Мәдениет

Пір Бекет Мұғалжарда да мешіт салдырған…

Мұғалжар ауданынан пір Бекеттің жетінші мешіті табылды. Ембі қаласынан жиырма бес шақырымдай жерде орналасқан Қырғыз ауылының тұсындағы ескі қорымда ертеде төрт бөлмелі болып салынған мешіт, әлде медресе ретінде тұрғызылған тарихи ескерткішті ауылдың ақсақалдары, жергілікті дін өкілдері мен Ақмешіттің имамы Ислам қажы Мырзабекұлы Бекет атаның мешіті деп болжап, сеніп отыр. Сенім расталса, Ақтөбе өңірінде тағы бір киелі орын пайда болады.

Өткен аптада Бекет атаның ата-анасы Мырзағұл мен Жәния жерленген Ақмешіт орналасқан Атырау, Оғыланды мешіті орналасқан Маңғыстау өңірлерінен, Ақтөбенің кей аудандарынан осы мешітке көру үшін арнайы қонақтар келді.

Әлқисса…

«…Көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан» (Ә.Кекілбаев) адамзат тарихындағы соңғы пір Бекет Мырзағұлұлы 1750 жылы Жем бойындағы Ақкиізтоғай ауылының Ақмешіт аталатын қасиетті мүйісінде дүниеге келіпті. Биыл ұлыстың ұраны болған Ер Бекеттің туғанына 260 жыл толады.

Бекет атаны білмейтін қазақ жоқ. Халық Бекет атаның, әсіресе, ағартушылық қызметін өте жоғары бағалаған. Халықты рухани тәрбиелеу бағытында ертеде қазақ жерінде негізінен діни қағидалар басшылыққа алынған. Қазан төңкерісіне дейін қазақ жерінде көптеген мешіттер мен медреселер салынып, онда балалар әліпті үйреніп, арабша, парсыша жазу-сызудың ілімін меңгерген. Оған қазақ даласы деп аталатын мұражайдың жәдігерлері — бірнеше ғасырлардан кейін әр түкпірден табылып жатқан тарихи-мәдени ескерткіштер куә.

Соның бірі — Бекет атаның мешіттері. Қырық жыл бойы Бекет ата өмірін қал-қадерінше зерттеп, қалың көпшілікке жеткізуге тырысып келе жатқан Ислам қажы Мырзабекұлының  айтуынша, Бекет ата көзінің тірісінде жеті жерден мешіт салдырған. Оның алғашқы үшеуі бұрыннан белгілі — Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыдағы, Бейнеудегі және Ақмешіттегі мешіттер.

Ислам қажының қырық жылғы еңбегінің жемісі болған «Бекет ата» кітабында бұл мешіттер жөнінде былай деп жазады:

«… Бекет ата 14 жасында әкесі Мырзағұлдың рұқсатымен білім қуып, Өзбекстанның қазіргі Хорезм облысының аймағына кіретін Хиуа шаһарына ауылдасы Қырымқұл екеуі аттанады. Хиуа медресесінде 7 жыл оқып, 21 жасында елге, туған топырағы қазіргі Атырау облысының Жылыой ауданындағы Ақмешіт елді мекеніне оралады. Елге оралған соң 21-24 жас аралығындағы ауыл балаларының басын қосып, діни сауаттарын ашады. Ғылыми экспедиция мүшесі А.Дюгамель суреттеп жазғандай, болашақта осы өңір балаларын бір орталықтан оқыту мақсатын көздеп ақбор төбенің батыс жағалауындағы баурайынан дөңгелек пішіндес екі бөлмелі мешіт салдыра бастайды. Ол ғимаратты Бекет атаның ауылдасы Соқырша деген жігіт басшылық жасап, үш жаз бойы еңбектеніп, шамамен 1771-1774 жылдар аралығында салып бітіреді.

Пір Бекеттің ескі Бейнеудегі мешіті Маңғыстау облысындағы Бейнеу кентінің оңтүстігінде, 20 шақырымдай жерде айналасы қоршалған үлкен қорымның шығыс жақ ернеуіндегі солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан ескі терең өзек бойына орналасқан.

