Экономика

Ақтөбе — өндіріс қарқынды дамып келе жатқан өңір

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН:

Ақтөбе — өндіріс қарқынды дамып келе жатқан өңір

Біздің өңірге  облыстың экономикалық дамуымен және индустриялды-инновациялық жобалардың жүзеге асуымен танысуға келген «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин алғашқы жұмыс сапарын Хромтау қаласындағы Көктау ауылындағы кен орнын аралаудан бастады.

«Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов ашық түрде алынып жатқан кен орнының жұмысын аралап, №2 кен байыту фабрикасындағы мыс пен мырыштың өңделу процесін бақылады.

Ашық карьерден құрғақ тас  күйінде алынған шикізат  ұнтатылып, фабрикада өңделіп, мыс пен мырыш концентратына бөлініп, көрші мемлекеттерге аттандырылады.

— Ашық түрде кен байыту конбинатында сонымен қатар 1,5 миллион тонна  қиыршық тас шығады. Бұны құрылысқа пайдалануға болады. Бұл жердегі кеннің қоры 2035 жылға дейін жетеді. Алдағы уақытта «Құндызды», «Лиманный», карьерлері іске қосылады. Және де 13 шақырым жердегі «Приорскі» карьері де жылдың аяғында  рудамен қамтамасыз ететін болады.

Негізгі өнім ұсақталып,  байытылып, Ресей мен Қытай республикаларына жіберіледі, — дейді «Ақтөбе мыс компаниясының» атқарушы директорының орынбасары  Алмас Бекбауов.

Басшылар ашық карьерден алынып жатқан кеннің жұмысын көргеннен соң, фабрикаға кіріп,  руданың қалай өндіріліп жатқанын бақылады.

— Екінші фабрикадан күніне 60 мың тонна мыс пен 30 мың тонна мырыш концентратын аламыз. Батыстың белгілі компанияларының ең озық технологиясын пайдаланып жатырмыз. Германдық, шведтік, австралиялық қондырғылар бар. Жалпы, жылына 5 миллионнан астам кен өндіреміз.

Фабрика ашылған кезде  маман тапшылығы сезілді. Өзіміз мамандықтары ыңғайға келетін жастарды арнайы курстардан өткізіп, оқытып алдық. Алғашқыда Шығыс Қазақстаннан мамандар әкелген едік, қазір мұндағылардың 80-85 пайызы ақтөбеліктер, — дейді фабрика директоры Анатолий Гоготин.

Аталмыш  елді мекенде  оралмандарға арналып, Көктау-2 ауылы салынып жатқаны белгілі.  450 отбасын баспанамен қамтитын жаңа ауылда  әрқайсысы 4 пәтерлі  112 үй салынып жатыр. Оның 54-інің құрылысы  биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде.

Кен орнының жұмысымен танысқан «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин жақсы баға берді.

— Сіздер тек қана өндірісті дамытып қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешіп жатырсыздар. Бұл жердегі кен орны 2035 жылға дейін жетеді. Ендігі жерде тек еңбек ресурстарын ғана емес, жаңадан геология мен барлау көздерін табуымыз керек. Қазір сол бұрынғы кеңес заманында зерттелген сызбалармен жұмыс жасап жатырмыз. Отандық барлау карталарын жасап, болашаққа қалдыруымыз қажет. Бұған алдағы уақытта үкімет те көңіл  бөлмек, — деді ол.

Көктау әзірге мыс пен мырыш концентратын дайындап, байытып,  шетелге шығарып жатыр. Ол жақта тағы да өндіріліп дайын металға айналады. Осындай дайын өнімді өз елімізде жасауға 2017 жылы қол жеткізуіміз мүмкін.

*  *  *

«Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған топ Хромтау ауданындағы «Восход Ориел» ЖШС-ында болды. Астаналық мейман шахтаға түсіп, жұмыс барысымен танысты.

Айта кету керек, бұл — «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» жалпыұлттық жобасына кіретін ірі нысанның бірі. Комбинат сұранысқа және бәсекеге қабілетті хром концентраты өнімдерін өндіреді.

Кенішітегі хром рудасын өңдеу жөніндегі тау кен байыту комбинатының құрылыс жобасының құны — 168 млн. АҚШ доллары. Ал жоба қуаттылығына шаққан кездегі жыл сайынғы руда өнімінің көлемі — 1300,0 мың тонна.

