«Бақытты бала»

«Достық» шақырады

Кеше қала әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен «Достық» лагерінің үшінші маусымының салтанатты ашылуы болды. Шара барысында «Бақытты бала» жобасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай 5 жетім балаға 50 мың теңге көлемінде сертификат және аз қамтылған отбасылардан шыққан 21 балаға мектепке қажетті оқу құралдары табыс етілді. Бұған қоса қала әкімі лагерьде ұйымдастырылған  туризм сабағына қатысып, «Батыр» шатырлы лагерінің жұмысымен, «Достық»  жазғы лагерінің материалдық-техникалық базасымен танысты.

«Достық» лагерінде балалар үш ай бойы уақытты қызықты әрі тиімді өткізеді. Тәжірибелі педагогтар лагерьде түрлі қызықты бағдарламалар әзірлеген.  Мұнда сауықтыру іс-шаралары, ойын-сауық, таза ауадағы демалыстар, спорттық, туристік, мәдени шаралар өткізіледі. Бұған қоса түрлі экспедициялар ұйымдастырылады. Балалар жаңа достар табады.

Лагерьге 7-14 жастағы балалар келе алады. Демалыс орны Ақтөбе қаласы білім бөлімі тарапынан түрлі санаттағы жеңілдік берілген балалар мен өздігінен келген 800 балаға есігін айқара ашады. «Достық» лагерінде «Батыр» шатыр лагері де жұмыс істейді. Шатыр лагерінің ең негізгі мақсаты — балалардың туристік өмірдің дағдыларын меңгеруіне ықпал ету, картамен жұмыс істеуге үйрету және «Менің Отаным — Қазақстан» республикалық туристік және жергілікті экспедициялар бағдарламасы бойынша жас туристер қатарын арттыру.

4 шілде күні лагерьдің үшінші маусымы өз жұмысын бастады. Үшінші маусымда 240 бала демалып жатыр.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button