Басты жаңалықтар

Мұғалжарлықтардың басты мәселесі — газ, жол және көпір

  • Ашық әңгіме

Мұғалжар — облыстағы бірден-бір өндірісті аудан. Құрамына 3 қала, 12 округ, 38 елді мекен кіретін ауданның жылдық инвестиция көлемі — 90 миллиард теңге. Бүгінгі күні облысқа қажетті газдың 77 пайызы, мұнайдың 45 пайызы Мұғалжар аумағында өндірілгенмен, өңірде әлі де болса газсыз, сусыз отырған ауылдар бар. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, аудандағы инвестиция көлемі 56 миллиард теңгеге жетіпті. Жыл соңына дейін бұл бағытта белгіленген меженің орындалатыны турасында айтқан Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұловпен редакциямызда оқырмандарымызбен тікелей байланыс арқылы сұхбат жүргізген едік. Өндірісті өңір тұрғындарының көпшілігі жеке бастан гөрі, әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

 Бір топ ауыл тұрғыны:

— Мұғалжарлықтар Жем бойынан шыққан әйгілі лингвист, түркітанушы ғалым Құдайберген мен академик-сазгер Ахмет Жұбановтар әулетін мақтаныш етеді. Бүгінде ауданымызда ағайынды Жұбановтардың атымен аталатын округ бар. Аталған округте әлі де болса шешілмей жатқан мәселелер бар. Ең бастысы — ауылымызға газ бен су керек. Осындай әлеуметтік мәселелерды шешу жұмыстары қашан қолға алынады?

— Әйгілі Жұбановтар әулеті тек мұғалжарлықтардың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы. Оның ішінде ағайынды Жұбановтардың Мұғалжар өлкесінен шыққаны біз үшін үлкен мәртебе. Ауданымыздың аты аталғанда бірінші кезекте  Жұбановтар әулеті мен Мұғалжар тауы ауызға ілігеді. Жұбанов атымен аталатын ауылдық округте көптен бері су мәселесі шешілмей тұр еді, қазіргі күні бұл шаруа реттелді. Ал газ тарту ісі бойынша жоба жасатып жатырмыз. Бұл жергілікті әкімдік арқылы емес, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асырылып жатқан іс. Себебі, бізде ондай бағдарлама жоқ. Қазіргі таңда біз өз тарапымыздан бюджеттік өтінімімізді бердік, енді газ тарту  ісі осының нәтижесінде шешіледі. Егер газ Жұбанов ауылдық округіне келсе, онда Жұрын елді мекені де газдандырылады. Ал Жұрынға келген газ әрмен қарай екі округті қамтиды. Жалпы бұл шаруа 2020 жылдың еншісінде. Егер жобаны дайындау жұмыстары осы жылдың соңында аяқталса, онда келер жылы қаражат бөлгізіп, жұмысты бастап кетсек, біздің болжамымыз бойынша 2020 жылы басталған жұмыс 2022 жылы аяқталуы тиіс. Ең бастысы — жоба бар. Жоба басталғасын, міндетті түрде қаражат бөлінеді.

Жұбанов ауылдық округіне Қаракөл және Жаңатұрмыс елді мекендері қарайды. Бүгінгі күні 742 адам тұратын бұл округте 22 шаруа қожалығы жұмыс жасап жатыр.

 Зәуре, зейнеткер:

— Жағабұлақ ауылында орналасқан «Балауса» балабақшасы бала санының көптігіне байланысты тарлық етуде. Алдағы уақытта 100 орындық балабақша салынса деген ауыл тұрғындарының тілегі бар?

