Мәдениет

Тоқсан ұлттың торабы

Жұма күні «Достық» үйінде мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Этноаралық келісімнің Қазақстандық үлгісі: тәжірибе және оны жетілдіру жолдары» тақырыбында семинар-оқу бағдарламасына сәйкес дөңгелек үстел өтті. Қала және аудандардан келген мамандардың қатысуымен өткен шара тақырыбы «Қазақстан халықтары Ассамблеясының қоғамдағы этноаралық келісімді күшейтудегі рөлі» деп аталды.

Дөңгелек үстелге қала және аудан әкімдігі аппараттары, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас мамандары, облыстық этномәдениет бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.

— Дөңгелек үстел өткізудегі мақсатымыз — мемлекеттік қызметте еңбек ететін мамандардың біліктілігін, өз қызметіне деген қызығушылығын арттыру. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, біз ел бірлігін, ынтымағын нығайта білуіміз керек. Екі апталық семинар-оқыту бағдарламасына қаладан және 12 ауданнан 25 тыңдаушы қатысты, — дейді мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының біліктілікті арттыру кабинетінің меңгерушісі Еркін Жиеналин.

Шара барысында алғашқы боп сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев этноаралық келісімнің маңыздылығына тоқталып, мамандарға оның ерекшелігін түсіндірді. Ал Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан Халықтары Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жамбыл Баймұханов елдегі Ассамблеяның жұмысына және атқарылып жатқан ізгі шараларға тоқталды.

— Бүгінде біздің облысымызда тоқсаннан астам ұлт өмір сүреді. Сонымен қатар 18 ұлттық-мәдени орталық бар. Өзге ұлт өкілдері қалада ғана емес, алыс-жақын аудандарда да бар. Кейбір ауданның басшылары өзге ұлт орталықтарымен белсене жұмыс жасай біледі. Мәселен, Мәртөк ауданында неміс, орыс, кәріс, әзірбайжан, татар, болгар ұлттарының мәдениет орталықтары бар. Бұл аудандағы «Достық» үйінде ұлттық орталықтардың мәдени іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Алға ауданында да болгар ұлтының орталығы бар. Былтыр болгарлықтар елімізге келгеніне жүз жылдығын тойлады. Мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетіліп, жаңа мектеп салынды. Барлық ауданның басшылары өзге ұлт өкілдерінің орталықтарымен белсене жұмыс жасауы керек, — деді Ж.Баймұханов.

Дөңгелек үстел аясында мамандар этномәдениеттілік саясат, мәдениетті ізгілендіру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, этноаралық және конфессияаралық келісімдердің қазақстандық үлгісін қалыптастыру мәселелері бойынша мазмұнды пікірлерін ортаға салды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button