Мәдениет

Мен — жерге түскен жалғыз дән…

— Кел, жауапты хатшы, кел. Екеуміз жауапты хатшылар болып емен-жарқын әңгіме құрайық. Бір кезде мен де облыстық газетте осы қызметті атқарғанмын.

Раукен Сағызбайұлы ОТЫНШИННІҢ амандықтан кейінгі маған айтқан әңгімесі осы болды. Біз «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директорымен сіресіп қалған ресми емес, сіресіп қалған мұзды ерітетін адами әңгіме өрбітуге келістік. Оқып көріңіз…

— Раукен — қазаққа таңсық есімдердің бірі. Қандай мағына береді, бұл есімнің сізге бұйыру тарихы қандай?

— Өзің де білесің, біздің халықтағы сирек кездесетін есімдердің көбі ырыммен, аянмен, әйтеуір, әдеттегіден өзгеше жағдайларда қойылады. Есіңде ме, 70-80 жылдары айтылатын бір ән бар еді ғой, аты есімде жоқ, «Құдайым қызды маған үйіп берген» деп басталады. Үйіліп-төгіліп жатқан көп қызы болмаса да, төрт сәбилі болғаннан кейін, әкемнің көңіліне «ұл көрмей өтем бе» деген қорқыныш ұялай бастайды. Бұл 1959 жылдың шамасы. Сол жылы әке-шешем Түркіменстан жақта тұратын нағашыларына қыдырып барады. Алыстан келген қонақты нағашымның көршілері де қонақ қылады. Бір түркімен ағайынның үйінде дәм татып отырғанда үй иесі әкемнен балалары туралы сұрайды. Ұл аңсап жүргенін әңгіме ыңғайынан байқаған әлгі түркімен көңілі жібіп, төрде ілулі тұрған қамшысын сыйлап тұрып: «Мына қамшы тегін дүние емес, үйіңізге апарып төріңізге іліңіз. Бұйырса, зайыбыңыз құр болмас, ұлды боларсыз», — депті. Елге келгесін әкемнің Өтебай деген інісі ұлды болады. Атын Түрікпенбай қойып, менің әке-шешемнің бауырына салмақ ниетін білдіреді. Кеуліне үміт ұялап келген жандар әліптің артын күтеді.

— Мынау ертегіге ұқсап бара жатыр ғой. Мойындарына бұршақ салмағандары болмаса, тізгін ұстарды зарығып-ақ күткен екен…

— Иә, үміттері алдамай, Алладан тілеген тілектері қабыл болып, қамшының себебімен 1960 жылы мен дүниеге келіппін.

— Онда Қамшыбай атанатын ретіңіз бар ғой?

— Біздің отбасының ұлды болғанын естіген көрші Баршақұм деген ауылда тұратын Тауасар атты ағайынымыз «Ұлының атын Раукен қойсын» деп хабаршы жіберіпті. Сол күні танысып отырған құдайы қонағына да ат қойғыза беретін ел емеспіз бе, ағайынның көңілі қалмасын деп, азан шақырып осы есімді маған таңыпты әрі құлаққа тосындау естілетін ат қойсақ жалғыз бала тіл-көзден аулақ болады деп ойлаған шығар. Кейін мағынасын сұрағанда әлгі ағайынымыз «генерал, ояз болады, жаман ат емес» деп жауап беріпті. Есейе келе өзімнің зерттеп білгенім, бұл патшалық Ресей заманындағы Маңғыстау приставы подполковник Рукиннің тегімен байланысты екен. Сол заманның кеңдігінен тағы бір әңгіме айтайын, көрші ауылда кенже баласының қолында тұратын әкемнің шешесінен жолай өтіп бара жатқан бір шопыр сүйінші сұрайды ғой. Қуанғаны сондай, әжем немересінің сүйіншісіне бұзаулы сиыр беріп жіберіпті.

