Әлеумет

Бұқара

  • Мақтаныш

 БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ БАЗАРГҮЛІ

Бір ауылда бірге оқыған Әбілсейіт пен Базаргүлдің мектептегі достығы махаббатқа ұласып, 2002 жылы екеуі шаңырақ көтерген болатын. Бірақ бақытты күндер ұзаққа созылмады. Отағасы Әбілсейіт жұмбақ жағдайда дүниеден озды.  Артында жетпістен асқан әкесі, әйелі мен екі баласы  қалды. Алайда қайсар мінезді Базаргүл басына түскен ауыртпалықты жеңе білді.

Алғаш еңбек жолын 2001 жылы мектепте хатшы болып бастаған ол, іс жүргізуші, тәлімгерлік қызметтер атқара жүріп, «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Ұжымдастар ортасында іскерлігімен, алғырлығымен танылған Базаргүл Едігеқызы оқушыларға құқықтану пәнінен дәріс береді.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Алтай батыр ауылының тұрғындары да Базаргүлді жақсы көреді. Ол халқымыздың салт-дәстүрін отбасында берік ұстанатын ана, ибалы келін. Қоғаамдық жұмыстарға да белсене араласады. Оның дәлелі сол, Базаргүл бірнеше рет ауылымызда өткізілген «Келіндер байқауының» жеңімпазы атанды. Кейінгі жастарға берер өнегесі көп ардақты ұстаз жас әріптестеріне үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Еңбектегі табыстары үшін сан мәрте облыстық, аудандық білім басқармаларының марапаттарына ие болды.

Тағдырдың қиындығына мойымай, жігерінің мықтылығымен ауылдастарының ықыласына бөленген Базаргүл Едігеқызының еңбек жолы сіңлілеріне үлгі боларлықтай.

Т.ДӘУЛЕТ,  

Алтай батыр ауылы,

Байғанин ауданы.

  • Кәсіп

 АҒАЙЫНДЫ СМАЙЛОВТАРДЫҢ ҚОЖАЛЫҒЫ

Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылдық округіне қарасты «Мұрат-Ы» шаруа қожалығы 30 жылқы, 30 мүйізді ірі қара, 25 ешкі бағып отыр. Дінмұханбет Смайлов басқаратын қожалық бүгінде аудандағы белді шаруашылықтардың бірі.

Әрине, жұмыс дөңгеленіп кеткенше біраз қиындықтар кезікті.

1997-1998 жылдардағы өтпелі кезеңде ағайынды Дінмұханбет пен Мұрат Смайловтар аталған округтің Құмшоқат қыстағына көшіп келіп, мал өсіруге кірісті. Алғашқы сәтте қолда үш сиыр, он бес ешкі болды. Шаруа ыңғайласа бастаған кезде Дінмұханбет вахталық әдіспен жұмысқа тұрып кетті де, қожалықтың жұмысымен Мұрат айналысты. Ауысымды жұмыстың арасында Дінмұханбет те көмек беріп тұрды. Кенже інісі Аслан да қолы қалт еткенде көмегін аямады. Дегенмен, тіршілікте қуанышпен бірге қайғы-қасірет де қоса жүрмей ме… 2004 жылы Мұрат кенеттен қайтыс болып, Дінмұханбет шаруа қожалығының тізгінін қолына алды. Сол уақыттан бері тұтас әулеттің қамқоршысы болып, тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұл күнде кенже інісі Аслан да белді азамат болды. Қазір Байғанин аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметінде.

— Қойдың санын да 300-ге дейін жеткізген едім, бірақ оған бақташы таба алмай қиналдым. Қазіргі адамдар жалданып мал баққысы келмейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді, мен соған таң қаламын, — дейді Дінмұханбет.

Осы жылдарда қожалық төрағасы біраз мал сатты. Сол қаражатқа шөп шабатын, таситын, буатын техникалар алды. Мысалы, 2014 жылы лизингке жаңа трактор сатып алды. Соның арқасында қазір өзіне жеткілікті шөп дайындап, қалғанын сатып, пайдасын көріп отыр.

— Мемлекет мал өсіремін, еңбек етемін деген адамдарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ендігі мақсатым — мал басын көбейту, жеңіл пайызбен 5 миллион теңге несие алып, жылқы малын алсам деймін. Себебі бұл жануар шаруаға көп салмақ түсірмейді. Сиыр мен қой басын да көбейткім келеді, — дейді Дінмұханбет Смайлов. Қиындық, кедергілерді жеңіп, ата кәсіп төрт түлік өсіруді қолға алған азаматтың табыс пен берекесі арта берсін.

 Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Кәсіп

 «Бастаудың» түлектері

«Бастау» жобасының түлектері аудандарда жеке кәсіптерін бастады. Түлектердің бірі Жалғас Құмаров көп жыл кеден саласында қызмет атқарған, Қарғалы ауданының Бадамша елді мекенінің тұрғыны. Ол комиссияға ұсынған бизнес-жобасында көрсеткендей «Ақтөбе-Орск» тасжолының бойында орналасқан «Әлімбет» өткізу пункті маңына газ құю станциясын салуды жоспарлайды. Оның пайымынша, бұл жолмен көлік көп өтетін болғандықтан, бизнес табысты болуы тиіс. Болашақ кәсіпкер жер алуға Қарғалы аудандық жер бөліміне және «Қазавтодор» мекемесіне өтініш берген.

«Бастау» жобасының тағы бір қатысушысы Байғанин ауданының тұрғыны Жасарбек Құрмашев Қарауылкелді ауылында токарь цехын ашпақ. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары кәсіби токарь қызметіне зәру. Жоба мақұлданған жағдайда «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» несиеге 1 000 000 теңге көлемінде қаржы алмақ. Бұл сома цехқа қажетті барлық құралдарды алуға жетпейді. Мұнан көп қаражат алуға Жасарбектің кепілзатқа қоятын құнды мүлкі аз болып тұр. Кәсіпкер бастапқы уақытта көрсетілген сомаға бұрын қолданыста болған станоктарды сатып алып, кәсіп бастамақшы. Болашақта бизнесі жүріп жатса, бұдан үлкен сомаға тапсырыс бермек.

Әр ауданнан келген жоба қатысушылары мал шаруашылығын дамытып, азық-түлік дүкендерін, әсемдік салонын, тігін цехын, шаштараз ашуға байланысты бизнес-жоспарларын ұсынды. Олардың арасында жол бойындағы қызмет көрсету саласын өркендетіп, асхана, суши, такси қызметімен айналысқысы келетіндер бар екен.

«Бастау» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты аясында жүзеге асырылып келеді.

М.ТАБЫН.

  • Боямасыз тағдыр

АҢСАҒАНҒА АШЫҚ ХАТ

Аңсаған! Сен мені танымайсың, білмейсің, ал мен сені танымасам да, сырттай өте жақсы білемін. Сені анаң аңсап, сағына күтіп жүргенін білесің бе? Сенің ата-анаң 1989 жылы өз жүректерінің қалауымен қосылып, шаңырақ көтерді. Шаңырақты шаттыққа толтырып сен дүниеге келдің. Бірақ олар бірге тұра алмады. Бәрі әзәзіл арақтың кесірінен еді, сондай кезде жолдасының қолы қатты тиіп, анаңның ішкі құрылысына зақым келгеннен ұзақ емделді, ақырында…  бөлек кетуге мәжбүр болды. Сені анаң өзімен бірге алып кеткісі келсе де: «Бауырыма басқан немерем», —  деп құшақтап отырған енесінің, яғни, сенің әжеңнің қолынан суырып әкете алмады. Анаңның бауырлары болғанмен, әрқайсысының өз отбасы бар.

«Денсаулығым түзеліп, жұмысқа орналасып алған соң баламды қасыма алармын. Қалада баламмен үйде отырсам, мен кімнен кем боламын?» деп те ойлаған болар анаң. Осыдан соң көп ұзамай әкең ауыр дертке шалдығып, өмірден ерте кетті. Анаң барып ақтық сапарға шығарып салды. Сен 6 жасыңда әжеңнің бауырында қалғандықтан, анаңмен араларың алшақтады. Әрине, Қаншайым апай (әжеңді айтамын) сені қақпай, алақанына салып әлпештеді, барынша аялап өсірді. Содан бері 21 жыл өтіпті. Қазір ол кісі де өмірден өтті. Сен тұрмысқа шығып, отбасылы болдың, ұл-кызың бар. Жолдасың да бұл жайдан хабардар деп білемін. Анаң: «Марқұм Сәкең (әкеңді айтады) адамгершілігі мол адам еді, енем де біз жақсы тұрып, жарасып кетсе деп бар жағдайды жасады. Қайын жұртым да жақсы болды» деп бәрін үнемі жақсы жағынан есіне алып отырады.

