Экономика

Үдемелі индустрияландыру және Ақтөбе облысының 2020 жылға дейінгі дамуы

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов:

Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы қаңтардағы Жолдауында Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму перспективалары айқын көрсетілді. Оның негізін «Қазақстан — 2030» Стратегиясының екінші онжылдығындағы міндеттерден туындайтын шаруалар құрайды. Жолдауда еліміздің шын мәніндегі жаңа тұрпатын қалыптастыруға қызмет ететін экономиканың жаңа сапалы дәрежеде өсуіне көшу жолдары көрсетілді. Дағдарыстан соңғы даму моделі Қазақстанның сыртқы рыноктарға шығуын, сондай-ақ аймақтық және әлемдік экономиканың интеграция тініне бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде енуін қамтамасыз етуі тиіс.

Жаңа бесжылдықта еліміздің сапалы дәрежеде өсу базасын аймақтардың үдемелі индустрияландыруға негізделген экономикалық және әлеуметтік дамуы қамтамасыз етуі керек. Ал бұлай өркендеудің негізі аймақтардың өз дамуы барысында қосымша жолдар мен қайнар көздерді іздестірудегі бастамашылдығы, материалдық және қаржылық ресурстарды сырттан түрлі әдістермен тарту тапқырлығы болуы тиіс. Міне, осыған байланысты экономикалық және әлеуметтік даму аймақтардан тек ішкі өңірлік реттілікті ғана емес, сонымен бірге республикалық және аймақаралық қарым-қатынастарды жаңаша қалыптастыруды талап етеді.

Мемлекеттің аймақтық саясаты үнемі түрленіп отырады. Бұрын республикалық басқару органдары бюджетаралық қарым-қатынастарды реттеу жүйесі арқылы территорияны біркелкі қаржылық дамыту принципін жетекшілікке алып келген болатын. Кейін масылдық пиғылдың жолы кесілді. Жаңа концепция аймақтардан көп вариантты шешімдердің пайдалысын таңдауда мол дербестікті, бастамашылдық мен белсенділікті талап етеді, ал бұл бесжылдықта территорияны дамытудың аймақтық бағдарламасын жасақтау кезінде ескеріледі.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму міндеттері аймақтарды экономикалық өркендеу  және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайту орталығы  ретінде қалыптастыруды талап етеді. Ақтөбе облысында 2015 жылға дейінгі Инвестициялық бағдарлама жасақталды. 12,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын 617 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, сөйтіп 35,0 мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Осы бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында Ақтөбе облысының, оның аудандары мен облыс орталығының экономикалық қуаты елеулі түрде мығымданбақшы. Бұл мақсаттарға жету облысты дамытудың 2015 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарымен нақты үндесіп тұр.

Бесжылдық бағдарламаның орындалуына 2010 жылғы көрсеткіштер мол ықпал еткелі отыр. Жыл мәресі сәтті болды. Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісіндегі өнімнің нақты көлем индексі 114,3 пайыз болды. Өңдеу салалары бойынша нақты көлем индексі — 211,9 пайыз. 2009 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім 1,7 есе көп өндірілді. Бюджетке түсетін қаржы болжамға қарағанда 2,9 есеге өсіп, қаңтар-сәуір айларында 115,6 млрд. теңге құрады. Инвестициялық бағдарлама бойынша 2010 жылы облыста құны 165,1 млрд. теңге тұратын, 10,0 мың жұмыс орны ашылатын 257 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 43 жоба үдемелі индустриялы-инновациялық даму шеңберінде, бұлар 133,5 млрд. теңге инвестиция мөлшерін құрайды. Әлеуметтік салада құны 31,6 млрд. теңге құрайтын 214 жоба жүзеге асырылады.

Осы оңды беталысты сақтай отырып және индустриялық саладағы проблемалардың шешімдерін тауып, аймағымыз жаңа бесжылдықтың экономикалық және әлеуметтік міндеттерін орындауға оңтайлы база жасап алмақшы. Президентіміз алға қойған негізгі әлеуметтік міндеттердің бірі — халықты негізінен өз өндірісіміздің азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету.