— Генерал болмағаныңызды көзіміз көріп отыр, бала кезде кім болуды армандап едіңіз?

— Әкемнің мені көтеріп тұрып соңғы айтқан сөзі: «Мына баланың қызығын сен көресің» болыпты. Ол кезде төрт жаста едім. Қазір ойлағанымда әке бейнесі буалдыр сағымдардың арасынан еміс-еміс қана көрінеді. Тағдыр маңдайыма жазғанымен, анам мен төрт апам маған жетімдіктің ащы жасын жұтқызған жоқ. Ішер астан, киер киімнен тарықпадым. Мектепте қатарымның алды болуға тырыстым. Әдетте, бір жағы «олқы» бала намысшыл келеді ғой. Үстіме шаң тигізбеуге тырысатынмын. Сол бала кезден қалған әдет әлі де бар. Жастайымнан өнерге жақын болдым…

— Ән айттыңыз ба?..

— Таңырқап отырсың ба? Мен даусы осындай болып туылды дейсің бе?! Қазір «бәлду-бәлду бәрі өтірік», мектеп қабырғасында жүргенде ән айтқанмын. Тәп-тәуір даусым болатын. Бәрі мынадан басталды. Біздің үйде аталас ағайынымыздың жамағаты — үлкен әже тұратын. Кітаби білімі болмағанымен, көзі ашық, көкірегі ояу, өте ақылды адам еді. Менің ақылшым сол кісі болатын. Бастауыш класты бітіргеннен кейін болуы керек, кішкентай болсам да домбыра тартқым келеді, келістіре алмаймын. Бір күні оның амалын әжемнен сұрадым. «Балам, нан мен домбыраны басыңа жастанып жат, таңертең үйреніп тұрасың», — деді ол кісі. Айтқанын істедім. Әжеме мықтап сенгендіктен болуы керек, түсімде сол кезде айтылатын «Жарқырайды Теміртаудың оттары» деген әнді домбырамен шырқап отырмын. Оянсам таң атып қалған екен, жалма-жан домбыраға жармастым. Тыңқылдатып көрсем келетін сияқты. Содан домбырамен әуестеніп, үйірмесіне қатыстым. Кейін гитараға аңсарым ауды. Ауылда бірде-бір үйде гитара жоқ. Үй-ішім әжемнің туысқандарына сәлем айтып, арнайы Қарақалпақстан жақтан гитара алдыртып берді. Қазір «МузАрт» тобы айтып жүрген «Есіңе ал» деген ән бар емес пе, осы әнді мен 1976 жылды қарсы алған жаңа жылдық кеште орындаған болатынмын. Сөз арасында айта кетейін, менің жас өміріме бағыт-бағдар берген жанның бірі осы әжем болса, бірі кейін өзім қызмет істеген мектептің директоры Нұрман Қорбин деген ағамыз еді. Марқұмдардың жаны жұмақта болсын.

— Домбыра жастанып жатқанның бірі мен едім. Ол да адамына қонатын сияқты ғой. Сонымен кім болуды армандадыңыз?

— Сен де ауылда өстің ғой. Қой кезегіне шығып көрдің бе?

— Әрине. Бірақ қойдың арманға не қатысы бар?

—Сабыр етсең айтамын. Сол қой кезегіне шыққан күндерімде бала қиялға берілетінмін. Әкемді есіме түсіріп, қиялымда сол кісімен сөйлесемін: «Әке, мен өскенде үлкен азамат боламын. Өзіңіздің жолыңызды қуамын. Жоғары оқу орнын бітіріп, үлкен бастық боламын, дәрігер әйелім болады…»

— «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ…»

— «Бастық» боламын дегенде, мансапқұмар деп ойлап қалма. Ол кезде бала қиялға азамат болу, адам болу деген мағынамен синонимдес келген шығар. Есейе келе оқуды Алматыда оқығым келді. Ол кезде ауыл баласының көздейтіні «АЗВИ». Анам жалғыз баласын алысқа жібергісі келмеді. Гурьевтің пединиститутының тарих факультетіне оқуға түстім. Оған да түсу оңай болған жоқ. Себебі, сол дәуірде тарих «партиялық факультет» саналатын. Көбіне атқамінгендердің балалары оқитын.

