Басты жаңалықтар

Келісімшарт неге орындалмайды?

Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындауы бүгінгі күннің басты мәселелерінің біріне айналуда. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас офисінде өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деп атап көрсетті.

Пайдалы қазбаларды игеру мен өңдеу жұмыстарын жүргізетін компаниялардың ағымдағы және жүйелілік проблемаларын талқылауға ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Бәймішев қатысты.

Облыс аумағында 18 компания қатты пайдалы қазбалар өндіреді, олармен 26 келісімшарт жасалған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты төрт келісімшартты бұзды. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижелеріне сәйкес тағы бес кәсіпорынға қатысты осындай шаралар қолданылуы мүмкін. Олардың қатарында «Ақтөбе Кен», «Дидар», «Экспоинжиниринг» және «ТобылПолиметалл» кәсіпорындары аталды.

Облыс басшысы көмірсутегі шикізатына қатысты сөз қозғағанда әлеуметтік міндеттемелер бойынша қарыздарға тоқталып өтті. Қыркүйек айына есептегенде оның көлемі 162 миллион теңгеге жетіп отыр.

Алты борышкер сапында «ТетисАралГаз» (53,4 миллион теңге), «Манаш» (35,2 миллион теңге), «ОйлТехноГрупп» (11,9 миллион теңге), «КБАОйл» (32 миллион теңге), «АқтөбеСтил Продакшн» (11,2 миллион теңге), «Ақтөбетермококс» (4 миллион теңге) кәсіпорындары бар.

— 2017 жыл үшін еңбекақының қарыздарын өтеу тұрғысынан шешімін таппаған мәселелер бар. Биылғы қыркүйек айына есептегенде ол 582 миллион теңгені құрайды. Өкінішке қарай, компаниялардың барлығы бірдей өздерінің уәделерін орындаған жоқ. Кез келген мемлекетте еңбекақы инфляция деңгейіне дейін көтеріледі. Мемлекет басшысының барлық жер қойнауын пайдаланушыларға, кәсіпорындарға, компанияларға еңбекақыны көтеру туралы тапсырмасы бар. Бұл шараны жүзеге асырғандарға алғыс айтамыз, өкінішке қарай, ұсынысты елемей отырғандар да бар, — деп сөзін жалғастырды облыс әкімі.

Мұндай кәсіпорындар қатарында «КаспийНефтьТМЕ», «АралПетролеум компани», «ТетисАралГаз», «Сайғақ Қазақстан» акционерлік қоғамдары бар.

Одан әрі инвестиция тарту, сатып алудағы қазақстандық құрам үлесі тақырыбы қозғалды. Бұл ретте ұңғымаларды бұрғылау жөніндегі міндеттемелерін орындамайтын компаниялар да атап көрсетілді.

— Жаңа технологияны енгізу бүгінгі күннің талабы болып саналады. Бұл жағынан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамын үлгі етуге болады, бірақ басқа компанияларға қатысты мұны айта алмаймыз, — деп облыс әкімі бір тұжырым жасады.

ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов өзінің баяндамасында Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодексі инвестиция тартуды жақсартуға және адал жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушыларды қолдауға бағытталғанына назар аударды.

— Сіздер Қазақстанның байлығын пайдалана отырып, әлеуметтік жауапкершілік көтерулеріңіз керек, — деп атап көрсетті ол жиналғандарға.

Бірінші вице-министр өз сөзінде өткен жылы Ақтөбе облысы жер қойнауын пайдаланушылар жоспарланған 360 миллиард теңге орнына 456 миллиард теңге инвестицияны жүзеге асырғанын айтты. Соған қарамастан 38 келісімшарт бойынша шарттық қаржылық міндеттемелер 38 пайызға ғана орындалды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоспардағы 2,3 миллиард теңге орнына іс жүзінде 1,7 миллиард теңге аударылды. Бұл — келісімшарттардың 32 пайызы бойынша ғана орындалуы. Жергілікті құрамдағы сатып алу бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың 79 келісімшарты жүзеге асты. Сондай-ақ 61 келісімшарт бойынша ғана қазақстандық кадрларды оқыту міндеттемелері межеден шықты.

— Үкімет біраз жылдар бойы сыртқы факторларды ескеріп келді. Өз міндеттемелерін орындай алмаған көптеген жер қойнауын пайдаланушыларға аяқтарынан тұрып кетіп, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, өнім өндіруге үлес қосу үшін уақытша мүмкіндіктер берілді. Жаңа кодекс міндеттемелердің қабылдануын реттейді, — деді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Бәймішев.

Оның берген мәліметтері бойынша, келісімшарттарға сәйкес қаржылық міндеттемелердің орындалуы — 78,6 пайыз, инвестицияны игеру — 81 пайыз, геологиялық-барлау жұмыстарын орындау — 65,9 пайыз, өнім өндіру шығындары 67,5 пайыз болып отыр.

— Биылғы жылдан бастап алған міндеттемелерін орындамайтын компанияларға қатысты айып санкциялары қолданылады. Бұл — алғашқы қадам. Ақтөбе облысында бес компанияға айып салынды, жер қойнауын пайдаланушылармен төрт келісімшарт бұзылды, — деді Р.Бәймішев.

Жиында бірқатар компаниялардың басшыларының жер қойнауын пайдалануға қатысты сөздері тыңдалды. Облыс басшысы жер қойнауын пайдаланушылардың жасалған келісімшарттарды орындауына байланысты қатаң сұраныс қажеттігін тағы да атап көрсетті. Ол компания басшыларын жылдың соңына дейін өнім өндіру көлемін арттыру, өңірдің экономикасын белгіленген бес пайызға өсіруге қол жеткізу үшін бар күш-жігерлерін жұмсауға шақырды.

— Тағы бір ескеретін жайт бар. Кейбір жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандықтарды оқытуға белгіленген және ғылымды дамытуға қарастырылған қаржыны үлестес оқу орындарына аударады. Бұлай жасауға болмайды. Біз бұл қаржыны Ақтөбе облысындағы жоғары оқу орындарына аударып, солармен ынтымақтастықта жұмыс істеуді ұсынамыз, — деді облыс басшысы жиын қорытындысында.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button