Басты жаңалықтар

Коммуналдық қызметті жетілдіру мәселесі қаралды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен, батыл шаралар қабылдау керектігі атап көрсетілген еді. 

Сондай-ақ, Жолдауда коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуының әлі күнге дейін ашық еместігі, монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отырғаны да айтылды.

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Ақтөбе өндірістік филиалы ғимаратында коммуналдық саладағы ірі кәсіпорындардың және тұрғын үйлерді басқарушы кондоминиумдер мен ПИК-тер басшыларымен кездесіп, осы мәселелерді талқылады.

— Елбасы саясаты әрдайым тәуелсіздігімізді нығайтуға, елімізде тұрақтылықты сақтау мен қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталып келеді. Жуырда халыққа жолдаған Жолдауында да Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдық екенін атап өтті. Бұл орайда тұрғын үйлерге газ, су, жылу беру, көп қабатты үйлердің күтімі, аулалардың тазалығы секілді мәселелердің де маңызы өте зор. Коммуналдық саладағы кәсіпорындар мен тұрғын үйлерді басқару органдарының қызметі тұрғындар көңілінен шыға ма?Монополистер инвестициялық міндеттемелеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарап отыр? Сондай-ақ, тарифтерді орынсыз көтеруге жол бермеу және осы саладағы еңбеккерлер жалақысын көбейту — сіздермен бірге осы мәселелерді талқылауды мақсат етіп отырмыз, — деді облыс басшысы жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімі жақын уақытта тарифтерді күрт көтерудің еш жөні жоқ екенін,ал басқарушы кондоминиумдер мен ПИК-терге қатысты басты мәселе — олардың толықтай тіркеуден өтіп, есепшоттар ашып, өз еңбеккерлеріне жалақыны заңды түрде төлеулері керектігін атап айтты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаржаубай Ыбрайымұлының айтуынша, қазіргі таңда облыста коммуналдық салада халыққа өз қызметін ұсынып отырған 24 монополист кәсіпорын бар. Осы сала бойынша 5 жыл мерзімгеинженерлік-коммуникациялық жүйелерге қатысты жөндеу, жаңғырту және құрылыс жүргізу жұмыстарына48 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Биылғы жылы 6 миллиард теңге қаржыны игеру жоспарланған.Қаржаубай Ыбрайымұлы жиналғандарды осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Өз сөзінде ол тұрғын үй қатынастарын реттеу мәселелерін де қозғады. Жалпы облысымызда, тұтастай алғандағы аумағы 8 миллион шаршы метрге жуықтайтын 2612 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 51 пайызы әділет органдарында кондоминиум нысаны ретінде тіркелген, ал 1277 тұрғын үй тіркеуде жоқ, яғни басқару құрылымы белгісіз.

— Тіркелген кондоминиумдердің 33 пайызының екінші деңгейлі банктерден ашылған есепшоттары бар, қалғандарының есепшоттары жоқ. Сондықтан оларда қаржы қозғалысы қалай болып жатқаны белгісіз. Ортақ мүлікті күтіп ұстау мақсатында тұрғындардан жиналатын жарнаның мөлшері әр кондоминиумде әртүрлі, жалпы облыс бойынша орташа мөлшері бір шаршы метр үшін — 20 теңге. Заңда тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу үшін арнайы жинақ шотын ашу керектігі көрсетілген. Бүгінгі күні бірде-бір ондай жинақ шот жоқ. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеусіз тұрған үйлер тозып, болашақта бұл үлкен мәселеге айналуы мүмкін, — деді Қаржаубай Ыбрайымұлы.

Облыстағы 123 мың пәтер иелерінің 25 пайызының қазіргі күні 300 миллионға жуық бережағы бар екен. 16 ірі басқару органдарында жүргізілген тексерулер барысында 203 еңбеккердің жалақысы 42 мың теңгеден төмен екені анықталған.

Қаржаубай Ыбрайымұлы, сондай-ақ, тұрғын үй қорын жаңғырту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Ал Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов осы бағытта облыс орталығында жүргізіліп жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.

Жиынның екінші бөлігінде тұрғын үйлерді басқару органдарының, әсіресе, тұрғындар тарапынан жиі шағым түсетін кондоминиум мен ПИК-тердің басшыларына сөз берілді. Олар көп жағдайда жұмыстың жүрмеуіне тұрғындармен арадағы түсініспеушіліктер, төлемдердің уақтылы жиналмауы қолбайлау болатынын тілге тиек етті.

Бұл орайда облыс әкімі оларға жұмыстарды жандандыра түсу керектігін айтты.

— Тұрғындар кондоминиумдер мен ПИК-тердің нәтижелі жұмыс жасап жатқанына көз жеткізгенде ғана бірлесе жұмыс істеуге ықыласты болады, —  деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы, сондай-ақ, жалақыны көтеру — назарда ұсталып отырған басты мәселелердің бірі екеніне тоқталды.

Осы орайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбеков:

— Біздің ұжымда 109 еңбеккер бар. Олардың дені — жастар. Ең төменгі жалақы мөлшері — 96 мың теңге. Жыл сайын жаңа жылдың басында Ұлттық банк бекіткен инфляция деңгейіне сай жалақыға индексация жүргізіледі. Елбасы өз Жолдауында жалақыны көтеру мәселесін ерекше атап өткені белгілі. Біздің еңбеккерлер жалақысын көтеру — орталық басқармада шешілетін мәселе. Алдағы 1 қаңтарда сол жақтан жақсы хабар күтеміз, — деді.

Ал «Трансэнерго» АҚ басшысы Аманбай Сақиевтың айтуынша, бұл ұжымда 768 адам еңбек етеді. Солардың 55-і төмен жалақы алады.

— Алдағы жылы ең алдымен осы төмен жалақы алатын еңбеккерлердің жалақысын көтеруді жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button