Мәдениет

Сейфуллин театры Ақтөбе сахнасында

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының Ақтөбедегі гастролі көрермендер үшін бір мереке болды. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ғимаратында  төрт   күн бойы көрсетілген  «Айман-Шолпан» (М.Әуезов),  «Ні-Fi махаббат» (М.Хасенов) «Бір түп алма ағашы», «Жаралы гүлдер» (С.Жүнісов), «Қожа  мен спорт» (О.Әубәкіров) секілді қойылымдарға келгендер ұтылған жоқ.   80 жылға жуық тарихы бар  облыстық  театрдың  кәсіби деңгейі жоғары  спектакльдері көпшілік талғамынан шықты.

Гастроль шымылдығы  М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен (Режиссері – ҚР халық артисі Е.Обаев) ашылды.  Спектакль алдында сахнаға шыққан  Қарағанды облыстық театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков былай деді:

«Құрметті ақтөбеліктер! Қасиетті Ақтөбе жеріне, алты алашқа белгілі Жұбановтар еліне  жүрексініңкіреп, үлкен жауапкершілік жүгін арқалап келдік. Арқа  төсіндегі өндірісті Қарағанды қаласымен бірге жасасып келе жатқан Халықтар Достығы орденді Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театры 1932 жылдан бері ұлтымыздың рухани  қазынасының байи түсуіне ерекше үлес қосып келеді.  Театр репертуарында  қазақ және  көне грек, батыс, орыс драматургтарының шығармалары бар.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Сіздердің   өлкелеріңізге гастрольдік сапармен келіп  отырмыз, біздің театрымыздың спектакльдерін тамашалап,  рухани азық алып қайтады деген сенімдеміз».

Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының қойылымдарының ішінде        М.Хасеновтің «Hi-Fi махаббат». Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» және С.Жүнісовтің Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған «Жаралы гүлдер»  атты пьесалары бойынша сахналанған спектакльдері көрермендер қошеметіне бөленді.  Кәсіби шеберліктері жоғары аға, орта, кейінгі буын актерлер сахнада тұтас актерлік ансамбль  қалыптастырып, спектакльдің бастан-аяғына дейін бір деммен ойнап, шынайы өнер көрсетеді. Мысалы, «Бір түп алма ағашын» біздің театр да сахналады. Бірақ қарағандылық актерлердің қойылымы өзгеше.  Ойнап жүріп, жұлынына зақым келіп,   арбаға таңылып отырған жас жігіттің тағдыры, ержеткен ұл-қыздары қалаға кетіп, мүгедек баланың жанында жалғыз өзі қалған ананың  қайғы-қасіреті  селт еткізбей қоймайды. Арбаға таңылған ұлдың рөліндегі Дунай Еспаев тек өз кейіпкерінің сөзін айтып қана қойып, басқа әңгімеге селт етпейтін  кейбір актерлер секілді міндетімді атқардым ғой деген ойдан аулақ, шын мәнісіндегі мүгедек жігітті көз алдымызға әкелді.  Ол бірақ күйреуік емес,  өмірге шексіз құштар, анасын соншалықты жақсы көреді, құрметтейді. Бауырмалдығы тіпті бөлек, анасының 60 жылдығын тойлаймыз деп, қаладан шақыртумен әзер келген апа-ағаларына жік-жапар болып  асты-үстіне түседі. Алайда еш нәрсеге бейжай қарай алмайтын елгезек жігітті апа-ағаларының рухани мүгедектігі, қара бастарының қамынан аса алмайтын қаныпезерліктері шошытады. Аналарының туған күніне емес, өздерінің мәселесін шешіп алуға келгендей олар өзара дауласып, оқиғаны шиеленістіріп, шырқау шегіне жеткізеді. Ашынған ана  Мақсатына: «Жоғалшы әрі, сен де аяғыма оралғы болмай!» дейді. Жалғандағы  жалғыз сүйеуі анасының   аузынан аңдаусызда  шығып кеткен осы бір  сөз Мақсатты тығырыққа тірейді. Ақыр соңында өзіне-өзі қол салуға дейін барады. Осы оқиғаны шебер жеткізе білген  Дунай Еспаевтың рөлінің жан-жақты ашылуына анасының рөлін сомдаған Н.Жансүгірованың, оның әпкесі Әлия рөліндегі Б.Мақсұтованың, кіші әпкесі    Қ.Жырымбаеваның, жезделерін ойнаған Қ.Кемаловтың, А.Қырықбаевтың, інісінің бір қолқасын орындауға құлқы жоқ ағасы кейпіндегі С.Жұмағалидің  қосқан үлестері үлкен. Олар актерлік серіктестік дегеннің құдіретін сезіндірді, бірін-бірі іліп әкетіп, бірін-бірі толықтырып, қас-қабақтан ұғысқан актерлер сахнаға жан бітірді.

