Басты жаңалықтар

Мұғалжар: жаңа әлеуметтік орындар, маңызды міндеттер

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Мұғалжар ауданына барды. Олардың қатарында облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары бар. Аталған топ аудан орталығында пайдалануға берілген жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына және облыс әкімдігінің көшпелі отырысына қатысты.

«Бақытты бала»: 170 баланың қуанышы

Алдымен облыс әкімі бастаған топ аудан орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Бақытты бала» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатты шарада облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тұрғындарды, балаларды қуаныштарымен құттықтады.

  • Әрбір ата-ананың арманы — баласының сапалы білім, үлгілі тәрбие алып, үлкен азамат болуы. Тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде Мемлекет басшысының балаларға, жастарға жасап жатқан қамқорлығын, жүргізіп жатқан саясатын білесіздер. Елбасының 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен толық қамту туралы тапсырмасы бар. Осы тапсырманы орындау үшін біз мемлекеттің ғана емес, кәсіпкерлердің, кәсіпорындардың мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек. Бүгінде облыс аудандары балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Келер жылы Ақтөбе қаласын да осы көрсеткішке жеткіземіз. Бүгінде бұл көрсеткіш 96 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ биылғы жылдың аяғына дейін облыс орталығында 20 балабақша ашылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептерде де жүргізіліп жатыр. Сондықтан облыс басшылығы атынан сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа ашылып отырған балабақшада балаларыңыз жақсы білім-тәрбие алып, сіздерді қуанта берсін! — деді облыс әкімі.

Лента қию рәсімінен соң облыс әкімі балабақшаны аралап, балалармен, тәрбиешілермен тілдесті.

Айта кету керек, «Бақытты бала» балабақшасы 170 балаға арналған. Мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Ғимараттың жалпы ауданы — 1000 шаршы метр. Балабақшаны салған — жергілікті кәсіпкер Ғалима Еламанова. Жоба құны — 60 млн теңге. Бүгінгі күні кәсіпкер 34 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда 5 топқа балалар қабылдануда.

Бұдан кейін облыс басшысы бастаған топ аудан орталығында салынған «Аналар» саябағын аралап көрді. Жалпы құны 48,6 млн теңге болатын саябақтың аумағы — 0,46 гектар. Саябақ 4 айда салынып, пайдалануға берілген. Бас жобалаушы — «МастИнжПроект» ЖШС, ал құрылысын жүргізген мердігер ұйым — «Еңбек Ақтөбе» РМК.

60 отбасына пәтер кілті табысталды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қандыағаш қаласындағы №8 көп қабатты тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстау салтанатына қатысты.

Өткен жылдың маусым айында басталған құрылыс жұмыстары биыл тамыз айында аяқталған. Тұрғын үй құрылысын жүргізген мердігер ұйым — «Бабек-Құрылыс» ЖШС. Ал бас жобалаушы — «АктобеСтройЭксперт» ЖШС. Жоба құны — 406,1 млн теңге.

Салтанатты рәсімде Бердібек Сапарбаев облыста тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, қандыағаштықтарды қоныстойларымен құттықтады.

  • Бүгінгі күні Елбасының бастамасымен елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Атап айтсақ, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасы, тағы басқалар. Мұндағы басты мақсат — қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгін, міне, Қандыағаш қаласында 60 пәтер пайдалануға беріліп отыр. Біздің міндетіміз — Елбасының тапсырмасына сәйкес сіздерге жайлы жағдай жасау, баспанамен қамту. Сондықтан бүгінгі қуаныш иелерін қоныстойларымен құттықтай отырып, әр отбасына береке-бірлік, амандық тілеймін, — деген облыс әкімі тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.

Айта кету керек, 60 пәтерлік тұрғын үйдің 12 пәтері мүгедектерге, қалғаны кезекте тұрған азаматтарға беріліп отыр. Тұрғын үйдің жалпы ауданы — 3380 шаршы метр.