Аңсаған! Анаң сені талай рет іздеп барды, ал сен қабылдамай келесің. Сен балалар санаториінде жатқаныңда анаңның іздеп барғаны есіңде болар? Сонда саған қызыл түсті спорттық киім керек дегенді естіп, қуанып келіп, ертесіне сатып апарғанда сені әжең ол жерден алып кеткен болып шықты. Сондағы анаңның көңілінің су сепкендей басылғанын білмейсің ғой. Кейінгі жылдары әлеуметтік желі арқылы хабарласқанда да, жауап бермей желіден шығып кеттің. Анаң әр күнін, әр түнін сені аңсаумен өткізеді. Сенің бақытты болуыңды тілеп жүреді. Сен анаңа кінә артпа. Ол әкеңнен бөлек кеткен соң қалада жұмыс істеді. Бірнеше рет ота жасатты. Ол да кезінде ерке өскен қыз еді. Оның жаны таза, намысшыл, өжет. Басына түскен қиындыққа төзіп келеді. Осал адам болса, әлдеқашан тағдыр тауқыметіне шыдамай, азып кетер еді. Етегі толып еңіреген кезде, өмір қайтадан жұбатты. Алла оған жақсы адам кездестіріп, тұрмыс құрды. Қазір қасында арқа сүйер, жанын түсінер азаматы бар. Шымкент қаласында тұрады, тұрмыстары түзу отбасы. Анаң ешқашан дүние қуған жан емес. Саған қолы жетпей жүрген анаңның жалғыз ғана арманы — сенімен араласу, «Ана» деген сөзіңді есту. Анаңды түсінуге тырыс, Аңсаған! Талайлар анасының кім екенін, қайда екенін білмей жүр, енді біреулер білсе де, таба алмай жүр. Ал біреулер анасынан айырылып, «анам маңдайымнан сипап, иіскеп бетімнен сүйсе» деген арманмен, көңілін шер, көкірегін мұң басып жүр… Ал сенің анаң тірі ғой, сен неге іздеп келгенде қабылдамай жүрсің?

Аңсаған, айналайын, сен жақты да ешкім кінәламайды. Тағдыр солай болған шығар. Ақылға кел! Азаматың екеуің балаларыңды алып, аналарыңа барыңдар. «Қызымды жетектеп не балабақшаға, не мектепке апармадым, мектеп бітіргенін де көргенім жоқ. Оқуға түсіріп, диплом алғанын көрмедім. Я ұзатылған тойында болмадым, немерелерімді иіскеп, сүйіп, бақпадым», — деп күрсінген құрбымның қайғысы қолыма қалам алуыма себеп болды. Осы баспасөз бетіндегі хатым өзіңе ой салып, сендердің табысуларыңа сеп болса деген ойдамын. Хатты оқыған жандар да ана мен баланың қауышуына дәнекер болып, тілектестік танытар деген үміт те жоқ емес.

P.S. Кейіпкерлер есімі өзгертілді.

Сәлеммен анаңның құрбысы Толқын Сахиқызы.

  • Ауыл

 БЕГАЛЫДА ДА ТОЙ БОЛАР…
Мен 1940 жылы Қобда ауданы Бегалы ауылында өмірге келгенмін. Туған ауылым Ақтөбеден 160 шақырым жерде орналасқан. Осы мекенде балалық шағым өтті. Ертеде Ақтөбе мен ауыл арасындағы жолдың нашарлығынан жол азабын көп көретінбіз. Қазақ «жол азабы — көр азабы» деп бекерге айтпаса керек. Жолға шыққан адамның шұрық тесік жолдан қатты шаршайтыны белгілі. Бүгінде Ақтөбе мен Бегалы арасы тақтайдай тегіс, оқтай түзу асфальт жолмен тегістелген. Осы жолды халық игілігіне салып берген ауылдас азаматтарға қалың жұртшылық денсаулық тілеп, әрбір атқан таңы сәтті болып, биік белестерден көріне берсін деп тілейді.

Тағы бір мәселе: қазіргі таңда аудан орталығы Қобдаға газ құбыры келіп тұр, ал әрі қарай 50 шақырым жердегі Бегалыға газ тартылса екен дейміз. Ауылға көгілдір отынның келуін біз де бір күні тойлармыз деген үмітіміз бар.

Орынбасар Шәріпов,

зейнеткер.

  • Қасиетті Қазақстан

 «ҚЫЗЫЛ МЕКТЕП»

Мұрағат деректеріне сәйкес, Ақкете Әжібай би Болпашұлы (1685-1770 жылдарда өмір сүрген) 1736-1737 жылдары Башқұртстанда болған ұлт-азаттық күресте жеңіліске ұшырап, патша үкіметінен қашып келген Жаман, Сары, Балтас есімді көтеріліс басшыларын баласы ретінде қабылдаған. Үшеуіне де Ойыл ауданының Талтоғай мекенінен баспана беріп, үйлендіріп, Башқұртстандағы өздері шыққан Естек руының бір-бір бөлімі еткен деседі. Бүгінде олардан тараған ұрпақ екі жүзге тарта түтінге жетеді.

