«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Baqytty Bala халықаралық байқауы бесінші рет өтеді

Биыл 9-14 тамызда Ақтөбедегі Өнер орталығында «Baqytty Вala-2022» халықаралық фестиваль-байқауы өтеді.
Baqytty Bala — Ақтөбе облысының брендіне айналған ерекше жоба. «DimashAli» шығармашылық орталығы және Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы ұйымдастырып отырған дүбірлі додада  әлемнің 8 елінен келетін 10-16 жас шамасындағы 20 өрен бас жүлде үшін бақ сынамақ.

Іріктеу кезеңіне 200-ге жуық өтініш қабылданды. Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка мемлекеттерінен және еліміздің барлық қалаларынан үміткерлер бақ сынады. Қашықтықтан тыңдау нәтижесі бойынша 20 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алды.

Байқау ережесіне сәйкес, сайыс 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұйымдастыру комитеті аудио, бейне материалдар арқылы қашықтан тыңдау арқылы үздік орындаушыларды іріктеді. Ақтық мәреге өткен қатысушылар екі шығарма: өз ана тілінде (немесе авторлық ән) және әлемдік хит орындайды.

Байқауға қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Марат Әйтімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев,  «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері, Р.Бағланова атындағы мемлекеттік «Қазақконцерт» концерттік ұйымының әншісі Рухия Байдүкенова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері Ернар Нұртазин бағалайды.

«Baqytty Bala» байқауының бас жүлдесін 2018 жылы Нарғыз Жанұзақова (Ақтөбе қаласы) мен Ержан Максим (Нұр-Сұлтан қаласы), 2019 жылы Ислам Балкоев (Ресей қаласы) және Айкерім Тілеубек (Нұр-Сұлтан қаласы) иеленді. Былтыр бас жүлдені Тараз қаласынан келген 13 жастағы Айлун Заушева жеңіп алды.

«Baqytty Bala-2021» байқауындағы ең қалаулы марапат — күллі әлемге қазақ елін таныстырған әнші Димаш Құдайбергеннің сыйлығы. Димаш Құдайбергеннің шетелде өтетін жеке концертіне арнайы шақыртуды Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Адель Құнәділова алды. Ол шақыртуға ғана емес, әлем мойындаған Димаш Құдайбергенмен бір сахнада тұрып ән салу мүмкіндігіне ие болды. Димаштың жеке концертіне қатысып, онымен бірге ән салу мүмкіндігі Baqytty Bala байқауының бұған дейінгі қатысушыларына да берілген болатын. Baqytty Bala-2018 байқауындағы аталған номинация иегері ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова әншінің Лондондағы концертіне барды, ал 2019 жылғы гран-при иегері Айгерім Тілеубек Нью-Йорк төрінде миллиондаған көрермен алдында Димашпен бірге ән шырқады. Биыл бұл номинация кімге бұйырар екен?

Төрешілер шешімі гала-концертте жарияланады. Байқаудың жүлде қоры — 3 млн 450 мың теңге. Гала-концерт 13 тамыз сағат 19:30-да Өнер орталығында өтеді.

Билеттерді тикетон сайтынан немесе концерт залының кассасынан сатып алуға болады.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button