Шағын сұхбат

«Қазақстан театрлары  өткен ғасырдың 60-70 -жылдарында жүр»

Қарағанды театрының  актері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Дунай Еспаевпен бірер ауыз тілдесудің  сәті түскен-ді.

— Дунай, сіз  «Еңлік-Кебекте» Кебекті, «Айман-Шолпанда» Жарасты, тағы да басқа қойылымдарда небір бейнелерді сомдап жүрсіз. Абайдың 150 жылдығында «Замана, неткен тар едің…» қойылымында Әбдірахман рөлін ойнадыңыз.  Ол рөлдерден мүлде бөлек «Бір түп алма ағашы» спектакліндегі бауырмал, елгезек,   сезімтал Мақсатты  көргендер сіздің өнеріңізге тәнті болды. Бұл қойылым республикалық фестивальдарда көрсетілді ме, қазылар алқасының назарына ілікті ме?

Бұл қойылымдағы Мақсат рөлі менің оң жамбасыма келген дүние болды.  Қазір осы  спектакльді  республикадағы  театрлардың көбі қойып жатыр. Алғаш рет  Қарағанды  театры  бұл пьесаны  1996 жылы сахналаған болатын. Сол жылы Жамбыл атамыздың 150 жылдығына арналған театр фестивалінде ІІ орынды иелендік.  Спектакльді бір топ қана ойнайды. Сол 1996 жылдан бері   Мақсат та менімен бірге есейді, толысты. Бір кезде арбаға таңылып отырған 16 жастағы балаң жігітті ойнасам, қазір мүлде басқаша сомдауға,   23-тердегі ойлы жігіттің бейнесін жасауға тырысамын. Өзім болсам қырыққа келіп қалдым.

— О не дегеніңіз, сахнадан көргенде сізді  әрі кетсе 25-тегі  азамат  деп ойлап қалдық. Сіздің кейіпкеріңіз басқа театрлардың Мақсаттарына мүлде ұқсамайды.

— Әрине, өзіммен біте қайнасып кетті десем болады. Қай рөл де оңайлықпен тумайды, қапалы  жігіттің  шарасыз қалпын, ішкі  күйзелісін, жанының тазалығын, оған қоса өмірге деген шексіз құштарлығын жеткізуге тырыстым. Театр кино емес, әр спектакль сайын әртүрлі өзгеріп отырады. «Екі аяғы жоқ адамнан гөрі бір аяғы бар адам бақыттырақ» деген бар ғой.Спектакль соңындағы  балаларынан түңілген анасының  сөзі жанына тікенектей қадалған Мақсат өзіне-өзі қол салады. Осыған көрерменді иландыру үшін жаныңды шындап қинау керек. Әйтпесе актер бойындағы жасандылық көрініп тұрады, сахна айна тәрізді.

Дунай Ақтөбеге  келіп кеткелі:«Өзі сұлу, өзі жас,

Кімнің жары екен-ай?!» деп әндеткен бойжеткендер көбейді. Жеке өміріңізге қатысты бір-екі сөз айтсаңыз.

