Спорт

Спортты жандарына серік еткен

«Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс.

30 %-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек».

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың

Қазақстан халқына Жолдауынан.


немесе Мұғалжар ауданындағы дене шынықтыру және спорт тынысы

Мұғалжар ауданында екі бірдей балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептердің бірнеше филиалдары бар. Жұмыс істейді деген жай сөз болар, мұнда өз ісіне берілген жандар жастарды кәсіби спортқа баулуда. Қазір ауданда 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 40-тың үстінде спорт шебері, 100-ге жуық спорт шеберлігіне кандидат бар. Ал дене шынықтыруды жандарына серік еткен тұрғындар қатары көбейе түсуде.

Мұғалжар ауданының спорт тарихына көз жүгіртсек, әрбір кезеңдерде белгілі-белгілі спортшылар шыққанын білеміз. Күні кеше ғана бокстан әлемді бағындырып, екі олимпиадаға қатысқан Галиб Жафаров Қандыағаштың спорт мектебінен шықты. Бүгінгі күні қол добы шеберлері Қазақстанның Супер Лигасында өнер көрсетіп, қола медальға ие болды. Қазір қандыағаштық 5 жігіт Қазақстанның құрама командасына қабылданды. Жұлдызхан Әминтегі, Жасұлан Бөлекбаев, Мират Базарқұлов, Әбубәкіров, Тоқтарбаевтар 3-14 шілдеде Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өтетін Азия чемпионатына әзірленуде. Айта кету керек, Қазақстан құрама командасын Мұғалжар аудандық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы, қол добынан «Қандыағаш» командасының жаттықтырушысы Есет Әміржанов басқарып барады. Қазірде жасы зейнеткерлікке жақындап қалса да, сол спорттық бабында жүрген Е. Әміржанов кезінде қол добынан Қазақстан студенттер құрама командасында ойнап, КСРО чемпионы болған.

Биыл бокстан өткен жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде мұғалжарлықтар бір алтын, бір күміске ие болды, оның бірі Ембі қаласынан. Ал бокстан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жалғыз ғана ақтөбелік чемпион атанған болса, ол — қандыағаштық Сержан Атыраубаев. Өткен жылы Нұртас Әжбенов күміс медаль алған болатын. Стол теннисінен Иманов, Қотыров тәрізді жастар ел біріншілігінде күміс медальға ие болды. Самбо күресінен Нұрсұлтан Иманғазин, Мадиар Алдамжаров, Бейбіт Фазылов Қазақстан командасының құрамында Азия чемпионатына кетті.

Қандыағаш қаласында көпшілік үшін жаңа спорт түрі саналатын поуэрлифтинг даму үстінде. Бұл спорт бойынша көрсеткіштер де жылдан-жылға жақсаруда. Жаттықтырушы Сергей Ведюшкин қазірдің өзінде 5 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындап, еліміз бойынша білікті маман ретінде танылды. Оның шәкірттері Гүлнұр Бижанова мен Айболат Иманғалиев Моңғолияда жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Ал Жарқын Абдуллина ересектер арасындағы ел біріншілігінде күміс медальмен қуантты.

Дзю-до күресінен жаттықтырушы Саламат Ерболат, Әли Алтыбаев, бокстан Амангелді Үсенбаев, футболдан Ембіде Хайрулла Исаев сынды жаттықтырушылар өз шәкірттерінен үлкен үміт күтеді.

Әрине, мұғалжарлықтар спорттың қай түрінен де әр кезде жүлде алып жүр. Спортқа шындап ден қойған оқушылар мен жастар саны көбейіп келеді. Ал дене шынықтыру мен спорттың бұқаралығы қандай деңгейде деген мәселені аудандағы спорт төңірегінде бел шеше кірісіп жүрген азаматтардан сұраған едік. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Жангелді Құрмашев былай деді:

— Елбасының биылғы Жолдауында халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту керек деген міндет қоюы бекер емес. Адамның дені сау болса, жаны да сау болады. Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау барысында дене шынықтыру мен спортты дамыту істерінде жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді байқадық. Кейбір кемшіліктерімізді жою мақсатында шаралар жоспарын жасадық. Мұның бәрі рет-ретімен айтылар.

Тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін алдымен, спорттың бұқаралығын кеңінен насихаттау керек. Сондықтан бізде әрбір даталы мерекеде спорттық жарыстарды, түрлі турнирлерді ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мәселен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында футболдан кең көлемде турнир өтті. Турнир бірнеше кезеңге созылды. Оған бюджеттік мекемелермен қатар, аудан көлеміндегі кәсіпорындар командалары да қатысты. Көрші аудандардан командалар шақырылды. Бұл бір ғана мысал.

