МәдениетРухани жаңғыру

Ақтөбеліктер Анкарада өнер көрсетті

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және  Астана қаласының 20 жылдығына орай Түркияның астанасы Анкарада халықаралық конференция мен мерекелік концерт ұйымдастырылды. 

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы арнайы шақыртумен түрік елінде өнер көрсетіп қайтты.

Филармонияның «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» би ансамблі және әншілер Гүлназия Сағынғанова, Еркебұлан Құмаров, Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаева, яғни барлығы 28 адам бауырлас елде қазақтың әні мен биінен шашу шашты. Бір апта бойы өнер көрсеткен жерлестерімізді түркиялықтар ерекше ықыласпен қарсы алып, қошемет көрсетіпті. Сондай-ақ ақтөбеліктер Анкара қаласының бір миллион тұрғыны бар Кечорен ауданындағы Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақта өнер көрсетіп,  Жамбыл Жабаев атындағы көшенің ашылуына қатысты. Халық жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабы түрік тіліне аударылып, кітаптың тұсауы салтанатты түрде  кесілді. Ақтөбеліктер бұл кеште де өз өнерлерін ортаға салды.

— Түрік елінің құрметі ерекше болды. Анкара қаласында Астананың жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған концертке қатыстық. Бес мың көрермен жиналды. Ақтөбеліктердің өнерін түрік жұртшылығы өте жоғары бағалады. Қазақтың әні мен күйін тыңдаған халық ұзақ уақыт сахнадан кетпей қол соғып тұрды. Бауырлас елге деген құрметімізді біз де көрсетуге тырыстық. Әнші Гүлназия Сағынғанова түріктің «Çırpınırdı Karadeniz» әнін шырқағанда халық ерекше риза болды. Жалпы бұл шара екі елдің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түскендей болды, — деді филармония директоры Елубай Кенжалиев.

Өнер ұжымы тек қана Анкараның орталығы  емес, қаланың халқы көп бірнеше аудандарына барды. «Рамазан» фестивалінде өнер көрсетті. Ақтөбе қаласы мен Кечорен ауданы әкімдігінің өкілдері екі жақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button