«2014 жылға қарай азық-түлік тауарларының ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс». Ақтөбе облысында 2009 жылы азық-түлік тағамдары атауларын 16-дан 23-ке жеткізу қамтамасыз етілді, бұл — 69,5 пайыз. Қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық даму Стратегиясын жүзеге асыру бағдарламасы бойынша 8 ет өңдеу өндірісі, 2 нан зауыты, «Туркуаз Эдибл Ойл Индастриес» ЖШС-ның жаңа өсімдік майы цехы, 2 ірі диірмен, «Аққұс» ЖШС құс алаңы, т.б. объектілер пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы «Айс» сүт-тауарлы фермасының Бестамақ мал өсіру кешені (1200 ірі қараға арналған), «Изет» ЖШС жылыжайы (1500 тонна көкөністік), «Рамазан» ЖШС құс фабрикасын қайта жаңғырту (жұмыртқа) және «Аққұс» құс фабрикасының 4 құс алаңы (құс еті) құрылысы тәрізді ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы тағамның 19 түрі бойынша қамтамасыз ету күтіліп отыр, бұл — 82,6 пайыздық көрсеткіш. Ал 2014 жылға қарай бесжылдық Инвестициялық бағдарламаның жобаларын жүзеге асыру есебінен, аймағымыз өзіміз өндіретін азық-түлікпен қамтамасыз етуді 90,0 пайызға жеткізеді.

Президентіміз алға қойған міндеттерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстан бизнес- ахуалы ең қолайлы деген 50 елдің қатарына енуі тиіс. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға басым назар аударуды талап етеді. Жолдауда «Онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға дейін көтерілуге тиістігі» айтылған.

Ақтөбе облысында ішкі азық-түлік рыногының жалпы көлеміндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 19,1 пайызды құрады. Алдағы онжылдықта бұл көрсеткіш 2 еседен астам өсуі тиіс. Ішкі азық-түлік рыногында шағын және орта бизнес үлесінің өсуі «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шараларының орындалуына ықпал етеді. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы берілген несиенің сыйақы ставкасын қаражаттандыру және жаңа  жобаларды несиелеу арқылы кәсіпорындарды сауықтыруға; жаңа жобалар үшін ішінара кепілдікті несие беруге; өндірістік инфрақұрылымды дамытуға; бизнесті жүргізу үшін сервистік қолдау көрсетуге бағытталатын болады.

Бизнес пен халықтың кәсіпкерлікке ынталы бөлігі мен нақты кәсіпкерлерді оқытуға арналған «Бизнес-кеңесші» Бағдарламасын «ФРМП «Даму» акционерлік қоғамымен бірлесіп қаржыландыру бағдарламасын, шағын несиелік ұйымдардың, бизнес-инкубаторлардың қызметтерінің аясын кеңейтуді жүзеге асыру жалғастырылуда. Жасалған болжамдарға қарағанда Ақтөбе облысында 2015 жылы-ақ шағын және орта бизнес үлесі 40 пайызға  жетіп болады. Бұған бизнесті масштабты түрде қолдау, шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру, соның ішінде ірі кәсіпорындар маңайынан сервистік компаниялар ашу, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында жол сервисі объектілерін дамыту, т.б. арқылы қол жетеді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы өңдеу өнеркәсібіне бұрынғыдан да жіті назар аударуды талап етеді. Бұл секторда өнім өндіру көлемін көбейту қарқынын өсіру экономикалық дамудың негізі болмақшы. Мемлекет басшысының Жолдауында тұтас алғанда республика бойынша ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жылға 12,5 пайыздан кем емес, ал 2020 жылға 13,0 пайыз болуы керектігі нақты айтылған.

Ақтөбе облысында 2009 жылы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 8,1 пайызды құрады. Жоғарыда аталған Инвестициялық бағдарламаға сәйкес үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік стратегиясының бесжылдық кезеңінде 100-ден астам объектіні іске қосу жоспарланып отыр, оның 72-сі — өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бағдарламада қаралған жаңа жоғары технологиялық өндірісті іске қосу арқасында 2015 жылы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу саласының үлесі 13,0 пайызға, ал 2020 жылға 15 пайызға дейін өседі.