Бұдан кейін облыс әкімі жеке кәсіпкер Бақытжан Кадралиннің салған медициналық орталығына барды. Құрылысы биылғы жылдың маусым айында басталған орталық қазан айында пайдалануға берілген. Жалпы көлемі — 600 шаршы метр. Ғимараттың бір жақ бөлігінде «Денсаулық» орталығы, екінші жағында дәріхана орналасқан. Кәсіпкер бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орталықта тұрғындарға «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы, массаж, ем алу кабинеттері, тұз шахтасы қызмет көрсетеді.

«Астана» саябағы мен «Алпамыс батыр» ескерткіші ашылды

Облыс әкімі бастаған топ Тәуелсіздік даңғылы бойындағы «Астана» саябағы мен «Алпамыс батыр» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

  • Қазақ халқы тәуелсіздік алған 27 жылда бүкіл әлемге әйгілі болып, тарихтан өз орнын алғаны белгілі, Осы орайда Мұғалжар ауданында, оның ішінде Қандыағаш қаласында тарихты насихаттау, жаңғырту мақсатында, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде көптеген ескерткіштер салынды. Мәселен, Абай атамыздан бастап, қазақтың батыр қыздары — Әлия мен Мәншүктің, Есет батырдың, қазақтың үш биінің ескерткіштері тұрғызылды. Мұның бәрі — тарих. Тарих болашақ үшін, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта барлық аудандарда жалғасады деп ойлаймыз. Соңғы жылдары облыста демеушілердің көмегімен 29 миллиард теңгеге көптеген ғимараттар бой көтерді. Биылғы жылы бұл бағыттағы жобаларды 34 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Сондықтан облыс басшылығы атынан барлық кәсіпкерлерге ерекше алғысымды айтамын, — деген облыс әкімі Алпамыс батырдың тарихта алар орнына тоқталып, Астананың 20 жылдығына орай салынған саябақтың ашылуына үлес қосқан аудан әкімдігіне, тұрғындарға ерекше ризашылығын жеткізді.

Салтанатты шарадан соң жиналғандар Алпамыс батырға арналған театрландырылған көріністі тамашалап, саябақты аралап шықты.

Айта кету керек, «Астана» саябағын салған бас мердігер — «Еңбек Ақтөбе» РМК. Саябақ биылғы жылдың шілде-қазан айларында салынған. Жоба құны — 152,3 млн теңге.

Саябақта «Алпамыс батыр» ескерткіші орнатылып, елордадағы зәулім ғимараттардың макеттері жасақталған. Ал Алпамыс батырдың ескерткішін «Астана Строй» ЖШС тұрғызған. Жоба құны — 23,7 млн теңге. Ескерткіштің биіктігі — 6,8 метр, ені — 2,7 метр. Ұзындығы — 6,7 метр.

Көшпелі отырыс: 4 мәселе қаралды

Бұдан кейін аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласының және облыс аудандарының әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

Бүгінгі көшпелі отырысты Мұғалжар ауданында өткізудегі мақсат — аудан әкімдері әріптестерінің жасаған жұмыстарын көрсін, жақсысын үйренсін, өзгерістерді өз аудандарына енгізсін деген ниет. Өздеріңізге белгілі, жақында Мемлекет басшысы Ақтөбеге келіп, облыста атқарылған жұмыстарды көрді. Жалпы алғанда, облыстағы барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары. 9 айда облыстың экономикасының даму қарқыны 5 пайыз болды. Яғни біз Елбасының берген тапсырмасын толығымен орындап отырмыз. Ендігі міндет — осы жұмыстарды жалғастыру, қалған екі айды тиімді пайдаланып, жылды 5 пайыз көрсеткішпен аяқтау, — деді.

Отырыстың күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Бірінші мәселе — облыстың 9 айда қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндады.

Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар. Өңірдегі жалпы өнім көлемі 1,2 триллион теңгені құраса, нақты көлем индексі — 105,1 пайыз. Бүгінгі күні өңірде жобалық басқару аясында негізгі 12 бағыт бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, отын-энергетикалық кешенді дамыту, базалық индустрияландыру, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистика, денсаулық сақтау саласы, білім беру саласы, туризм және сауда салаларын дамыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамту, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні аталған бағыттар бойынша жұмыстар атқарылып, нәтижеге қол жеткізілген. Алайда бірқатар мәселелер де жоқ емес. Мәселен, отын-энергетикалық кешенді дамыту бағыты бойынша жыл басынан бері мұнай саласында еңбекпен қамтылған 363, металл рудасын өндіру саласында еңбек ететін 516 адам жұмыстан қысқартылған. Сондай-ақ биылғы жылы агроөнеркәсіп саласында жалпы қосылған құн және жұмыспен қамту көрсеткіштері төмен. Ал денсаулық сақтау саласында 9 айдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 5,1 есеге артқан, алайда жыл аяғында бұл көрсеткіш 72,8 пайызға дейін төмендемек. Мәселен, өткен жылы бұл салаға 8,3 млрд теңге инвестиция тартылса, биылғы жылы 6,5 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар мұндай олқылықтар туризм, сауда салаларын да байқалады.

Отырыста облыс әкімі 9 айдың қорытындысы бойынша бірқатар аудандардың әкімдерін орнынан тұрғызып, кеткен кемшіліктерін айтып, алдағы уақытта жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін қарқынды, жоспарлы жұмыс жасауды ескертті.

Бұдан кейін жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов өңірде «7-20-25» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж есебінде тұрған азаматтардың жалпы саны — 28 287, оның ішінде 21 961-і Ақтөбе қаласының тұрғындары болса, 6326-сы — облыс аудандарында тұратын азаматтар.

Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың 19 қазанына дейін облысымызда «7-20-25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктермен 1728,4 миллион теңгеге ипотекалық тұрғын үй заемын алуға 207 өтінім қабылданды, оның ішінде 1136,4 миллион теңгеге 131 өтінім мақұлданды. Ақтөбе облысының әкімдігі «Баспана Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамымен облыста таяудағы жылдары 800,0 мың шаршы метрден астам кредиттік тұрғын үйлерді салу, алғашқы 20 пайыз жарнаны төмендету жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінгі таңда өңірде бюджеттік, әскери, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қолдау мақсатында бастапқы жарнаны 10 пайызға азайту үшін өңірлік бағдарлама әзірленуде. Бұл бағдарлама аясында қайтарымды негізде пайызсыз саудалар ұсыну көзделуде. Бірінші кезеңде бастапқы жарналарды субсидиялау үшін бюджеттен 250,0 миллион теңге бөлу жоспарлануда, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, бүгінде өңірімізде аталған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы шеңберінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша бірыңғай іс-шаралар жоспары бекітілген.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе — бұқаралық спорт пен дене тәрбиесінің қолжетімділігін арттыру және қолданыстағы спорт ғимараттарын тиімді пайдалану мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов баяндады.

Оның айтуынша, облыста соңғы үш жылдың ішінде 70-тен астам спорттық ғимарат пайдалануға берілген. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыстағы 12 ауданның бесеуінде, атап айтсақ, Алға, Шалқар, Қобда, Хромтау, Ойыл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынған. Ал Мәртөк, Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би аудандарында спорттық ғимараттардың құрылысы биыл басталған.

Өз сөзінде басқарма басшысы биылғы жылы өңірімізде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында салынған 55 ашық хоккей кортында шайбалы хоккейден «Жұлдызша» турнирі ұйымдастырылатынын, бүгінгі күні аталған турнирге барлық аудандар қызу дайындалып жатқанын жеткізді.

