Әлеумет

30 балаға дастарқан жайылды

Балалар күнінде «Кездесу» мейрамханасында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған отыз балаға дастарқан жайылып, мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Шара Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның және «Асыл бала» үкіметтік емес қауымдастықтың облыс бойынша төрайымы Мүслима Әбдірахманованың қолдауымен өтті.

Мейрамхананың  іші балаларға арналып безендіріліпті. Мерекені қызықты қылып өткізетін арнайы орталықтар балаларға түрлі ойындар ойнатты. Олар ән айтып, би биледі. Белсенділік танытқандарға арнайы сыйлықтар берілді. Ойында үздік атанған бала мейрамхананың спорттық велосипедіне  ие болды.

Жоспар бойынша ойындар далада өтуі тиіс еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мейрамхана ішінде өткізіп отырмыз. Бірақ балалардың көңіл күйі бұзылған жоқ. Бәрі қызықты өтіп жатыр, — деді Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Ботагөз Бейсенова.

Балалардың қуанышында шек болмады. Жүргізушіге ілесіп, ортаны айналып би биледі. Бір-бірімен таласып тақпақтар айтты. Қала мектептерінің бірінен келген  Әли Тілеумағанбетов қатарластарын құттықтады.

Бүгін мереке күшті өтіп жатыр. Бізге ұнады. Балалардың барлығының дені сау болсын! Оқуда озат болсын,  — деді Әли.

Ойындар аяқталған соң, балалар дастарқан басына жайғасты. Түрлі тәттілер жеп, сусындар ішті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button