Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Баспананы қайдан табамыз?

Қаламыздың біз тұратын аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорындағы ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілейін деп жатыр деп естідік. Сонда оның тұрғындарын – уақытша баспанасыз қалатын бізді қайда жібереді?

Әсемгүл,

Ақтөбе.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 91-бабында мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге күрделi жөндеу жүргiзiлген кезде жөндеудi тұрғындарды (жалға алушының) көшiрмей жүргiзу мүмкiн болмаса, жалға берушi жөнделетiн үй-жайды жалдау шартын бұзбастан, күрделi жөндеу жүргiзiлетiн уақытқа жалға алушыға және оның отбасы мүшелерiне басқа тұрғын үй беруге мiндеттi екендігі көрсетілген. Жалға алушыға күрделi жөндеуге байланысты көшу кезiнде келтiрiлген шығындарды жалға берушi өтеуге тиiс. Жалға алушы тек күрделi жөндеу кезiнде берiлген тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн, сондай-ақ бұл тұрғын үйде көрсетiлген коммуналдық қызметтер үшiн ғана ақы төлейдi.

Тараптардың келiсiмi бойынша көшiрудiң орнына жалдау шартының бұзылуы, ал жалға алушыға жаңа жалдау шарты бойынша тұрақты пайдалануға заңда көзделген талаптарға сай келетiн басқа үй-жай берiлуi мүмкiн. Жалға алушының немесе жалға берушiнiң талап етуi бойынша басқа тұрғын үй күрделi жөндеудiң нәтижесiнде үй-жай едәуiр үлкейтiлiп және жалға алушыда артық алаң пайда болған жағдайларда да берiледi. Егер күрделi жөндеудiң нәтижесiнде тұрғын үй тарылып кетсе, жалға алушыға оның талап етуi бойынша мемлекеттiк тұрғын үй қорынан заң талаптарына сай келетiн басқа тұрғын үй берiледi.

Не жалақымды, не еңбек кітапшамды бермейді

Мені жұмыс беруші осыдан екі ай бұрын штаттың қысқартылуына байланысты жұмыстан шығарды. Алайда күні бүгінге дейін тиесілі жалақымды, басқа да сомаларды, не болмаса еңбек кітапшамды бермей отыр. Сұрасам қаржы жоқ, ақша түскен соң еңбек кітапшаңды тиесілі  жалақыңмен қосып береміз дейді. Менің  құқығым қандай?

Қайролла,

Қандыағаш қаласы.

Жалақы айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төленедi. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделедi. Жалақы төлеу кезiнде жұмыс берушi әрбiр қызметкерге тиiстi кезеңдегi тиесiлi жалақының құрамдас бөлiктерi, жүргiзiлген ұстап қалулардың мөлшерлерi мен негiздерi туралы, оның iшiнде ұстап қалынған және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиiстi жалпы ақша сомасы туралы мәлiметтердi жазбаша түрде ай сайын хабарлауға мiндеттi.

Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушiден қызметкерге тиесiлi барлық сомаларды төлеу шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi. Жалақыны және қызметкермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдердi төлеу жұмыс берушiнiң кiнәсiнен кешiктiрiлген кезде, жұмыс берушi қызметкерге берешегімен қоса өсiмақы да төлейдi. Ол төлем жүргiзiлуге тиiстi күннен кейiнгi күннен бастап әрбiр кешiктiрiлген күнтiзбелiк күн үшiн есептеледi және төлем жасалған күнмен аяқталады (ҚР Еңбек кодексінің 134-бабы).

Жұмыс берушi еңбек шарты тоқтатылған күнi қызметкерге еңбек кiтапшасын немесе қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын өзге де құжатты беруге мiндеттi (ҚР ЕК 63-бабы).

Зейнетақыға шығуда жеңілдік бар ма?

Мен 1942 жылы 2 мамырда туғанмын. 1965 жылы Ақмола ауылшаруашылық институтын бітірдім. Сол жылдан бастап 1971 жылға дейін ауыл мектебінде химик-биолог болып ұстаздық еттім. Ол кезде Кеңес дәуірі ғой. 1971 жылдан 1995 жылдың қазан айына дейін осы институттың (кейіннен университет атанды) сырттай оқу бөлімінде әдіскер болып қызмет еттім. 1995 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетке шықтым. Алты балам бар. Зейнетақы маған көп балалы ана ретінде жеңілдетілген тарифпен тағайындалған. Жеңілдетілген тарифпен тағайындалғанда еңбек өтілі ескерілмейді.

Қазіргі негізгі зейнетақым 14 727 теңге, қосымшасы 5388 теңге, барлығы: 20 115 теңге. Ал жалпы еңбек өтілім (институтта оқыған жылдар қосылса) 44 жыл. Әлгінде айтқанымдай, еңбектен қол үзгенім жоқ.

Кейбіреулердің айтуы бойынша, маған жеңілдетілген еңбек өтілі арқылы шығатын зейнетақыға ауысуға болады дейді. Себебі зейнеткерлікке шыққанда жасым 58-ге толмаған еді. Осының заңмен шешілетін мүмкіндігі бар-жоқтығын білгім келеді.

Раиса Жанайдарқызы ИБРАЕВА,

Ақтөбе.

Жоқ. Бұрын ұсынылған құжаттарды толықтыратын деректер тапсырылған жағдайда ғана зейнетақы қайта қаралады.

Мына телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады:

8 (7132) 51-04-13, 8-702-318-04-13.

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button