Спорт

Хромтау: облыстық халық ойындары апталығы

Спартакиада

«Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс. 30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек».

(Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2010 жылғы Жолдауынан).

Өткен апта Хромтау өңірі жұртшылығы үшін жаппай спорттық сипат алды. Өйткені мұнда ІV облыстық халық ойындарының бағдарламасы бойынша бірнеше күн бойы сайыстар өткізілді. Бұл шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова болып, облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың құттықтау хатын оқыды, спортшыларға сәт-сапар тіледі. Нақ осы міндет тұрғысынан қолға алынған жұмыстар Хромтау өңірінде аз емес, деп атап көрсетті аудан әкімі Аязбай Османғалиев. Оның айтуынша, қазіргі уақытта аудан орталығын айтпағанда, ауыл-селоларда да бұқаралық спортты дамыту бағытында біршама іс-шаралар белгіленіп, жүзеге аса бастапты. Соңғы уақыттары жеті ауылға спорт жабдықтары жеткізіліп беріліпті. Сондай-ақ он төрт ауылда шағын стадиондар жабдықталып, жұмыс істейтін болады. Ауданда мемлекеттік қызметкерлер арасында жұмыстан бос уақытта тұрақты түрде мини-футбол ойнау дәстүрі қалыптасқан. Өткен айда өткізілген аудандық спартакиада жастардың шеберліктерін шыңдай түскен.

Өңірде бұқаралық спортты дамытуға қатысты осындағы алып өндіріс ошағы — Дөң тау-кен байыту комбинаты басшылығы ерекше үлес қосып отырғандығын Аязбай Қайырғалиұлы атап көрсетті. Осы кәсіпорынның дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде күніне мың адамға дейін келіп, әртүрлі жаттығулармен шұғылданады, өзара жарыстар өткізеді. Комбинаттың жұмысшыларынан жасақталған волейболшылар командасы жоғары деңгейдегі жарыста көш бастап жүр. Оқушы балалар арасында таэквондомен шұғылданушылар қатары көбейіп келеді.

Құдықсай, Бөгетсай, Ақжар, Қызыл су ауылдарында  бұқаралық спорт жақсы дамыған. Сол өңірлердің жастарының аудандық, облыстық жарыстарға жиі қатысып, алдыңғы топтан көріне бастауы – осының айғағы.

Ауданда қазір допты хоккей, волейбол, жүзу спорты, таэквондо, баскетбол, бокс, үстел теннисі кеңінен дамытылуда. Аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Жанболат Дәрімбетовтің айтуына қарағанда, Хромтау өңірінде спорттың жиырма бес түрі қолға алынған. Алпыс тоғыз спорттық құрылым тұрақты жұмыс істейді.

«Биыл ауданның құрылғанына жетпіс бес жыл толмақшы, — дейді Жанболат Нағметұлы, — сондықтан да біздің спортшыларымыздың жетістіктері осы мерекеге арналмақ».

Халық ойындарының ашылу салтанатында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов барлық аудандардан да іріктелген жүйріктер сайысқа келіп отырғанын мәлімдеді.

Халық ойындары бағдарламасы аясында спорттың Президенттік көпсайыс, шахмат, шашка, тоғызқұмалақ, гір көтеру, қазақша күрес, қол күресі, үстел теннисі, волейбол, стритбол түрлері қамтылып, спортшылар өз мүмкіндіктерін көрсетуге ұмтылды.

Облыстық халық ойындарына гір көтеруден әлемнің жеті дүркін, чемпионы Евгений Гончаровтың қатысуы жергілікті жасөспірімдерге ерекше серпін берді. Президенттік көпсайысқа спорт шеберлері Алексей Вшивцев, Александр Кара, Валерия Поливода қатысып, жарыс мәртбесін көтере түсті.

Ойындар барысында шахматтан сайыс аса тартысы өтті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асқар Көбенов осында жиналған көптеген жанкүйерлерге тамаша ойын өрнегін сыйға тартты.

Қазақша күрестен сайыстар тартысты өтті. Әйтекебилік И. Қазыбеков, Ж. Жайлыбаев және мұғалжарлық Н. Иманғазин өз жанкүйерлерін ырза етті.

Қол күрестен хромтаулық Азамат Айбасов, Таңжар Әлшариев жеңімпаз атанды.

Волейболдан хромтаулық мұғалім Ринат Ерғазин шеберлік үлгісін көрсетті.

Тоғызқұмалақ ойынын тамашалушылар да көп болды. Ақтөбелік Алмагүл Тақышева, хромтаулық Нұрқасым Саудин және басқа талапкерлер тартысты ойын ортасында жүрді.

Халықтық ойындардың бір бағдарламасы – қазақша күрестен жарыс Әйтеке би ауданының орталығында өткізілді. Біз Бөгетсай ауылындағы Мәдениет үйінің директоры, қазақша күрестен жаттықтырушы Жаңаберген Тоқинды әңгімеге тартқанбыз. Ол қазіргі уақытта аудан командасын да басқарып жүр екен. Осы сайысқа жеті палуанды дайындапты. Олардың ішінде жиырма жастағы Азамат Құнанбаевтың алдағы уақытта келешегінен мол үміт күтетіндігін бөліп айтты.