— Жағабұлақ — Батпақкөл селолық округіне қарасты, іргесінде Жаңажол мұнай кен орны орналасқан елді мекен. Қазіргі күні аталған ауылда бала санының көбеюіне байланысты бір балабақша тарлық етеді. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда мемлекет тарапынан балабақша салынбайды. Бұл мәселені оңтайлы шешу жағын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке адамдарға ұсынып жатырмыз. Бүгінгі күні бір кәсіпкер табылды. Әуелі балалардың, ата-аналардың мүмкіндігіне қарай талдау жүргізіледі. Егер келіссөздер нәтижелі болса, 2019 жылы бұл іс басталады. Ең бастысы — биыл Қандыағаш қаласында балаларды толықтай балабақшамен қамту жұмыстарын аяқтауымыз керек. Қазіргі күні аудан орталығында екі балабақша салу жұмысы қолға алынды. Оның бірі жақын аралықта пайдалануға берілсе, келесі балабақшаны тапсыру жұмыстары 2019 жылдың еншісіне қалып отыр. Елді мекендердің ішінде Жағабұлақта ғана балабақша мәселесі туындап отыр. Әрине, ауылға жаңадан 100 орындық балабақша көлемі жағынан үлкендеу, әрі кетсе 50 немесе 75 орындық бөбекжай салынатын болады.

Айдынғали, Сағашилі ауылының тұрғыны:

— Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылының кіреберіс жолына күрделі жөндеу жүргізу мәселесі шешіле ме?

— Қазірде Еңбек ауылдық округі әлеуеті де, резерві де жоғары өңірлердің бірі саналады. Бүгінгі таңда Мұғалжар ауданында 3 қала,  12 округ, 38 елді мекен бар болатын болса, осы Еңбек ауылдық округінің құрамына Сағашилі, Басшилі, Темір көпір, Тепсең-Қарабұлақ ауылдары кіреді. Соның ішінде аудан орталығына жақыны — Сағашилі ауылы. Округ бойынша 2953 адам тұрады. Онда 31  шаруа қожалығы, 3 серіктестік, бұдан бөлек жиырмаға тарта шағын кәсіпкерлік құрылымы  жұмыс жасайды. Жалпы Еңбек ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жоғары. Соңғы жылдары округте көптеген жұмыстар жүргізілді. Сағашилі ауылында 320 орындық жаңа мектеп салынып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ең бастысы — ауылға жаңадан су жүйесі жүргізілді. Ауыз су мәселесі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында шешімін табуда.  Округке қарасты Басшилі және Темір көпір елді мекендеріне көгілдір отын кіргізу ауыспалы кезеңмен, яғни 2018-2019 жылдары жүргізілетін болады.  Ал Сағашилі ауылының кіреберіс жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жоба жасап жатырмыз. Күрделі жөндеуді талап етіп тұрған кіреберіс жолдың ұзындығы — 1,5 шақырым. Бұл жұмыстар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келер жылдың соңында болмаса 2020 жылдың басында аяқталуы тиіс. Сол сияқты,  қазіргі таңда осы округке қарасты Темір көпір елді мекеніне 60 орындық мектеп салу ісі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.

 Батпақкөл ауылдық округінің бір топ тұрғыны:

— Соңғы кездері төрт түліктің, әсіресе жылқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Үйірде жүрген жылқыларды жергілікті тұрғындар кезекпен бақылайды. Алайда вахталық поселкедегі қаңғыбас иттер үйірдегі жылқыларға қауіп төндіре бастады. Осы іске аудан басшылығы бей-жай қарамаса екен дейміз.

— Ит ату жұмыстарының белгілі бір уақыты бар. Санитарлық талап, ветеринарлық қадағалау бойынша бұл жұмыстар күн салқындаған шақта  жүргізіледі. Қаладағы, даладағы қаңғыбас иттердің көзін жою әрі залалсыздандыруға байланысты бюджеттен арнайы қаражат қарастырылды. Алайда қаңғыбас иттердің үйірдегі жылқыға қауіп төндіріп жатқаны турасындағы әңгімені бірінші рет естіп отырмын. Қаңғыбас иттерді атуымыз керек, бұл жұмыстар біздің жоспарымызда бар.

