Білім

Ертең ҰБТ басталады

Ертеңнен бастап облыс түлектері сынақ тапсырады. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу біздің өңірде маусымның 4-і мен 6-сы күндері өтеді. 6505 мектеп бітірушінің 5174-і тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр.

Білім басқармасы:

Түлектерге сенеміз!

Жыл өткен сайын ҰБТ тапсыруға ықыласты түлектер көбейіп келеді. Облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Жәния Исатаева мұның басты себебі оқушылардың психологиялық дайындығы жақсы екендігімен түсіндіреді.

Балаларға бастауыш сыныптан бастап ҰБТ-ға дайындық жүргізіледі. 4-сыныпты бітіретін оқушылар мемлекет аралық бақылаудан өтеді. Осы арқылы білім сапасы анықталады. Міне, осы кезден бастап-ақ балалар емтихан туралы жалпы мағлұмат алып, сынақтың жүгі ауыр екендігін, әрине,  жақсы көрсеткішке ие болу үшін жан-жақты оқу, көп іздену керектігін ұғады.

5-10 сынып оқушылары да оқу жылының аяғында белгілі бір пәндерден сынақ тапсырады. Және оларға  да ұлттық бірыңғай тестілеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Биыл білім сапасын анықтау мақсатындағы бұл әдістің енгізілгеніне — жетінші жыл. Бұдан жеті жыл бұрын 4-сыныпта оқыған балалар биыл мектеп бітіріп жатыр. Жоспарға сай жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі, міне, осы — тестілеуге қатысатын түлектер көп, — дейді Жәния Әлмұханқызы.

Ертең Ақтөбе қаласы мен облыстық санаттағы жалпы білім беретін мектептер (мектеп-интернат, лицей) мен Мәртөк, Алға, Қарғалы аудандарының түлектері сынақ тапсырады. Аталған аудандарда тестілеу өтетін пункттер жоқ. Сондықтан, Алға ауданының балалары Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте, Мәртөктің оқушылары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында, қарғалылықтар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде емтихан тапсырады. Қалған ауданның оқушылары аудан орталықтарында маусымның 6-сы күні сыннан өтеді. Емтихан қабылданатын пункт саны — 12.

Биылғы сынақтың үш ерекшелігі бар. Түлектердің колледждерде білім алуы үшін тестілеуге қатысуы шарт емес. Яғни, орта білім алуы үшін тестілеу қорытындысы қажет емес.  Бұл — бір. Екінші ерекшелік, «екілік» алмау үшін әр пәннен 4 ұпай жинау керек. Ал «төрттік» пен «бестікке» қойылатын талап өзгерген жоқ. Үшіншісі, шектеу балл 50 болады. Мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін шекті деңгей 50 балға дейін (медициналық мамандықтар үшін  55 балл) көтеріліп отыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері Майра Өтепбергенова. Оның айтуынша, біздің облыстың оқушыларына бұл талаптардың қиындығы болмайды. Майра Кәкімқызы түлектердің жақсы көрсеткішке қол жеткізетіндеріне сенімді.

— Себебі, емтиханға дайындық өте жақсы деңгейде өтті. Қазан айынан бастап барлық мектептерде тестілеу сынағы жүргізіліп жатыр. Балалар ҰБТ-да жақсы баға алуы үшін білім басқармасының қызметкерлері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мамандары, мектеп мұғалімдері бірлесіп жұмыс істеуде. Мектептердің көпшілігі соңғы технологиямен жабдықталғандықтан білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары тестілеу сынағының нәтижесіне байланысты онлайн режимінде семинар-кеңес өткізді.

Облыстық мұғалімдердің біліктілігін көтеру жөніндегі институтпен де бірлесіп жұмыс жасалып жатыр. Аталған мекеменің мамандарымен бірге «Ақтөбе-Дарын» орталығының әдіскерлері Ойыл мен Ырғыз аудандарында жұмыс  жасап келді, — дейді Майра Өтепбергенова.

Облыс мұғалімдері ай сайын тестілеу сынағын өткізді. Биылдан бастап әр мектепте сынақ тестілеуден оқушылардың қанша балл жинағанын іліп қою жолға қойылған.

Қазанда облыстың орташа көрсеткіші 58,6 балл болған еді, қарашадағы нәтиже — 61,5,  ал желтоқсанда көрсеткіш 65,7 балл болса, сәуір айында 79,7 балға жетті, — дейді, М. Өтепбергенова.

Айта кету керек, облыс бойынша 196 оқушы «Алтын белгіден» үміткер. Үздік аттестатқа үміткерлердің саны — 64.

Пункттер:

Тест өткізуге дайынбыз!

Әбдіжәлел ЕРНИЯЗОВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты базасындағы №714 пункттің директоры:

— Біздің пунктке қарайтын 31 мектептің 690 түлегі тест тапсыруға өтініш берген. Оның 414-і қазақ тілінде сынақ тапсырады.

Жыл сайын біздің пунктте сынақ екі күн өтетін. Биыл балалар бір кезеңде тапсырады. Себебі, бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда мектеп бітірушілер аз. Мысалы, №9 мектеп-гимназияда 11-сынып оқушылары жоқ. Бұл — бір. Екіншіден, көлік қозғалысына кедергі келтірмеу ескерілді. Биыл біздің пункттің қасындағы көшелердегі қозғалыс бір күнге жабылады. Үшіншіден, 690 баланың бір мезетте емтихан тапсыруына институттың аудиториясы жеткілікті, сынақ 13 аудиторияда өткізіледі.