Жоғары технологиялық өндіріс металлургия саласында іске қосылады. «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» «Казхром» ҰТК» АҚ үшін бұл — инновациялық технологияны қолдану арқылы өндірісті жылына 5,2 млн. тонна жоғары көміртекті феррохром өндіретіндей етіп жаңалау. 4 цехтың жаңа жоғары технологиялық қуаты, Елбасының тапсырмасы бойынша, 2011 жылы іске қосылуы керек, яғни жобада қаралғаннан бір жыл ерте қатарға тұрады. Міне, осылайша металлургиялық кластердің дамуы бұрынғысынша «АЗФ» АҚ-ның ұстанған саясатымен анықталады.

Өз инвестициялық бағдарламасында «Ақтөберентген» АҚ өзінің базасында жоғары қосымша баға қосылған жоғары технологиялық көмекші салаларды құруды қарастырған. 2010 жылы 16 қиықты мүлде жаңа компьютерлік томограф шығаруды игермекші. Кәсіпорын республикамыздағы рентген аппаратураларын шығаратын бірден-бір дара өнім иесі болып қалып отыр.

Тау-кен өндіру кешені бағытында Дөң кен байыту комбинатының қуаты дамуын жалғастырып келеді. Бұл — құны 4,0 млрд. теңге тұратын Қазақстанның 10 жылдығы шахтасының екінші кезегі; 8,0 млрд. теңгеге технологиялық жабдықтарды жаңалап алу; сондай-ақ хром рудасын өндіруші және өңдеуші екінші компания — «Восход-Ориел».

Мұнай-газ секторының дамуын Жаңажол мұнай өңдеу зауытының құрылысы аяқталғалы жатқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның тынысы сездіреді. Зауыттың екінші және үшінші секторы іске қосылғаннан кейін өңдеу мен өндірілген ілеспе газды пайдаға асыру және әлемдік рынокқа шығу мәселесі шешіледі. Бұл кәсіпорын облыстың өнеркәсіп өндірісі мен халқын арзан газбен қамтуды жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Мұнай өндірілетін аймақтарда әлеуметтік және экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарады.

Ал жаңа жобаларға келер болсақ, бұған Шилісай фосфор кен орны базасында фосфорлық тыңайтқыштар өндірісінің ұйымдастырылуын  айтуға болады. Оның өнім өндіру көлемі 2010 жылы 150 мың тонна фосфор концентратын құрайды, одан әрі, 2012 жылы бұл көрсеткіш 570,0 тоннаға және 2017 жылы 5,2 млн. тоннаға көбейеді. Құны 60,0 млрд. теңге болатын, жылына 200 тонна калий тыңайтқышын өндіретін жоғары технологиялық өндіріс құру жоспарлануда. Хромтау қаласында 200 тонналық қуаты бар қыш өңдейтін кәсіпорынның құрылысы жүргізілуде.

«Ақтөбе мыс компаниясы» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясы базасында мыс рудасы — концентрат — тазартылған мыс — мыс орау — мыс кабелі және байланыс сымы — электр кабелі схемасы бойынша мыс кластерін құру мәселесі зерттеліп жатыр. Мыс саласын дамыту үшін жергілікті база жағдайына лайықталған екінші компанияны іске тарту қажет-ақ. Осылайша 2010 жылдан бастап индустриялдық өсім; экономиканың шикізат өндірісіне тәуелділігін азайту; дамудың көкейкесті бағыттары мен өнеркәсіп салаларын құруда сапалы секірісті орнықтыру аймақтық өнеркәсіптік басым саясат болмақшы.

