Басты жаңалықтарМәдениет

«Мен барамын жырымменен, көз жетпейтін қашыққа»

Өтежан — 80

…Өзі айтқандай, «өтпелі дәуірлердің жалт етпе көрінісі емес, Адам Ата, Хауа анадан басталған бүкіл адамзат ақыл-ойын», «өлім мен өмірдің, тағдыр мен тірліктің алысуы» туралы жырлауды мақсат тұтқан, әдебиетімізге бірден-ақ өз қолтаңбасымен айрықшаланып келіп, барша жырсүйер жұртты ерекше құбылыс ретінде баураған Өтежан ақынның, Өтежан Нұрғалиевтің туғанына биыл 80 жыл толып отыр.

Өз топырағынан шыққан ақынның мерейтойын Ақтөбе өңірі дүрілдетіп атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ауқымды мерейтойлық іс-шараларды облыс әкімдігі, Байғанин ауданының әкімдігі, «Ақтөбе Медиа» ЖШС, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе филиалы бірлесе ұйымдастырды. Бұл шараларға Қазақстанның түкпір-түкпірінен белгілі қаламгерлер мен жас ақын-жазушылар, ғалымдар, мәнерлеп оқу шеберлері, ақынның туыстары, өмірдің ащы-тұщысын бірге бөліскен дос-жаран, замандастары арнайы келіп қатысты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйытқы болуымен Студенттер сарайында өткен «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ақынның шығармашылығы талданып, азаматтық келбеті, әділетсүйгіш мінезі, жарқын тұсынан бұралаңы көп өмір жолы жөнінде әңгіме қозғалды.

Ақынға деген ықылас…

Алғашқы болып мінбеге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ақын рухын құрметтеп, алыс-жақыннан жиналған жұртшылыққа облыс басшылығы мен мерейтойды ұйымдастырушылар атынан алғыс айтты.

— Өтежан Нұрғалиев — қазақтың рухани әлемінде жұлдызы биік тұлға, ұлтымыздың рухты ақыны. Ол сөзі мен ісінде иненің жасуындай жалғандық жоқ қалпында өмірден өтті. Қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаев «азуын тигізбестей асау, тілін тигізбестей тылсым» деп, дәл баға берген ақынның «Менің махаббатым» атты алғашқы кітабынан бастап, «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Ай астында ақбоз үй», «Қайыңды тоғай», «Соғыстың соңғы жазы», «Тыныштық», «Афина мектебі» атты жыр жинақтары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған. Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты — ел алдында елеулі, еңбегі зор ақын ағаның шығармаларын жас ұрпаққа аманат етіп, маңыздылығын көрсету, ұлттық әдебиетімізді насихаттау. Алда талай ұрпақ Өтежан Нұрғалиев лирикасымен сусындап өсіп, дарынды ақынның шығармашылығын зерттеу ісі жылдан-жылға тереңдеп, жалғаса береді деп үміттенеміз, — деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.

Сондай-ақ, ол, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың арнайы құттықтау хатын табыстады.

Ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков те Өтежан тойының ерекше маңыздылығына тоқталды:

— Кешегі Тайбурылдың дүбірі қалған, Асанқайғы желмаясының басын самалы сипаған, Әйтекедей көсемнің, Мөңке бидей шешеннің, Әбубәкір Кердерідей ақынның, Жұбановтар сынды тектілердің елі бүгін тағы бір асыл перзентін ұлықтауда.

Бұл мерейтойлық шараларды жерлестерінің ақынға деген ыстық ықыласы деп қабыл алыңыздар, — деді ол.

Нәзік лирикадан — қаһарман эпикаға…

Конференция барысында ақын шығармашылығын жан-жақты талдау мақсат етілді. Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев өз баяндамасында ақын шығармашылығының айрықша үш белестен тұратынын атап көрсетті. 17 жасында Жарқамыс ауылынан Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға «дік ете түсіп», бірден «қазақтың Пушкині» деген ат алған Өтежан «Сонда қандай ерекшелігімен пайда болды?» деген сауалдың жауабын баяндамашы:

— Біріншіден, Өтежанның өлеңдері ұлтымыздың ылғи бір асыл сөздерімен «киінді». Және бұл сөздерді ақын әлдебір зорлықпен, тар қораға қамап қойған ірілі-ұсақты қой-ешкі, қозы-лақ секілді бірінің үстіне бірін мінгестірмей, маңыратпай, әрқайсысына өзіне лайық орын тауып берді. Яғни, ақын қазақтың көрікті сөзін қағаз бетіне қалайша көркемдеп орналастырудың үлгісін көрсетті.

