Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Мұнай-газ саласының жұмысшылары жоғары жалақы алуы керек

Жолдау

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру үшін алдыңғы күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнай-газ өндіру саласы қызметкерлерімен кездесті. Осы сала қызметкерлерінің еңбекақыларын өсіру әңгіменің басы түйіні болды.

Аймақ басшысы бұл кездесудің басты мәселесі Жолдауда айтылған Елбасының тапсырмаларын мүлтіксіз және сапалы орындау болатынын бірден ашып айтты.

— Біз бүгін Елбасының Жолдауын таға да бір рет ой елегінен өткізіп, талқылау үшін осы жерге жиналып отырмыз. Жолдаудан туындайтын міндеттерді қалай жүзеге асыруды кеңесіп, келісуіміз қажет. Ал біздің аймақтың экономикасының негізін мұнай-газ саласының құрайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Жылына 6 миллион тонна шамасында мұнай, 6 миллиард текше метрдей газ өндіреміз. Бұл салаларда 25 мыңға жуық ақтөбелік жұмыс істейді. Сондықтан да аймақта экономиканың өркендеуі, халқының әл-ауқатының жоғары болуы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, көп жағдайда, осы мұнай-газ саласымен тікелей байланысты болады. Біз мұны бұған дейінгі талай кездесулерде де сан мәрте айтып жүрміз. Облыстың басшылығы тарапынан айтылған ұсыныстарға ұдайы қолдау көрсетіп жүрген мұнай-газ саласының жетекшілеріне ризашылығымызды білдіреміз. Өңірде 29 жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істейді. Демек, осындай үлкен салада еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақыларын көтеру — өте маңызды мәселе.

Аймақта жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылар кезінде келісімшартқа отырып, өздеріне міндеттеме алғанын білесіздер. Біздің міндетіміз — олардың осы өз мойындарына алған міндеттемелерін қайткенде де орындауына барлық мүмкіндікті туғызу. Әрине, келісімшартқа сай қалыпты жұмыс жасап жатқан жер қойнауын пайдаланушылар бар. Алайда, олардың арасында өздеріне алған міндеттемелерін орындауға келгенде, жалтарушылар да кездеседі. Біз ондай кәсіпорындармен жұмыс жасап келеміз және оны алда да жалғастыра береміз. Тек өткен жылдың қорытындысымен еліміздің индустрия және даму министрлігі арқылы міндеттемелерін орындаудан жалтарған 8 компаниямен келісімшартты бұздық. Осы кәсіпорындардың басшыларына мен өз еріктерімен қабылдаған міндеттемелерін орындауды тағы да ескертемін.

Елбасының биылғы Жолдауында да ең төменгі еңбекақыны өсіру туралы  айтылды. Бүгінгі күні ең төменгі еңбекақы 28 мың теңге, бұл 42 мың теңгеге дейін өсу керек. Әрине, мұнайшылардың бұдан жоғары алатыны белгілі. Қазіргі күні облыс бойынша орташа еңбекақы 170 мың теңгені құрайды. Сондықтан мен сіздерге кімнің жалақысын қанша өсіретіндеріңді бір айдың ішінде анықтауды тапсырамын. Жалақыны өсіру үшін қанша қаржы керектігін, оның көздерін білулерің керек. Жалақыны көтеру әлеуметтік пакеттер мен басқа да қызметкерлерге жасалатын жайлы шарттарды сақтай отырып жүргізілуге тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан танысқан болуларыңыз керек, бүгін біздің облыстың кәсіпорындары Қазақстанның барша кәсіпорындарына еңбекақыны өсіру туралы ұсыныс жасап, үндеу жариялады.

Меніңше, бұған қазір елде барлық жағдай бар. Экономикалық ахуал өзгерді. Бұдан екі жыл бұрынғы жағдай емес. Мұнай мен газдың нарықтағы бағасы өсіп, табыс әкеле бастады. Жалақыны өсіруге кез келген компанияның мүмкіндігі бар. Облыстың экономикалық жағдайы қалыпты, 5 пайыз өсім сақталып отыр. Бұл — тәуір көрсеткіш, осы қарқынды ұстап тұруымыз керек, — деді облыс басшысы.