Аталған кен орнындағы хром рудасы әлем бойынша сапасы жоғары саналады. Өнім сыртқы рынокқа бағытталған. Кеніште өндірілген хорм концентратының 40 пайызы Ресейге (Тихвин ферробалқыту зауыты), Ұлыбритания («Giencore» компаниясы) рыноктарына жіберіледі. Қалған бөлігі Қытайға экспортталады.

Кәсіпорын құны 300,0 млн. АҚШ доллары болатын, қуаттылығы жылына 180,0 мың тонна жоғары көмірсутекті феррохром болатын ферробалқыту зауытын салуды жоспарлап отыр.

* * *

«Восход-Ориел» кенішінен кейін «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған топ «СпецТрансСтройКомпани» ЖШС-ына барды. Онда Нұрлан Зайроллаұлы кәсіпорынның вибросығымдалған бұйымдарын шығару жөніндегі зауытын іске қосу салтанатына қатысты.

Вибросығымдалған бұйымдар шығару жөніндегі зауыт тротуар төсеніші, жиектас және қабырға блоктарын шығаруға мамандандырылған. Толық автоматтандыру мен «HESS» неміс фирмасының құрылғыларын пайдалану арқылы қол еңбегінің үлесі мейлінше кемітілген.

Бұл инвестициялық  жобаның құны —  600 млн. теңге. Жобалық қуаттылығы әр ауысым сайын 3100 шаршы метр.

«Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары зауыт алдына жиналған бір топ жұмысшы жастың істеріне сәттілік тіледі. Және ақтөбелік жастардың бастамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айрықша қолдағанын, кең ауқымды акцияны Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына лайықты сый деп бағалағанын айтты.

— Ақтөбенің жастары республика жұртшылығына үлгі болып отыр. Сіздер бастаған ізгі шара еліміздің әр өңірінде жалғасатын болады, — деді Нұрлан Нығматулин.

* * *

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Хромтау сапарынан кейін, облыс орталығындағы партия бақылауына алынған әлеуметтік маңызды  нысандардың — Қарғалы селолық ауруханасы жанындағы перзентхананың және Оңтүстік-Батыс ауданда салынып жатқан  көпсалалы балалар ауруханасының құрылысымен танысты.

Қарғалы селолық ауруханасы ауласында Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықовты осы селода көріктендіру жұмыстарымен айналысып жүрген жастар отряды мүшелері қарсы алды.

— Ақтөбелік жастардың «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясы — Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына үлкен сый. Ақтөбелік жастар бастамасын Елбасы қолдап, осы істі басқа аймақтарда да қолға алуға тапсырма берді. Бұл жоба —  ауыл-селолар мен қалалар аумағын көріктендіруге ғана емес, сондай-ақ жастар арасындағы патриоттық тәрбиеге қосылған үлкен үлес болып табылады, — деді Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде жастар да алаңсыз жұмыс жасау үшін барлық жағдайдың жасалғанын жеткізді: қала ішіндегі нысандар мен сырттағы ауылдарға оларды арнайы көліктер тасиды, мезгілімен тамақ беріледі, арнаулы киім, құрал-жабдықтар да жеткілікті. Жастардың әрқайсысының айлық табысы 30 мың теңгеден кем болмайды.

Ал облыс әкімі Елеусін Сағындықов:

— Еңбекақыдан бөлек, ең жақсы жұмыс істеген жастарға облыс басшылығы тарапынан автомобиль кілті, ноутбуктар және Астана қаласына жолдамалар сыйға тартылады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі, мекемелер мен кәсіпорындар басшылары да жақсы жұмыс істеп, көзге түскен жастарға сыйлықтар ұсынатын болады, — деді.

Жастармен әңгіме осылай көңілді өрбіді. Бұдан кейін Нұрлан Нығматулин мен Елеусін Сағындықов жастармен бірге аурухана ауласына гүл екті, ал одан әрі 80 орындық перзентхана құрылысымен танысты.

Осы жерде «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары өзінің Ақтөбеге сапарына байланысты жергілікті журналистердің сауалдарына жауап берді.