Бұл мешіттің құрылысы сәулет өнерінің хас шебері Бекет атаның Оғыландыдағы салдырған мешітін еске түсіреді. Бұл мешіт те тастақ төбенің құз жартас сілемінің аяқталар тұсындағы баурайынан қашап салынған…

Бекет ата мешіттерінің ішінде өзінің алғашқы қалпын жақсы сақтап қалғаны Үстірт жазықтығының Маңғыстаудың ойымен қыраттар арқылы ұласар жеріндегі бөлек тұрған шоқыны үңгіп салған ғимараты. Алып ғимараттың есік ойығына талдың қалақ тастары мен шегенделіп өрілген жақтау қабырғамен бекітілуі және оның тереңге орналасуы ғимараттың бүгінгі дәуірге дейін жақсы сақталуына себепші болған…» — деп, әр мешіт туралы толық баяндайды автор.

Ислам қажының айтуынша, Бекет атаның бұл үшеуінен кейінірек табылған тағы екі мешітінің бірі Каспий жағалауына жақын маңдағы Бозашы түбегіндегі Тобықтының ойында. Бекет ата Мекке-Мәдинаға сапар шегер алдында осындағы мешітіне тынығып, намазын, басқа да дұғаларын оқып аттанатын болыпты деседі. Тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбайдың 1996 жылы Алматыда шыққан «Дәуір бел-белестерінде» кітабындағы деректер бойынша, «…Бозашы түбегіндегі Мәстек жеріне таяу — Тобықтының ойындағы осы мешітте Ата бала оқытқан деседі». Қазір бұл мешітті Сайын Назарбеков деген азамат жаңғыртып, халық келіп тәу ететін орынға айналдыру мақсатында іс қылып жатыр екен.

Бесінші мешіт — Үстірт жазығындағы Байшағар деген жерге жақын орналасқан. Жаңаөзеннен шамамен 300 шақырым шығыста, Қарақалпақстанның Шоманай ауданы орталығынан 350, ал Қоңырат қаласынан 340, Шақпақты газ құбырынан 40 шақырым қашықтықта Бесқалаға баратын жол бойына орналасқан. Бекет ата Хиуа мен Бұхараға, сондай-ақ Қожа Ахмет Иассауи жерленген қасиетті Түркістанға зиярат жасауға бара жатқанда осы мешітке соғып, жолшыбай намазын оқып, демалып өтеді екен деп жазады Ислам қажы өз кітабында.

Бекет ата алтыншы мешітін Маңғыстаудың Тиген деген жерінде салған көрінеді. Бұл да зерттеу жұмыстарын қажет етіп тұрған дерек.

Пір Бекеттің жетінші мешіті

Бекет атаның тағы бір мешіті Мұғалжар ауданынан табылды деген дерек елең еткізді. Мұғалжар ауданы Ембі қаласынан 25 шақырымдай қашықтықта Қырғыз ауылының тұсындағы Қос Айырықтың батыс жағындағы биік қырдың басында орналасқан ескі мұраның Пір Бекеттің мешіті екені расталса, ата мешіттерінің саны түгенделгені.

— Адай ұлысы Сауран айналып көшкенде ат басын тіреген жерінің бірі —  Ақтөбе облысының аумағына кіретін Жем өзені бастау алатын Мұғалжар тауының етегі екен. Жер шұрайлы, шөбі шүйгін, сулы да нулы, қонысқа жайлы осынау тау етегін бойлай қоныстанған қалың ел бұл арадан көшіп, қазіргі Маңғыстау түбегіне қоныс аударып барғанға дейін бірнеше ондаған жылдар бойы мекен етеді. Қариялардың айтуынша, Бекет ата осы қалың ел отырған Мұғалжар тауының етегінен мешіт салдырған көрінеді. Бірде Маңғыстау облыстық мәслихаты болып қызмет жасаған, қазір зейнеткер Тергеу Айдарханов деген кісімен сөйлестім. Ол кісінің айтуынша, 1974 жылы ақын Әбу Сәрсенбаев зайыбымен Оғыландыға бармақ болып, Маңғыстауға келіп, Терекеңнің үйінде қонақта болады. Әңгіме арасында Әбу Сәрсенбаев жас жігіт шағында Ақтөбедегі Мұғалжар тауының баурайындағы Бекет атаның тастан қашап салынған мешітіне тағзым етуге барғанын, күтімсіздіктен әбден тозығы жеткен мешітте сақталған түрлі кітаптардың арасынан Бекет атаның өз қолымен жазып, мөрі басылған қағаз тауып алғанын айтып, сол қағазды қойын қалтасынан шығарып, үй иесіне көрсетіпті. Бұл әңгімені осы 3-4 жылдықта ғана естідім, бірақ өкінішке қарай, аталған құнды құжатты таба алмадық, — дейді Ислам қажы.