Болашақта «Жұлдызша» турнирінің үздік хоккейшілері облысымыздың жаңадан құрылған «Ақтөбе» жастар хоккей командасы құрамына енетіні сөзсіз. Сондай-ақ облыста биатлон спорт түрін дамыту бойынша іс-шаралар өткізуді қолға аламыз. Осы мақсатта Ақтөбе қаласы әкімдігіне қарасты қысқы спорт түрлері мектебінде биатлон бөлімін ашуды және шаңғы-биатлон кешенін салуды жеделдетуді және Мәртөк аудандық спорт мектебінде биатлон бөліміне қосымша штаттық бірліктер бөлуді ұсынамын, — деді М.Махамбетов.

Бұдан кейін жиында Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов ауданда биылғы жылдың 9 айында жасалған жұмыстар туралы баяндады.

Атап айтсақ, 9 айдың қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп көлемі 342 185,2 млн теңгені құраса, инвестиция көлемі 52 652 млн теңгеге жеткен. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмен. Сондай-ақ ауданда шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, т.б. салаларды дамыту бойынша тиісті жұмыстар жасалған.

Отырыста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданында өткен жылмен салыстырғанда биыл ана мен бала өлімінің саны күрт өскенін айтып, аудандық аурухананың бас дәрігері мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне бұл мәселені шешуді тапсырды. Сондай-ақ облыс басшысы аудандағы құқық қорғау органдарының басшыларын орнынан тұрғызып, тұрғындар арасында өз-өзіне қол жұмсау, ұрлық деректері бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.

Соңғы кезде аудандарда ауыр қылмыс жасау, суицид, мал ұрлау деректері көбейіп жатыр. Бұл жақсы емес. Бұл мәселелерді алдағы уақытта арнайы жиында қарайтын боламыз, — деді Б.Сапарбаев.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Мұғалжар ауданында жасалып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы уақытта аудан өз әлеуетін толығымен пайдаланса, бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізетінін айтты.

  • Ең негізгісі, жуырда Елбасы кезекті Жолдауын жариялап, соған байланысты облыс әкімдігінде мәжіліс өткізілді. Тапсырмалар берілді, тиісті іс-шаралар бекітілді. Енді солардың орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Атап айтсақ, әсіресе, жалақыға байланысты соңғы өзгерістерді баспасөзден оқып, білдіңіздер. Келер жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42 мың теңгеден төмен болмауы керек. Екіншіден, төмен жалақы алатын азаматтардың еңбекақысын көбейтуіміз керек. Осы орайда облыстағы барлық компаниялардың, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың басшыларымен бірге отырып, есептеп, қанша қаржы қажет екенін, әрбір кәсіпорын шаруашылық жалақыны көтеру үшін қалай қаржы табу керектігін айтуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Үшінші мәселе — баспана мәселесі. Бұл бағытта кейбір аудандарда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі нашар. Сондықтан бұл мәселеде ешкім қалыс қалмауы керек. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруда барынша жан-жақты жұмыс жасауымыз қажет. Төртіншіден, келер жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығын атап өтеміз. Бұл мақсатта біраз жұмыстар жасалып жатыр, алайда әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан биыл еліміздің барлық облыстары елордамыз Астананың 20 жылдығына қалай көмектесіп, іс-шараны жоғары деңгейде өткізсе, біздің облыстың аудандары да Ақтөбенің 150 жылдығына дәл солай көмектесуі қажет. Сондықтан барлық аудан әкімдері 1 желтоқсанға дейін өз мүмкіншіліктеріне қарай қай аудан қандай көмек жасай алады, соны бізге жеткізуі тиіс. Өздеріңіз білесіздер, болашақта Ақтөбе миллионның қаласы болуы керек. Ол үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз, — деген облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін қала әкімі Ілияс Испановқа, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновке, сондай-ақ аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Сөзінің соңында Бердібек Сапарбаев Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Шалқар аудандарының әкімдеріне биылғы жылдан бастап жол бойындағы қызметті дамытуды тапсырды.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button