— Отбасым бар. Зайыбым  Бақытгүл – қобызшы, консерватория бітірген. Тоғжан, Дарын атты екі бала тәрбиелеп отырмыз.

— Сізді Түркияда оқиды деп естідік.  Қандай оқу орнында оқисыз?

— 1993 жылы Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтының актерлік факультетін тәмамдағанмын. Халық артистері Тұңғышбай Жаманқұлов, Хадиша Бөкеевалардың шеберханасынан тәлім алдым.  Содан бері Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды драма театрында қызмет етіп келемін.  Жалпы  білімімді жетілдірсем, шетелде оқысам деп көптен ойлап жүрмін. Францияға оқуға барсам деп француз тілін меңгеріп алуға тырыстым. «Болашақ» бағдарламасы бойынша  оқиын десем, онда Ұлыбританиядағы  Корольдік академияға ғана екі  жолдама болды, ол да музыкаға қатысты, театр саласына  қатысты оқу орны жоқ. Түркияның Кратзон қаласында режиссер, актер азаматтармен бас қосып, ақылдасып кеңескенбіз. Сосын Түркиядағы Анкара университетіне тәжірибеден өтуге бардым.  Қаржы мәселесіне байланысты жарты жылдан артық оқуға мүмкіндік болмады, қазір сырттай оқып жатырмын. Түркия — Азия мен Еуропа мәдениетін  бірдей бойына сіңіріп жатқан ел ғой. Әрі түбі бір туысымыз, тіліміз жақын, дініміз бір дегендей.

— Қай нәрсе де салыстыру арқылы белгілі болады ғой, сол жақта жүргенде Қазақстандағы театр өнерінің даму деңгейі қай шамада деген салыстыру жасадыңыз ба?

— Әрине, біздің театр олардың театрынан бір де кем түспейді. Бейнетаспадан біздің спектакльдерімізді көріп, актерлердің шеберліктеріне таңғалысты. Алайда біз өткен ғасырдың 60-70 жылдардағы деңгейінде қалып қойған  екенбіз. Мен өз спекткальдерімізді басқа елдердің қойылымдарымен салыстыра келіп, сондай қорытындыға келдім. Біздегі театр өнері заман ағымына сай өзгерістерге ұшырамаған. Әлі де сол баяғы таптаурын жолмен келеміз. Өзгергіміз келмейді.

— Режиссер мамандығында оқып жатыр екенсіз. Болашақта қандай дүниелерді сахналауды ойлап жүрсіз?

Режиссерлікке  жалпы өнерден, өмірден жинақтаған тәжірибең алып келеді. Өзіңді басқа бір қырыңнан сынап көруге итермелейді.  Жаңа үрдістегі екі қойылым қоюды   жоспарлап отырмын. Түрік драматургі Хусейін Ердоғанның «Кәдеш келіні» деген пьесасын сахналамақпын. Қазір пьесаны түрік тілінен қазақшаға аударып жатырмын.

— Айтпақшы, атыңызды неге Дунай қойған?

— Марқұм әкем Амандық Еспаев  Ұлы Отан соғысының ардагері. Дунай бойында соғысқан, сол себепті менің атымды солай атапты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

***

Жарты ғасырдың жемістері

Өткен жұмада Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы өзінің елу жылдығын атап өтті. Бұны облыстың мәдени, рухани өміріндегі маңызды оқиға деп бағалаған жөн болар. Кітапхананың өз залында өткен салтанат ұзақ сонар есеп, баяндамадан гөрі еркін әңгіме, шын ниетті құттықтаулар  жағдайында болды. Ұжым басшысы Райса Қомпақова жүз мыңнан астам кітап қоры бар осы шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен қысқаша хабардар етіп, негізінен қазіргі қызметкерлер мен бұрынғы ардагерлерінің, оқырман қауымның атына жылы лебізін білдірді. Әңгіме арқауын өрбітуді қонақтардың  өздеріне қалдырды. Ал жалпы кітапхана өмірінен мағлұматтар, кітап туралы белгілі тұлғалардың ұлағатты сөздері төрге орнатылған үлкен сахнадан бейнетаспа  арқылы таныстырылып жатты.

Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қыдырғали Ермұханов ұжымды елу жылдығымен құттықтап, сый-сыяпатын ұсынды. Осы салтанатқа облыстағы кітапхана саласының өкілдері ғана емес, сонымен қатар білім, мәдениет мекемелерінен қонақтар, шығармашылық өкілдері көптеп келген. Ақындар Кәрім Айнабеков, Валерий Мартыненко, Гүлсамал Аймаханова бірі өлең оқыса, бірі ыстық ықыластарын жеткізді. Нұрпейіс ақынның ұлы Момын Байғанин ұжымға жүрек жарды алғысын айтты. Кітапхананың  биылғы жарты ғасырлығы  Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығымен тұстас келіп отырғаны айтылды. Ұжым осыған байланысты бірқатар шаралардың басын біріктіргелі  отыр.

Осы шараға Орынбор  қаласынан келген, сондағы балалар кітапханасының меңгерушісі Антонида Андронованың әңгімесі әсерлі болды. Соңғы жылдары екі кітапхана әріптестік байланыста екен. Жөн-жоралғысымен сыйлықтарын тапсырған Антонида Ивановнаның үлкен бір тартуы — Орынбордың танымал, кәсіби екі әнші қызын ерте келіпті. Олар бірнеше ән орындап, кішкене залды думандатып жіберді. Райса Төленқызы бұл әріптестерінің үшеуіне де ұлттық нақышпен әдіптелген қазақы комзол кигізді. Сол сәт сондай бір жарасымды болды. Одан кейін кітапхананың Сәпия Жармағамбетова бастаған бір топ  ардагерлері сөз кезегін алды.

Көпшілік осы салтанаттың жинақы да әсерлі ұйымдастырылғанына риза боп тарасты.

А.СМАҒҰЛОВ.

***

Жастардың жыр додасы

Жұма күні Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Мен — патриотпын!» тақырыбында жас ақындар айтысы өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ақтөбе облысының балалар және жастар ұйымдары қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің студенті С.Қадемов, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті О. Қиынбаев, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері А.Сағынжанұлы мен Е.Шамдин қатысты.

Жастар арасында ұлттық өнерді дәріптеп, олардың бойындағы патриоттық сезімді нығайту, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру негізінде өткен жыр додасы қызықты өтті. Ақындар сахна төрінде тіл, дін, ел, тарих, Жеңіс тақырыптарында өз толғаныстарын айтып, пікірлерін білдірді. Сондай-ақ олар көрермен көңілін күлкімен әрлейтін достық әзіл-қалжыңды да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, Айбол Сағынжан мен Оразбек Қиынбаевтың айтысы тартысты өтті.

Айтыс соңында жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

***

Ақтөбе таңының арайы

Қалалық зағиптар қоғамы Мәдениет үйінде Қала күні мерекесіне  арналған «Ақтөбе таңы» атты мерекелік кеш өткізілді. Кешке қоғам мүшелері мен оқу-өндірістік мекемесінің жұмысшылары шақырылды. Зал мерекеге сай безендіріліп, сахнаға Ақтөбе қаласының эмблемасы ілінді.

Көрермендерге «Достық» үйінің «Оксана» украин, «Файльхен» неміс мәдени ұлттық орталығының  концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ильвира Япарова, Анастасия Бошкова және «Жастық» би ансамблінің мерекелік музыкалық бағдарламалары зағип жандардың  көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады.

Көкірек көзі ашық көрермендер қонақтарға өз ризашылықтарын білдіріп, қоғам атынан Алғыс хаттарын ұсынды.

Г.БУГЕНБАЕВА,

Қалалық зағиптар қоғамы мәдениет үйінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button