Биыл институтқа ер балалар мен қыз балалар екі есік арқылы  бөлек-бөлек кіреді. Балалардың киімі металл анықтайтын құрылғымен тексеріледі.

Емтихан тапсырушыларға барлық жағдай жасалды. Балаларды тасымалдау мен тамақтандыру мәселесі толық шешілді. Мәртөк ауданынан келетін 21 оқушы облыстық қазақ-түрік лицейінің жатақханасында орналасады. Аталған ауданның 238 түлегі институт асханасында 3 мезгіл тамақтанады.

Сынақ тапсырылатын аудиторияларда кондиционер бар. Балалар уақыттың қанша болғандығын біліп отырсын деп қабырғаға сағат ілінді. Сонымен қатар оқушылар уақытқа қарай бейімделуі үшін кезекші мұғалімдер 45 минут сайын сағаттың неше болғандығын хабарлап отырады.

Әр аудиторияны 2 кезекші қадағалайды. Балалар орнынан басқа орынға ауысуға, емтихан материалдарын ауыстыруға, шпаргалка пайдалануға, көшіруге, ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон) пайдалануға болмайды. Тәртіпті бұзған жағдайда мектеп бітіруші емтиханнан шығарылады. Тестілеу уақытында оқушыдан мүмкін болатын дұрыс жауаптар коды көрсетілген ұялы телефон, пейджер немесе шпаргалка табылған жағдайда, аудитория кезекшісі министрлік өкілін хабардар етеді. Министрлік өкілі мемлекеттік комиссия төрағасымен және аудитория кезекшісімен бірігіп, бітірушінің қатысуымен акт жасайды. Аудиториядан шығарылған баланың жауап парағы сканерден өтуге жіберілмейді.

*** Ұлттық бірыңғай тестілеу —  жалпы орта білім беру ұйымдарында оқушылардың қорытынды аттестаттауының бір түрі.

*** ҰБТ өткізудің қажеттілігі:
ҰБТ —  білім беру ұйымдарын объективті бағалау, олардың нақты рейтингісін көрсету, оқушылардың және мұғалімдердің білім алудағы жоғары нәтижелеріне талпынысын ынталандыру.

*** ҰБТ-ның мақсаты:

ҰБТ —  жоғары білім алудағы барлық бітірушілердің тең дәрежеде қол жеткізуі, білім берудің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру.

**** Білім грантын алу үшін

Ағымдағы жылы талапкерлер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін кешенді тестілеуден өтіп, сертификат алуы қажет. Конкурс бойынша жоғары балл жинаған талапкерлер  білім грантына ие болады.

ҰБТ өткізілетін 5 пән:
Міндетті пәндер:

1) Математика;
2) Қазақстан тарихы;
3) Қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі);
4) Қазақ тілі орыс тілінде оқытатын мектептер үшін немесе орыс тілі қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін;
5) жоғары оқу орындарына қабылдаудың үлгі ережелеріне сәйкес таңдалған мамандықтарға байланысты пәндердің біреуі (5-пән ҰБТ кезінде көрсетіледі): физика, химия, биология, география, дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті) және шет тілі.

Қосымша: әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны —  25 сұрақ. Сынақ уақыты —  210 минут (3,5 сағат).

Талапкер ҰБТ нәтижесімен келіспесе,

онда ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу ережелеріне сәйкес, әрбір ҰБТ өткізу пунктінде құрылған апелляциялық комиссияға өтініш беруіне құқылы. Апелляцияға өтініштер ҰБТ нәтижесін хабарлағаннан кейін келесі күнгі сағат 13-ке дейін беріледі және бір тәуліктің ішінде апелляциялық комиссияда қарастырылады.

Біздің дерек:

***

Биыл елімізде 138 012 мектеп бітірушінің 110 000 мыңнан астамы (80 пайызы) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр.

***

Тестілеу маусымның 4-10-ында республикамыздағы 49 қала мен 105 аудан орталықтарында құрылған 154 тестілеу  қосындарында өткізіледі.

ҰБТ сертификатының балдарын жалпы орта білім туралы аттестаттың бағаларына ауыстыру шкаласы

№ р/с Пән 2 (қанағаттанар-лықсыз) 3

(қанағаттанарлық)

4

(жақсы)

5

(үздік)

1. Қазақ тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
2. Орыс тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
3. Қазақстан тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
4. Математика 0-3 4-11 12-19 20-35
5. Физика 0-3 4-11 12-19 20-35
6. Химия 0-3 4-11 12-19 20-35
7. Биология 0-3 4-13 14-20 21-25
8. География 0-3 4-13 14-20 21-25
9. Дүниежүзі тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
10. Қазақ әдебиеті 0-3 4-13 14-20 21-25
11. Орыс әдебиеті 0-3 4-13 14-20 21-25
12. Ағылшын тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
13. Неміс тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
14. Француз тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
15. Қазақ тілі орыс мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25
16. Орыс тілі қазақ мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25

Сонымен біздің түлектер  ертең сын тапсырады. Сынақтың қорытындысы мектеп бітірушілердің ғана емес, облыстағы білім сапасын анықтайды. Түлектерге сәттілік тілейміз.

Бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button