Жаңалау және жұмыс істеп тұрған өндірісті кеңейту, сондай-ақ жаңа жоғары технологиялық өндірістер енгізу экспорт құрылымында шикізаттық емес сектордың үлесі өсуіне ықпал етеді. 2009 жылы бұл 31,8 пайыз құрады, ал 2014 жылы 45,3 пайызға дейін ұлғаяды. Яғни, Президентіміз алға қойған міндет біздің аймағымызда айтарлықтай ерте жүзеге асады. Қай кездегідей де экспорттық көрсеткіштердің өсуіне негізінен «Казхром» ҰТК АҚ, «АЗХС» АО, «Ақтөберентген» АҚ, «Туркуаз ЭдиблОйл» ЖШС, т.б. кәсіпорындар мол үлестерін қосады. Жаңа агроөнеркәсіптік комплекстер, соның ішінде мал семірту алаңдары, ет комбинаттары мен мал сою пункттері іске қосылғаннан кейін, ылғал ресурстарын үнемдегіш технология енгізілген соң аграрлық саланың экспорттық қуаты артады. Бұл 2015 жылы 539,8 млн. АҚШ долларын құрайды немесе 2009 жылғы 1,3 пайыздан 2015 жылы 8,0 пайызға өседі.

Президентіміздің Жолдауында атап көрсетілгендей, «Еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде 2 есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есе артуы тиіс». Нақтылай айтқанда, 2015 жылға 2 есе, 2020 жылға 4 есе өспек. 2009 жылы біздің облысымызда өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігі 7,5 миллион теңге, ал ауыл шаруашылығында 312,7 мың теңге болды.

Президент Жолдауындағы межені орындау үшін қайта өңдеу саласындағы еңбек өнімділігін арттыратын, жоғары технологиялық өндіріс негізінде қосымша бағаны жаңаша реттеуге бағытталған жобаларды іске асыру  жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Айталық, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жылына 441,0 мың метрикалық тонна жоғары көміртекті феррохром өндіру қуаты бар № 4 цехын (жаңа зауыт) іске қосу еңбек өнімділігін 4 есеге өсіруге мүмкіндік береді. «Юбилейный» кен орнындағы жылына құрамында алтын бар 5,0 млн. тонна руданы қайта өңдейтін кен байыту кешенінің құрылысы, жылына 10,0 тонна никель штейнін өндіретін қуаты бар «Батамша никель зауыты» ЖШС да осы қатарға жатады.

Ауыл шаруашылығы бойынша алға қойылған міндеттерге қол жеткізу өндіріске ғылым жетістіктерін енгізу арқылы алқаптар мен фермалардың өнімділігін арттыруға, осы заманғы технология мен өндірісті ұйымдастыру әдістеріне зор көңіл бөлуді талап етеді. Бұған ауыл шаруашылығына, яғни дән алқаптарына 80 пайыз көлемінде ылғал ресурстарын сақтағыш технология енгізу мен тамшылатып суару және жылыжай әдісін қолдану арқылы картоп, көкөніс өсіретін мамандандырылған шаруашылық құру да жатады. Сондай-ақ ірі бордақылау алаңдары мен мал өсіру комплекстерін құрып, озық технологиялық өндіріс арқылы шошқа, құс, ірі қара, қой, жылқы етін, сүт өндіріп, оны экспортқа шығару қажет.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 2009 жылғы 61,2 млн. теңгеден 2015 жылы 122,5 теңгеге өседі. Өндіріс өсімін арттыру үшін осы кезеңде мынадай істер жоспарланып отыр: астықты — 2,8 есе, май өнімдерін — 2,2 есе, картопты — 2,3 есе, көкөністі — 2,6 есе, ет пен жүнді — 1,6 есе, сүт пен жұмыртқаны 2,2 есе көбейту қажет.

Кәсіпорындарда техникалық қайта жарақтандыру жүргізу мен өндірісті жаңалау, өндірісті ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру, соның ішінде менеджмент сапасы жүйесі мен еңбек ресурстарын тиімді пайдалану өңдеу саласындағы еңбек өнімділігін 2020 жылы — 2 есеге (7,5 млн. теңгеден 15 млн. теңгеге), ал ауыл шаруашылығында — 4 есеге (312,7 мың теңгеден 1250,6 мың теңгеге) өсіруге мүмкіндік береді. Яғни, Президентіміздің тапсырмасы сапасы жөнінен де, саны жөнінен де толық орындалады.