— Сәтін түсірген не (кім) болды?

— Мектеп бітіргеннен кейін 1 жыл «Жасұлан» комсомол-жастар бригадасында қой бақтым. Содан берілген жолдаманың да әсері болған шығар, дегенмен өзім де гуманитарлық пәндерді жақсы көріп оқыдым.

— Дәрігер келіншекті неге армандап жүрсіз?

— Бұл әкемнің қазасына байланысты. Суға батқан әкемді алып шыққанда, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмепті. Уақытында көмек көрсетілгенде әлдеқалай болар ма еді деген ой ғой. Өз басымнан өткен көңілсіздеу оқиға да сенетін дәрігеріңнің болуы керектігін дәлелдейді. 1986 жылы әскерден келгеннен кейін Байғанин ауданында мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде ауырып, ауруханаға түстім. Дәрігерлердің біліксіздігінен басқа диагнозбен он сағат операция үстелінде жаттым. Жасанды демалдыру бар, басқасы бар тамағымды күйдіргені сонша, операция үстелінен екінші ауру жамап тұрдым. Яғни, даусым шықпай қалды, еңбекке жарамсыз ІІ топтағы мүгедек атандым. Дәмім таусылмай тұрған болар, 12 рет операцияға түссем де, соңында жазылып шықтым. Мәскеуде емделген кезімде емдеуші дәрігерім айтып еді: «Сен екінші рет өмірге келдің» деп. Өйткені маған қойған диагнозбен операция жасатқандардың жүзден бірі ғана тірі қалады екен. Сол жүздің бірі менмін. Бала қиял жүзеге асып, дәрігер келіншек бұйырғаны да бағым шығар. Алғашқы ауырғанда сол ауруханада жұмыс істеп жүрген келіншегім Ақманат маған диагнозды дұрыс қойған болатын. Алайда жаңа келген жас маманға «тәжірибелі» дәрігерлер сенбестік білдірді. Кейін барлық қиын операцияларды басымнан өткергенде де қасымда болды. Сол үшін де бала қиялымның орындалғанына қуаныштымын.

Ауырғаныма да өкінбеймін. Ол жағдай болмаса қалаға да келмес пе едім, кім біледі. Өйткені емделіп шыққаннан кейін мектепке бара алмадым. Тамағыма күш түсіруге болмайды әрі шаңды, шулы жерде жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Хабарландыру бойынша өздерің қызмет етіп жатқан газетке жұмыс сұрап келдім. «Коммунизм жолындағы» қызметімді корректордың көмекшілігінен бастадым. Бұл 1988 жыл еді.

— Сіз журналистика мен баспаның барлық саласында дерлік қызмет атқардыңыз. Бұл тағдырдың жазмышы ма?

— Ауылда жүрген мұғалімнің тағдырының мүлде басқа арнаға өзгеруін жазмыштан басқа не деуге болады?! Облыстық газетте тоғыз жыл қызмет жасаппын. Шүкір, жаман болғаным жоқ, корректордың көмекшілігінен жауапты хатшылыққа дейін көтерілдім. «Ақтөбе» газетіне алғаш компьютерлер әкеліп орнатқан біз едік. Кейін өліара жылдары өзім «Экономика және бизнес» атты газет те шығардым. Ол кездің қиыншылығын бір сұхбаттың ішінде айтып тауысу мүмкін емес. Баспа саласындағы жұмысым Ерген Дошаев атты азамат жігіттің  «Отандастар-полиграфия» ЖШС-на қызметке шақыруынан басталды. Онда тапсырыстарды қабылдау және тарату бөлімінің бастығы болдым. Сол кезде «Ақтөбе» энциклопедиясын күні-түні демалмай үш ауысыммен басқанымыз есімде. 2002 жылы дәм бұйырып Атырауға барғанымда да, бел шешпей жұмыс жасауға тура келді. Бұрынғыдай бөлім емес, тұтас бір полиграфияны басқаруға тура келді. Мақтанғаным емес, баспа саласы мүлде дамымаған облыста шетелдік технологиямен жабдықталған әмбебап баспахана жасақтадық. Қазір қызығын көріп отыр.

