Рухани жаңғыру

«Шопан апаның» мерейі

Халқымыз ер-азаматты елдің тірегі санаса, ақ жаулықты ананы елдің құты деп білген. «Алты ұл тапқан ананы, ханым десе болмай ма?» — деп, ұл-қыз өсіріп, ұрпақ өрбіткен, азаматты сыйлап, шаңырақтың бақ-берекесіне ұйытқы болған әйелді ең үлкен құрметке лайық санаған. Осындай аяулы аналарымыздың бірі, «Күміс алқа» иегері, сондай-ақ Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, VII және VIII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Күләш Оразалина 80 жасқа толып отыр.

Ол — қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның тәрбиесімен өскен, соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалықтарын көтерген ұрпақтың өкілі. 1955 жылы тұрмысқа шыққанында, небәрі 17 жаста еді. Колхоздың қойын бағып жүрген қайын атасы бір жылдан кейін, отарын ұлы Тәртіп пен келіні Күләшқа табыстады. Сөйтіп, ол Шопан ата таяғын 18 жасынан бастап қолына ұстаған болатын.

Бұл — ең тынымсыз тірлік. Қой баққан шопан басқа еңбеккерлер секілді, кешкілік «жұмыстан қайтатын уақыт», сенбі мен жексенбінің, мереке күндерінің демалысы дегенді мүлде білмейді. Жылдың он екі айында, тәуліктің 24 сағатында малдың қамын күйттеумен болады. Күләш Оразалина 33 жыл бойы осынша зор жауапкершілікті арқалап, Темір ауданының, «Кеңқияқ» совхозында аға шопан болып еңбек етті. Ауыл-аймағы оны «Шопан апа» атап кетті.

Күләш апайдың өзі бүгінде шопан таяғын ұстаған жылдарын:

— Ол кезде мал бағу абыройлы міндет саналды. Қой шаруашылығы — «екінші тың», ал қой баққан шопандар «екінші тыңның ерлері» атанды. Қой басын көбейтіп, 50 миллионға дейін жеткізу біздің республикамызда мал шаруашылығын дамытуда алға қойылған ең басты міндет еді. Сондықтан осы салада жүрген біздің еңбегіміз ерекше бағаланды, ал еңбек бағаланған жерде жұмыстың ауыртпалығы, шаршау дегендерді білмейсің. Бәрі де еңбектің бағаланғандығының арқасы ғой. Мен 50 жастан асып, зейнеттік демалысқа шыққанша, тіпті бірде-бір ауырып та көрмеппін, — деп, бейнетінен гөрі, сәулелі тұстарын көбірек айтып, ризашылықпен еске алады.

Әрине, ол заманда мал шығынын азайту, жем-шөппен қамту, т.б. мәселелер шешіміне бүкіл қоғам араласқаны рас. Бірақ, қайткенде де, жауапкершіліктің ең ауыры иен далада күндіз-түні қой соңында жүретін шопанның өз иығына түседі. Мал төлдету науқанының ең бір қайнаған тұсында құп-құйттай, бір уыс қалпымен үп-үлкен қойларды арқалап жүретін кездері… Ит-құстан секем алып, қора жақты шолып қайту үшін түнімен сан рет оянатыны… Малды ит-құстан қорып жүргенде, бір жолы көрші ауылдан келген ұрының үстінен түсіп, үлкен қатерге ұрынғаны…

Ал көпшілік назарына осы бейнеттердің түпкі нәтижесі ғана паш етілді: Күләш апайдың есімі ауданда үнемі А.Ізтілеуов, Д.Сисенов, С.Қарағұлов, М.Айтжанов, А.Бисембин сынды озат шопандармен қатар аталатын. Осы шопандардың күшімен 1981-1984 жылдар аралығында Темір ауданында жоспардан тыс 24374 қозы алынған. 1984 жылы аға шопан Күләш Оразалина отарындағы әр 100 саулықтан, орта есеппен, 145 қозы алды. Әр жылы алынған төлді аман сақтау көрсеткіші жөнінен де үнемі алда болды. Сол кездің талабы бойынша, өз отарынан бөлек, комсомол-жастар бригадаларына қамқорлық етіп, кей жылдары тіпті бірнеше отардың жауапкершілігін де мойнына алып жүрді. 1974-1989 жылдар аралығында ол 120 жасты атакәсіпке баулыды.

Күләш Оразалина 1971 жылы —  Еңбек Қызыл Ту, 1982 жылы «Құрмет белгісі» ордендерімен, 1981 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен наградталды. Екі рет республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды, Қазақстан Компартиясының ХV съезіне делегат болып барды. Бұлардан бөлек марапаттары да көп.

Еңбектегі табыстарымен ғана емес, ең алдымен,  Күләш әулеттің анасы ретінде өз ортасында әрдайым өте сыйлы болды. Бір қызығы, жолдасы Тәртіппен ол тұрмыс құрғанға дейін таныс та болмаған екен.

— Мұндай жайт ол кезде тіпті де таңсық емес еді, балалары үшін шешімді ата-аналары қабылдайтын. Дегенмен, отбасы құндылықтары, сыйластық мәселесі әрдайым бірінші орында тұрғандықтан, жастар әдетте жарасып кететін, ажырасу жағдайлары кездеспейтін. Біз де тез тіл табысып, өмірдің барлық ыстық-суығын бірге көруге, бір-бірімізді қолдап ғұмыр кешуге тырыстық, — деп еске алды Күләш апай.

Отбасында бірінен соң бірі алты бала дүниеге келіп, жылдар алаңсыз өтіп жатты. Балалардың алды жоғары оқу орнына түсіп, студент атанған шақта отағасы Тәртіп мезгілсіз қазаға ұшырады. Қайсар әйел орны толмас бұл қайғыны да жеңе білді, алты баласын әлпештеп өсірді. Бүгінде бар саналы ғұмырын дәрігерлік қызметке арнаған тұңғыш перзенті де зейнеттік демалысқа шығыпты. Басқа балалары да өмірден өз орындарын тауып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр.

Кейіпкеріміз туралы кіші келіні Жанар:

— Біздің анамыз әлі де тың, қуатты. Сүтті өзі тартып, дайындаған ірімшік-құртын немере-шөберелерінің аузына тосып жүр. Біз үшін өмірдегі басты үлгі тұтар адам — осы кісі, — дейді.

Биылғы мерейтойын Күләш апай алты баласы мен келін, күйеу балалары, 18 немересі мен 26 шөбересінің ортасында қарсы алды. Ол үшін өмірдің басты қуанышы да осылар, қанатының астына басқан балапандары… ұрпағы…

Кейіпкеріміздің мерейлі жасының «Анаға тағзым» жобасының іске асырылуымен тұспа-тұс келуін де біз жақсылыққа жорыдық. Өйткені заман да, құндылықтар да сан құбылып, өзгеріп жатқанымен, бабалар көшін ертеңге жалғар ақ-адал ұрпақ өсірген осындай ақ жаулықты аналарымыз Мәңгілік елдің ырыс-құты болып қала бермек.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button