Екіншіден, Өтежан заманның тынысын тап басуға тиіс өтімді тақырыптар таңдау дертіне де аса ұрына қойған жоқ, әлдебір саяси оқиғаларға, әйтпесе белгілі бір көкейтесті әлеуметтік мәселелерге қатысты циклді өлеңдер жазумен әуестенбеді. Ал сонда не жазды дегенге келсек, ол, мысалы, найзағай мен кемпірқосақты, ақ нөсер мен алтын таңды, нар көтерген көктем мен бақшаға түнеген айды, көк тоғайлар мен қызыл желдерді, құдағи мен құдашаны, аспанда жүзген орамал мен сол дәуірдің сұлу қыздары білім алған ЖенПИ-ді жырлады.

Үшіншіден, ауызекі тілде тарап келген қара өлеңмен, қайым өлеңмен тамырласатын біздің лирикалық жырларымыз негізінен 7-8 шумақтан аса бастаса талғампаз оқырманды жалықтырып алатыны бар. Ал Өтежанның, мысалы: «Жалаулар лаулап жолымда, Құйылушы еді-ау нұр көзге. Қона алмай кеткен қолыма, Бақытым болды бір кезде» деп басталатын 18 шумақ өлеңінің, әйтпесе «Қара суық қабындайды, Табылмайды тиыш жай, Бұлт арқасын сабындайды, Қара жаңбыр, ищай» деп басталатын, «Салқын» деп аталатын 20 шумақ өлеңінің көркемдігі сондай, бұл шығармалар еріншек оқырманның өзін сонша шумақтарды басынан аяғына дейін қалт етпестен оқып шығуға мәжбүр етеді.

Міне, осылайша елуінші жылдардың соңында қазақ әдебиетінің есігін осылай ашқан Өтежан лирикасы жетпісінші жылдардың орта тұсына дейін қырық қыздың ішіндегі ханның жалғыз қызындай ерекшеленді де тұрды. Ал жетпісінші жылдардың орта тұсында Өтежан Нұрғалиев жаңа арнаға ауып түсті. Нәзік лирикадан кенет қаһарман эпикаға көшкен ол 3 кітаптан тұратын «Соғыстың соңғы жазы» деп аталатын балладалар кітабын ұсынды, — деп тарқата әңгімеледі.

«Соғыстың соңғы жазынан» кейін ақын оқырмандарға «Афина мектебі» кітабын ұсынды. Бұл шығарманы Ертай Ашықбаев Өтежан ақын «игерген үшінші белес» ретінде атап:

— Ежелгі заманда Грекия мемлекеті Шығыс мемлекеттерінің өркениетінен көп тәжірибе жинақтаған болатын. Осыны терең білетін ақын Өтежан Нұрғалиев, бір жағынан, Сократ, Платон, Аристотель, Демокрит, Пифагор тәрізді ойшылдарды алып, екінші жағынан, бұларға Абай мен Шәкәрімді немесе Қобыланды мен Қамбар батырларды, әйтпесе сол баяғы Сағындық, Кемелбай, Шынтемір, Көшер тәрізді қазақтарды қосып, екі жұртқа да ортақ пәлсапалық дүние жазып шықты. Мысалы, Будда мен Шәкәрімнің аңсағандары қандай арман немесе грек аңызында айтылатын сиқырлы қанатты Икар мен Жарқамыстың аспанында ұшып жүретін Құштайдың ұқсас ерекшеліктері қандай? Міне, осылайша Өтежан ақын қазақтың поэзиясына ғана емес, сонымен бірге қазақтың философиясына да жаңаша бояу қосты. Ақын, бір сөзбен айтқанда, пәлсапалық дастан жазудың осы заманғы жаңа үлгісін ұсынды. Бұл да біздің әдебиетімізге Өтежан әкелген жаңалықтардың бірі, — деді.

Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов та ақын шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін:

— Өтежан Нұрғалиев — қазақ поэзиясында өзінің қолтаңбасын үш рет өзгерткен жалғыз ақын. Оған дейін де, одан кейін де қолтаңбасын бірнеше мәрте өзгерткен және әр өзгерткен сайын үлкен табысқа жеткен ақын болған емес. Оның ең алғашқы «Менің махаббатым» атты кітабынан «Соғыстың соңғы жазына» дейінгі аралықтағы шығармашылығы — бір бөлек те, «Соғыстың соңғы жазы» — мүлде басқа әлем, ал «Афина мектебі» арқылы ақын оқырманға өзінің үшінші қолтаңбасын паш етті, — деп жеткізді.

Әсіресе, «Афина мектебінің» жазылуынан гөрі жарыққа шығуы Өтежан ақынға тым қиынға түскен.

