«Baqytty bala — 2022» басталды
Кеше Ақтөбе қаласында халықаралық «Baqytty вala — 2022» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы шымылдығын түрді. Осымен 4-ші рет өткізілгелі отырған өнер бәйгесінде биыл 21 жас әнші бабы пен бағын сынайды.
Балалар жылы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі өнер мерекесінде әлемнің 8 елінен келген 10-16 жас аралығындағы жас талаптар сынға түспек. Қазылар алқасының шешімімен барлығы 200-ге жуық қатысушының арасынан суырылып іріктеу кезеңіне өткендер кеше, яғни 12 тамызда өзінің ана тіліндегі әнді шырқады. Бүгін олар енді әлемдік хит-әнді орындауы керек.
— Облыс әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отырған байқауға осы жылы Қазақстан,Түркия, Ресей, Өзбекстан, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения мемлекеттерінің өнерлі балалары қатысып жатыр. Ақтық мәреге барлығы 21 жеткіншек жолдама алды. Олардың көпшілігі бұған дейін осындай байқауларға қатысып жүрген, тәжірибелі балалар екен.
Байқаудың жүлде қоры — 3 миллион 450 мың теңге. Шетелден, еліміздің аумағынан келген қатысушылар мен қазылар алқасының жолақысы, қонақүй, басқа да шығындарын көтереміз.
Ең бастысы, жас өнерпаздар қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда күллі әлемге танытқан Ахмет Жұбанов туған қасиетті мекеннен қуат алып, шалқар шабытпен қайтады деген сенімдеміз, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.
Байқау қарсаңында өткізілген баспасөз мәслихатында қазылар алқасының мүшелері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-ұстаз Марат Әйтімов, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері Рухия Байдүкенова, халықаралық байқаулардың лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрінің бас дирижері Ернар Нұртазин сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Олар «Baqytty вala» байқауының бұған дейінгі жеңімпаздары жер-жерде жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін, Ақтөбедегі ән додасы таланттарды одан әрі шыңдайтынын атап өтті.
Қатысушыларға мәдени бағдарламаның да әзірленгенін айта кету керек. Дүниенің түкпір-түкпірінен келгендер Ақтөбе қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, планетарийге экскурсия жасап, Димаштың ұстазы Марат Әйтімовтің шеберлік сағатына қатысуға мүмкіндік алды.
«Baqytty bala — 2022» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және гала-концерт бүгін сағат 19.30-да «Өнер орталығы» концерт залында өтеді. Билеттерді тикетон сайтынан немесе концерт залдың кассасынан сатып алуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Нарқыз Жанұзақова (Ақтөбе қаласы), Ержан Максим (Орал қаласы), Ислам Балкоев (Ресей), Айкерім Тілеубек (Нұр-Сұлтан қаласы),
Айлун Заушева (Тараз қаласы) осы байқаудың жеңімпаздары атанған еді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.