Мәдениет

Қызығы мол сол жылдар

(Жалғасы. Басы №62-63 санда).

Үстем ұлт

Редакция жаңа кадрлармен толыға бастады. Телередакция емес, радио. Ал телехабар дайындаушылар негізінен бұрынғылар – Зейнолла Құлжанов, ол жастар редакциясында ғой (жігіттердің қай редакцияда жұмыс істегенін жаңылыстырып алуым да мүмкін, сондықтан егер қате кетсе алдын ала кешірім сұраймын) деймін. Әбу Түңілдіков – соңғы хабарда, тағы бір жігіт бар еді, оның есімін ұмыттым, былай қарағанда штат толық. Тоқаңды көп көре бермеймін. Анығы сол, маған бағыт-бағдар беруге, тіпті өмірдің кейбір күңгірт, тұспалды тұстарын білуіме – бір сөзбен айтқанда, жан-жақтан анталап, сені реті келсе жеп қоярдай сүзгілеп жүретін басқа ұлт өкілдерімен (қай ұлт екені белгілі ғой) күресуге үйретті. Бірақ сол Тоқаң баяғыдан бері көңілсіз, көп сөйлемейді. Рас, кейде кешкілік бірге серуен құрамыз. Бертін келе ойласам, ол өз жұмысына қанағаттанбайтын тәрізді. Ақыры, келесі жылы ғой деймін, әлде жазға салым ба екен, Тоқаң облыстық газет  редакциясына ауысып кетті.

Қалғанымыз жоғарыда аталған жігіттер. Әркім өзінің шаруасымен әуре. Сөйтіп жүргенде Бибізада Көздібаева келді редакцияға. Ашық, ақжарқын қыз. Албырттығы жоқ, әбден ақыл тоқтатқан, есті қыз құсап көрінді маған. Шынында өзі де солай ғой. Естілігі ғой, ұмытпасам, Некрасов көшесінің бойынан, телередакцияға онша қашық емес жерден пәтер жалдады. Соған қонаққа шақырғаны. Еркек атаулы дегеннің өзі «әзір асқа тік қасық» дегендей, олпы-солпы, бірде аш, бірде тоқ жүреді – кешкі асты Бәкеңнің үйінен ішіп, әңгіме-дүкен құрып, бір көңіл жайлап кеткенім есімде.

Болаттың үйін әзір көргенім жоқ. Бірақ әйтеуір радиодан ол дайындаған хабарлар, мейлі мәдениет саласы, болмаса шаруашылық саласы болсын, арасында өзі жазған өлең жолдары кетіп жататынын жақсы білеміз. Ондай радиохабарлар, әрине, тартымды, құлаққа жағымды тиетіні белгілі. Соған байланысты Уәрә Нұрсейтовтің бір сөзі есімде қалыпты: «Болат радиохабарды жақсы жазады екен. Оған өзінің шығарған өлеңдерінің қосылып берілуі әсер ететін болса керек» дегені бар-ды.

Біздің редакция («біз» деймін-ау, онда жалғыз өзім істеймін ғой) бұл кезде түкпірдегі кең бөлмеде болатын. Төрт үстелге төрт адам. Зейнолла, Әбу төрде отырады. Аяқ жағында екібастан мен және бір жігіт. Бір жақсысы, сол бөлмеден дәлізге шығып оңға бұрылсаң – жертөледе әжептәуір буфет бар. Көбіне түстігіміз содан. Арақ та сатылады. Сол буфет біздің бірсыпыра қазақ жігіттерін құртты. Ал орыстар мыңқ етпейді. Шиқандай қызарып шығып жатады. Осыған қарағанда, әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы үйренген тағамы болады, адам ағзасы соған бейімделеді деген рас-ау деймін.

«Жалғыздың құдайы бар» дегенге өз басым сенемін. Әлгі буфеттен аулақтау жүрдім. Осы жерде мына бір жәйтті де айтпай кетуге болмас. Студияда Омуленко деген оператор жұмыс істеді, ол ешқандай іссапарға шықпайды, қала ішін де араламайды. Студиядан берілетін хабарларды, шақырылған қонақтарды көрсету, яғни эфирге таратумен айналысады. Ол жігіттің бір қызық әдеті бар еді. Ертеңгісін, дәл тоғызда, кейде бес-алты минут кешігіп, біздің редакцияға келетін де, ұсынбаған қолыңды тартып алғандай, қолыңды қысып тұрып мұрынын шуылдатып аузы-басыңа тақап сәлемдесетін.  Біз оның мұнысын алғашқы кездері түсінбей жүрдік. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген бар ғой. Ертеден қалыптасқан әдеті шығар дейтін де қоятынбыз. Жо-о-о-оқ, олай емес екен. Біздің қазақ жігіттерінің бірі айтқан: «Омуленкодан сақтана жүріңдер, ол ертеңгісін сенің кеше арақ ішкен-ішпегеніңді мұрнымен иіскеп біліп алып, жоғарыдағы бастықтарға жеткізіп тұрады, былайша айтқанда ол – шпион» деп.