Ауылдан шыққан жаттықтырушы-палуан облысымызда Әйтеке би, Байғанин, Темір аудандары, Ақтөбе қаласы командаларының құрамы мықты спортшылармен жасақталғанын білдірді.

Әйтеке би ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектептің мұғалімі Жұмагүл Байжановамен Президенттік көпсайыс бағдарламасы бойынша алпыс метр қашықтыққа жүгіріп келіп отырған бетте жүздестік. Ол аз ғана дем алып, енді 1000 метр қашықтыққа бақ сынар алдында: «Мен үшін ең бастысы — салауатты өмір салтын қалыптастыруға кейінгі буын жастарға ықпал жасау, спорттың өнегесін оқушыларыма ұғындыру», — деп өз ойын білдірді.

Хромтаулық Серік Досымов жарыстар барысында ылғи алдыңғы саптан көрініп жүрді. Онымен тілдескенімізде білгеніміз, ол тау-кен байыту комбинатында қауіпсіздік техникасы жөнінде инженер болып қызмет атқаратын болып шықты. Көп сайысқа елу-елу тоғыз жастағылар арасында қатысқанымен, қимылы ширақ, жүрісі жедел. Серік өмір бойы спорт пен дене шынықтыруды серік етіп келеді екен. Ол елу метрге жүзуден де топ жарыпты. Нысана көздеуде жоғары мүмкіндіктегі жетпіс ұпайды түгел олжалапты. 700 грамдық гранатты лақтыруда отыз екі метрге жеткізген. Екі шақырымды жүгіруде де алдыңғы лектен шықты. «Еңбек пен спорт мен үшін айырғысыз, — дейді ол, — егер ылғи да сергек жүріп, жұмыста азды-көпті жетістіктерге жетіп жүрсем, соның бәрі дене шынықтырудың арқасы. Сондықтан да жас па, кәрі ме, өз денелерін жаттықтырып, спортпен шұғылдануы керек деп ойлаймын».

Дөң селолық округінің әкімі Дәурен Тұрлыбаев өз ауылдарында жастардың спортқа жақсы құлшыныспен қатысатындығын айтты. Олар өзара футбол, тоғызқұмалақ, тағы басқа ойындарды ауылдарында өрістеткенімен, негізінен жақын болғандықтан тау-кен байыту комбинатының спорт залдары мен алаңдарына жиі келеді екен. «Дегенмен, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, — дейді ауыл басшысы, — алдағы уақытта ауылда спорт инвентарларын көбірек алып, жергілікті жастардың жаппай спортпен шұғылдануына жағдай жасай беретін боламыз. Шынын айтсам, осы болып жатқан шаралар менің өзіме де әсерін тигізуде, қазақша айтқанда, қанымды қыздыруда».

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары, жарыстың бас төрешісі, І дәрежелі төреші Абай Балманов төрт жыл сайын әр түрлі атаумен өтіп тұратын мұндай сайыстардың қазіргі уақытта шын мәнінде бұқаралық сипат алып отырғанын айтты. Хромтауда өткен халық ойындарының жеңімпаздары енді шілде айының басында Орал қаласында өтетін республикалық сайыстарға қатысады.

— Қазір бір жүз отыз бес адамды аталған додаға дайындап отырмыз, — дейді Абай Абылайұлы, — олардың арасында спорт шеберлерінен бастап әуесқойларға дейін бар.

Хромтаудағы спорт сайыстары кезінде облыстың әр аудандарынан келген қонақтар үшін мәдени-көпшілік шаралар кеңінен ұйымдастырылды. Қаланың көрікті жерлерін көрсету бағдарламаға енді. №6 мектептің акт залында аудан көркемөнерпаздарының күшімен үлкен концерт берілді. Кәсіптік-техникалық лицей оқушыларынан құралған  көңілді тапқыштар клубы мүшелері қонақтарға арнап тамаша ойындар ұсынды. Осы күндерде қоғамдық тәртіп сақтау шаралары кеңінен қамтылды.

… Сонымен, Хромтау бір аптаға жуық уақыт бойы спорттық ойындардың жарыс жалауын төмен түсірген жоқ. Он екі ауданнан және Ақтөбе қаласынан келген бір мың екі жүздей спортшы өздерінің күш-жігерлерін сынға салып, жүзден жүйрік болуға ұмтылды.

Он үш команда арасынан Ақтөбе қаласының спортшылары топ жарып, бірінші жүлделі орынды иеленді.

Екінші, үшінші және төртінші орындарды Хромтау, Байғанин және Темір аудандарының командалары бөлісті.

Бұдан бұрынырақта өткен «Ақбидай» ауыл спорты ойындары түрлерінен болған сайыста жалпы командалық есепте бірінші орынға ешкімді маңайлатпаған хромтаулықтар бұл жолы қонақтарға жол берді.

Ойыл, Қобда аудандарының спортшылары командалық есепте тізімнің соңғы буындарынан көрінді. Жергілікті жастарды бұл мәселе алдағы уақытта ойландырғаны дұрыс қой деп ойлаймыз.

Жан-жақтан жиылған мыңнан астам спортшылардың бірсыпырасы жеңістерін жалау етіп, ал енді бірқатары өкініштерін ішке бүгіп, «келесі кездескенше» деп тарасты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button