Содан бері Ислам қажы Бекет атаның Мұғалжар тауының етегіндегі мешіті туралы сұрастырып, қолына түскен деректерді жинастырып жүргенін айтады. Оның айтуынша, Бекет ата бұл жерге кәрі нағашысы Тама Есет батырдың ұсынысымен де мешіт салдыруы мүмкін…

Пір Бекеттің мешіті болуы мүмкін ескі тарихи ескерткішке қатысты жұмыстардың басы-қасында ембілік ерлі-зайыпты мұғалімдер Молдабай мен Қамқа Ержановтар жүр.

Өткен жылы жаз мезгілінде Оғыландыға барған сапарында Қамқа Ержанова Ислам қажымен кездесіп, танысқанын, Ислам қажының оған Мұғалжар тауының етегінде Бекет атаның мешіті бар екенін, бірақ соның нақты қай тұста екендігі белгісіздігін, мүмкін болса, сол туралы деректер жинастыруын өтінгенін айтады.

— Келе сала сол шаруаға кірістім. Мектеп кітапханашысы Гүлзат Тасмағамбетова деген келіншектің: «Қырғыз разъезіне келін болып түскеніме 17 жыл болды. Атамның жерленген жеріндегі ескі қорымда бір ескі мешіт тұр, жұрт соны Бекет ата мешіті деп айтады. Ауылдың адамдары ауырған кездері соған барып түнейді, шипа болсын деп топырағын ауырған жеріне басады», — деген сөзі әлгі ескі мешітке баруыма түрткі болды. Бардық, көрдік. Ауылдың ақсақалдарымен сөйлестік, — дейді Қамқа Омарқызы.

Қамқа сөйлескен ақсақалдардың біразымен біз де сөйлестік. Осы  ауылда туып, өскен Темірғали Шамуршановтың айтуынша, жергілікті тұрғындар бұл ескі мешітті «Күшен тамы» деп атап келген. Осы аймақта мыңғырған малы бар Күшен деген бай өтіпті деседі. «Мына мешітті сол кісінің күшімен Алдамшүкір деген кісі баласы Алдаберген екеуі салып шыққан деген әңгімені шалдардан көп естідім. Кірпішке жылқылардың құйрық жалын күзеп, балшыққа араластырып, күйдіріп жасаған секілді. Ал жылқының қылы уақыт өткен сайын қатая түсетін берік нәрсе», — дейді Т.Шамуршанов ақсақал. Бұл ауылда тумағанымен, біраз жылдар осында қызмет еткен Ғазиз Есекенов ақсақал да бұл жерді «Күшен тамы» деп айтатынын тілге тиек етті. Ғ.Есекеновтің айтуынша, осы жерде кешегі күнге дейін цементке қосатын диатамит деген ақ топырақ болған. Диатамит жынысынан өмірі су өтпейтін көрінеді. Ақсақалдар мешіттің қабырғасын цементке диатамит қосып сылаған деген болжам айтады.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан арнайы келген Тұмаш Ауданбаевтың айтуынша да, ертеректе кірпішті балшықты жылқының сүтімен араластырып, жылқының қылын араластырып жасайтын болған, ол уақыт өткен сайын қатайып, шыңдала береді екен. «Маңғыстаудағы 362 әулиенің мешіттерінің нобайы осымен қаланып шыққан. Сол уақыттарда салынған мешіттердің көпшілігі бір-біріне ұқсайды. Бекет ата мешіттерінің өзінше бөлек архитектурасы болған. Көпшілігі 4-5 бөлмелі, бала оқытуға қолайлы», — дейді ол.