Құдай сақтасын, осы сөзді естіген соң зәреміз зәр түбіне кеткендей болып, Омуленко келе жатса одан қашқақтайтын болдық. Қазақ жігіттерінің осындайын байқаған ол кейін сирек келетін болған, бірақ әйтеуір келеді.

Тоқаң кеткенмен жаңа дос тапқандай болдым. Ол – Қажығали Мұқанбетқалиев. Аңқылдаған ашық, сайрап тұр сөзге. Ол да бойдақ. Жарастық деген, міне, осы. Бірақ ол радиода жұмыс істеді. Бәрібір, жұмыс аяғы аяқталысымен бірге шығамыз көшеге. Қажекеңде ұялу, қымсыну деген жоқ, кез келген адаммен емен-жарқын әңгімелесіп кете береді. Ой шіркін, сол бір шақ-ай, ә! Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ шығар: қайдағы бір кешкіліктер, қайдағы бір ойын-сауықтар, соның бәрін қайдан тауып жүргенін білмеймін. Үйде екі тізеңді құшақтап уақыт өлтірер шама жоқ бізде. Диктор Марияммен онша араласа қойғанымыз жоқ. Сақ жүре ме, әлде тым салмақты ма – ол өзімен, біз өзді-өзімізбен. Қажы Қорғанов – бұл енді кісілігі мол, әлде көргенді жерде тәрбиеленді ме, өзі жігіттің сұлтаны – атжақты, қыр мұрын, Сәкен Сейфуллинге ұқсас па қалай, тым сырбаз, салмақты жүретін. Үйленген, студиядан онша қашық емес жерде үйі бар екен, соған «Қанекей, жігіттер, біздің үйден шәй ішейік» – деп отбасын көрсетіп жіберген-ді. Қажы да диктор болып істеді. Ал Бақыт Жанғалиева аққұба келген өңді қыз. Қиылып қарап тұратыны бар кейде. Ол режиссердің ассистенті болатын. Қажекең үшеуміз аралас-құралас болдық. Бір жылдан кейін ғой деймін, Қажығали әскер қатарына шақырылды. Қажекең де қызық, өзі пәтерде жүріп, әскерге аттанарда таныс жігіттер мен қыздарды сол үйге қонаққа шақырды. Ұмытпасам – Некрасов көшесіндегі 28-үй (кейін сол үйден мен пәтер жалдадым). Соған біраз адам жиналдық. Арамызда әп-әдемі болып Бақыт отырды. Келесі жылдың жазында мен Алматыға (тұрмыстық жағдайға байланысты күндізгі бөлімнен сырттай оқуға ауысып кеткенмін) оқуға аттанатын болдым. Кетерімде Бақыт театр институтына оқуға түсуге бүкіл құжаттарын менен беріп жіберді. Қабылдау комиссиясында отырған бір жігіт: «Әдемі қыз ба?» деп сұраған-ды. Аузыма қайдан сөз келгенін білмеймін, түйдек-түйдегімен Бақыттың бүкіл кескін-келбетін, сөйлеу мәнерін, қылықтарын айтқанымда әлгі жігіт бір қарасам, аузы аңқайыпты да қалыпты. Оның бұнысына өзім де қысылып қалдым. Үнсіз үңіле беріп едім: «Ие, ие, енді… құжаттарын қабылдаймыз, шақыру өзімізден болады» деді. Сөйткен Бәкең бүгінде атақты артист.

Бүгінгі шалдар: «Есіме түсіп отыр» деп әңгімесін әрі қарай жалғастыратыны бар ғой, мен де шалмын ғой. Сол ретпен әңгімені соза түссек, Қажығалидың бір әңгімесінде Мұрат деген бала кейіпкер бар, сол бала анасынан баяғыда айырылысып кеткен әкесін сағынғаны ма, «әкемнің командировкаға кеткеніне жүз жыл болған шығар» дейді. Менің де телестудиядан кеткеніме табаны күректей 40 жыл болыпты. Бірі есте бар, бірі жоқ. Ол кезде тракт дейтін болатын. Дайындалған телехабар күні бұрын, болмаса эфирге жіберілер күні түске дейін трактіден өтеді. Оны басқаратын Әлқожа Мұхамеджанов, бас режиссер (қазақ редакциясы) Нұраш Жиенғалиев, дайындаушы режиссер Рүстем Гиреев және хабар редакторы қатысады. Трактіде сценарийдің кем-кетігін түзейтін, күзейтін тұстары, сөйлеуші қатысатын болса оның сөзі – не керек, әйтеуір бәрі-бәрі сынақтан өтеді. Содан кейін барып эфирге жіберіледі.

