Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Сәрсенбі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтіп, бірқатар тәртіп бұзған мемлекеттік қызметкерге қатысты шара қолданылды.

Жиынды ашқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Расул Медетов күн тәртібінде бірнеше мәселелердің қаралатынын айта келе, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің 7-тармағының II-III тармақшаларының талаптарын бұзғаны үшін Мұғалжар ауданына қарасты Құмжарған ауылдық округінің әкімі Рамазан Үргенішбаевқа қатысты қозғалған тәртіптік істі қарауды ұсынды. Аталған азамат сәуір айында көлікті мас күйінде жүргізіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— Ауыл әкімінің өзі осындай болса, тұрғындардан не күтуге болады? Бұл өте ұятты жағдай, — деген кеңес мүшелері оны сын тезіне алды. Жиналғандардан кешірім сұрап, өзінің айыпты екенін мойындаған ауыл әкіміне мықтап ескерту жасалып, артынша қатаң сөгіс берілді. Оның үш жылға жүргізушілік куәлігінен айырылғанын айта кету керек.

Ал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қанағат Ахметовтің өз қызметін асыра пайдаланғаны анықталды. Ол заңсыз түрде бағасы қымбат әрі сирек кездесетін дәрі-дәрмектерді алып, өзге облысқа таратқан. Және бұл бірнеше рет қайталанған. «Науқас адамдарға көмектесу үшін жасадым» — деп ақталған департамент басшысының орынбасарын кеңестегілер кешірген жоқ, оны жұмысынан босату туралы шешім шығарды.

Отырыста, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер құқықтарының қорғалуына қатысты жүргізілген жасырын сауалнаманың нәтижесі, Ойыл ауданы әкімі Дастан Сагировтың сыбайлас жемқорлыққа қатысты атқарылып жатқан жұмыстарының есебі, т.б. тыңдалды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мирамгүл Бибітова өз сөзінде осы жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстағы 559 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын, оның 347-і жергілікті атқарушы орган қызметшілері, ал 212-і орталық атқарушы органның өкілдері екенін атап өтті. Жалпы саны 2-еуі жұмысынан қуылып, 1-еуі қызметінен төмендетіліпті, сондай-ақ, 25 қызметкерге қатаң сөгіс түріндегі шара қолданылған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button