Батпақкөл ауылдық округі бойынша айтар болсам, қаңғыбас ит-мысықтардың  көзін жою мақсатында  жергілікті  бюджеттен  арнайы қаражат бөлініп, жеке кәсіпкер  Елдос Қайырқұловпен арада келісімшарт жасалды.  Былтыр наурыз айында 160 ит-мысықтың көзі жойылса, биыл қазан айының екінші онкүндігінде    303 қаңғыбас ит-мысықты жою жұмыстары  жүргізілді.

 Жәлет Сыдықов, Ақкемер ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

— Көтібар ауылына баратын көпірдің мәселесін шешіп беруіңізді сұраймыз. Ақкемер мен Қандыағаш қаласын байланыстыратын жол қашан жөнделеді?

— Көтібар ауылындағы көпірдің жағдайымен таныспын. Бұл көпір Ақкемер ауылынан Көтібар жəне Көктөбе ауылдарына баратын көтерме жол бойында, яғни  Елек өзені үстінде орналасқан. Осы көпір жыл сайын шаруашылық əдіспен жөнделіп келеді. Себебі, жылда көктемгі су тасқыны кезінде ағынды су 100-150 метр жалпақтықпен қатты ағады. Көпірдің қазіргі су өткізу жалпақтығы — 12 метр. Сол себепті ағысы қатты өзен суы жылма-жыл осы көпірдің жанындағы көтерме жолды шайып кетіп отыр. Бұл мəселе күн тəртібінде бар, болашақта мүмкіндіктер қарастырылатын болады. Бүгінгі күні көпір құрылысы үшін жоба жасалып жатыр. Екі аралықтағы үлкен көпірді жөндеуге жергілікті бюджеттің күші жетпейді. Сондықтан бұл іске қаражатты республикалық бюджет арқылы алуымыз керек. Бірақ, бірінші кезекте жобаны жасап алуымыз қажет. Бұл кем дегенде 7-8 ай жүзеге асырылатын шаруа. Сондықтан көпір салу ісіне қатысты жоба 2019 жылдың еншісіне қалып отыр, негізгі жұмыстар 2020 жылы басталады. Ал Ақкемер мен Қандыағаш қаласын байланыстыратын жол Ақтөбе-Атырау бағытындағы республикалық жолға кіреді. Бүгінгі таңда бұл жолдың құрылыс жұмыстары басталып кетті. Екі аралықтағы жол келер жылы жөнделеді.

 Гауһар Қоймағамбетова, Қандыағаш қаласы, Байғанин көшесі 3/1 үйдің тұрғыны:

— Қазір отбасыммен тұрып жатқан екі қабатты үйге 2015 жылы кіргенбіз. Биыл мен тұратын үйді бұзады деген қауесет тарады. Соған алаңдап отырмыз. Осының анығын айтсаңыз екен?

— Қандыағаш қаласының Байғанин көшесі 3/1 үйдің тұрғындарының алаңдауына негіз жоқ. Ешқандай үй бұзылмайды. Ол үйді бұзу үшін әуелі мемлекеттік сараптамадан өткізіп, оның апатты жағдайда тұрғанын анықтауымыз керек. Қазіргі күні Қандыағаш қаласында апатты жағдайда тұрған үйлер жоқ. Әрине, көне үйлер, пайдаланғанына 50-60 жыл болған тұрғын үйлер бар. Жалпы үй бұзу біздің жоспарымызда жоқ.

 Сәбит Сұлтанов, зейнеткер:

— Жұрын ауылына көгілдір отын тарту жұмыстары қашан аяқталады?

— Жоғарыда айтып өткенімдей, Жұбанов, Жұрын ауылдарына көгілдір отын кіргізу бойынша бір жоба жүзеге асырылады. Қазіргі күні  осы іске байланысты жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып жатыр. Барлық мәселе бөлінетін қаражатқа байланысты болып отыр.

