Ауыл

Маңызды науқанның соңғы сәті

Көктемгі егіс

Облыс бойынша бүгінгі күнге 450 мың гектар алқапқа жазғы дәнді дақылдар себілді. Бұл себілуге тиісті жаздық дәнді дақылдардың 73 пайызын құрайды.

— Кейінгі күндердегі жауын-шашын бөгеді. Дегенмен, барлық аудандарда көктемгі егіс науқаны қарқын алып, жұмыс біраз еңсерілді. Мысалы, Әйтеке би ауданында барлық дәнді дақылдардың 80 пайызы себіліп үлгерді. Бұл өңірде биыл алғаш рет мақсары дақылы егілді. Мұғалжар, Темір аудандарында көктемгі далалық жұмыстар толық аяқталды, — деп хабарлады облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Диас Ерғалиев.

Маманның мәлімдеуінше, аудандарда дәнді дақыл егісімен бірге, картоп, көкөніс, бақша отырғызу да қатар жүргізілуде. Өйткені бұдан әрі бұл жұмыстарды кешеуілдетуге болмайды, өнім өте кеш пісіп, күзгі салқынға ұрыну қаупі бар. Қазір Шалқар, Байғанин, Ырғыз аудандарында картоп, көкөніс, бақша отырғызу толық аяқтала келді. Қалған аудандарда да бұл жұмыстар ықшамдала келді.

Биылғы көктемнің ауа райы құбылмалы болды. Жауын-шашыннан кейін ыстық соқты. Бұл егістік алқаптарда арамшөптердің тез қаулап көтерілуіне жағдай жасаған. Сол себептен 64 мың гектар егістік алқапқа егіс алды өңдеу жұмыстары жүргізілген. Әр ауданда биылғы жылы егісті химиялық өңдеуге жоғары маңыз беріліп отыр.

Биылғы жылғы көктемгі далалық жұмыстарға бағасы нарықтағыдан 16 теңгеге арзан 8900 тонна дизель отыны бөлінген. Ауылшаруашылық құрылымдары келісімшарт жасасып, толық тасып жеткізілген. Бұл — тек көктемгі далалық жұмыстар үшін жеңілдікпен берілген жанар-жағармай. Жазғы науқан, күзгі егін жинау жұмыстары кезінде тағы бөлінбек.

Өңірдің диқаншы қауымы соңғы екі жылда егіншіліктен тәуір өнім алды. Ол үстіміздегі жылғы көктемгі егіс науқанына жақсы серпін берді. Соның арқасында биыл аймақта егіс көлемі 754 гектарға жетті.

— Биыл да егіншіліктен жоғары нәтиже болады деп есептейміз. Жерде ылғал жақсы. Кейінгі күндердегі жауын-шашын да көңілге сенім ұялатады. Егіннің түсіміне кепілдік беретін егістік алқаптарға минералды тыңайтқыштар енгізуге де шаруашылықтар биыл мейлінше маңыз беріп, 3100 тонна көлемінде келісімшарт жасасты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе артық. Демек, түсім де сондай болуға тиіс, — дейді Диас Ерғалиев.

Бөлім басшысы егістік алқаптарға минералды тыңайтқыш енгізудің жазғы, күзгі науқандық жұмыстар кезінде де жалғасатынын айтады.

Шамамен, тәулігіне облыс бойынша 26 мың гектар егістік алқапқа дән себіледі екен. Тап қазір 88 мың гектар алқапқа арпа, 250 мың гектар бидай, 2 мың гектар сұлы, 4 мың гектар тары, 2 мың гектардың үстінде дәнді бұршақтар, 27 мың гектар алқапқа майлы дақылдар себілген. Тек осы жылы 67 мың гектар мал азығындық жаздық дақылдар себіліп отыр.

Кейінгі төрт-бес жылда облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аймақта суармалы егістің айрықша қолға алына бастағаны белгілі. Биыл оның көлемі 30 мың гектарға жеткізілді. Алда бұл жұмыс кеңейе түседі. Еуразия даму банкі арқылы 7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Мердігерлер анықталып, суармалық 8300 гектар жерге инфрақұрылым тарту жөніндегі жұмыстар басталды. Келесі жылы бұл алқаптар айналысқа  кіретін болады. Суармалық егіспен өзен-суға жақын орналасқан Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Қарғалы, Қобда аудандарының егіншілері айналысуда.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button