Жанерке мен Ульяна — «Baqytty bala — 2022» жеңімпаздары
Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласында халықаралық «Baqytty Bala — 2022» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы қорытындыланды. Осымен 4-ші рет өткізілген өнер бәйгесінде
жүлдесіз қалған ешкім жоқ.
Балалар жылы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі өнер мерекесінде жер-жерден келген 21 жас талап сынға түсті. Олардың арасында Қазақстанды айтпағанда, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения мемлекеттерінің өкілдері бар. 10-16 жас аралығындағы өнерпаздар әуелі ана тіліндегі, кейін әлемдік хит-әндерді орындады. Олардың өнерін қазылар алқасы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-ұстаз Марат Әйтімов, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері Рухия Байдүкенова, халықаралық байқаулардың лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік академиялық филармонияға қарасты симфониялық оркестрдің бас дирижері Ернар Нұртазин бағалады.
Әнші балапандарға мәдени бағдарлама да әзірленіп, Ақтөбе қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі және планетарийге экскурсия ұйымдастырылды. Артынша Димаштың ұстазы Марат Әйтімовтің шеберлік сағаты өтті.
Марапаттау рәсіміне ұласқан гала-концертте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова:
— Бүгін тамаша өнер кешінің куәсі болдық. Осы шараның әдемі өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға ризашылығымыз шексіз. Ал балалардың өнері керемет, барлықтарыңызға жарқын болашақ тілеймін!
«Baqytty Bala — 2022» фестиваль-байқауының болашағы зор болсын! — дей келе, I орын иегерлері Жанерке Әбдірахманова (Ақтөбе қаласы) мен Ульяна Зарваға (Ресей) диплом мен арнайы мүсіншені, сондай-ақ 700 мың теңге ақшалай сыйлықты табыстады. Жүлделі II орынды (диплом мен 500 мың теңге) өзбекстандық Милана Пак пен испаниялық Мелани Гарсье иемденді. Ал үздік үштікті ақтөбелік Аяулым Сабыр, алматылық Юлия Макс, армениялық Элен Бадалян, түркиялық Ялки Сака өзара бөлісті. Соңғы аталғандарға диплом мен 250 мың теңге тапсырылды. Сондай-ақ шымкенттік Сағын Өмірбайұлы «Көрермендер көзайымы» аталымын иеленсе, «Дәстүрге адалдық» арнайы жүлдесімен қаскелеңдік Шерхан Арыстан, «Өнер қарлығашы» сыйлығымен шымкенттік Еңлік Байзақ марапатталды. Сол сияқты «Үміт» жүлдесі өскемендік Данияр Дүйсенбековке бұйырса, «Артистік шеберлік» номинациясына польшалық вокалист Юлианна Китова лайық деп танылды. Нұр-Сұлтан қаласынан келген қатысушы Ақжарқын Айдосова Димаштың жанкүйерлері атынан сыйлыққа ие болса, гала-концертте кештің басты тосынсыйы — 2022 жылғы мерейтойлық «Балалар Евровидениесі» байқауында Қазақстанның атынан алматылық Давид Чарлиннің өнер көрсететіні белгілі болды. Сонымен қатар марапаттау рәсімінде қарағандылық Асылайым Болатқызы, елордалық Әмина Жапар, қостанайлық Ясмин Аюпова, қаскелеңдік Камиля Сағымбай, алматылық Давид Чарлин, болгариялық Сесил Алпер Сабри, румыниялық Кристина Мария Пантеа фестиваль-байқаудың дипломанттары атанды.
Салтанатты кеш «Baqytty Bala» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының гимнімен тәмамдалды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.