Бекет ата мешіттері негізінен айналасы иегінің астындағыдай айқын көрінетін қыр жерлерде салынған. Мұғалжардағы мешіт Қырғыз разъезінің іргесіндегі биік төбеде орналасқан. Айнала алақандағыдай көрінеді. Мешіт төрт бөлмелі боп салынғанға ұқсайды. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидің мавзолейі секілді бұл мешіттің қабырғалары да өріліп жасалған. Осыдан жеті жылдай уақыт бұрын осы мешітке Қандыағаштағы мешіттің сол уақыттағы имамы Оразалы Шынболатов пен Мәриям қажы Сейіткамалова келіп, осындағы бір ескі белгітастан «пір» деген сөзді оқыпты. Ал «пірдің соңы Бекет» екені белгілі. Кейін Қандыағаш мешітінің қазіргі имамы Ғабит Мәткәрімов бастаған дін өкілдері келіп, бұл тастан «Медресе, балалар, 34» деген жазуларды оқыпты. Соған қарағанда, бұл 34 баланы оқытқан медресе болуы мүмкін деген болжам бар.

Өткен жылы күзде бұл мешіт тұрған жерге Ислам қажы бірнеше адам болып келіп, көріп, «Көріпкел әулие Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813 жж.) ХVІІІ ғ.б. – ХІХ ғ. а. осы орынға мешіт салдырған» деп жазып, басына мәрмәр тастан белгі орнатып, айналасын ақ темірмен қоршап қойған екен. Бірақ аз уақыттың ішінде оны біреулер дәті барып талқандап, мәрмәрға тас лақтырып құлатып, қоршауды жұлып алыпты. «Қырғыз разъезінің тұрғындары сол жерде қорымдағы суреттердің көзін шұқып, ойып, айшықтарды теріс қаратып, құлатып кететін адамдардың бар екендігін айтқан еді. Бірақ дәл осы Бекет атаның мешітіне қолы барып, осылай жасайды деген ой болған жоқ. Мен бұл бассыздықты көрген соң дереу басшыларға шығып, белгі мен қоршауды қалпына келтірдік», — дейді Қамқа Омарқызы. Ислам қажы оны уахабшылардың ісі шығар дейді.

Кешегі «дін — апиын» деген атеистік кезеңде қазақ даласындағы көптеген діни орындар күштеп жабылып, мал қораға айналдырылғаны белгілі. Ислам қажының айтуынша, олардың көпшілігіне тіпті динамит қойып, жарған. Бекет атаның кейбір мешіттері де осындай жайды бастап кешірген. Мұғалжарда табылған мешіт те сондай нәубетті басынан өткізген сыңайлы. Ойылып-ойылып қалыпты. Бірақ қабырғасы мықты сияқты. Жергілікті ақсақалдар «кезінде бұл мешітті зеңбірекпен атқанда, төбесінен екі аққу ұшып шығыпты» дегенді айтады. Бұны олар «аруақ үркіп, ұшып кетті» деп болжайды.

P.S. Қамқа Омарқызы Ембі мектебінің оқушысы Әйгерім Нұртаевамен бірге «Бекет ата тағылымы» тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, бұл жоба бойынша облыстық, республикалық Кіші ғылым академиясы конференциясында жүлдегер атанған.

Ислам қажы Мырзабекұлы аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың қабылдауында болып, осы жерден түнек үйі салынса, мешіт қалпына келтірілсе, мүмкін жаңа мешіт салынса деген тілегін білдіргенін, бұны аудан әкімі қуаттағанын айтады.

Бұл — жұмыстың басы ғана. Жұмыстың нағыз қызатын кезі алда. Егер бұл мешіт ғылыми тұрғыда зерттеліп, Бекет ата мешіті екені күмәнсіз расталса, бұл рухани мұраға қосылған үлкен олжа болар еді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Салематсыздарма.мен ғылыми жобаға мәліметтер іздеп жүрмін.қиын болмаса Айгерим Нуртаева мен Қамқа Омарқызының электрондық адресстерін бересізбе

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button