 Жұмағали Алдияров, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

— Қандыағаш қаласындағы көпқабатты үйлердің жылу жүйесі ескірген. Жылу беру маусымы кезінде әбігерге түсеміз. Осы мәселе түбегейлі қашан шешіледі?

— Қазіргі күні Қандыағаш қаласындағы көпқабатты үйлерде тұратындар үшін жылудан, судан ешқандай проблема жоқ. Бүгінгі күні аудан бойынша 140-қа жуық көпқабатты үй болса, соның 109-ы — Қандыағашта орналасқан. Оның ішінде 78 үй орталық жылу қазандығы арқылы жылытылса, 31 үй газбен, яғни автономды жылытылады. 78 үйге 12 пәтер иелері кооперативі, 8 кондоминум қызмет көрсетеді.  Қандыағаш қаласы бойынша қала көшелеріндегі жылу құбырлары толығымен жаңартылды. Тұрғын үйлердің жылу жүйесін тұрғындар өздері тұратын үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі немесе кондоминум басшылығымен келісе отырып жаңартуға тиісті.

Қандыағаш қаласында коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстары жақсы жолға қойылған. Қосымша айтып кетер болсам, 2013-2014 жылдары 1 миллиард 200 миллион теңгеге ақаба, жылу жүйелері толықтай күрделі жөндеуден өткізілген. Қандыағашта су мәселесінің шешілгеніне де бір жылдан астам уақыт болды.

 Нәзипа Қойлыбаева, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

— Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қандыағаш қаласы жылдан-жылға көрейіп келеді. Балалар ойын алаңдары, демалыс орындары тұрғындардың қажеттілігіне байланысты шешімін тауып жатыр. Алдағы уақытта Қандыағаш қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Қандыағаш — көлемі жағынан облыстағы Ақтөбе қаласынан кейінгі екінші қала. Бүгінде аудан орталығындағы бір аулада 5-6 үй орналасқан. Қаланы көркейту, абаттандыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындар үшін бірнеше саябақ салынып, жаңадан субұрқақтар іске қосылды. Түрлі сәулеттік ескерткіштер орнатылды. Бірнеше жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Бұған дейін Қандыағаш қаласында 2 бес қабатты 60 пәтерлі үй пайдалануға берілсе, бүгінде 2 қабатты 8 пәтерлі үш үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қандыағаш қаласынан «Жаңа қоныс» шағын ауданы ашылып, қазір жер кезегінде тұрғандарға ретімен беріліп жатыр.  Өткен жылы Қандыағаш қаласы бойынша аулаларды абаттандыру мақсатында 10 жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Оның ішінде 2 жобалық-сметалық құжаттама сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді келер жылы Т.Байкунов көшесіндегі №69, №70, №71 және С.Шынтасов көшесіндегі №3 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

 Ғалым Үмбетов, байланысшы:

— Қандыағаш-Ембі, Ембі-Егіндібұлақ ауылдық округі бағытындағы жолдар қашан жөнделеді? Ембі қаласы мен Бұлақты ауылының ара қашықтығы – 45 шақырым. Екі аралықта Жігер аталатын көпір бар. Апатты жағдайдағы көпір жергілікті тұрғындар үшін қатынасты қиындатып отыр. Осы мәселелерді жақын аралықта шешу жұмыстары жоспарда бар ма?

— Қандыағаш-Ембі бағытындағы жол республикалық маңызға ие. Ал Ембі қаласы мен Егіндібұлақ ауылы арасындағы көпірді жөндеу жұмысын біз аудандағы «Қазгеоруд» аталатын ірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорынға жүктеп отырмыз.  Бұлақты ауылынан 7 шақырым жерде Жігер көпірі бар. Жігер көпірінің жобалық-сметалық құжаттары дайын, жақын аралықта аталған мәселе шешімін табады деп күтілуде. Қазіргі күні көпір жанынан қосымша жол салынды. Егіндібұлақ ауылдық округі бойынша аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын атқару үшін «Барышева Жұлдыз Жайылханқызы»  жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалынды.  Жаз айларында Бұлақты-Ембі бағытындағы көтерме тасжолдың бойы тазартылып, қырылды. Қазіргі таңда көтерме тасжолдың жағдайы қанағаттанарлық.