Ел Президенті республиканың 2020 жылға дейінгі дамуы стратегиясындағы басты элементті анықтап берді — инновацияға сүйену. Міне, осы инновациялық индустрияландыру мен инновациялық адам капиталын дамыту еліміздің қайырлы болашағын қамтамасыз етудегі шешуші фактор болмақ. Алдағы бес жылда облыс кәсіпорындарының инновациялық-активтік үлесі 15 пайызға, ал 2020 жылы 20 пайызға өседі. Біздің аймағымызда бұған мүмкіндік мол: қуатты өндірістік, көліктік-логистикалық және ғылыми потенциал бар. Технологиялық инновацияларды қолдану арқылы жүйелі түрде жаңа қуаттар іске қосылуда, ассортимент ұлғаюда және өнімнің жаңа түрлері игерілуде. Соңғы үш жылда инновациялық кәсіпорындар үлесі облысымыз бойынша 4-тен 6 пайызға өсті. Кәсіпорындардың инновациялық белсендігін арттыру, олардың өндіріске жаңа технологиялар енгізуін ынталандырау шаралары ойластырылуда. Өнімнің жаңа түрлері пайда болмақшы: никель-колбаттық руда, штейндегі никель, қырланған шойын, ферроникель, ыстық және салқын прокат, калий фосфоры тыңайтқышы, цемент, целлюза-қағаз өнімдері, т.б.

Облыста алғашқылардың бірі болып құрылыс материалдары кластері құрылды. Соңғы жылдары «Қазақстан даму банкі» және «Инвестициялық қор» қаржыларын тарту арқылы бірнеше объектілердің құрылысы аяқталды, ал шығарылатын құрылыс материалдарының атаулары жиырма шақты атаудан асты, ішкі қажеттіліктердің 69 пайызы жергілікті өндірушілер арқылы қанағаттандырылады. 2015 жылға ішкі құрылыс рыногының қажеттілігі 80 пайызға дейін қамтылатын болады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен құрылыс индустриясы дамуда, бұл шығарылатын тауарлардың номенклатурасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2010 жылы — жылына 100 мың тонна өнім беретін битум зауыты; 2012 — жылы Ақтөбе қаласында жылына 300 мың тонна өнім шығаратын цемент-клинкерлік терминал; 2014 жылы — 500 мың шаршы метр көлемдегі индустриялдық комбинат; жылына 1 млн. дана сантехникалық бұйымдар шығаратын; жылына 5 млн. шаршы метр қаптама плиталарын жасайтын желілер пайдалануға беріледі. Ал болашақта жылына 200 тонна керамикалық өнім шығару мүмкіндігі болатын қыш өңдеу комбинаты салынбақшы. Одан арғы жоспарда жазық әйнек шығаратын зауыт және басқа да объектілер бар. Міне, осы жобаларды жүзеге асырудың арқасында құрылыс өндірісі құрылымдары тиімді экономикалық даму мен Қазақстанның жаңа тұрпатын қалыптастыру міндеттерін шешуге соғұрлым бейімделе түседі.

Алдағы онжылдықта Қазақстан әлемдік рынокта жаңа маңызды миссиясын орындауға кіріседі, яғни Еуропа, Азия-Тынық мұхты және Оңтүстік-Азия экономикалық жүйесінің трансконтинентальдық экономикалық көпіріне айналады. Осыған байланысты 2015 жылға қарай тиімді көліктік коммуникациялық кешенді шын мәнінде қайта құру керек болады, бұл Қазақстан экономикасының тиімді дамуына да, еліміздің халықаралық көлік жүйесімен интеграциялануына да ықпал жасауы тиіс.

Қазақстанның барлық аймақтарын көлік коммуникацияларымен жалғастыру үшін алты көлік дәлізін, ең әуелі, автомобль және темір жол дәліздерін салу қаралып отыр. Біздің аймағымыз бұл міндеттерді шешуде маңызды рөл атқармақшы. Республиканың батысындағы даңғыл көлік дәліздері барлық облыстарды жалғастырады. Қазақстанның оңтүстігіндегі меридиандық көлік дәлізі Ресеймен Шымкент-Қызылорда-Ақтөбе-Орынбор тас жолы шекарасында қиысады. Осы барлық байланыстың орталығы — Ақтөбе облысы.