— Енді облыстық телекомпанияның директорысыз. Газет, баспа, телевизия — қайсысы жаныңызға жақын, өзіңізге ыстық.

— Облыстық газет. Біріншіден, бұл саладағы алғашқы еңбек жолым осында басталды. Екіншіден, бұрын газет бетінен мақалаларын ғана оқып тамсанатын Меңдіғалиев, Досқалиев, Орынғалиевтермен (аузыма түскенін ғана айтып отырмын) қызметтес болу қызық та, мақтаныш та еді.

Ал телевидение — менің қызмет орным. Екеуі де журналистиканың салалары, бірақ екі түрлі дүние. Мысалға, дәрігерлер де мамандығына қарай бөлінеді ғой, терапевт хирургтың жұмысын жасай алмайды емес пе?! Дәл сондай болмағанымен екеуінің де өзіне тән қиыншылықтары бар. Меніңше, газеттен келген адам телевидениеде істеп кете алады (әрине, уақыт керек), ал керісінше болған жағдайда ауырлау тиетін сияқты. Газетте бір материалды дайындау үшін бір адам ғана жеткілікті.  Ал телевидениеде бір хабардың соңында он шақты адам жүреді. Тілші, режиссер, оператор, дыбыс, жарық берушілер, жүргізуші, осылай кете береді. Бұл жағынан телевидение жанды өндіріс ошағына ұқсайды.

— Қарамағыңызда бірталай адам жұмыс істейді. Көбі шығармашылық адамдары. Олармен жұмыс жасау қиын емес пе? Жалпы, басшы адам қандай болуы керек?

— Телеарнада істейтін жүзге жуық адам кәсібіне қарай екі топқа бөлінеді: шығармашылық қызметкерлер, техникалық қызметкерлер. Олар бір-біріне тәуелді, яғни бірінсіз бірінің жұмысы жүрмейді. Менің көп жерден көріп-түйгенім, шығармашылықпен айналысатын адамдардың мысы баса ма, марапаттау, еңбегін ескеру кезінде техникалық қызметкерлер көбіне ұмыт қалады. Сондықтан мен әрқашанда екі тізгінді бірдей ұстауға тырысамын. Енді сұрағыңа оралайын, әрине, шығармашылық адамдарымен жұмыс жасау оңай емес. Әсіресе, күн сайын жұрт алдына шығып, танымал бола бастаған кез келген журналисте экранның буы болады, тіпті бұл әрмен қарай жұлдыздық ауруға ұласып кетуі де ғажап емес. «Аспандағы жұлдыздардан жердегі жұлдыздардың саны көбейіп кетті» деген Бибігүл апамыздың сөзі есіңде болар. Сондықтан қарамағымдағыларға осы аурудан сақтануларын, қарапайым болу керектігін әрдайым айтып отырамын. Жұлдыз деген сөзді өзін орнымен қолдануға тырысамыз. Телезизия саласының өз ерекшелігіне байланысты бізде көбіне жастар жұмыс істейді. Оларды тәрбиелеуге тырысамыз, әрдайым ақыл-кеңесімізді айтамыз. Олар да шама-шарқынша жұмыс жасайды. Жетістіктеріне қуанамыз, кемшіліктерін қайталатпауға күш саламыз. Бұл, әрине, бізде бәрі жақсы деген сөз емес. Көрермен біздің телеарнаны көбіне республикалық арналармен салыстыруға құмар. Бұл — әділетсіздік. Біріншіден, Ақтөбе Алматы сияқты үлкен мегаполюс емес, екіншіден, келетін қонақтарымыз да дайын емес. Мейірхан Ақдәулетұлы, Алтай Тайжанов сынды бес-алты ағамыздан басқа қонақтарымыздың көбі көтеріп отырған тақырыбымызды ашып бере алмайды. Көрермендеріміз кейде арнамыздың көрініс сапасына шағым айтып жатады. Бұл біздің кінәміз емес, қалада біз берген дүниені қабылдап алып тарататын телеорталық бар. Көрсетілім сапасына солар жауап береді.