Балтастың ұрпағы Меңдібай Күмісбайұлы (1845-1910 жылдарда өмір сүрген) 1878 жылы Ойылдың Ақшатауында белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ықпал етуімен Орынбор генерал-губернаторлығынан белгілі бір мөлшерде қаражат бөлініп, оған қоса туыстарынан қаражат жинап, мектеп салдырған. Күйдірілген қызыл қыш кірпіштен қаланған бір-біріне ұқсас қатар тұрған екі ғимарат бүгінде «Қызыл мектеп» аталып кеткен. Ғимарат заман талабына сай әр кезде әрқилы мақсатқа пайдаланылған. Мәселен, 1978-1930 жылдарда екі кластық қырғыз-орыс мектебі, 1930-1932 жылдарда шаруа жастарға арналған сауат ашу мектебі, 1932-1960 жылдар аралығында «Ойыл жетім балалар үйі» ретінде жұмыс жасаған. 1960-1970 жылдары туберкулез ауруын емдейтін санаторий болған. 1970 жылдан кейін тарихи-мәдени ескерткіштерге көңіл бөлінбеген заманда мал қораға айналып, күтімсіз қалғандықтан, қирап қалды. Қазір тек қабырғалары ғана тұр.

«Қызыл  мектепте» оқып, білім алғандар қатарында қоғам қайраткерлері деңгейіне көтерілген азаматтар бар. Мысалы, Алаш қайраткерлері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен, жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге 1917 жылы Алаш автономиясын құрған Рахметжан Шотаев, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1961-1963 жылдардағы төрағасы, кейін Су шаруашылығы министрі болған Сәлкен Дәуленов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, 1937-1939 жылдары және соғыстан кейінгі 1950-1954 жылдары Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі болған Ишанбай Қарақұлов, 1943-1947 жылдары Қазақстан Орталық партия комитетінің өндіріс және әскери бөлімін басқарған хатшы Ахметжан Қойшығұлов сынды азаматтар осы мектепте білім алған. Бұл тізімді одан әрі толықтыра беруге болады.

Ыбырай Алтынсариннің ықпал етуімен салынған бұл мектептің тарихы тереңде. Бұл істің басы-қасында жүрген Меңдібай Күмісбайұлы Ойылдың білім, мәдениет, сауда саласында да көп еңбек сіңірген. Мәселен, Ойыл жәрмеңкесінде бірнеше жыл бойы базар басшысы болып қызмет еткен деседі. Оның ұлдары Мұқаш пен Дәукен зұлмат кездері қуғын-сүргінге ұшырап, екеуі де 1938 жылы дүниеден озған. Кіші ұлы Серікбай ұстаздық етіп, туған ауылы Талтоғайда мектеп салдырып, өзі оқытушысы болған.

Жақсылық БИСАЛИЕВ, 

өлкетанушы, «Қасиетті Қазақстанның географиясы» жұмыс тобының мүшесі.

Ойыл ауданы.

Мерей

Үлгісі — үздік шәкірттері

Ұстаздың мерейін асқақтататын шәкірттері. 90 жылдық тарихы бар Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектебінде бейнелеу өнерінен дәріс беретін Ақбота Туысованың шәкірттері ұстазының атын аспандатып жүр. Атап айтсақ, Әдемі Бекжанова халықаралық «Жеті өнер» байқауында III дәрежелі дипломмен, Амина Рустам, Дамира Сағынай, Жанерке Ғажапова, Жанерке Мейрамбек, Жанель Бисенғалиева республикалық «Эрудит» интеллектуалдық байқауында I, II дәрежелі дипломдармен марапатталса, Кәмила Жұбатқанова республикалық «Ғұмырдария» балалар байқауында I дәрежелі дипломға ие болды.

Ақбота Туысова жоғарғы санатты мұғалім. Қызмет жасаған жылдарында өзі де іздене жүріп жинаған білімі мен күш-жігерін оқушылардың жан-жақты дамып, парасатты азамат болып өсуіне жұмсаудан жалыққан емес. Сол табанды да жемісті еңбегінің арқасында көпшілік құрметіне бөленіп, тиянақты да жауапты іскерлігімен ерекше көзге түсті. Төккен тері бекерге кеткен жоқ. Мұның жарқын дәлелі — Ақбота Туысова «Эрудит» интеллектуалды білім порталы ұйымдастырған  білім саласы  қызметкерлеріне арналған «Мәртебелі  маман — 2017» атты республикалық байқауда үздік нәтиже көрсетті. Оған қоса ғылым мен білім саласының дамуына үлес қосып, ұрпақ  тәрбиелеудегі  ерен  еңбегі  үшін «Білім беру ісінің майталманы» төсбелгісі иеленді. Мектебіміздің 90 жылдық мерейлі тойында да ұстаз еңбегі бағаланып, Құрмет грамотасымен марапатталды.

 Шолпан БОХАНОВА

Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің мұғалімі.

 Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button