«ҚазақОйл Ақтөбе» кәсіпорнының бас директоры Ринат Измұханбет Елбасының Жолдауына байланысты талқылауды жалғастырып, өз ойын білдірді. Елбасының Жолдауының маңызды мемлекеттік құжат екенін, елімізді дамытудың басты бағыттары Жолдаудан туындайтынын, онда ең қымбат дәулет — халқымыздың әл-ауқатын көтеру мәселесі қойылғанын атап көрсете келіп, өзі басқаратын компанияның жұмыстарына тоқталды.

— Біздің компания жұмысшы-қызметкерлерге жағдай жасауға ерекше назар аударып келеді. Оларға барынша қолайлы жағдай туғызуды басты міндет санайды. Ал бұл аса білікті, кәсіби мамандарды ұстауға мүмкіндік жасайды.

Біздегі ұжымдық келісімшарттың шарттары тартымды. Соған сай 2017 жылы алдыңғы жылға қарағанда жалақы 15 пайызға өссе, биылғы жылы 10 пайызға көтерілді. Ал 2019 жылы біз инженер-техник қызметкерлерінің жалақысын 7 пайызға, жұмысшыларды 10 пайызға өсіреміз. Мен осы жерде Елбасының тапсырмасын орындау үшін барлық күшті жұмылдырамыз деп толық жауапкершілікпен айта аламын, — деді бас директор.

Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты бас директорының міндетін атқарушы Данат Қасымқұлов өндірістің кейінгі жылдардағы табыстарына тоқталды. Оның сөзінше, бұл кәсіпорын аталған сала бойынша елде жетекші орын алады. Қазақстанның 80 пайыз кәсіпорны осы зауыттың шығарған бұйымдарын пайдаланады. Өйткені барлық өнімнің талапқа сай болуы қатаң бақыланады. Зауыт өнімдері халықаралық сертификатқа ие және халықаралық нарыққа бағыт ұстайды. Соның дәлелі — зауыт Грузия, Әзірбайжан және Ресей елдеріне 1 миллион 642 мың АҚШ долларының өнімдерін жөнелткен. Бүгінгі таңда зауыт шығаратын өнімдердің кейбір түрлерін ұлғайту қарастырылуда. Өйткені оларға Әзірбайжан, Ресей елдері сұраныс білдіріп отыр. Сондай-ақ өнімді Канада, Аргентина, Сингапур сынды алыс елдерге шығару қарастырылуда.

Өзінің сөзінде кәсіпорын басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа өтінішін де білдірді.

— Біздің жергілікті өндірушілермен келісімшарттарымыз, оның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы мен «Қазхром» транс ұлттық компаниясы да бар, қысқа мерзімге жасалған. Сондықтан  ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мүмкіндіктерін қарстыруыңызды сұраймын. Ал жалақы мәселесін біз шешеміз, 10-15 пайыз көтеруді жоспарлап отырмыз, — деді кәсіпорын басшысы.

Кездесуде мұнан кейін «Ұлы қабырға» қазақ-қытай біріккен компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекболат Омаров, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының жас қызметкері Нұркен Әжмұратов сөз алып, кәсіпорындардағы қолға алынып отырған игілікті істерді, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасаудағы жұмыстарды алға тартты. Жолдауда айтылған алдағы жылдың Жастар жылы деп жариялануына қолдау білдіріп, ризашылықтарын айтты.

Қорытынды сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жалақы мәселесін мұнай-газ саласы кәсіпорындары басшыларының тағы да естеріне салып, оны көтерудің нақты көздерін іздестіруді қатаң тапсырды.

— Маған түскен хабарларға қарағанда бірқатар мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарда жалақы облыстың орта көрсеткішінен едәуір төмен. Бірқатар компаниялар қызметкерлердің жалақыларын өсіру мәселесін қарстыруды алдағы жылға қалдырып отырғанын мәлімдеген. Бұлай болмайды!

Президент «Алдағы жылдың 1 қаңтарынан» деді. Сондықтан таяудағы айға есеп жасау керек. Сосын есте ұстайтын мәселе, 300-400 мың теңге алатындар емес, кімнің жалақысы төмен болса, сол өсуі керек. Бұл жерде әңгіме салада төмен жалақы алатындар туралы болып отыр. Мәселен, «Сағыз Петролеум Компаниясы» кәсіпорнында қызметкерлердің 60 пайызының жалақысын өсіру қажет болып отыр.

Елбасының Жолдауында көрсетілгеніндей, қазақстандықтардың  әл-ауқатын өсіру, яғни біздің жағдайымызда ақтөбеліктердің жағдайын өмір сүрудің ең жоғары деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отыр, — деп кездесуді түйіндеді облыс басшысы.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button