— Сіз қорқасыз ба? Дұрысы, кімнен немесе неден қорқасыз?

— Жоғарыда айтқанымдай, мен өліп тірілген адаммын. Сондықтан өлімнен қорықпаймын. Ал адамдар бір-бірімен сыйласып өмір сүруі керек.

— Құдайдан ше?

— Білгірлердің айтуынша, «құдай деген — қара сөз, Алла деген — ақ сөз». Мен Аллаға сенемін. Артық кетіп жатсам Алланы есіме алып, тәубеме келемін, бергеніне шүкіршілік етемін. Сыйынатын пірім — Бекет. Қуанғанда да, қорыққанда да аузыма алдымен Бекет ата түседі.

Өзім әкесіз өскендіктен балаларымның жетім қалуынан қорқамын. Сондықтан оларға барлық жағдайды жасауға  мүдделімін, бос уақытымды отбасымның жанында өткізуге тырысамын. Жетім өскендіктен болар, отбасыма барынша адалмын, менің барым да, нарым да солар. Ауқатты адамдар қаржыларын өндіріске, пайда түсетін салаға салып жатады ғой, мен бар тапқан-таянғанымды балаларыма жұмсап келе жатырмын. Олар да жерге қаратпайды деп ойлаймын. Қызым Санкт-Петербургтің мемлекеттік университетінің ағылшын тілінің лингвистикасын бітірді. Қазір Мәжілістің аппаратында халықаралық қатынастар бөлімінде жұмыс істейді.  Аты — Гүлбарам. Екі ұлымның үлкені Айдос — Мәскеудің Полиграфия институтының 5-курс студенті, кішісі Рүстем Қазақ-түрік лицейінің 8-класында.

— Кімдерді жақтырмайсыз?

— Бетпердемен жүретін адамдарды, яғни екіжүзділерді. Қулық-сұмдығы жоқ, бір саусағын ішіне бүгіп жүрмейтін адал адамдарды жақсы көремін. Өткен апта біздің телеарна «Барыс жылы — ырыс жылы» атты жаңа жылдық думанды кеш өткізді. Осы кешке облыстық соттың төрағасы Бектас Бекназаров қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін айтты. Бұл кісіні Атыраудан білемін. Қарпайым, адал, зымиян ойлардан ада адам. Осындай жандар ұнайды.

— Мінезіңіз?

— Шапшаң, шалт қимылды адаммын. Тез ашуланамын, бірақ қайтуым да тез.

— Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше…

— Кек сақтамауға тырысамын. Кезінде маған жамандық істеген адамдардың өзін қазір кешірдім. Өйткені олар менің ата жауым емес қой. Қамшының сабындай қысқа өмірде кектесіп өткеннен не табасың. «Адам құлақтан азады» деген сөз бар. Сондықтан естігенімнің бәріне сене бермеймін. Тағы бір қасиетім, бастаған шаруамды бітірмей өзім де тыным таппаймын, өзгеге де тыным таптырмаймын. Ешкімге қиянат жасамауға, адамдарға азар бермеуге тырысамын. «Бұл дүниенің шаруасы о дүниеге кетпейді» деген бар ғой. Кісіге жасаған қиянатың бір күні бүйіріңнен тесіп шығады.