Соңғы кездері байқап жүрмін, өз беттерінше спортпен шұғылданып, ертеңгісін, кешкілік жүгіріп жүрген жасы бар, қарты бар, тұрғындар қатары көбейіп келеді. Ал балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін де бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудандағы Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларында өз тарапымыздан аула клубтарын аштық.

Міне, осындай игі істерді насихаттау мақсатында түрлі жиналыстарда, тұрғындармен кездесулер кезінде осы адамдарды мысал етіп, спортқа бет бұруға шақырып отырамыз. Өйткені адамға ең алдымен керегі — денсаулық.

Жастар, мейлі кәнігі спортшы болып кетпей-ақ қойсын, бірақ дене шынықтырумен айналысулары тиіс. Мұнымен қатар, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісін одан әрі жандандыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Бұрын ДОСААФ аталған, қазіргі «Отан» ЖШС базасында қалған ұзындығы 50 метр тир бар еді. Соған күрделі жөндеу жүргізіп, жастардың әскери-патриоттық клубын ашып жатырмыз. Мұның алдында Ақкемер ауылында орта мектеп базасында бірінші әскери-патриоттық клуб ашылған болатын. Қазір бұл клуб өзінің жарғысын бекітіп, заңды түрде жұмысты бастап кетті.

Әрине, спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында көптеген істер атқарылуда. Осы жерде мына бір мәселеге тоқтала кеткім келеді. Бұрын ведомстволық бағыныштағы мекемелерде, кәсіпорындарда жастар ісімен айналысатын штаттық бірлік немесе спорт нұсқаушысы болатын. Өкінішке қарай, қазір жоқ. Бұл мәселе жоғары билік деңгейінде шешімін тапса, құба-құп болар еді. Ал мемлекеттік мекемелерде мұндай штат болмаса да, қоғамдық негізде жастар арасынан бір адамнан белгіледік. Әрбір мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің спорт залға баратын күндері мен уақыты бекітілді.

Тағы бір проблема бар. Мұны жергілікті жерде шешуге болады. Мұғалжар — мұнайлы өлке. Бұрын мұнайшылардың өзінің спорт залы бар еді. Қазір жабылып қалды. Өкінішті-ақ. Біздің, яғни жергілікті мұнайшылар мен тұрғындардың тілегін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығы қабыл алып, аудан мұнайшылары үшін бір спорттық кешен тұрғызатын уақыт жетті. Бұған Елбасының талабы да қозғау салып тұр. Мұнайшылардан басқа ірі кәсіпорындарда да спортпен айналысатын, тіпті алаңдары да жоқ. Сондықтан мұнайшылар, теміржолшылар, аудан көлеміндегі басқа да ірі-ірі кәсіпорындар басшыларымен бірлесіп, өзара келісімге келіп, спорт кешенін, жүзу бассейнін салу ойда бар.

Аудан әкімі орынбасарының сөзін аудандық туризм, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Есет Әміржанов былай деп сабақтады:

— Спорттың бұқаралығын арттыру үшін де, спортшылардың шеберлігін шыңдау үшін де ең алдымен керегі — спорттық база. Қазір аудан бойынша екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар: бірі — Қандыағашта, екіншісі — Ембіде. Өткен жылы осы екі мектеп күрделі жөндеуден өтті. Аудандағы 48 мектептің бәрінде де спорт залдары жөнделді. Спортшыларды даярлайтын кадрларымыз да жеткілікті, әрқайсысы өз істерінің нағыз маманы. Жаттықтырушылар мен мектептегі дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында жылына екі рет аудандық деңгейде семинар-кеңес өткізіледі. Тіпті, республикалық спорттық ғылыми-практикалық орталықта қызмет ететін жерлесіміз Сүгірәлі Тайжановпен байланыс жасап, кездесулер өткіземіз. Ол кісі біздің шақыруымызды жерде қалдырмай, осында келіп кеңестерін айтады. Керекті оқу құралдарын да ала келеді.

Бізде бәрін де ысырып қойып, өзінің барлық күш-жігерін балаларға, жастарға арнап жүрген, былайша айтқанда, фанат-ұстаздар да бар. Мысалы, Құмжарған деген шағын ғана ауыл бар, бұрынғыша айтқанда, ферманың орталығы. Осы Құмжарғандағы мектеп директоры Сексенбай Айтпағамбетов мектеп оқушыларын волейболға баулуда. Жарыстардан қалдырмайды. Көлікті де, жол сапар қаржысын да өзі табады. Осы шағын ғана Құмжарғанның волейболшылары аудандық оқушылар спартакиадасында жеңімпаз болды. Міне, кім еңбектенсе, сол жеңіске жетеді деген осы. Сондай-ақ Сағашилі ауылындағы мұғалімдер ағайынды Нақбаевтар да гір көтеру спортынан аудан намысын қорғайтын керемет спортшыларды дайындап келеді.

