Спорт

Қақпашының қателігі «Ақтөбе»-«Астана» — 1:2

Премьер-Лига

Өткен жолғы 28-турдан соңғы шолуымызда «Қайраттың» ірі жеңісі туралы «Бұл команда 6 гол соққандықтан шеберліктің шыңына шығып кетті деуге де болмас» деп жазғанбыз. Солай болды да, «Қайратыңыз» өткен сенбі күні 29-турда Шымкентте «Ордабасы» командасынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Ал бас бапкер Карлос Ферер кездесуден соңғы сұхбатта «халықтық» команданың бұдан соң чемпиондыққа иегі қышымайтынын қынжыла айтты. Ал тағы да үш ұпай олжалаған «Астана» алтын медальға тіпті жақындай түсті.

Иә, кеше ғана Еуропа Лигасында жеңіске жеткен құрамын сол күйі дерлік алаңға шығармаса болмайтынын ұққан, «Ақтөбеге» осылай ғана төтеп беру мүмкін екендігін болжаған және солай жасаған «Астана» бұл жолы сәті түскен олжаға кезікті. Ақтөбелік қақпашының екі ретте де қолға ұстап тұрған допты голға айналдырып алуы сол олжаның жоралғысындай болды. Жалпы биылғы чемпионатта қақпашыдан бағымыз жанбады. Егер қарсыластар қақпасына гол соғудан «Астана» мен «Қайраттан» кейінгі үшінші орында келе жатсақ, өз қақпасына ең көп гол жіберіп алған команда біз болып тұрғанымыз және рас.

Ал ойын барысына келсек, «Ақтөбе» алғашқы бес минуттың ішінде қонақтар қақпасына екі рет шүйілді. Асланбек Кәкімов қауіпті соққы да жасады. Бірақ нәтиже болмады. Ал қонақтар салқынқандылықпен ойнауға кірісті де, одан әрі екі команда алма-кезек шабуылдарға ойысты. Расы керек, гол соғу мүмкіндіктері «Ақтөбеде» басымдау болды. Әттең, дәл соққылар аздау әрі әлсіздеу болды, оның үстіне Асланбек Кәкімов пен Милан Радин қақпаға шірене тура бағытталуға тиіс доптарды тым аспандата теуіп  жіберді. Мұны кейін Абат Айымбетов те қайталады. Шалт та шалымды соққылар жасайтын Маркос Пиззеллидің алаңда жоқтығы көрініп-ақ тұрды. Ал қақпаны сонша көп нысанаға ала қоймаған қонақтар 42-минутта табысқа жетті. Сол қанаттан Марин Томасов арқылы әуелей келген допты Рангело Янга тура баспен соқты да, обалына не керек, Игорь Трофимец қақшып түсті, әттең, бірақ сол доппен бірге өзі қақпаға еніп кетті — 0:1.

Арада екі-үш минут өтпей жатып қақпашымыз тағы да бармақ тістей жаздады. Абырой болғанда, оң қанаттан келген допты қақпадан екі-ақ метр жерге жетіп келген Марин Томасов қиыс теуіп жіберіп, тор орнына қақпаның оң жақ діңгегін дір еткізді.

Бірінші тайм осылай аяқталды.

«Ақтөбе» екінші таймды да шабуылдармен бастады. Дегенмен 51-минутта қақпашымен бірге-бір шыға келген Абат Айымбетов допты қиыс тепті. Бұл өкініштің орнын 55-минутта Саят Жұмағали толтырды. Ол бұрыштамадан Силва Рейналдо тастаған пасты көз жеткісіз жылдамдықпен баспен соғып, қарсыластар қақпасына енгізді де жіберді — 1:1.

Өкінішке қарай, бұл қуаныш тым көпке созылмады. 62-минутта қақпашымыз Игорь Трофимец өрескел қате жіберді. Ол алаң ортасынан жай ғана ұшып жеткен допты ұстауға әрекеттенген шақта ебедейсіз қимылдап, қолынан шығарып алды да, ентелей келген Серікжан Мужиковтың аяғына салып берді. Тәжірибелі ойыншы, әрине, абыржыған жоқ — 0:2.