— Ақынның «Соғыстың соңғы жазы» балладалар жинағын әдеби орта алғашында салқын қабылдады. Өйткені, жаңалықтың қай-қайсысын да бірден қабылдау қиын. Тек жылдар өткеннен кейін ғана, бұл шығарма әдебиетіміздің төрінен орын алды. Ал «Афина мектебі», ақын баспаға ұсынғаннан кейін арада ұзақ жылдар өткен соң, 1997 жылы жарыққа шықты. Тіпті сол кездің өзінде де жоғары жақта: «Бұл кітапты шығару керек пе, жоқ па?» деген толқу болды. Мен ол кезде «Жазушы» баспасының директоры едім. «Қайткенде де, жарыққа шығарып, қалың оқырманға ұсыну керек. Әрі қарайғы тағдыры сол оқырманның қолында болады», — дедім. Кітап жарыққа шыққанда Өтекеңнің: «Менің бұл кітабымды халық он мың теңгеге сатып алып, сүйіп оқитын болады», — дегені де есімде қалды. Рафаэль Сантидің бүгінде Ватиканда тұрған «Афина мектебі» картинасында мәрмәрдан құйылғандай болып, қатып қалған көп ұлы тұлғаның ортасында елеусіздеу ғана отырған, елеусіз отырса да, тірліктің, қозғалыстың нышаны байқалатын жалғыз кейіпкер ретінде әсер қалдыратын бір бейне бар. Сол бейнені мен тірлігінде шындықты тіке айтамын деп, билікке жақпай, тура сөйлейтін мінезінен көп қиындық көрген Өтежан ақынға ұқсаттым. Баршаңызға айтар тілегім — Өтежан ақынның шығармаларын қайталап оқып жүрейік, — деді Есенғали Раушанов.

Түркияның Костаману университетінің оқытушысы, PhD доктор, профессор Орхан Сойлемез ақын шығармаларын түрік тілінде аударуды мақсат етіп отырғанын айтты.

— Өтежан ақынның өзі өлгенмен, өлеңдері өлмейді. Өкінішке қарай, оның есімі мен шығармашылығы түрік жұртына таныс емес. Болашақта осы олқылықтың орнын толтырсам деймін, — деді ол.

Өтежан ақын туған топырақтың тағы бір дарынды перзенті, жазушы Мәди Айымбетов ақын биігіне оның «Мамонттарға апаратын жол» атты поэмасы арқылы шолу жасады:

— Ақын өз тереңіндегі сыймай жүрген запыранын — өмір, тіршілік, пенделік ойларының арпалысын түйдек-түйдек айтып, кесек-кесек турап өз әлемінің ішіне қарай бастайды. Мамонттарға баратын жолға қарай бастайды. Бәрімізге мәлім, мамонт — бес миллион жыл бұрын өмір сүріп, біздің заманымыздан он мың жыл бұрын жер бетінен жойылған піл тектес, қазіргі піліңізден екі есе ірі жануар, жаратылысы адамзатқа әлі күнге дейін жұмбақ тіршілік иесі. Ақынға мамонт осы ірілік сипатын поэтикалық, пәлсапалық образға айналдыруға қажет болған сияқты, сияқты емес-ау — солай! Басқасын қаперге алмағанның өзінде адам болып өмір сүрудің өзі — ірілік. Ақын осы ірілікті іздейді, өз жолынан, өмірдің ию-қию қозғалыстарында өзімен жолдары қиысқан басқалардың жолынан іздейді!
«Мамонттарға апаратын жолының» басында ақын: «Мен барамын жырымменен көз жетпейтін Қашыққа» дейді, — деді.

Ақын шығармашылығына талдау жасаған қаламгерлер мен ғалымдардың ой-пікірлері: «Осы конференция поэзиядағы «Өтенжантанудың» шын мәніндегі мазмұнды бастамасы болса», — деген ортақ тілекке тоғысты.

Құпиясы әлі ашылмаған төртінші белес

 Жиында ақын туралы естеліктер де көп айтылды. Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенова:

— Мен ақынды қаламдас қарындасы ретінде білдім. Оны шыншыл, айналасындағы әділетсіздіктерге бейжай қарай алмайтын адам ретінде құрметтеп, сыйлаушы едім. Ол кісінің оғаштау көрінетін бір мінезі не сөзі болса, оны тек сырты, бергі жағы деп қабылдаушы едік. Ал ішкі жан-дүниесінде баладай таза болатын, — дей келіп, өзінің жары, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев пен ақын Өтежан Нұрғалиевтің арасындағы достық туралы айтты.

