Әлеумет

Тәлімгер

23 маусым — Мемлекеттік қызметші күні

Бүгінде мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еңбек етіп, кейінгі жастарға үлгі болып жүрген аға буынның алар орны ерекше. Солардың қатарында Аман Жекеевті атауға болады. Ол — сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітіргеннен бері өзін кәсіби шыңдап, тапсырылған міндетті абыроймен орындап, жан-жағына еңбегімен құрметке бөленіп келе жатқан азамат.

Ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын өзі туып-өскен Қобда ауданының Ленин атындағы ұжымшарында инженер-гидротехник болып бастады. Бұдан кейін де өндіріс орындарында қызмет етіп, тәжірибе жинақтады, өз мамандығының білгірі ретінде танылды. Ал 1994 жылы облыстық монополияға қарсы комитетке бөлім басшысы болып тағайындалуын мемлекеттік қызметке келуінің басы деп қабылдауға болар. Содан бері қаншама жыл өтті, ол өзін іскер қызметкер, жауапты маман ретінде көрсетіп келеді. Осында қызмет ете жүріп «Әділет» жоғары құқық мектебін бітірді. Содан кейін құқық қорғау қызметіне ауысты. Облыстық әділет басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болып сегіз жылдай еңбек етті. Осында жиналған мол тәжірибе, ол, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметін он жылдай атқарған уақытында айтарлықтай пайдасын тигізді.

— Мемлекеттік қызмет тізгінін ұстаған маман ең алдымен заңдылықтарды жан-жақты игеруі тиіс, — дейді ол. — Онсыз сауатты да білікті жұмыс істеймін деу қателік. Бұл ретте күн сайын дерлік заң жолдарына үңіліп, зерделеп отыру артықтық етпейді.

Тәжірибелі маман кейінгі жастарға да осылай деп үйретеді. Мемлекеттік қызмет саласындағы көптеген жас буын өкілдері Аман Наурызғалиұлын білікті тәлімгер деп ұғады, сондықтан да одан ақыл-кеңес сұрап, бағыт алып отырады.

Соңғы жыл ауқымында ол заң қызметіне қайта оралды. Қазір облыстық әділет басқармасында бөлім басшысы. Бұдан он жыл бұрынғы уақытқа қарағанда, мұнда қызмет ауқымы түбірінен өзгерген. Заңға жүгіну, әділдік жолын іздеу тұрғысынан заңгерге қойылатын талап жоғары.

Әдетте қатардағы мемлекеттік қызметкерге марапат көп беріле бермейді. Дегенмен, облыс әкімінің, Әділет министрінің қолы қойылған Алғыс хаттар өзі атқарып жүрген қызметтің оң бағасындай сезіледі.

Аман Наурызғалиұлы тарихты зерттеп жүргенді ұнатады, география да көңілінің төрінен орын алады. Оның үстіне футболдың белсенді жанкүйері. Бір кездері облыстық «Ақтөбе» газетінің штаттан тыс спорт шолушысы болып, оқырмандар ол жазған мақалаларды асыға күтетін кез де болған. Қай жерде қызмет атқарса да, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары көтеріп жүреді. Талай рет ұлттық-мәдени, танымдық шаралардың ұйытқысы болды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Әсіресе, халық қауіпсіздігі бағдарламасы аясында облыста аудандар бойынша ұйымдастырылған шараларға кеңінен қатысты, тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, оларды мазасыздандырған көптеген сауалдардың жауабын тиянақты етіп беріп, көпшіліктің көңілінен шықты.

Ел таныған байыпты азаматтың алпыс жылдық белесі биылғы мемлекеттік қызметшілер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Ол Ақтөбедегі «Жібек» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет атқаратын өмірлік қосағы Әлия екеуі отбасында екі перзент тәрбиелеп өсірді. Мәдина — әкесі сияқты мемлекеттік қызметте, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасында бас маман. Ұлы Нұрберген — Астанада құрылыс компаниясында қызмет атқарады. Олар — отбасындағы жақсы тәрбие негізін бойларына сіңірген, бүгінде тәуелсіз еліміздің көркейіп-нығаюына үлес қосып жүрген жастар.

Н. ДОСЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button