Басты жаңалықтарДенсаулық

Менингит қандай ауру?

Менингит — мидың қабынуы. Бұл халық арасында кең таралған ауру және жыл сайын елімізде осы инфекцияға шалдығатындар жиі кездеседі.  Жыл басынан бері Ақтөбеде менингококк инфекциясын жұқтырған үш адам тіркелсе, оның екеуі —14 жасқа толмаған балалар. Өткен жылы жеті адамнан ауру анықталса, 2016 жылы  — 7, 2015  — 24, 2014 жылы 4 адам инфекция жұқтырған. Ауруға шалдыққандардың барлығы дер кезінде емделіп, құлан-таза айығып кеткен. Ал жұртшылықты үрейлендіріп отырғаны — биыл менингококк инфекциясынан көз жұмғандардың көбеюі.

ҮШ АДАМ ИНФЕКЦИЯ ЖҰҚТЫРҒАН

Қазір еліміздің барлық аймақтарында ақпараттық жұмыстар жүріп жатыр. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыста аталған дерттен көз жұмғандар жоқ. Қазіргі күні жұртшылық жиі баратын, адам көп жиналатын қоғамдық орындарда инфекциядан сақтандыруға арналған ақпараттық парақшалар таратылып жатыр.  Осы күнге дейін 1110 жаднама мен 650 үнпарақ таратылған.

Облыста жағдай тұрақты, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Жыл басында инфекция жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған 181 адам тексерілді, нәтижесінде менингококк инфекциясының қоздырғышы анықталған жоқ. Қазіргі таңда аталған инфекцияның алдын алу мақсатында осы жылға арналған жоспар құрылды. Дәрігерлердің арасында семинарлар өткізілді. Облыстық білім басқармасына, мектепке дейінгі мекемелерге, сауықтыру орындарына таңертеңгілік фильтр ұйымдастыру туралы хат жіберілді.

Қазіргі таңда адам көп жиналатын орынның бірі — мешіт. Осы орайда мешіттердің бас имамдарына санитарлық-дезинфекциялық тәртіптің сақталуы жөнінде хат жолданды. Бір ескеретін жайт, аурудың белгілері байқалған кезде адам өздігінен ем жүргізбеу керек. Бірден жедел жәрдем шақыртуы тиіс, — дейді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыс бойынша күні-түні Call-орталық жұмыс істейді. Менингиттің алдын алуға және қандай да бір сұрақтар болса, тұрғындар хабарласып, кеңес алуына болады. Байланыс телефоны: 500-895. 502-721

Дәрігерлердің айтуынша, биыл бұл ауру салдарының тым ауыр болуы ауа райына байланысты да болуы мүмкін. Себебі ұзақ уақыт бойы күннің бірде жылып, бірде салқын болуы инфекцияның өршуіне әкеледі. Әсіресе көктем мен күзде адамның иммундық жүйесі әлсіз болады. Осы уақытта түрлі инфекцияны жұқтырып алады. Оның ішінде балалар ауруға төтеп бере алмайды. Менингиттің ауыр түрінде бірден ем қабылдамаса, адам өліп кетуі мүмкін.

СЫРҚАТТЫҢ БЕЛГІСІ ҚАНДАЙ?

Дәрігерлердің айтуынша, менингит ауруы кенеттен басталады. Күтпеген жерден адамның  басы қатты ауырады, құсады, бес-алты сағаттан кейін денеде бөртпе пайда болады. Дене қызуы 39-40°С-қа жетеді, адам қалтырайды. Тері бозарады. Адам әлсіреп,  арқа және аяқ-қол сырқырайды. Көзі бұлдырап, бір нүктеге қарай алмайды, алдындағы зат қосарланып көрінеді. Науқас адам шөлдейді, тәбеті нашарлайды. Кейде ауру жеңіл түрде өтеді. Менингит  тұмау, баспа, суық тию, тонзиллит және тағы басқа  ауруларға ұқсас болғандықтан адамдар мән бермейді. Иммунитеті әлсіз ересектер мен балалар ауруға жиі шалдығады. Салқын тиіп қатты ауырғанда менингококк инфекциясы бас миының қабығына тез өтіп, қабындырады. Сондықтан халық арасында бұл ауруды «миқұрт» деп атайды.

ҚАЛАЙ ЖҰҒАДЫ?

Инфекцияның көзі — науқас адамдар және «дені сау тасымалдаушылар», яғни қандай да бір клиникалық белгілері жоқ, бірақ менингококк инфекциясын тасымалдайтын сау адамдар. Инфекция ауа тамшылары арқылы жұғады. Науқас адам түшкіргенде, жөтелгенде ауаға инфекция таралады. Қоғамдық орындарда, адам көп жиналатын ғимараттарда инфекция тез тарайды. Науқас адам маска киіп жүру керек және оны  жиі ауыстырып тұрған дұрыс.

САҚТАНУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Аурудан сақтану үшін қарапайым тазалық ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстану керек. Мүмкіндік болса, адамдар көп жиналатын жерлер мен сауда, ойын-сауық кешендеріне, мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін жерге сирек барған дұрыс. Күн салқын кезде жылы киініп жүру керек. Жеке бастың гигиенасы сақталуы керек. Әсіресе балаларға қолды мұқият жууды үйреткен дұрыс. Тамақ ішер алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу керек. Суық тисе, адам өзін жайсыз сезінсе, бір реттік маска киген дұрыс. Бөлмені жиі желдетіп, тазартып отырған жөн.

Дәрігерлердің айтуынша, аталған ауруға көбінесе бес жасқа дейінгі балалар шалдығады. Себебі олардың иммундық жүйесі қалыптаспағандықтан ауруға қарсы күресе алмайды. Сондай-ақ  жасөспірімдер мен жастар, орта жастағы адамдар да аталған аурудың «құрығына» тез ілігеді. Өйткені жас адам  тәуекелге барады, яғни салқын тисе, тамағы ауырып, қызуы көтерілсе, елемей жүре береді. Өз денсаулығына бұлай салғырт қараудың соңы көп жағдайда қайғылы оқиғаға әкеледі.

P.S.

Биыл республика бойынша менингит жұқтырған 58 адам тіркелген. Оның 18-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Ал жыл басынан бері аталған аурудан көз жұмған 12 адамның бесеуі — 14 жасқа толмаған. Жалпы еліміз бойынша менингитке қарсы ең жоғарғы көрсеткіш 2015 жылы тіркеліпті. Қазіргі күні елімізде арнайы штаб құрылды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметі бойынша, карантин жариялап, тұрғындарды жаппай егуге ешқандай негіз жоқ. Көз жұмғандардың көпшілігі дәрігерге кеш хабарласқан. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста вакцина жоқ, яғни қарастырылмаған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button