— Араларында 10 жас айырмашылық болса да, Сағат пен Өтежан ақын бірін-бірі әрдайым іздеп тұрды, дос ретінде араласты. Қазір ойлап қарасам, оларды екі нәрсе біріктірген екен: біріншісі — екеуінің қоғамға, айналадағы құбылыстарға бірдей көзқараста болуы, екіншісі — ерекше кітапқұмарлық. Ол кезде жақсы кітап ала қою тіпті де оңайға түспейтін. Жақсы кітапты іздеген жандар қара базардан ғана табатын. Демалыс күндері Сәкең мен Өтежан аға бірге кітап іздеуге шығатын. Ал қолдарына жақсы кітап түскендегі қуаныштарына ешнәрсе тең келмеуші еді! Бір-бірімен кітап алмасып та тұрды. Сәкеңнің Өтежан ақынның «Соғыстың соңғы жазы» кітабы туралы мақаласы әдеби ортада үлкен қызығушылық тудырды, — деді Шәрбану Бисенова.

Ол сыншы Сағат Әшімбаевтың ішіне Өтежан шығармашылығын талдаған мақаласы да енген үш томдық кітабын университет кітапханасына сыйға тартты.

— Мен ақтөбеліктердің, яғни ақынның жерлестерінің Өтежан кітаптарының болашақта үзілмей басылып тұруына бас-көз болатынына сенемін, — деп қорытындылады жазушы сөзін.

Өтежан Нұрғалиевтің ҚазГУ-де бірге оқыған, студенттік күндерін бір жатақханада өткізген курстасы, белгілі журналист, публицист Идош Асқар да сыншы Сағат Әшімбаевтың қолдауы шетқақпайлық көріп жүрген ақынға үлкен демеу болғанын айтты.

— Сағаттың қаламдас әріптесі ретіндегі қолдауы Өтежанға үлкен күш берді, алға жетеледі, — деді ол.

Ал ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Светқали Нұржан:

— Өтежан Нұрғалиевтің ақындығы туралы сөз қозғалғанда, оның шығармашылығының үш кезеңі жайлы айтылады. Ол өз шығармашылығының әр сатысында бір әлем ашып отырды. Дегенмен, меніңше, оның шығармашылығының айсбергтің көрінбейтін бөлігі секілді тағы бір белесі бар. Ақынның төртінші әлемінің жұмбағын, құпиясын ашу — болашақ күндер еншісіндегі іс, — дей келіп, Өтежан ақынмен алғашқы кездесуінен естелік ретінде жазылған балладасын оқып берді.

Гүлімай — бас жүлде иегері

Бұдан бұрынғы нөмірлерде хабарлағанымыздай, ақын мерейтойы аясында басқа да бірқатар шаралар ұйымдастырылды. С. Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен көпшілік назарына ақынның шығармашылық жолын паш ететін «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы — қазақ поэзиясының рухани айнасы» атты көрме ұсынылды. Көрмеге ақынның жыр жинақтарымен қатар, әр жылдарда жарық көрген мақалалар мен сұхбаттар, т.б. қойылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Өтежан ақын туралы мақалалар мен естеліктерді, сондай-ақ ақынның басылымдарға берген сұхбаттарын жинақтап, «Өтежан» деп аталатын кітап шығаруға ұйытқы болса, Өтежан ақынға арналған өлеңдерден құралған «Сыймай кеткен қалыпқа» атты жинақты жарыққа шығарды.

Аталмыш университеттің №6 оқу ғимаратында ақын атындағы конференц-зал ашылды.

Мерейтой аясында өткен республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін ақтөбелік ақын Гүлімай Қуанышева жеңіп алды. І орынды қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлы иеленді. ІІ орын иегері — Түркістан облысынан келген ақын Үмітбек Бағдатұлы, ал үшінші орынға маңғыстаулық ақын Асылбек Жаңбырбай ие болды. Жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде облыстық әкімдік атынан берілді; І жүлдеге — Байғанин ауданы, басқа екі жүлдеге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен «Ақтөбе-Медиа» ЖШС демеушілік етті.

Мүшәйраға, жалпы, 50-ге тарта ақын өз өлеңдерін жолдапты.

Сондай-ақ, «Өтежан оқулары» атты облыстық мәнерлеп оқу байқауының, «Өтежан өлеңдері» атты бейнепоэзия эстафетасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де анықталды.

«Өтежан оқулары» атты мәнерлеп оқу байқауында І орынды Байғанин ауданының Жарқамыс орта мектебінің оқушысы Е. Қалел мен Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы Ә. Мороз иемденді. Олардан бөлек облыстың түкпір-түкпірінен келген тағы да он оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Ж. Еламан «Өтежан өлеңдері» атты бейнепоэзия эстафетасының жеңімпазы атанды.

Мерейтой аясындағы шаралар барысында осы тойға арнайы келген әдебиет және мәдениет қайраткерлеріне, республикалық мүшәйра мен басқа да жарыстар жеңімпаздарына, іс-шараларға белсене атсалысқан азаматтарға, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша «Ақын Өтежан Нұрғалиев» медалі табыс етілді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button