Егіндібұлақта та тірлік бар. Биыл Бұлақ ауылына су жүйесі тартылды, жаңадан саябақ салынды.

Жеңіс, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

— Соңғы жылдары Қандыағашта жеке тұрғын үй салу үшін жаңа аудан пайда болды. Жер алу кезегінде тұрғаныма көп бола қойған жоқ. Жаңақоныс ауданынан үй салу үшін кезегімді қанша жыл күтуіме тура келеді?

— Бүгінгі күні ауданда 4500 адам  жер алу кезегінде тұр. Егер салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2016 жылы 850 адамға жер берілсе, былтыр ауданның 1 мың тұрғыны жерге қол жеткізді. Биылғы жоспар — 2 мың тұрғынды жермен қамтамасыз ету. Әрине, оның барлығын қамтымасақ та, нақты 1500 адам өз кезегі бойынша жер алатын болады. Қазір аудан бойынша 1200-ге тарта адам пәтер алу  кезегінде тұр.

Малика, учаскелік дәрігер:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеру жайында айтылды. Селолық жерде еңбек ететін біз секілді дәрігерлердің еңбекақысы қашан көтіреледі?

— Бұл іс облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей қадағалауында. Әрине, кешегі Жолдауда учаскелік дәрігерлердің айлық жалақысын орта есеппен 35 пайызға көтеру турасында айтылды. Бұл — міндетті түрде жүзеге асырылатын шара. Оның үстіне, қазір білім беру, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр.

 Сара, ауыл тұрғыны:

— Батпақкөл ауылдық округіне қарасты  Қожасай, Жаркемер ауылдарына  көгілдір  отын  тарту жұмыстары қашан қолға  алынады?

— Қожасай, Жаркемер ауылдарының болашағы жоқ. Оның бірінде 100-ден аса адам тұрады. Жалпы, 700-ден астам халқы бар елді мекендерді газдандыру ісі қолға алынады. Егер халық саны бұл көрсеткіштен төмен болса, онда көгілдір отын тарту мәселесі жүзеге асырылмайды. Сол себепті болашағы жоқ ауылдарға газ тартылмайды. Бұл — облыс әкімінің тапсырмасы.

Бүгінгі күні Мұғалжар ауданы бойынша 4 болашағы жоқ ауыл бар. Әзірге Қожасай мен Жаркемер ауылдары бұл тізімге кіргізілген жоқ. Бүгінгі күні елді мекендегі халық саны 50 адамнан жоғары болмаса, ондай ауылдарды жабамыз. Бүгінгі күні Мұғалжар ауданы бойынша болашағы жоқ ауылдардың қатарында Шевченко, Миялы, 53-разъезд бар. Әрине, мұндай ауылдардағы жергілікті тұрғындарға елді мекеннің орталығына көшуге жағдай жасаймыз, жұмыс ұсынылады.

Қуаныш, қала тұрғыны:

— Қазіргі уақытта жұмыссызбын. Ақтөбе-Атырау бағытындағы жол құрылысының басталғанын білемін. Жергілікті тұрғындарды осы іске тарту тапсырмасы да бар. Жол құрылысына өз үлесімді қосу үшін кімге, қайда баруым керек?

— Ақтөбе-Атырау бағытындағы жол құрылысының жұмыстарына өз үлесіңізді қосу үшін Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту орталығына келіп жолығасыз. Жол құрылысына қажетті мамандарды осы орталық қызметкерлері жинақтайды.

Тікелей желі сұхбатын жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button