— Орындалмай жүрген ойыңыз бар ма?

— Облыс басшысы, ел қамын ойлап жүрген азамат Елеусін Наурызбайұлына мың да бір алғыс. Сол кісінің арқасында қараусыз қалған телеарнаның жыртығы жамалып, жоғы бүтінделіп қалды. Өткен жылдарда спутниктік байланыс құралын алып берген болатын. Сол арқылы қазір күніне бір сағат аудандарға хабар таратамыз. Адам болған соң арман біте ме, енді аудандарға 14 сағат хабар таратқымыз келеді. Қазір Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола облыстары аудандарына 14 сағат хабар таратады. Бұған облыс басшылығы көмектесіп, қаржы мәселесі шешілсе, біз де жетер едік. Оған республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан облысымыздың әлеуеті жетеді деп ойлаймын. Халықтың қамын күндіз-түні ойлап жүрген облыс басшысы да алыстағы ауылдардың облыстық телеарнаны 14 сағат бойы көріп отыруын құптайды деп ойлаймын. Осы сұхбатты пайдаланып бізге әрдайым қол ұшын созып отыратын Ақтөбе қаласы әкімшілігіне де алғысымды білдіре кеткім келеді.

— Кімдерді оқисыз?

— Мао Цзэдун, Сталин, Брежнев, Қонаев секілді саяси қайраткерлердің естеліктерін оқығанды ұнатамын.

— Келер жылы арнаға 50 жыл толады екен. Телеарнаның тарихы, жүріп өткен жылы Барыс жылында егжей-тегжейлі айтылады ғой. Менің сұрайын дегенім, қандай жаңалықтарыңыз бар?

— Жаңадан түрлі бағдарламалар ашамыз, қазір дайындықтар басталып та кетті. 50 жылдыққа көрермендерімізге арнап, «Оңай олжа» атты лотериялық ойын ұйымдастырмақшымыз. Тігілетін жүлделер қомақты болады. Сонымен бірге, өздеріңіз секілді, әуелі аудандарда өткізбекшіміз. Жылжымалы телестудия арқылы аудандармен тікелей телекөпір ұйымдастырылады. Яғни, үлкен жоспарымыз бар. Ол туралы әңгіме кейін.

— Ертай Ашықбаевтың «Елу жас» деген өлеңінде:

— Елу деген… Көктемнің кеш келгені сияқты,

Мынау дүние сені де ескергені сияқты, — деген жолдар бар екен. Телеарнамен бірге келетін өзіңіздің елуіңізге айтар базыныңыз бар ма?

— Осы уақытқа дейін тағдыр талай тезге салды. Майысқаныммен сынғаным жоқ, күресуімді тоқтатпадым. Алдансам да адамдығымды сақтадым. Меніңше, адам өз жағдайын өзі жасайды. Оны біреуден немесе өмірден көрудің қажеті жоқ. «Жақсы болсам өзімнен, жаман болсам өзімнен». Отбасым аман, қызметім жолында. Сондықтан базына айтарлықтай жөнім жоқ.

— Сұхбат соңында айтарыңыз…

— Әрбір ұжымда ауызбіршілік болуы керек. Ауызбіршілік пен татулық болмаған жерде «ауыздағы кетеді». 90-жылдары Армения мен Әзірбайжан таулы Қабабаққа таласты. Соңы не болды, сол жердегі Спитак деген қала жер астына түсіп кетті. Армянға да жоқ, әзірбайжанға да жоқ. Бұл — Алла тағаланың ісі. «Таласқанға тас та жоқ» деген осы. Біздегі татулық пен ынтымақ — елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы. Осыны бағалай білейік. Барлығыңызға Барыс жылы ырыс жылы болғай.

Сұхбаттасқан Сәтжан ДӘРІБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button