Ең жаһандық көліктік жоба «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі болып табылады. Халықаралық көлік дәліздері өндірістік инфрақұрылымсыз тиімді жұмыс істей алмайтыны белгілі. Аймағымыздағы инвестициялық қызметтің жаңа бағыты терминалдар, тиеу-түсіру операцияларын жүргізетін уақытша сақтау қоймаларын, ақпараттық және логистикалық қызмет орталықтарын, банк және қаржы құрылымдары  ғимараттарын, т.б. салу болмақшы.  Шағын және орта бизнес субъектілері үшін халықаралық стандарттарға сай жол бойылық инфрақұрылым және сервистік пункттер кешені  құрылысын жасақтау маңызды міндет болғалы отыр. Бұлар — қонақ үйлері, кемпингтер, тамақтану орындары, сауда және медициналық пункттер, жанар-жағармай стансалары, байланыс және ақпараттық қызмет пункттері. Мұндай комплекстер әр жүз шақырымнан кем емес аралықтар бойынша орналасуы керек.

Темір жол көліктерін дамыту жалғасуда. Оны дамытудың перспективті бағыты электрлендіруге көшіру болмақшы. Тасымалдау кезінде өнімнің өзіндік бағасын құрайтын энергетикалық үлес азаяды; темір жол өтетін маңайлардағы экологиялық жағдай айтарлықтай жақсара түседі.Бұл энергия көздеріне тапшылау Ақтөбе облысының жағдайына да, әлеуметтік ыңғайда да тәуір болар еді.

2020 жылға дейін территорияны дамыту Стратегиясында облыс ішінде көлік коммуникациясын жаңалау қаралған. Бұл аймақ ішіндегі автомобиль жолдары құрылысының комплексті бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге осы заманғы көліктік-логистикалық орталықтар, жүк және жүргіншілер терминалдары, техникалық қызмет көрсету стансалары, т.б.

Үдемелі индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру жаңа бастамалар мен Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын елеулі түрде жақсартуды талап етеді. Табиғатты пайдалану жүйесінде экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен табиғи ортаның сапалылығын тұрақтандыру басты міндет болып қала береді. Инвестициялық жобалар территорияның экологиялық жағдайын сауықтыру, адам денсаулығына әсер ететін өнеркәсіп қалдықтарын азайту мәселелерін ескеруі қажет. Олар байырғы ластану көздерін жоюды, өнеркәсіп қалдықтары көмбелерін қысқартуды, т.б. өз міндеттеріне енгізулері керек.

Территориялық дамудың жаңа Стратегиясында институционалдық даму мәселесіне зор көңіл бөлінген. «Жол картасы» шеңберінде 2009 жылы барлық аудандарда елді мекендердің көшелері мен жолдарын жөндеу,  көгалдандыру мен абаттандыру жөнінде көп жұмыстар жүргізілді. Саябақтар құрылысы, питомниктер мен ескерусіз қалған жеміс ағаштары бақтарын қалпына келтіру, оларды суару жүйесін реттеп, демалыс аймағын жасау үшін жазғы демалыс кезінде студенттердің «Жасыл ел» отряды еңбекке тартылды.

2010 жылы облысты көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына мамыр айының аяғынан тамыз айына дейін созылатын «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» эстафетасы шеңберінде жастар белсене қатысады. Құрамында 50 мыңнан астам адам бар студенттер мен оқушы жастардың 400 отряды құрылды. Өндіріс саласында бұл бастаманы және 20 мың адам қолдап отыр. Облыстық бюджеттен жастардың осы марафон-эстафетасын жүргізуге 1,0 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты және жүйелі түрде жүргізіледі, барлық деңгейлерде штабтар мен басқару орталықтары құрылды.

Алдағы бесжылдықта Ақтөбе қаласы республиканың батысындағы жаңа аймақаралық орталық, болашақта миллион тұрғыны болатын қала ретінде қалыптасуы керек. Ұлттық көшбасшы қалаларға маңызды міндеттер жүктелетіні мәлім. Олар — аймақтық инновациялық жүйені, сондай-ақ Еуропа мен Азияның арасындағы жол қатынасын технологиялау процесін қамтамасыз ететін көлік желілерін қалыптастыру; халықаралық стандарттарға жауап бере алатын, кең қызмет көрсетуге арналған аймақтық орталықтар құру, т.б. Ақтөбені макроаймақтық орталық ретінде абаттандыру қалалық әкімшілік пен барлық басқару органдарының маңызды міндеті болып отыр. Қазірдің өзінде біз уақыт талабына сай келетін, Ақтөбенің 2015 жылға дейінгі даму Концепциясын қолға ұстап, оның 2020 жылға дейінгі даму идеологиясын анықтауымыз керек.

Ақтөбе, ең алдымен, аймақтың экономикалық инновациялық орталығы ретінде қалыптасуы керек. Онда аймақтық инновациялық жүйені біріктіретін білім беру-инновациялық, бизнес-технологиялық және қолдаушы кешендер болуы тиіс. Бұл жүйеде «Ақтөбе» аймақтық технологиялық паркінің өз орны болуы қажет. Ғылыми-инновациялық орталықтарда жұмыс істеу үшін Ақтөбе мен Батыс Қазақстаннның басқа да облыстарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттер мен аймақтардан кадрлар іріктеп алу керек.

Облыс орталығының транзиттік қуатын тиімді пайдалануға Ақтөбе облысының дәстүрлі көлік торабы ретінде қабылдануы кедергі жасайды. Ақтөбенің жаңа миссиясы — өзін еліміздің Батыс Қазақстандағы аймақаралық көлік орталығы ретінде сезінуі. Сол себептен де оның дамуы  республикамыздың территориялық дамуының Солтүстік кіндігіндегі маңызды бөлік ретінде қарастырылуы керек.

Ақтөбенің қазіргі Қазақстанның сервистік орталығы ретінде қалыптасуы жеке және мемлекеттік инвестицияларды көптеп тартуды талап етеді. Олар барлық инфрақұрылымдарды дамытуды біріктіруге бағытталуы керек. Бұған аймақаралық және облыстық деңгейдегі өндірістік, энергетикалық, инженерлік, көліктік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымдар да кіреді. Энергетикалық және жылу қуаттарын ұлғайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көлік тығындарын тәртіпке келтіру мен облыс орталығының экологиялық жағдайын жақсарту қаланың инвестициялық бағдарламасы шеңберінде орындалып та жатыр.

Қазір қолда бар инфрақұрылымдық жобалардың толық тізімін жасап, ашық жерлерін толтырып, осы заманғы әлеуметтік инфрақұрылым объектілері құрылысы желілеріне артықшылықтар беру керек. Қала имиджін жаңарту Ақтөбені халықаралық бизнес, ғылыми және мәдени шаралар өткізу, іскерлік туризм орталығы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Ақтөбеде республикалық және халықаралық форумдар мен конференциялар, кәсіпкерлер көрмелері мен жәрмеңкелері, біздің жұртымыздың көрнекті адамдарының мерейтойларын өткізу жөніндегі шаралар жиі өткізіледі. 2010 жылы қаланың негізгі капиталына енгізілетін инвестиция елеулі түрде өседі. Барлық қаржыландыру көздері есебінен тұрғын үйлер жоспарланғаннан көп тұрғызылатын болады. Бесінші шағын ауданда Тургенев көшесі бойындағы қозғалыс шеңберін кеңейтіп, жол айырығын іске қосу және жер асты жолын жасау облыс орталығындағы көлік тығынын азайтуға біраз септігін тигізеді. Қаланың көшелері мен даңғылдарында күрделі жөндеулер жалғаса береді.

Міне, жоғарыда айтылғандарға байланысты, аймақтық басқару жүйесінде атқарушы биліктің түрлі деңгейлеріндегі іс-қимылдарды реттеп отыру қажеттігі өсе түседі. Территорияны дамытудың мемлекеттік саясаты сондай-ақ аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуының барлық бағыттарындағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің күшейе түсуін де қалайды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button