Лездеме дейтін де бар. Ол көбіне-көп дүйсенбі күні ертеңгілік сағат 10-да басталып, әрі-берісі бір сағат, сағат жарымда аяқталады. Ол қазіргі драмтеатрдың көше жақ бетіндегі екінші қабаттағы шағын залда өтетін. Бұл енді адам айтса нанғысыз қызу пікірталас (сірә, оны олай емес, ұрыс-керіс деген дұрыс болар), жарыссөз, ренжісу, кейістіктің небір көкесін сонда көретін едік. Сондай бір лездемеде мінберге шығып, хабарды талдап тұрған журналист сыни пікірлерді үйіп-төгіп айтпасы бар ма (қазақ редакторлары да, режиссерлары да өте сирек сөйлейтін), залда отырған редактор тұра кеп айқайға басты. Анау да қалысып жатқан жоқ – екі жақ қызыл өңеш. Әбден қызынған шолушы мінберде тұрған су ішу үшін қойылған қырлы стаканды лақтырып кеп жіберді. Ол біреуге тиді ме, жоқ па – ол жағы есімде жоқ. Содан кейін лездеме басталмас бұрын залда стакан, басқа да қатты заттардан арылтып, алдын ала тексеріп, қарап шығатын болдық. Бұл оқиға лездемені Козин басқарып отырған кезде болған еді.

Қажығали кеткен соң сыр ашысып, әңгіме-дүкен құрысатын дос болмай қалды менде. Айтпақшы, Жайшылық Аймағамбетов келген-ді, бірақ ол радиода. Екеуміз Алға аудандық газетінде бірге жұмыс істеп едік, сірә, өмірге көзқарасымыз, түсінік-білігіміз екі түрлі болды-ау деймін. Сол Алғада да, осында да етене жанасып кете алмадық. Есесіне Тобық бар, әйтеуір. Ол облыстық газетте жүрсе де неге екенін білмеймін, жұмыс аяқталар шақта өзі телефон шалып, кешкілік көшеде қыдырыс жасауға ұсыныс жасайтын. Тоқаң туралы талай естелік-эсселер жазғанмын. Тоқаңның менімен әңгіме-дүкен құруға соншалықты ынталы болғанын бертінірек, ол бұл дүниеден озған соң барып түсінгендей болдым. Оның екі себебі бар-ды. Біріншісі – әрине, қазақтың ақын-жазушыларының, оның үстіне Батыс классиктерінің шығармаларын оқығанмын, атап айтқанда В.Гюго, О.Бальзак, Э.Золя, Ч.Диккенс, В.Скот, Теккери, т.б. хабарым барлығы ғой деймін. Соларды Тоқаң екеуміз өзара талқыға салатынбыз. Екіншісі – жалпы Тоқаң жападан-жалғыз көше кезуді қаламайды екен. «Таза ауа жұту үшін» десе де қасына серік іздейді. Ал оған мен ыңғайлымын, әзірге сүр бойдақпын, басқалары әлдеқашан үйлі-баранды болып алғандар.

Бірде Тоқаң үйінде отырғанымызда (онда жиі болатынмын, Сапия жеңгеймен бірге әңгімені бөстіретін едік) Сапия: «Мә, мына жігіттің әдебиеттен хабары мол екен ғой», — дегені бар. Сонда Тоқаң: «Журналист көркем әдебиетті оқымаса қалай журналист болады, оқу керек», — деген еді. Оның ең сүйіп оқитыны да, әңгімеге жиірек негіз ететіні де – Э.Хэмингуэй болатын. Меніңше, «Отамалыны» соған еліктеп жазған-ау деймін.

Ақтөбе телеарнасының негізін қалауға орасан зор үлес қосқан Тобық Жармағамбетовты ана жылдары ондағылар өте сирек еске алатын еді. Тоқаң туралы Раукен Отыншин басшылыққа келгенге дейін өз басым екі рет ол туралы (жалпы, өз басым газет бетінен де, телестудиядан да көрінуге енжарлау адаммын) әңгіме айтып бергенімді білемін. Ал қазір бұл мәселе түбірлі өзгерді деп айтуға болады. Бұл туралы әңгіме кейінірек болатын болғандықтан осы жерден шектелгім келеді.

«Адам күні – адаммен» деген қағида қай кезде де қажет нәрсе екенін бүгінгі жас тележурналистер, жалпы жастар есіне тағы бір салғым келеді. Дос аз, дұшпан көп, әсіресе, қазіргідей ақша қуған заманда бұл меніңше, бірінші кезекке шықты ғой деймін.

Ал әлгі шеке жарар оқиғадан кейін қазақ жігіттерінің көңіл күйі тіпті жоқ-ты. Бәріміз біреулерден қорқамыз. Оның себебін қазір батыл айтуға болады, ол – орыстардың үстемдігі, Ия, тек сол!

Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ.

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button