Спорт

Сырт алаңдағы жеңістің маңызы

Премьер-Лига

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:1

30-турдағы бұл жеңістен соң «Ақтөбе» бірден екі саты жоғарылады да, төртінші орынға келіп жайғасты. Ал төртінші орын дегеніңіз — Еуропа Лигасында ойнауға жолдама әперетін баспалдақ. Биылғы чемпионаттың қорытындысы бойынша «Ақтөбенің» осы орынды сақтап қалуға толық мүмкіндігі де бар.

Біздің жай осылай болғанда, қарағандылық «Шахтердің» тірлігі тым басқа. Турнир кестесінде ең соңғы орында келе жатқан олар бірінші топқа түсіп қалмаудың қамын ойлап әуре. Сол себепті де бұл кездесуде алаң иелері қонақтардан үш ұпай олжалап қалудың барлық амалдарын ойластырғаны күдік туғыза қоймас.

Расында да ойын басталысымен-ақ алаң иелері допты бақылаудан шығармауға тырысып бақты. Ал қонақтар, әрине, нәтиженің кепілі қарсы шабуылдар жасау екенін назардан шығарған жоқ. Тіпті 11-минутта Абат Айымбетов қарсыластар қақпасына ентелей еніп те кетті, бірақ соққысы нысанаға жетпеді. Осылайша алма-кезек шарпысумен өтіп жатқан ойын алғашқы жиырма минут түгесілер шаққа жақындағанда жанкүйерлерді дүр еткізді. Алаң сыртынан доп лақтырған қарағандылық Дамир Кояшевич оңбай қателесті де, допты Абат Айымбетовтің аяғына салып берді. Алаңның орта тұсында жүрген Абат еш ойланбастан ілгері тартты. Сол күйімен айып алаңына құйындата енген Абатты «Шахтер» қорғаушыларының бірі шалып құлатты. Әрине, пенальти. Он бір метрлік нүктеге келген Хрвое Милишевич айып добын тамаша орындады — 0:1.

Қапыда қалған қонақтар енді есе қайтарудың жолын іздеп, тайлы-таяғымен шабуылға шыға бастады. Оларды онша еркіндете қоймаған ақтөбеліктер де қарсы шабуылдар жасап, қақпаға соққы жасаудың тиімді сәттерін аңдумен болды. Сондай сәттердің бірінде қауіпті соққы жасалды да. Бірақ Силва Рейналдо жасаған бұл соққыдан соң қақпаға зырылдай ұшқан доптың бетін қарағандылық қақпашы Игорь Шацкий қайтарып үлгерді.

Ал екінші таймда алаң иелеріне есепті теңестірудің тамаша мүмкіндігі тап келді. 47-минутта Дамир Кояшевичке қарсы ойын ережесі бұзылғанын анықтаған бас төреші Айдын Рахымбаев енді «Ақтөбенің» қақпасына пенальти белгіледі. Бірақ Дамир оңай олжадан көзбе-көз айырылып қалды, оның жойқын соққысынан соң доп қақпаға емес, қақпаның діңгегіне тиіп кері серпілді. Дегенмен, расы керек, осы екінші таймда алаң иелері бірнеше қауіпті шабуылдар жасап, біздің қақпамызды торуылдаумен болды. Бірақ «Ақтөбенің» қорғаушылары мен қақпашымыз лайықты төтеп бере білді. Тіпті 82-минутта Абат Айымбетов есепті ұлғайта жаздады, бірақ дәлдік жетіспеді.

Осылайша Қарағандыдағы стадионда да жанашыр жанкүйерлерінің қолдауын сезінген «Ақтөбе» маңызды үш ұпайға ие болды.

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:1

Гол авторы: Хрвое Милишевич, 20-минут (пенальти).

49-минутта он бір метрлік айып добын орындаған Дамир Кояшевич («Шахтер») нысананы дәл көздей алмады.

Ескерту қағазын алғандар: Дроппа Лукаш 19-минут; Марат Шахметов, 24-минут; Игорь Юрин 39-минут («Шахтер») — Виталий Волков, 49-минут («Ақтөбе»).

«Шахтер»: Игорь Шацкий (капитан), Лукаш Дроппа, Дамир Кояшевич, Сергей Мошников (Эгон Вух, 46-минут), Матео Мужек, Геворг Наджарян (Оралхан Өміртаев, 46-минут), Игорь Пикалкин, Антон Чичулин (Евгений Тарасов, 59-минут), Марат Шахметов, Александр Володько, Игорь Юрин.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Руслан Валиуллин, Виталий Волков, Саят Жұмағали, Бағдат Қайыров, Хрвое Милишевич, Абат Айымбетов (Ұлан Қонысбаев, 86-минут), Милан Радин, (Жамбыл Көкеев, 76-минут), Силва Рейнальдо (Саша Марьянович, 63-минут), Александр Симчевич (капитан), Антон Шурыгин.

21 қазан 2018 жыл. Қарағанды, «Шахтер» стадионы. 1000 адам.

* * *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ертіс»-«Қайсар» — 0:1

«Астана»-«Ордабасы» — 1:1

«Қызылжар СК»-«Жетісу» — 1:1

«Қайрат»-«Тобыл» —0:0

«Атырау»-«Ақжайық» — 2:1

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 15 кездесу өткізіп, 8 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 32:17 (+15). Ұпай — 28. Сырт алаңда 15 ойын өткізіп, 4 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 6 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 17:25 (-8). Ұпай — 17.

Маркос Пиззелли 18 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Эсеола («Қайрат») — 16 гол, Исаэль («Қайрат») — 12 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда      О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп 

1.Астана      29       22       5          2          58-16  71

2.Қайрат      29       19       4          6          57-27  61          

3.Тобыл       30       13       8          9          31-28  47

4.Ақтөбе       30       12       9          9          49-42  39

5.Ордабасы 30       11       6          13       34-42  39

6.Жетісу        30       10       9         11        33-38  39

7.Қайсар       30       8          12       10       28-31  36

8.Қызылжар СК29  9          5          15       24-41  32

9.Атырау      30       8          8          14       30-44  32

10.Ақжайық 30       7          9          14       30-39  30

11.Ертіс        30       8          5          17       25-41  29

12.Шахтер    29       6          10       13       23-33  28

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

* * *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 6;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Абат Айымбетов — 2;

Хрвое Милишевич — 2 (1);

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1;

Саят Жұмағали — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

* * *

31-тур ойындары 27 қазан, сенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қызылжар СК» командасын қабылдайды.

Петропавлдық команданы 29 сәуірде өз алаңымызда өткен ойында ұтып (2:1), 7 шілдеде сырт алаңда болған кездесуде 1:2 есебімен ұтылған болатынбыз.

Басқа кездесулер:

«Қайрат» (Алматы) — «Ертіс» (Павлодар)

«Тобыл» (Қостанай) — «Астана» (Астана)

«Ордабасы» (Шымкент) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Жетісу» (Талдықорған) — «Атырау» (Атырау)

«Ақжайық» (Орал) — «Қайсар» (Қызылорда)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button