Ауыл жастарының спартакиадасын өткізу де дәстүрге айналды. Спартакиадаға 15 ауылдық округтің спортшылары қатысады. Жарыстарды ауылдарда өткізуді де жөн санаудамыз. Бұл ауылдықтардың спортқа, дене шынықтыруға деген ынтасын арттыратыны анық.

Ауданда 66 мыңдай тұрғын бар. Елбасы айтқан 30 пайызға жету үшін 22 мың адам спортпен шұғылдануы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Әсіресе, жеңіл атлетикамен айналысушылардың санын көбейтуге болады. Мәселен, 24 мамырда өткен олимпиада күнінде 60-қа жуық адам кросқа қатысты. Ал 1 мамырда болған кроста 300-дің үстінде адам жүгірген болатын.

Қысқы спорт түрлерін жандандыру мақсатында өткен жылы 30 миллион теңгеге шаңғы, коньки құралдары сатып алынып, мектептерге таратылып берілді. Қыс айларында әрбір мектеп жанында мұз айдындары құйылады. Ал қалалардағы мұзайдындары жарықпен, музыкамен қамтамасыз етіледі.

Қандыағаштағы жақсы стадион бір жылдары азып кетіп еді. Енді соны өз күштерімізбен жөндеп, тұрғындар игілігіне ұсынбақпыз. Бұрынғы балалар мен жасөспірімдер спорт ғимараты қайтарылып, жөнделуде. Бұл ғимаратты жөндеп болсақ, бір Қандыағашта екінші спорт мектебін ашуға мүмкіндік туады.

Қазір қаржыдан қиналыс жоқ. Соның нәтижесінде шәкірттеріміз түрлі жарыстарға қатысуда. Біле білсек, шеберлік жарыстарда шыңдалады.

Ал Қандыағаштағы БЖСМ директоры Қарасай Омаров былай дейді:

— Біздің спорт мектебінде оқушылар мен жастар спорттың 14 түрімен айналысады. Спорт мектебінің өзіндегі 4 залда шағын футбол, волейбол, қол добы, бокс, поэрлифтинг, бокс, күрестен жас спортшылар шеберліктерін шыңдауда. Ауылдарда 12 филиалымыз бар. Филиалдардың жұмысы жақсы деңгейде жүргізілуде деп айтуға болады. Жұрын, Құмсай, Сағашилі, Ақкемер, Қ.Жұбанов атындағы ауылдағы филиалдар спортшылары аудан намысын қорғап жүр. Спорт мектебі спортшыларымен мақтана аламыз.

Мектебіміздің спорт залдары ешқашан босамайды. Мектептің оқу-жаттығу кестесінен тыс уақытта да залдарымыз қарапайым тұрғындардан ауыспайды.

Хайрулла Исаев, Ембі БЖСМ-ның футболдан жаттықтырушысы:

— Ембіде бір кездері футбол жақсы дамыған еді. Облыс командасы сапында ойнаған ойыншыларымыз көп болды. Мысалы, Виктор Ильин, Александр Трифонов, Берік Сансызбаев, Еркінбаев сынды белгілі футболшыларымыз болды. Ильин тіпті Ресейдің Свердловск қаласында «Шинник» командасында өнер көрсетті. Исахмет Досанов күні кеше «Қайратта» ойнады.

Кейінгі жылдары осы даңқтан айрылып қалдық. Бірақ қазір олқылықтардың орнын толтырып, жақсы футболшылар дайындауға күш салудамыз. «Ақтөбе» командасы үшін болашақта лайықты ізбасарлар шығарамыз деген сенімдеміз.

Бұрын ведомстволық бағыныштағы мекемелерде, кәсіпорындарда жастар ісімен айналысатын штаттық бірлік немесе спорт нұсқаушысы болатын. Өкінішке қарай, қазір жоқ.

Бұрын мұнайшылардың өзінің спорт залы бар еді. Қазір жабылып қалды. Өкінішті-ақ. Біздің, яғни жергілікті мұнайшылар мен тұрғындардың тілегін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығы қабыл алып, аудан мұнайшылары үшін бір спорттық кешен тұрғызатын уақыт жетті. Бұған Елбасының талабы да қозғау салып тұр.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button