Басты жаңалықтарЖастар

Жазғы еңбек бағасы

 «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 14-ші маусымды аяқтады. Шығармашылық академиясында өткен «ZHASYL EL AWARDS» еңбек маусымының республикалық жабылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов, облыстық басқарма басшылары мен республикалық жастар ұйымдарының мүшелері, «Ресейлік студенттер жасағы» орталық штабының өкілдері, сондай-ақ үздік жауынгерлер қатысты.

Шара барысында республикалық жастарды еңбек маусымының жабылуымен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жабылу салтанатының Ақтөбеде өтіп жатқандығы, біздің өңір үшін үлкен дәреже екендігін атап өтті.

— Осыдан 14 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастар еліміздің гүлденуіне, көркеюіне өз үлестерін қоссын деп, «Жасыл ел» қозғалысын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы жылдар аралығында еліміздің еңбексүйгіш жастарының арқасында бірталай шаруалар атқарылды. Мемлекетіміздің, ұлтымыздың дамуы жастармен тікелей байланысты. Жастар — біздің болашағымыз. Олардың ерте бастан жұмысқа араласуы, болашақта оның еңбексүйгіш азамат болып өсуінің бірден-бір кепілі, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған шараны Ақтөбеде ұйымдастырып жатқан   ұйымдастырушы комитетке өз ризашылығын білдірді.

Салтанатты шара барысында табиғат жанашырлары биылғы жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 12 аталым бойынша үздіктерді анықтады.

2018 жылғы «Ең үздік штаб» номинациясын Павлодар облысының «Жасыл ел» ұжымы алды. Өткен жылы бұл аталымды ақтөбеліктер иеленген еді. Ал биылғы жылдың «Үздік командирі» болып ақтөбелік Артур Әзизов танылса, «Үздік сарбаз»  аталымын түрікстандық Ислам Джолбасханов жеңіп алды. «Үздік жасақ» аталымы Астана қаласына «жол тартса», «Үздік мәдени жасақ» аталымын Батыс Қазақстан облысынан келген жауынгерлер алды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XIV еңбек маусымының «Үздік медиа маманы» аталымы бойынша Нұрдәулет  Баймахан марапатталды. «Үздік онлайн штаб» аталымы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық штабына бұйырды. Ал маусымның «Үздік жұмыс берушісі» болып, «Арнаулыавтобаза» мекемесі танылды. «Үздік оқу орны» аталымына Қазақ ұлттық аграрлық университеті лайықты деп танылды. Ал «Жыл серпіні» номинациясын 6000-ға жуық сарбазы бар, өңірдегі әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысқан, «Жасыл ел» жасақтарының Ақтөбе облыстық штабы жеңіп алды.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

«Жасыл ел» жасақтары өткізген түрлі экологиялық акциялар нәтижесінде Ақтөбеде 50 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында еңбек маусымында белсенділік танытқан ақтөбелік 80 жауынгерге Астана қаласына баруға жолдама берілді.

Астана қаласына тегін бару жолдамасын жеңіп алғандардың бірі — Арзу Отарбек. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 3-курсында оқып жатқан ол «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша биыл бірінші жыл еңбек еткен. Жазғы демалысындағы 4 айын еңбек етуге арнаған Арзу еңбегінің бағаланғанына қуанышты.

— «Жасыл ел» — біз секілді жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Алғашқы еңбек жолымның да осы жерден бастау алғанына қуаныштымын. Астана қаласын көру менің көптен бері ойымда болатын. Бірақ реті келмей жүр еді. Бүгін, міне, соның сәті туды. Ерекше қуанып тұрмын. Осындай еңбек қозғалысын бастаған Елбасымызға, сондай-ақ облыс әкімідігіне алғысым шексіз, — дейді ол.

Арзу секілді «Ақтөбе орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Мағаджан тәлім бағында жұмыс жасап, Астана қаласына жолдама алған белсенді жастардың бірі — Айдана Қожағұлова. Олар жаз бойы орман шаруашылығы мамандарының нұсқауымен қураған талдарды кесу, арамшөптерді жұлу секілді шаруалар атқарған.

— Биылғы еңбек маусымында қаламызды көгалдандыру бағыты бойынша жұмыс жасадым. «Көп түкірсе — көл» дегендей, берілген тапсырманы дер кезінде орындап тастап отырдық. «Жасыл ел» мені көп нәрсеге «үйретті». Бұл жерден алғашқы жалақымды алып, ата-анамды бір қуантсам, жаңа достар тауып, өзімнің жаңа бір қырларым ашылды. Бұйырса, жаз бойы еткен еңбегімнің үлкен жемісі, жеңісі — Астана қаласына барамын. Бұл мен үшін де, ата-анам үшін де үлкен жеңіс, — дейді Айдана.

Сіз білесіз бе?

Ақтөбеде студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарының жұмысына биыл жаңашылдықтар енгізілді. Мәселен, өткен жылдары жасақтар тек жазғы мезгілде жұмыс жасаса, енді биылдан  бастап  жыл бойы еңбек етеді.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарында  5700 жас еңбек етті. Жастардың жұмысы 3 басқарманың: облыстық ішкі саясат,  табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірігуімен ұйымдастырылып, ай сайын 50-55 мың теңге көлемінде жалақы алды.

Еңбек жауынгерлері 3 бағытта, яғни құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру жасақтарында жұмыс істеп, жұмыстан тыс уақытта түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырды.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру, оларға  жастарды орналастыру және еңбекақы төлеу бойынша елімізде Ақтөбе облысы алғашқы орын алатынын айта кеткен жөн.  Республикалық еңбек маусымының жабылу салтанатының Ақтөбеде өтуі соның бірден-бір айқын көрінісі. Мәселен, 2005 жылдан 2007 жылдар  аралығында облыстың студенттік жасақтары қатарында 50 мыңға жуық жас еңбек еткен. Олар 900 мың ағаш отырғызып, 10 мың тонна қоқыс жинап, шығарды. Сонымен бірге  2520 гектар саябақ пен  гүлзарларды жасылдандырып, 1200 объектінің тұрғызылуына өзіндік үлестерін қосты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button