Мәдениет

Тұрар Әліпбаевтың концертіне келіңіз!

22 мамыр күні сағат 16.00-де Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық  филармонияның ғимаратында дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар  Әліпбаевтың концерті өтеді.

Еске сала кетейік, Тұрар Әліпбаев Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылының тумасы. 1978 жылы мектеп бітіргесін Ақтөбе музыкалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1982 жылы Болат Ізбасқановтың класы бойынша бітіріп шықты. Музыкалық училищеден соң  Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын үздік тәмамдаған Тұрар арнайы жолдамамен Арқалық қаласында еңбек жолын бастап, 1990 жылы консерваторияның аспирантурасына түскенін музыканың айналасында жүргендер  жақсы біледі.

Арқалықтағы музыка колледжінде біраз жыл еңбек етіп,  із қалдырған білікті ұстаз, саңлақ домбырашы 1997 жылы Астана қаласындағы ұлт аспаптар оркестріне шақырылған болатын. Бүгінде осы оркестрде бас концертмейстер болып,  ұжымның көшін өрге сүйреп келе жатқан профессор Тұрар Байдүйсекұлы  жаңадан ашылған Қазақ ұлттық музыка академиясында да дәріс береді.

1990 жылы республикалық Құрманғазы атындағы конкурста топ жарған күйшінің Кеңес дәуірінде бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан күйтабағы шыққанын талғампаз тыңдарман ұмыта қойған жоқ. Сәл кейінірек Құрманғазы, Дәулеткерей, Сүгір күйлерімен қатар өз шығармаларын топтастырып шығарған бірнеше дискісін де күй бағасын білетіндер  талап әкетті. Қазанғап күйлерін зерттеп, халыққа жеткізуде үлкен еңбек еткен кешегі С. Балмағамбетов,  бүгінгі А.Райымбергеновтердің орындауындағы  нұсқаларды нотаға түсіруде де біршама еңбек еткен Әліпбаевтың «Күйдің ішкі сыры» атты зерттеу кітабын музыкатанушылар өте жоғары бағалады. Күйдің табиғаты туралы нәзік түсініп, талдап жазатын оның ғылыми мақалалары да жұрт «дәмін алып» оқитын дүниелер.

АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Албания, Жапония, Түркия, Франция, Ресей, Балтық жағалауы елдері һәм Молдова сияқты мемлекеттерде ұлттық өнеріміздің даңқын асқақтатқан Тұрар Байдүйсекұлы халықаралық конкурстардың төралқасында да жиі бой көрсетеді. Өйткені білікті маман айтқан пікірдің десі бөлек…

Әлемді аралаған Әліпбаевтың  туған топырақтағы концерті аншлагпен өтеді деп сенеміз. Күй дауылын сағынсаңыз, Тұрар күйшінің өз күйлерімен қатар оркестрге арнап жазылған шығармаларын тыңдағыңыз келсе, 22 мамыр күні облыстық филармонияға келіңіз! Билет құны — 500 теңге. Алдын ала 500-543, 500-545 телефондарына хабарласуға болады.

Бек СҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button