Бұдан соң «Ақтөбенің» салы суға кетті деуге болмас. Тіпті «Астана» қорғаушыларын тықсырып бақты. Бірақ шабуылдар нәтижелі аяқтала қойған жоқ. Силва Рейналдо, Абат Айымбетов, Милан Радин жасаған соққылардан соң доптар тым әуелеп кетіп жатты. Қақпа алдына келген Асланбек Кәкімовтің соққысы әлсіз болды. Әйтеуір таразы басын теңестірудің мүмкіндігі болмады.

Тым жақсы ойын өрнегін көрсеткен ақтөбеліктерге  өкініш арқалатқан  кездесу осылай аяқталды.

Ал «Ақтөбенің» жанкүйерлері Қазақстанды тағы да тамсантты. Егер бұл 29-тур ойындарын ел бойынша 22 800 адам тамашаласа, Ақтөбедегі Орталық стадионға соның жартысына жуығы, 11 000 жанкүйер келді.

«Ақтөбе»-«Астана» — 1:2

Гол авторлары: Рангело Янга, 42-минут (0:1); Саят Жұмағали, 55-минут (1:1); Серікжан Мужиков, 62-минут (1:2).

Ескерту қағазын алғандар: Асланбек Кәкімов, 58-минут («Ақтөбе») — Роман Муртазаев, Сергей Малый, 60-минут («Астана»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров, Александр Симчевич (капитан), Милан Радин, Саят Жұмағали, Антон Шурыгин, Руслан Валиуллин, Хрвое Милишевич, Силва Рейналдо, Асланбек Кәкімов, Абат Айымбетов.

«Астана»: Ненад Эрич (қақпашы, капитан), Абзал Бейсебеков, Марин Аничич, Сергей Малый, Юрий Логвиненко, Ласло Кляйнхайслер (Дмитрий Шомко, 80-минут), Иван Маевский, Серікжан Мужиков, Марин Томасов, Роман Муртазаев (Педро Энрике, 61-минут), Рангело Янга (Джуниор Кабананга, 76-минут).

7 қазан 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 11 мың адам.

 

* * *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Тобыл»-«Ертіс» — 1:2

«Қайсар»-«Атырау» — 2:2

«Жетісу»-«Шахтер» — 1:1

«Ақжайық»-«Қызылжар СК» — 0:0

«Ордабасы»-«Қайрат» — 2:0

 

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 15 кездесу өткізіп, 8 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 32:17 (+15). Ұпай — 28. Сырт алаңда 14 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 6 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 16:25 (-9). Ұпай — 14.

Маркос Пиззелли 18 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Эсеола («Қайрат») — 16 гол, Исаэль («Қайрат») — 12 гол.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда                   О         Ж        Т         Ұт           Д       Ұп

 

1.Астана                   28        22        4          2          57-15      67

2.Қайрат                   28        19        3         6          57-27      60          

3.Тобыл                    29        13        7          9          31-28      46

4.Ордабасы               29        11        5          13        33-41      38

5.Жетісу                    29        10         8         11        32-37      38

6.Ақтөбе                    29        11        9          9          48-42      36

7.Қайсар                    29        7          12        10        27-31      33

8.Қызылжар СК        28        9          4          15        23-40      31

9.Ақжайық                29        7          9          13        29-37      30

10.Ертіс                     29        8          5          16        25-40      29

11.Атырау                 29        7          8          14        28-43      29

11.Шахтер                 28        6          10        12        23-32      28

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

* * *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 6;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Абат Айымбетов — 2;

Хрвое Милишевич — 1;

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1;

Саят Жұмағали — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

* * *

30-тур ойындары 20-21 қазан, сенбі, жексенбі күндері өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтермен» кездеседі.

Бұл командамен бірінші айналымда Қарағандыда тең ойнап (1:1), екінші айналымда өз алаңымызда 2:0 есебімен ұтысқа ие болғанбыз.

Басқа кездесулер:

20 қазан, сенбі
«Астана» (Астана) — «Ордабасы» (Шымкент)

21 қазан, жексенбі
«Ертіс» (Павлодар) — «Қайсар» (Қызылорда)
«Атырау» (Атырау) — «Ақжайық» (Орал)

«Қайрат» (Алматы) — «Тобыл» (Қостанай)
«Қызылжар СК» (Петропавл) — «Жетісу» (Талдықорған)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button