға тәрбиеші болған  Аристотель, оның ізгілік, ар, иман туралы қалдырған мұрасы мені қатты тебірентті. Сократтың тағдыры, оның Абай үлгі тұтқан хакімдігі өз алдына бір төбе тақырып болды».

Елдің тарихында өткен даналардың  әлем философиясындағы ойшылдардың ілімімен үндес келетін идеяларын зерделейтін адам тектілікті тарих өрісінде негіздейді. Өзін әрдайым тарихтан кіші санайды, ата-баба тағылымын пір тұтуда зиялылар рухының үндестігін руханияттың бесігінен іздейді. Адамзаттың рухын көтеріп, әр ұлттың ойшыл ұрпағының  идеяларын үндестіріп отыратын сана, ол —ақиқат, ақиқатты танудан туындайтын ар ілімі.

Ар іліміне жақындап, оның өрісіне ену үшін ол адамның өзінде ар болуы қажет.  Қазақ руханиятындағы сондай тағылымның иегерлерінің бірі — Өтежан.

«Қарны тоймас мақсатың бар — мойныңдағы қамытың,

Жылы жерде иман қума, ащы келер наны тым.

Данышпанның заманы өтті. Бұрынғыдан данышпан

Бізге жетті өмір аңсап қолын созып алыстан.

Кімді тапты ол? Қалай тапты? Хан базардың гүлі кім?

Бірлер тапты білігімен мыңды жеңу ілімін» — дейді қазақ ақыны.

Бақтың да адамды таңдап қонатыны секілді, даналық та ұлтқа таңдап келеді. Өмірі (тұрмыс тіршілігі) қарапайым болғанымен  қазақтың рухы биік, танымы терең болды. Ұлттық болмысымыздың рухының биік, рухани тамырларының тереңге тартуының себебі ар іліміне мән беруінде. Ар, ұят, намыс деген ұғымдар ұлттық тәрбиенің тұтқасына айналған. Осының салдарынан ар жолы қазақ қоғамының рухани өмірінде көрініс тапты. Өтежан Нұрғалиев шығармашылығындағы ұлттық идея, негізінен, ұрпақты ұлттың рухани әлеміндегі тағылым жолына үндейді. Көне дәуірде өмір сүрген ойшылдар ілімін негізге алып, елінің тарихындағы кемеңгер адамдардың идеяларын насихаттайды, қазақ руханиятының өзегіне айналған ар ілімін сақтауға ұмтылады.

Ақынның өзі айтып кеткендей, «өз жолын тапқан, адам»:

«Адам жолы — жаяулық.

Апарады Ұлы жолға ақыл басқан баяулық».

Ұлтымыздың танымы мен тұлғаларының тағылымы тарихта «қазақ жолы қанағат» деген ұғымды қалдырды. Бұның мәні адамдық қасиетті сақтау, адамдық қасиет сақталған ортада қанағат, мейірім, төзім сақталмақ. Жаяу адамның жүрісіндей өмірде ғана мағына бар. Адамның өміріне мағына беретін нәрсе — ақыл ісі. Қазақтың руханиятынан бастау алып, тұлғаларының дүниелерімен тарайтын (үндесетін) ұлттық идея қазіргі таңда осы шындықты аңғартады.

Өтежан Нұрғалиев шығармаларының лингвофилософиялық танымын зерделеу — болашақ ғылыми ізденістер мен зерттеулердің өзегі болмақ.

Мұхтар МИРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

 Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты.