Білім

Алғыс айтылды, құрмет көрсетілді

Қаламыздағы №30 орта мектепте ұстазға алғыс айту күні өтті. Мектеп түлектерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған шарасына мектептің барлық қызметкерлерімен қатар, түлектердің ата-аналары да шақырылды.

Аталмыш білім ордасында соңғы он жылдықта дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ұстазға алғыс айту күні бұрынғы кештерден өзгерек өтті.

Таңғы сағат 7.00-ден бастап мектеп алдынан ұстаздарын ерекше салтанатта күтіп алған түлектер, бұл күні барлық алғыстарын, ән мен биін өздеріне 11 жыл тәлім берген мұғалімдеріне арнады.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мирагүл Мұқатованың айтуынша, биылғы түлектердің ерекшелігі шақыру қағазында.

11-сынып оқушылары қандай шара ұйымдастырса да есте қаларлықтай етіп жасайды. Бүгінгі күннен де тың жаңалық күткен болатынбыз. Ойлағанымыз дәл келді. Таңменен жұмысқа келсек мектептің барлығы дерлік шармен көмкеріліп, тасталған. Әр кабинетте шарға жапсырылған ерекше үлгідегі шақыру қағаздарын көргеннен кейін-ақ, концерттік номерлерінің де ерекше болатынын түсіндік, — дейді М.Мұқатова.

Концерттік номер де өзгеше форматта басталды. Класс жетекшісі Фарида Елшібекова әрбір оқушыға өлеңмен мінездеме беріп, сахнада үлкен қыран бейнесін жасап шығарды. Кейін балапаннан қыранға айналған оқушыларына: «енді ұшуға дайынсыңдар!» дегендей пәрмен беріп, сөз тізгінін түлектерге ұсынды.

Шараны ұйымдастырушы 11 «б» сыныбының сынып жетекшісі Фарида Елшібекованың айтуынша, бұрын соңды болмаған керемет кешті ұйымдастыруға сыныптың ата-аналар қауымы демеушілік жасаған.

Шара соңында оқушылар сүйікті ұстаздарына гүл шоқтарын, ұсынып, әдемі ақ тілектерін әнмен жеткізді.

Айта кетейік, қаламыздағы жалпы білім беретін №30 орта мектепте 73  мектеп бітіруші болса, оның алтауы «Алтын белгіден» үміткер.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button