— Ақтөбе — өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қазақстанның үдемелі индустриялды-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сай, жақын жылдары облыста 30-дан астам жоба жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен осы жобалардың әрқайсысының мерзімінде іске қосылуы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы партия бақылауына алынған. Ақтөбе облысында көптеген жұмыстар уақытылы, тіпті уақытынан бұрын да орындалып жатыр, — деді Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ Нұрлан Нығматуллин өз жұмыс сапарының мақсаты «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясымен байланысты екенін атап өтті.

— Бұл — бүкіл Қазақстан жастарына үлгі болуы, кең түрде насихатталуы тиіс үлкен іс, — деді Нұрлан Нығматулин.

Нұрлан Нығматулин журналистермен Хромтау ауданы тау-кен орындарындағы жұмыстармен танысу кезіндегі әсерлерін де бөлісті.

— Хромтау кен орындарындағы еңбекшілер қауіпсіздігін сақтау бағытындағы шараларға риза болдым, — деді ол.

Ауыл-селоларды көріктендірумен айналысатын жастар жұмысының бір бағыты — спорт алаңдарын қалпына келтіру. Қарғалы селолық ауруханасынан кейін «Нұр Отан» төрағасының бірінші орынбасары мен облыс әкімі аталмыш село шетінде әзірленіп жатқан футбол алаңында болды және Кеңес Нокин ауылы бағытындағы жол бойында жастардың күшімен жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын барып көрді.

Ал Ақтөбе қаласының Оңтүстік-Батыс ауданындағы көпсалалы балалар ауруханасы ғимаратының құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр.

Нұрлан Нығматулин мен Елеусін Сағындықовты мұнда да, құрылысшылармен қатар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті студенттерінен құралған «Атамекен» отрядының мүшелері қарсы алды.

— Мен ақтөбеліктердің еңбекқорлығын, өмірге деген ерекше құлшынысын байқап келемін. Еңбек етемін, ертеңгі күннің қамын жасаймын деп талаптанған адамға ауылда да, қалада да жағдай бар деп білемін. Өйткені басымыз — аман, еліміз — тыныш. Мынау көрші жатқан қырғыз еліндегі дүрбелеңдерден барлығымыз да хабардармыз. Ондайдың беті аулақ болғай. Еліміздің тыныштығын, халқымыздың ауызбірлігін бағалап, қадірлей білуіміз керек , — деді Нұрлан Нығматулин құрылысшылармен кездесу кезінде.

Кездесу соңында Нұрлан Нығматулин мен Елеусін Сағындықов құрылысшылармен және студенттермен естелік суреттерге түсті.

* * *

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің біздің өңірге сапарының жұмыс кестесіне енген тағы бір инвестициялық жоба —«Ақтөбе орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көлік-логистикалық орталығы болды.

Бүгінгі таңда Қазақстанның батысында бұл бағыттағы құрылыстардың ішінде көлемі жағынан ең үлкен жоба да — осы. Оның жалпы ауданы 12,4 мың шаршы метр құрайтын терминалдардан тұрады. Әлеуетті қойма тауарлардың барлық түрін жедел қабылдауға және сақтауға арналған. Жаңа нысан үстіміздегі жылдың маусым айының аяғына қарай толық қуатында жұмыс істейтін болады. Қазіргі шақта алып қойманы іске қосудың соңғы жұмыстары жүріп жатыр.

— Белгіленген уақытқа дейін барлық жұмыстар аяқталады. Алғашқы қызмет көрсететін мекемелеріміз, кәсіпкерлеріміз де белгілі. Олардың жүктері терминалдарға орналастырылып, сақталуда, — дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Эльмира Касьянова.

Қазірдің өзінде мұнда біраз адам жұмыс істеп жатыр. Толық пайдалануға берілген кезде тағы190 жұмыс орны ашылады. Ал сауда орталығы іске қосылғанда бұған 450 жаңа жұмыс орны қосылады.

Әрине, кім-кімді де таңғалдыратын, осындай бірегей нысанның жұмысына астаналық мейман оң баға берді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен бірге оның ішкі құрылымын, жаңа жабдықтарын аралап көрді. Құрылысты жүргізіп жатқан кәсіпорын басшыларымен, терминалдарда қызмет істейтін адамдармен әңгімелесті.

Репортажды жүргізгендер: Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ, Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ, Индира ӨТЕМІС, Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button